Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Панадан» тапқан пайдам мол - АРҚА АЖАРЫ

«Панадан» тапқан пайдам мол

Осыдан бірнеше ай бұрын бір топ көкшелік туысқандар Шымкент қаласына барып қайттық. Шуға толы шырайлы шаһар бізді бар салтанатты болмысымен қарсы алды. Бәріміз қала орталығындағы жаңадан ашылған «Пана» деген жып-жылы аты бар қонақ үйге келіп орналастық.

Біз келіп түскенде есік алдында Ғаділбек Жанай, Айқын Төлепберген сияқты қазақ әншілері өз топтарымен, аспаптарымен келіп түсіп, орналасып жатқанын көріп, көңілхошымыз, тіпті көтерілді. Қонақ үйдің астында «Тары» деген атауы ерекше дәмханасы да бар екен. Осындағы ас мәзірінің дені тарыдан түйілген небір ұлттық тағам түрлері. Әрбірінің дәмі тіл үйіреді.

«Пана» қонақүйінің іші де ерекше сәнмен әсем безендірілген. Қайда қарасаң да ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің иісі аңқиды. Әр бөлме келушіге сай жабдықталумен бірге, ағаш пен теріден жасалған небір бұйымдар бар екен. Тіпті, бөлмеде қамшыға дейін қабырғада ілулі тұр. Біз келіп орналасқан бөлменің төр тұсында теріден арнайы тігілген шағын қапшық-сөмкеде небір кітаптар қойылыпты. Баспадан енді шыққандай мұқабасы жап-жаңа қазақ тіліндегі кітаптар екен. Дереу қолға алып қарап жатырмыз. Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза, Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Мұқағали Мақатаев, Қабдеш Жұмаділов, Серік Асылбеков секілді өңшең бір жазушылық пен ақындықтың шегіне жеткен саңлақтардың еңбектері. Әр бөлмеде бес кітаптан қойылыпты. Несін айтасың, небір қаламгердің қолға түсе бермейтін шығармалары бар екен. Әрбірінің сыртқы мұқабасы жалт-жұлт етіп, қағаздың иісі аңқыған жап-жаңа кітаптардың қайсысынан бастап оқитынымызды білмей дағдардық. Бір емес, бірнеше кітаптары бар, жергілікті жазушы, ауылдың өмірін бейнелейтін Мархабат Байғұттың шығармасын таңдадық. Әрі кітап қалың роман емес, қысқа әңгімелерден тұрады екен.

Сол жолы Шымкент қаласында бірнеше күн болдық. Көкшеден қыдырып келіп, «Пананы» паналағандар ойын-тойға да үлгеріп, шырайлы шаһарды армансыз аралап көруге де уақыт тапты. Ал, өзім қуатты кітаптар шоғыры ішінен көркем сөз бен көсем сөзді шебер тоғыстырған жазушының небір қилы оқиғасына құныға кірісіп, бас ала алмадым. Шымкенттік шырын жазушының әңгімелерінің тақырыбына дейін тартып, таңданыспен бастайды екенсің. Мәселен, мына оқиға тақырыбы «Қозапая» деп аталады. Бізде солтүстік аймақта мұндай атау кездеспейді. Бұл не зат болды екен деп әңгімеге қызыға кірісесің. Сөйтсек, біз өмірі тұтынып та, тұтатып та көрмеген қозапаясы, басындағы ақ ұлпасы теріліп алынған, сағағы қаудыр-қаудыр етіп қоңырау қағып тұратын мақтаның сабағы екен. Жерден өсіп, мақтасынан айрылған соң сабақтары шыршадай сорая тізілетін талдың қызғылтым қауашағы. Осы қозапаяны оңтүстікте тас көмірдей пайдаланады екен. Күзде текшелеп жинап алып, қара суық қармайтын кезеңде маялаған жерінен суырып алып, отқа жаға береді екен. Оның сытыр-сытыр, қытыр-қытыр дауысына дейін жанға жайлы дейді. Қозапаяның шоқтана қозданып, шығарар қызуы, гүлі мен түйнегі, тіпті күлі мен қауашағының өзі құяң, шойырылма секілді кеселдерге ем болыпты. Осындай қызықты оқиғасымен тартып тұратын кітапты оқыған сайын, оқи бергің келеді. Небір көркем сөздер тұнып тұрған кітаптың әр жазбасында автор боямасыз өмір суреттерін керемет сипаттап жеткізе біледі екен. Оңтүстік өңірде қолданылатын жүдә, шіли, нәніпәтір, мәнзелдес секілді сөздерді әңгімелердің өн бойынан кездестіресің. Осы ауызекі сөздердің өзін әңгіме мазмұнын ашуда шебер қолданған.

Мархабат жазушы өз шығармасында қазақи әзіл мен ирониялық сатираны да пайдалана білген. «Гамбургтегі қазақтар» деген әңгімесінде соғыс кезінде жер ауған немістердің ұрпағы өсіп-өркендеп, көркейіп-кеңейіп кеткенін, әрбірінің үй тіршілігін тап-тұйнақтай тындырып отырғанын керемет суреттейді. Бірлік ауылында тұратын Нәтибек көрші село Гамбургтегі досы Ганс Ваислердің өз еліне көшкелі жатқанын, оның толық механикаландырылған үйі мен қора-қопсысын басқа біреудің сатып алғалы жатқанын сұрланған ашулы әйелі Пәтимадан естиді. «Мына сөзді естіген Нәтибек гүлді көк кесені қатты ұрттап жібергенде тілінің күйіп-пісіп қалғанын сезсе де, қатын-дұшпанға сыр бергісі келмеді. Сұйылуға бет алған бетпақ шай жол-жөнекей жандыра жөнелді» – дейді автор. Өмірде кездесетін осындай қызық сәтті көріп отырғандай күлесің келіп.

Көркем қаланың нақ ортасына орналасқан «Панада» бірнеше күн болып, шырайлы шаһардың шырын жазушысымен кеңінен таныстым. Оқыған әр шығармасынан автордың алғыр ойына, шешен тіліне тап болып, шіркін-ай талантты жанды көзбен көріп, сөзін тыңдаса ғой деп қызығып едік. Әттең, әттең, сол ғұлама азамат жақында ғана өмірден өтіпті. Қырық күні өткелі жатыр деді бізге. Автор өзінің бір әңгімесінде «Қазымыр болып қартаймай, қазына болып қартайсақ» депті. Өзін көрмесек те, шығармасын оқи отырып, ана тіліміздің кәусардай таза мәйегін артына қалдырып, қазына болып өткен тұлғаны көргендей әсерде болдық.

Аман-сау елге де келдік. Шағын Көкшетау қаласында да қонақ үйлер қаптап көбеюде. Бірақ, бірде-біреуінде осындай салт-дәстүр енбеген. Неге? Біздің өңірде де шығып жатқан кітап та көп, жергілікті жазушы да жетерлік. Ал, жазушы үшін ең басты мәртебе оның жазған шығармасын оқырманның оқуы дер едік. Өзім үшін осы сапар сәтті болды. Өйткені, қазақ тіліміздің таза кәусар мәйегіне тұнған Мархабат мәнзелдес мақамдармен табыстым. «Панадан» тапқан пайдам зор. Кітап оқиық оқырман!

Шынар БЕКМАҒАНБЕТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар