Өмірдің  өріндегі азамат

немесе бір отбасынан шыққан төрт дәрігер

Белгілі дәрігер, ақадал азамат Қайыр Хамитұлы Әбдірахмановтың  есімі көкшетаулықтарға жақсы таныс. Еліне еңбегі сіңе тұра, осы бір жан туралы газетіміздің бетінде әлі қалам тербемеппіз. Соның реті енді келгендей.

Олай болса әңгімемізді кейіпкеріміздің өмір жолынан бастайық. Қайыр Хамитұлы 1957 жылы Зеренді ауданының Игілік ауылында дүниеге келген. Әкесі Хамит өмір бойы «Қарабұлақ» кеңшарында жүргізуші болды. Анасы Кәтия 9 баланы жарық дүниеге әкелген Батыр ана. Осы балапандарының тәрбиесі, үй шаруасымен айналысып, шамасы келгенше үстеріне кіршік қондырмады. Қайыр осы балалардың үлкені, ата-анасының бас көтерер тұңғышы. Арғы тегі де мықты. Абылайды хан көтерген Қанай бидің ұрпағына жатады. Атап айтқанда, оның ұлы, Абылай ханның жеке күзет қызметін басқарған Итқара батырдан тарайды.

Яғни, Қанай  би тоғызыншы атасы болса, Итқара  сегізінші, ал, одан туған Бекболат би жетінші атасы. Итқара батыр Жетісуда, Арқалы асуында төбе басында жатыр. Жоңғарлармен шайқаста Абылай ханды қорғаймын деп ерлікпен қаза тапқан. Ана бір жылы Көкшетаудан ұрпақтары зиратын тауып, ескерткіш белгі орнатып келді. Онымен бірге Малайсары батыр да осы төбеде жерленген.

Міне, тарихты қозғасаң осылай кете береді. Осы арада әріге бармай, бүгінгі күнге оралсақ, бала Қайыр сол кездің үрдісімен әке-шешесінен де атасы мен әжесінің тәрбиесінде көп болды. Атасы Мұхамедқанапияның қайтқанына биыл тура 50 жыл. 1973 жылы қайтарының алдында жазда қатты ауырып, аудандық ауруханаға түскенінде өзіне ең жақын адамының шарасыз халін көріп, осы немересі Қайыр орта мектепті бітірмей тұрып, ең алғаш дәрігер боламын деген ойға бекінген екен. Бұл – туған ауылында Игілік сегізжылдық мектебін бітіріп, Щучье қазақ мектеп-интернатында оқуын әрі жалғастырып жүрген кезі.

Содан сол шешіміне адал болып, 1974 жылы Целиноград мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі де, араға алты жыл салып, 1980 жылы осы оқу орнын ойдағыдай аяқтап шығады. Бұл тұста туған ауылынан Далбай Оспанов атты бір дәрігер ағасы бар да, біздің кейіпкеріміз осы мамандыққа талпынған екінші жас еді. Ол кісі санитарлық дәрігер бола жүріп, Көкшетау облыстық денсаулық сақтау бөлімі басшысының орынбасарлығына дейін көтерілгендіктен, Қайырға бір төбе болып көрінетін де, дәрігерлік мамандықтың үлкен бел-белесін нұсқап тұратын.

Факультеті «Емдеу ісі». Алты жыл оқу. Мамандық алу үшін бір жылдық интернатураны Көкшетау облыстық ауруханасының оториноларингология бөлімшесінде өткен жас жігіт өзінің алғашқы әрі өмір бойғы ұстаздары, осы бөлімшенің сол тұстағы меңгерушісі Рейнград Гербертович Мосс, Кенжебай Мұқышұлы Мұқышев және айыртаулық азамат Қуаныш Қасымұлы Мұстафиннен тәлім-тәрбие алады. Интернатураны бітіргеннен кейін жас  маманды облыстық денсаулық сақтау бөлімінің жолдамасымен жаңа жұмыс орны – Рузаев аудандық ауруханасы күтіп тұрған еді. Ол барғанда онда он бес жыл бойы лор дәрігер болмаған екен.

Содан институт пен интернатурада алған білімін іске асырып, күнделікті дәрі-дәрмек, уколмен жасаған еміне қоса, үлкен-кішіге қажет жағдайда операциялар да істей бастайды. Бұл үшін хирургия бөлімшесінде құлақ, тамақ және мұрын ауруларымен сырқаттанған науқастар үшін қажетті кереуеттер бөлінуіне қол жеткізеді. Сөйтіп, жалғыз Рузаев ауданы емес, көршілес Чистополь, Куйбышев аудандарынан да осы маманның көмегін керек еткен адамдар енді осы ауруханаға келіп көрініп отырады.

1981 жылдан 1985 жылға дейін осы бір шалғай ауданда қызмет атқарған төрт жылда 200-дей операция жасаған қолы жеңіл жас маман күнбе-күнгі қат-қабат жұмысына қоса, қоғамдық негізде аудандық медицина қызметкерлері кәсіподағының төрағасы да болып, емделушілер алғысымен қатар, басшылар көзіне де түседі. Атап айтқанда, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Серікбай  Сарыұлы Қализатов,  үшінші хатшы Любовь Николаевна Петренко аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне әрі бас дәрігердің резервіне ұсынады.

–Бірақ, ойлана келе, бұл ұсыныстан бас тарттым. Себебі, ол кезде бар есіл-дертім осы салада жақсы маман болу еді. Ал, оған осындай білікті ортада жүріп қана қол жеткізе алатынсың. Ара-тұра сондай ой келіп қалғанда, мұның да сәтін салып, 1985 жылы қазан айында шақыртумен өзім білетін облыстық аурухананың лор бөлімшесіне ординатор болып келдім. Содан әрі қарай құлақ, тамақ, мұрын ауруларына күрделі операциялар жасау, осы дертті емдеп, жазуды үйрендім, – дейді осы арада сауалымызға орай білікті дәрігердің өзі.

Иә, білікті деген сөзіміздің жаны бар. 1999 жылы аудандық ауруханадан осында келгеннен бастап араға он төрт жыл салып, кейіпкеріміз осынау лор бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалады. Бұл оның осынша уақыт ысылып, тәжірибе жинақтап, орынды түрде жеткен жетекшілік лауазымы еді.

Осы бөлімшеде жемісті еңбек ете жүріп, Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында, Ленинград қаласындағы Ресей мемлекеттік медицина академиясында, Ярославль мемлекеттік медицина университеті мен Астана мемлекеттік медицина университетінде біліктілігін арттырып отырды. Бірнеше рет өз саласы бойынша республикалық, халықаралық конференцияларға қатысты. Осылай тірнектеп жинаған білімі мен тәжірибесін жеті жыл бөлімше меңгерушісі қызметінде тиімді қолданып, өзінен бұрынғы ұстаздарының жемісті жолын лайықты жалғастыра білді.

Ал, 2006 жылы осы бір жауапкершілігі мол, қарапайым да елгезек, көп сөзге жоқ, өз қабілетін ісімен көрсетер азаматтың өмірінде тағы бір елеулі өзгеріс болып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланған Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері Серік Аяғановтың ұсынысымен және облыс әкімі Мәжит Есенбаевтың қолдауымен Көкшетаудағы облыстық балалар ауруханасының басшылығына жоғарылатылды.

Бір жұмыста бірге жүріп  жатпаған соң сырт көзге білінбейді, әйтпесе, 2015 жылдың аяғына дейін өзі он жыл бас дәрігер болған бұл емдеу орнында балалардың денсаулығы үшін айтарлықтай көп жұмыс тындырылды. Осы орайдағы алғашқы қадамы жатпай-тұрмай ауруханада Біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізуден басталды.

Одан әрі шала туған, іштей дұрыс қалыптаспаған нәрестелерді перзентханадағы бірінші кезеңнен кейін осындаекінші кезеңде күтім мен емге алып, жетілдіріп, қатарға қосу үшін жаңа туғандар ақауы бөлімшесін ашты. Оны тиісті мамандармен қамтамасыз ету де оңай болған жоқ. Бірақ, бар күш-жігерін сала жүріп, жер-жерден неонатолог дәрігерлерді жинастырды. Іштей ақаумен дүниеге келген, мәселен, өңеш, шектері бітпеген балаларға хирургиялық көмек көрсету әдістерін енгізіп, аурухананың өз дәрігерлерін соған оқытып, үйретіп, жаңа операциялар жасауға көшті.

Сөйтіп, қаншама бүлдіршін әуелі бір Алланың қолдауы, одан кейін мұндағы мамандардың көмегімен қалыпты өмірге оралып, ата-ана, ет жақындарын шексіз қуанышқа бөледі. Осы жылдары бұрын-соңды болмаған күйіп қалған балаларды емдеуге арналған кереуеттерге де қол жеткізілді. Ауруханаға ауыр жағдайда түсіп, бүйректері жұмыс істемей қалған науқастарға қолданылатын перинатальды диализ енгізілді. Ақмола облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланған Жабал Ерғалиевтің көмегімен компьютерлік томограф алынды.

–Бөлімшелерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Кадр тапшылығына қарамастан, аудандарға практикалық көмек көрсетіп отырдық. Жаңа туған нәрестелер мен балалар өлімін азайту бағытында жұмыстар атқарылды. Облыс бойынша балалар арасында бастапқы санитарлық медициналық көмек бағдарламасын қолға алып, әрі дамыттық.

Иә, сол кезде ел ертеңі – жас бүлдіршіндеріміздің денсаулығына өз қызмет бабы, жүрек қалуы бойынша да шын жанашыр бола білген Қайыр Хамитұлының басшылығымен іске асырылған шаруалар айта берсе, бір мұнымен бітпейді. Солардың қатарына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінен келіп, балалар аурулары мен оларды емдеу мәселелері бойынша осы облыстық балалар ауруханасында өткізілген дөңгелек үстел, семинарларды да қоспай тұра алмаймыз. Аурухана сол тұста Астанадағы «Ана мен бала» орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеп, ауыр жағдайларда сол орталықтан балаларды қарап, ақыл-кеңес беруге, ем жасауға дәрігерлерді алдырып, ата-аналардың ризашылығына бөленіп отырды.

Жаңа туған нәрестелер хирургиясы, тағы сол сияқты мәселелер Абай Байкенжин жетекшілік ететін Ұлттық ғылыми медицина орталығымен, ондағы кардиохирургтермен де осындай қарым-қатынас орнату арқылы шешімін тапты. Бұл шаруалармен қажет болған жағдайда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ұлттық кардиохирургия орталығының басшысы Юрий Пяға да шығып отырды. Сөйтіп, осындай жолмен де жүректің туа біткен ақауымен дүниеге келген сәбилерге көп көмек көрсетіліп, осы бағытта да талай ауқымды жұмыстар атқарылды.

Мұның бәрін басына іс түсіп, соны сезген, көріп-білген адамдар болмаса, былайғы жұрт қайдан білсін. Оның үстіне бұл жұмыстардың барлығы облыста осы жылдары алты әкім, бес денсаулық сақтау басқармасының басшысы ауысқанына, соған орай, қаржыландыру мәселесінің де бірде олай, бірде былай демекші, дұрыс шешілмеуіне қарамастан, нәтиже беруінің өзі азамат абыройы болса керек.

Әрине, кім, қашан болсын, бұл дүниеде өзі қол жеткен мансабында біржола қалған емес. Толқи келген қызмет бір күні толқи қоштасуға ұласады. Қайыр Хамитұлы да жоғарыда айтқандай, он жылдан кейін соңына бөтен сөз ергізбей, бар жан-тәнімен жүктелген міндетті адал атқарып беріп, ұжымымен жылы қоштасып, кезекті келесі әріптесіне берді.

Бірақ, өзі еселі еңбек еткен бұрынғы емдеу мекемелері сияқты, осы аурухана да оған әлі күнге ыстық. Ыстыққа қоса қымбат. Өйткені, ол әр ата-ана керек десе жанын, жүрегін жұлып беретін балалар ауруханасы. Өзі де талай тіліне дейін шықпаған, тек қатты ауырып, тыным таппаған күйі шырылдап жылай берген бірлі-екілі жастағы бүлдіршіндердің ішіне дейін кіріп кетердей болып, қиналысты сәттердің неше атасын басынан кешкен.

Сол балалар кейін жазылып шыққанда, бас дәрігер ретінде баланың денсаулығына ең алдымен өзі жауапты екенін бір сәт те естен шығармай, палатасына да сан барғанын міндет етпеген күйі көңілі бір жай тауып қалатын. Осындай өз дәрігерлік парызына деген зор жауапкершілікпен Қайыр Әбдірахманов қазір облыс орталығындағы «Авиценна» жеке меншік емдеу мекемесінде де қызметін әрі жалғастырып жатыр. Зейнет жасында болса да, сол бесаспап, ширақ, елгезек қалпы.

Жеке басының мәдениеті, қарапайымдылығы болса-болмасын, бұрынғы күйі. Қолы жеңіл, емі шипа. Облысымыздағы оториноларингологтардың алды, кешегі осы саладағы ұстаздарының сенімін де ақтаған, абыройлы жолын да алға апарған бағалы дәрігер. Құлағы, тамағы мен мұрны ауыра қалса, білетіндердің ойында осы Қайрекең тұрады. Қайрекең тұрған соң, ақылы «Авиценнаның» да есебі түгел. Сондайда кешегі бас дәрігердің бойынан «мен» деген сәл-пәл кеуделілікті тауып көріңізші. Жоқ. Ондай атымен болған емес. Ел деп елпілдейтін, ауылым деп жүгіретін, соның бәрінде адалдыққа, ақиқат пен қоғамдық ортақ мүддеге жүгінетін кішіпейіл болмысы бөлек.

Тілектес те ниеттес замандасы, тамағым ауырып, алдын көрген емделушісі ретінде Қайыр Хамитұлы туралы менің білетінім осы. Ал, енді осындай өрелі азаматтың, білікті медицина өкілінің отбасы мүшелері де кілең дәрігерлер екенін былайғы жұрт біле бере ме? Жоқ деген ойдамыз. Сол үшін де алдымен, 43 жыл бойы тату-тәтті бірге отасып келе жатқан жан жары, Бурабай ауданындағы Қарабауыр ауылының тумасы, ұлы Абылайға жөн нұсқаған Ораз аталықтың ұрпағы Зәуреш Қуанышқызы Әбдірахманова өзімен мектепте де, институтта да бірге оқыған невропотолог дәрігер. Өмір бойы денсаулық сақтау саласында бір-біріне сүйеу болып қатар келеді. Зәурештің де Рузаев аудандық ауруханасы, Көкшетау қалалық орталық емханасы мен Ақмола облыстық медициналық сараптама мекемесінде өзіне тән жемісті жолы жатыр.

Бұл орайда, ерлі-зайыпты қос дәрігердің шоқтығын көтеретін сөз жоқ, іздерін басқан, ер жетіп, тап өздеріндей адам жанының арашашысы атанған ұлдарының жетістіктері. Тұңғыштары Еркебұлан анасы екеуі еңбек жолын бастаған Рузаев ауданында туып, өздері аралас-құралас болған дәрігерлердің ортасында, аурухана мен үйдің арасында өсіп еді.

Көкшетау қазақ-түрік лицейінен кейін Астана медициналық  академиясын таңдады. Сөйтіп, алғашқы қызметін Жезқазған қаласында «Қазақмыс» корпорациясының медицина орталығында бастап, Германияның Фрайбург медициналық университетінде екі жылдық резинтурадан өтті. Әкесіне ұқсап бағып, оториноларингология саласын құп көргеннен кейін шет елден келе салысымен сол «Қазақмыста» лор бөлімшесін ашып, осы аурулардың потологиясы бойынша көп жұмыстар атқарады.

Кейін Германияда «Болашақ» бағдарламасының арқасында білімін одан әрі жетілдіреді. Қазір жоғары санатты оториноларинголог, сонымен бірге, құлақтың естімейтін мүкістігін емдейтін жоғары санатты сурдолог және құлақ неврологиясымен шұғылданатын отоневролог. Бір өзі қазақ, орыс, ағылшын, түрік және неміс тілдерінде еркін сөйлейтін, өз саласы бойынша өсіп келе жатқан келешегі мол қабілетті дәрігер мамандардың бірі. Қырықтың қырқасынан енді асса да Алматы қаласындағы «Ай-медикус» ірі лор орталығында филиал басшысы болып жемісті еңбек етіп келеді.

Ағасының өкшесін баса, өз жолдарын қуған Айтманы да Астана  медициналық университетінің түлегі. Еңбек жолын елордамыздағы №2 қалалық ауруханасының көз микрохирургиясы бөлімшесінде бастап, Израильде, одан Мәскеудің Федоров атындағы көз микрохирургиясы орталығы мен Қазақ ұлттық көз аурулары институтында білімін жетілдіріп, іс-тәжірибеден өткен.

Жоғары санатты офтальмохирург, Еуропалық катаракта және рефракциялық хирургтар қоғамының (ESCRS) мүшесіне, яғни, білікті маманға қашанда қай жағынан болсын, сұраныс көп. Сондықтан, інісі де ағасы сияқты бұл күнде бір миллионнан астам халқы бар Шымкент қаласында «Астана-Вижион» көз хирургиясы орталығының филиалын басқарады. Бір айтарлығы, басшы екенмін деп қарап отырмайды, қарамағындағыларға үлгі-өнегені алдымен өзі көрсетіп, күнделікті уақытының бір бөлігі науқастардың көз жанарына операциялармен өтеді. Бұл ретте, Қайрекеңнің үлкен ұлы да солай. Өз саласында талай күрделі оталарды игерген.

Ал, енді бір сауал, осы балалар дәрігерлік мамандыққа қалай келген? Мұны да біле отырсақ артық емес. Бұл өмірде әке өнегесі деген бар. Сол өнеге екен қос ұлды осы салаға жетелеген.

–Медицинаға қызығушылығымды арттырған әкем. Ал, осыған түпкілікті таңдау жасауыма және лор дәрігерлікке бет бұруыма он екі жасымда гайморит болып ауырып, әкемнің бөлімшесінде емделуім, сөйтіп, әкемді ұзақты күн, кейде тіпті, кезекшілігі кезінде күні-түні жұмыс үстінде көруім әсер етті, – дейді бұл орайда, үлкен ұлы Еркебұлан. Ал, Айтманы болса, «академияда оқып жүргенімде, белгілі бір мамандыққа бейімделудің кезі келгенде, осы офтальмологияны таңдауыма әкемнің өзі ақыл-кеңес берді» дегенді айтады. Демек, бұдан шығатын қорытынды, бүгінгі жетістіктеріне қарағанда, медицинаның осы екі саласын жөн көрген ұлдардың өздері де, оларға тілекші әке де қателеспеген.

Ал, алпыстың бел ортасынан асқан жасында өзі сүйген кәсібінен бір қол үзбеген, Гипократ антына адалдығы мен біліктілігі үшін талай мәрте үлкен-кішінің алғысын арқалаған Қайыр Хамитұлының өз қажырлы еңбегі осынау ортада қалай бағаланып келеді? Әрине, барына қанағат дегендей, алдымен, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау  саласының үздігі. Сонымен қатар, Қазақстанның Оториноларингологтар қауымдастығының «Әл Фараби» медалінің, басқа да салалық марапаттардың иегері.

Бүгінгі нарық талабымен алғанда, сыннан өткен басшылық ұйымдастырушылық және іскерлік қабілеті «Жоғары санатты менеджер» деңгейіне де көтерген. Ақмола облыстық оториноларингологтар қауымдастығының төрағасы, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері кезінен міндет жүгі әлі өзінде қалып келе жатқан Ақмола облысы педиатрлар қауымдастығының төрағасы қоғамдық қызметтері де осы орайдағы жауапкершілігін естен шығартпайды.

Өзі бар саналы ғұмырын арнаған құлақ, тамақ пен мұрын аурулары адам ағзасының осы бір маңызды да ажырамас бөлігін небір қатерлі дертке бермеуде аса мұқияттылықты, білім-білік пен ізденісті қажет ететіндігі белгілі. Қайыр Хамитұлы бұл ретте жалғыз көкшетаулық аға әріптестерімен шектелмей, әр жылдары Астанадағы осы саланың белгілі майталмандары Зада Шайыхұлы Шайыхов, академик Райыс Қажкенұлы Төлебаев, Болат Зиябекұлы Жүсіповтің де ұстаздық ақыл-кеңестеріне жүгініп, аралас-құралас болып, көп нәрсені үйрене білген.

Соның бәрі бүгінде өмірінің оң өркендері іспетті абырой-беделден кенде қылған емес. Ойлап қойса, бес немересінің алды Райианы да биыл Шымкенттегі «Білім-инновация» лицейін бітіріп, мамандық таңдау алдында тұр. Қабілет-қарымсыз емес, республикалық пән олимпиадасында ағылшын тілінен бірінші орынды еншілеген өрен. Мүмкін атасы мен әжесінің жолын қуып, оның да балғын жүрегі дәрігерлікті қалар. Әзір белгісіз.

Соның өзінде бір үйден төрт дәрігер шыққан Әбдірахмановтар әулеті осал емес-ау. Ата-анасы мен балалары түгел өз өмірлерін денсаулық сақтау саласымен байланыстырған мұндай мысалдар тұтастай елімізде көп емес шығар. Ендеше, осындай бір ғана қадірлі мамандықтан тұратын ерекше шаңырақтың иесі, адам жанының майталман арашашысы, арлы азамат Қайыр Хамитұлы Әбдірахмановты бұл жарық дүниеде өз ел-жұрты алдында перзенттік парызын асыра орындаған жақсы-жайсаңдар қатарында атай берсек те болатындай. Өйткені, азамат дәрігердің еңбегі мен өнегесі соны көрсетіп тұр!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар