Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы өнерді ұлықтаған ұжым - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы өнерді ұлықтаған ұжым

 Ұлттық домбыра күні қарсаңында Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, көркемдік жетекшісі Жанат Рашитпен жолығып, ұжым тынысы, алған асуы, шыққан биігі туралы аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

– Жанат Абайұлы, сырлы әуен туралы сөз сабақтаған уақытта оркестртарихы туралы бір ауыз айта кетсек жөн болар еді…

Қазақ халық аспаптар оркестрі 1993 жылы   қараша айында  құрылған болатын. Осы арада оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі  бірінші  дирижері  болған Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген өнер қайраткері Манарбек Бексейітов туралы айтпай кетсек жөн болмас еді. Манарбек ағамыз ұжымның құрылуына, қалыптасуына үлкен еңбегін сіңірді.

Музыка сүйетін қалың қауымға есімі ежелден таныс Тұрлығожа Базаров оркестр құрылған кезден екінші дирижері ретінде еңбегін сіңіріп, 1995 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2007 жылы оркестрге композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор, жерлесіміз Кенжебек Күмісбековтың есімі берілді.

Шығармашылық  ұжымның  негізгі мақсаты – халық аспаптарында  ойнау, орындаушылық дәстүрді сақтап, жаңғырту, көненің көзі саналатын ұлттық музыкалық аспаптарымызды дәріптеп, мәдени-ағартушылық, тәрбиелік мәні зор туындылар мен шығармаларды халық аспаптарында орындап, насихаттау, Қазақстан  және шетел халықтарының  ұлттық музыкалық  мәдениетіне көпшілікті тарту.

Бұл кәсіби  дайындығы зор, репертуары бай,  дарынды музыканттардан құралған  өзіндік ерекшелігі, шығармашылық қолтаңбасы бар шығармашылық ұжым. Оркестрдің бағдарламасында   Құрманғазының, Тілегеннің, Жаяу Мұса мен Абайдың, С.Мұхамеджанов пен Н.Тілендиевтің және тағы басқа да  танымал композиторлардың 700 астам  шығармасы бар.  Оркестр  әрдайым  шығармашылық  өсу  үстінде,  ол халық әндері мен күмбірлеген күйден бастап,  көлемді, ірі симфониялық  поэмаларды да орындап жүр.

Оркестрдің негізінде  Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрымен және Біржан сал атындағы музыка колледжімен бірге Е.Брусиловскийдің «Қыз жібек» операсы  қойылды. Қазақстанның Астана, Петропавл, Қостанай, Павлодар қалалары мен  Ресейдің  Омбы, Сургут  қалаларының тұрғындары ұжымның   шыңдалған  шеберлігіне  жоғары баға  берді.

Ұжым сахна  төрінде  өнер көрсетіп  жүрген ширек ғасырдың ішінде көптеген  қызықты тақырыптар мен  бағдарламалар  дайындады. Ақан сері, Біржан сал, Абай, Құрманғазы, Дина, Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов сынды халық ақындары мен композиторларының  мерейтойлық күндеріне арнап концерттер берді, сонымен қатар Көкшетау композиторлары: Иран Ілияшев, Кәрім Ілиясов, Манарбек Бексейітов, Маман Ементаевтың, Құрмет Сақай, Қазақстан композиторлары Е.Үсенов пен   Б.Қыдырбектің    шығармашылық кештерін өткізді.

–Енді ынтымағы жарасып отырған ұжым туралы айта кетсеңіз…

– К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі    жоғары кәсіби  деңгейдегі ұжым. Оркестрмен танымал  дирижерлар Шамғон Қажығалиев, Алдаберген  Мырзабеков, Айтқали Жайымов, Жанас Бекентұров, Жалғасбек Бегендіков және әншілер Қазақстан Республикасының  халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, Ғафиз Есімов,  Нұрғали  Нүсіпжан,  Моңғолия және  Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген әртісі Қаблаш Әбікейұлы  және тағы басқа өнер адамдары жұмыс істеді. Оркестр облыстық  және республикалық деңгейдегі барлық іс-шараларға  қатысады және  Ақмола облысының мәдениет саласындағы бетке  ұстар кәсіби ұжымы. Қазақстан және Татарстан Республикаларының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық иегері, «Платиналық  Тарлан» Қазақстан меценаттарының тәуелсіз сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның концертін  сүйемелдеді.

Сұхбатты жүргізген Алтынай ҚЫЛЫШБАЕВА,
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әдіскері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар