Бағаны ұстап тұру үшін кешенді шаралар қабылдануда

Облыста инфляция деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылдануда және бағаның өсуі үнемі бақылауда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов мәлімдеді.

Соңғы уақытта елімізде бағаның шарықтауы қатты байқалып, тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағымдар айтылуда. Алайда, оған құлақ асып жатқан өнім өндірушілер мен оны іске асырып жатқан кәсіпкерлер жоқ. Мемлекет тарапынан бағаны ұстап тұру бойынша түрлі кешенді бағдарламалар ұйымдастырылса да, нәтиже шамалы. Себебі, зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылардың, әлеуметтік сала мамандарының төлемдері мен еңбекақысы сәл көбейеді дегенді ести салысымен, елімізде азық-түлік бағасы да, коммуналдық тарифтер де көтеріліп шыға келеді. Оны қымбаттатудың себебіне де әрқайсысы ойына келгенше, әртүрлі сылтауларын айтып, әйтеуір, бағаны өсірудің амалын табады.

Енді брифингке ойыссақ, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының айтуынша, аймақта инфляция 7,6 пайызға, азық-түлік бағасы 7,5 пайызға өскен. Бұған дәл цифрлар деп қарау да қиын. Өйткені, бағаның өсу қарқыны қатты.

– Жыл басынан бері 9 ай ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы орта есеппен 3,9 пайызға артты. Мұнымен бірге, ұн 5,9пайызға, қарақұмық жармасы 32пайызға, жоғары сұрыпты  нан 10,4пайызға, құс еті 2пайызға, жұмыртқа 7,6пайызға, күнбағыс майы 14,5 пайызға, сарымсақ 2,8 пайызға, қант 4,7 пайызға төмендеді. 11 түрлі тауардың орташа бағасы, мәселен, күріш – 51,4 пайызға, макарон өнімдері – 8,6 пайызға, сиыр еті – 6,9 пайызға, сүт – 12,1 пайызға, айран – 4,6 пайызға, ірімшік – 21,5 пайызға, сары май 10,1 пайызға, қырыққабат – 69,7 пайызға, сәбіз – 45,9 пайызға, картоп – 25,4 пайызға, тұз – 1,6 пайызға өсті. Бағаның өсуінің негізгі себептері – еліміздің және Қырғызстанның тауар өндірушілерінің сату бағасын қымбаттатуына әрі жанар-жағар майға, техникаға және оның қосалқы бөлшектеріне, сондай-ақ, ветеринариялық препараттарға, премикстерге шығындардың ұлғаюына байланысты, – деді басқарма басшысы.

Облыста инфляция қарқынын төмендету мақсатында өнім өндіру көлемін ұлғайту, сыртқы сауданы реттеу, монополияға қарсы әрекет ету және бірқатар жүйелі шараларды көздейтін 2023-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешені іске асырылуда.Бағаны тұрақтандыруға облыстық бюджеттен соңғы жылдары 4,3 миллиард теңге, оның ішінде «айналым сұлбасына» 3,6 миллиард теңге бөлініпті.

«Айналым сұлбасы» шеңберінде тікелей тауар өндірушілеріне тауарлардың 10 түрі бойынша (жұмыртқа, қант, картоп, бірінші сұрыпты ұн, күнбағыс майы, тауық еті, сүт, айран, сүзбе, сары май) 2,5 миллиард теңгеге несие берілді.

–Жалпы, облыста азық-түлік тауарларының қоры 5451 тоннаны құрайды, форвардтық келісім-шарттар шеңберінде биылғы күзгі жиын-терімнен 5499 тонна көкөніс, 1 мың тонна ұн,  748 тонна күріш, 350 тонна күнбағыс майы, 2080 тонна қант қорын жасауғакелісім-шарттарға қол қойылды. Облыста азық-түлік қорынан тапшылық болмайды, –деді брифингке қатысқан «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының төрағасы Саят Сыздықов.

Айта берсек, жыл басынан бері облыс аумағында бағаны тұрақтандыру бойынша тауар өндірушілермен және сауда нысандарымен 1168 келісім жасалып, 240 жәрмеңке өткізіліпті.

–Делдалдық сұлбаларды тексеру жөніндегі комиссия жұмыс барысында 74 отырыс өткізді. Нәтижесінде Көкшетауда «Milk Project» және «Зенченко и К»компанияларының сүт өнімдерін өндірушілердің өз бағалары бойынша тікелей жеткізу жолға қойылды. Бұл ретте, делдалдар араға қосылмайды, бағалар 10-15 пайызға төмен болады, –дей келе, Ербол Оспанов кәсіпкерлердің шекті сауда үстемесін 15 пайыздан асырудың 52 фактісі анықталып, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне осындай заң бұзушыларға қатысты әкімшілік жаза қолдану жөнінде тапсырмалар берілгенін атап өтті.

Қазіргі уақытта облыста қандай да бір азық-түлік тапшылығы байқалмайды, негізгі азық-түлік тауарларының қорлары кәсіпкерлердің көтерме қоймаларында да, «KOKSHE» ӘКК-де де жеткілікті мөлшерде бар және үнемі толықтырылып отырады.Тек халықты қинайтыны олардың бағасы…

Брифинг соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген Ербол Оспанов азық-түлік бағасының шарықтауын тежеу бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп,кешенді іс-шаралар қолданылып жатқандығын айтып, әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтерге сәйкес, инфляцияның өсуі бойынша Ақмола облысы не себепті ең жоғары көрсеткішке жеткенін түсіндіріп берді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.   

Суретті түсірген Рамиль ДОСУМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар