Ауылдағы ағайынның несібесінің молаймауына төрт түлік малын бағатын тоқымдай жердің тозығының әбден жетуі себеп болып тұр. Он сан шөп өсетін шүйгін, шалқар шабындығы, қара оты мол киіздей туырылған жайылымы болмаған соң мал сүмесімен әупірімдеп күн көрудің өзі қиын шаруаға айналып барады.
Өтпелі кезеңнің өкпек желі табиғаты тамылжыған Зеренді ауданының ондаған ауылының шаңырағын шайқалтып кетті. Әлі де бірер ауыл соңғы қазығын суырып, үдере көшудің қамында. Мәселенің мәнісіне үңіліп көрсеңіз, қараша ауылдың түндігін желпілдетіп тұрған екпіні қатты адуын желдің аңысы белгілі. Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі – төрт түлік мал. Қазір егін шаруашылығымен айналысатын ірі серіктестіктер қараша ауылдардың табалдырығына дейін тақап жыртып тастағандықтан, бірер қарасын қайтып бағарын білмей, сең соққан балықтай есеңгіреп отыр.
–1999 жылы «Бөгенбай» шаруа қожалығын құрдық. Жылқы, қара мал, қой өсірудеміз. Мал басын өз төлі есебінен көбейтейік деп қанша тырысқанымызбен, адымымызды аштырмай тұрған күрмеуі қиын мәселе шаш-етектен, – дейді шаруа қожалығының басшысы Қайратбек Хамзин, – біздің шаруашылықтың еншісіне тиген жер небары 32 гектар. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, жайылым да, шабындық та осы. Ғалымдардың есептеуіне қарағанда, бір бас малға 9 гектар жер қажет екен. Осы қисынға салсаңыз, біздегі жағдай тіпті ушығып тұр деуге болады. Красиловка ауылы Айдабол елді мекенімен жалғасып жатыр. Арақашықтығы екі шақырым ғана жер. Жер бөле келгенде, әлгі 32 гектар жер Айдабол селосының жанынан берілді. Ол ауылдың малы біздің жерімізді жаз бойы тақырлап жеп қояды. Малы ғана емес, құсы да сол жердің үстінде. Қашанғы күзетіп тұрасың. Мал иелерімен жаға жыртысуға дейін жеттік. Қорымасаң, өзге шөп шауып алатын жер жоқ.
Шын мәнінде жер жеткілікті. Бірақ, оны әне бір жылдары ірі серіктестік иеленіп алған. Алқап көлемін қуалаған олар етек-жеңі кең пішілген егістік алқаптарға қоса, орман-тоғайдың етегіне, ағаш-ағаштың арасына дейін ту-талақай етіп жыртып тастаған. Жоспар қуалаған кешегі кеңес заманында да соқаның тісі тимеген, тусырап жатқан, ауыл тұрғындары жекеменшік малдарына қысқы мал азығын дайындап алатын алаңқайлар еді. Қазір түк жоқ.
–Кешегі кеңес заманында осы ауылда 1200 бас қара мал, 400 бастан артық жылқы, отар-отар қой болды, – дейді шаруашылық басшысы, – соның бәрі сыйып тұрды ғой. Ал, қазір Красиловкадағы жүз отбасының қорасынан жүз қара мал шыға ма, жоқ па білмеймін. Ауылда өндіріс ошағы жоқ, халық тек осы малының арқасында ғана күн көріп отыр. Әйтпесе, ешкім де кір жуып, кіндік кескен ата қонысын тастап кетпейді ғой.
Шаруа қожалығының еншісінде 493 гектар егістік жер бар. Осы алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңіріп, қарекет етуде. Қайратбек Сабырұлы қара басының қамын ғана емес, жалпақ жұрттың мұңын айтуда. Жайылымы тар, шабындығы болмағандықтан, төрт түліктің басын көбейту қиын. Оған қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта мал суарудың машақатын қосыңыз. Ендігі бір мәселе, осы елдің жеріне егін егіп, шаруасын дөңгелетіп отырған ірі серіктестіктің қол ұшын беруге ынталы еместігі. Қалай дейсіз бе, айта кетелік. Серіктестік күзде егінін шауып алғаннан кейін алам деген кісілерге иен тегін жатқан сабанды сатып береді, қалған өтпегенін өртеп жібереді. Малсақ қауым серіктестік басшыларына талай рет өтініш айтыпты. Мәселен, әсіресе, жылқы малы қысты күні талғажау ететін арпаның сабанын егістік алқаптың шетіне жинап қойса. Жылқы малы осы сабанмен-ақ қыраулы қыстан жалы жығылмай шығар еді. Биыл қыс малсақ қауым үшін жайсыз болды. Ақпан ауа жаңбыр жауып, күн күрт жылынып, даланың дидары қарауыта қабарып, көк мұз болып тұрды. Тұяғы берік ірі мал болмаса, тай-жабағы тегіс қолға қарады. Жылқы малын қыстатып шығару үшін жемшөп көп керек болды.
–Менің білуімде, бүкіл Зеренді аймағының жылқысы тегіс қолға қараған, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – мал ішінде шығын да көп. Біз қазір жылқымызды күндіз ағаш бауырына жайып, кешкісін қамап аламыз. Машақаты көп, бірақ, қиындықтан шығар жол қайсы?!
Осындай бейнетті белден кешіп жүріп, баққан малдың өнімін өткізу де оңай емес екен. Шаруа қожалығы бірнеше мәрте етті тендер арқылы саудалап көрген, бірақ, бағаның тұрақсыз болуы себепті оңбай опық жегеннен кейін мұндай талпынысты біржола доғарған. Ендігісі алыпсатарлардың ауылға келер сәтін аңду.
Бұл мәселе жалғыз «Бөгенбай» шаруа қожалығына ғана қатысты емес, жалпақ жұрттың көргені осы. Мал шаруашылығының мәндімей тұрғаны да осы бір сойылдай мәселеге байланысты. Ауылдағы ағайын мал өнімдерін сата алмай отыр. Айталық, олар алыпсатарларға келісін 1500 теңгеден береді. Егер жолдағы қолдан жасалып тұрған бөгесінді алып тастап, дәл осы бағамен тұтынушыға ұсынса, бүгінгі бой бермей жатқан баға да сәл де болса түсер еді. Өткір мәселе мың мәрте айтылғанымен, жергілікті билік селт етер емес.
–Біздің Викторовка селолық округіне қарасты пай иелерінің жеті жарым мың гектар егістік алқабы бар, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – оның 5,3 мың гектар жері егістік алқабы, пай иелерінің меншігіндегі 2,2 мың гектар жер шабындық пен жайылым жер болуы керек еді. Ал, серіктестік егін еккен алқаптарының пай үлесін ғана береді. Жайылымдық және шабындық жерлерді түгел жыртып тастады. Сол себепті халық мал бағудан пайда табатын емес. Мен осы бөлімшеде зоотехник болып қызмет атқарған кезімде 464 бас сауын сиыр болатын. Күніне 7,5 мың тонна сүт сауатынбыз. Викторовканың сүт зауытына өткізетін едік. Қазір де халық осылай еңбек етіп, мал сүмесімен күн көруіне әбден болады ғой. Тек жағдай туғызылмағандықтан, жандары жүдеп жүр. Мен бұл мәселені талай рет көтердім. Еш нәтиже шығатын емес.
Ауыл халқы мал сүтін де бағалап өткізе алмай отыр. Малсақ қауымның айтуына қарағанда, маңайдағы сүт зауыттарының бірі сүттеріңе су қосылған деп көлемін кемітуге тырысады екен. Мәселен, бір тонна сүттен 100 келіні шығарып тастайды, ал, ендігі бір сүт зауыты майлылығын кемітеді. Екі ортада ауыл халқының еңбегі еш, тұзы сор.
Түндігі замананың желімен жалп-жұлп еткен қараша ауыл күндердің бір күнінде жағдайдың түзелетінінен дәмелі. Кәдеге аспай жатқан жер халыққа қайтарылып жатыр деп құлақтанғаннан кейін біздің де көсегеміз көгеретін шығар деп күтіп отыр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Зеренді ауданы.