Жол жақсы болса, барар жеріңе қиналмай жетерсің

Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың экономикалық бағдарымызды айқындаған жаңа Жолдауында «2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Жалпы алғанда, Қазақстанның Еуразия құрылығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша уақыт өте келе, көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет» – деп, автокөлік жолдарын басты назарға алды.

Осы тұрғыда, өңіріміздің автокөлік жолдарының жағдайымен танысу үшін Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковпен кездесіп, ақпарат алып қайттық.

– Ағымдағы жылы облыста жол желісінің жағдайын жақсартуға 75,2 миллиард теңге қарастырылған. Оның 31,5 миллиарды республика бюджетінен болса, 43,7 миллиарды облыстық бюджеттен бөлінді. 1 мың шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарлануда, – дейді бұл орайда ол.

Жалпы, Ақмола облысы бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы – 5626 шақырым, оның 2661 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар болса, 2961 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар болып есептеледі. Өңіріміздің автокөлік жолдарына бірсыпыра бағдарламалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіле бастаған.Солардың ішінде «Әлеуметтік-экономикалық кешенді жоспар бойынша Астана қаласына іргелес елді мекендерді дамыту», «Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, Астананың шеттері» бағдарламалары бойынша Қосшы қаласы және Жібек жолы, Қоянды, Қараөткел, Талапкер, Қажымұқан, Ы.Алтынсарин сынды елорда маңындағы 27 ауылдың жолдарын жөндеу жоспарланған. Облыстық маңызы бар жолдардан «Щучинск-Степняк-Уәлиханов, Щучинск-Николаевка, Астана шығыс айналма жолы-Сарыоба станциясы, Бабатай-Волгодновка» сияқты жолдарда күрделі жөндеу жүргізілуде. Ал, орташа жөндеу жүргізілетін жолдар келесі «Жақсы-Державинск, Есіл-Свободное, Раздольное, Жолымбет-Шортанды, Ерейментау-Еркіншілік» жолдары. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңадан 80 шақырым жол салу жоспарланған. Әрі Көкшетау қаласының жолдарын жөндеу үшін облыстық бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі жағдайда қала ішінде Абай, Ақансері, Әуелбеков, тағы басқа көшелерде 30 шақырымдай жол орташа жөндеуден өткен. «Жалтыр-Макинск» тас жолында көпір құрылысы аяқталған.

«Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан, Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады», – делінген Президент Жолдауында.

– Алдағы уақытта жаңа Министрлік бюджеттік өтінім жинайды.Бізде дайын жол жобалары өте көп, олардың құны 200 миллиард теңгегедейін барады. Біз облыс әкімінің келісімімен бұл жобаларды жаңа министрлікке тапсыра аламыз. Олар өтінімдерді тексеріп, облыстарға бөледі. Сөйтіп, министрліктен облысымызға бөлінген бюджет қаржысы арқылы жұмыс жасайтын боламыз, – дейді Владимир Кулаков.Сондай-ақ, аудандық бюджеттер көбіне жол шұңқырларын тегістеу, шөбін шабу, қыс айларында мұз-қарын тазалауға ғана қаржы бөле  алады. Аудандық жолдарды салу, күрделі-орташа жөндеуден өткізу үшін көбіне бюджетоблыстан қарастырылады. Ал, шалғай ауылдар мен тұрғыны аз ауылдарда жол салу, жөндеу жұмыстары кешіктірілуде. Себебін басқарма басшысы былай дейді:

– Облысымызда 3 қала, 17 аудан бар. Жол мәселесінде біз біріншіден халық санына, екіншіден даму межесіне қараймыз. Алдағы бес жылда аудан орталықтарының жолын жөндеуді қарастырудамыз.Аудандардағы жолдар жақсарған жағдайда, ауыл жолдарын жөндеуге кірісеміз.

Берілген мәліметке сүйенсек, ауыл жолдары мүлде ескерусіз қалмаған. Осы жылы облыс бюджеті  мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өңірлердегі 160 ауылда жол жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Және де соңғы үш жылда 2000 шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жол салынып, жөнделсе, оның 900 шақырымы ауылдық елді мекендерге тиесілі болған. 2017 жылмен салыстырғанда жол салу, жөндеу қарқыны 4 есеге артқан. Осыдан алты жыл бұрын көрсеткіш 235 шақырым болса, өткен жылы 1000 шақырымға жеткен.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында жол мәселесін сынға алған болатын-ды. «Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақытылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан, жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек, – деп қатаң ескерту де жасаған. Облысымызда да мұндай мәселенің бар екенін жасырмай, Владимир Кулаков былай дейді:

– Біріншіден, жол сапасыздығы онымен айналысатын компанияларға байланысты. Үлкенді-кішілі мердігерлер 5-30 пайызға дейін жеңілдік жасап, тендерді ұтып алады. Мысалы, ауылдың жолына 100 миллион теңге қаржы бөлінсе, олар жеңілдікпен 70 миллионға ұтып алады да, 100 миллионның жолын жасаған болады. Сондықтан, ол жолдар сапасыз болып жатады.

Қосымша еліміздегі бетон өндірісінің сапасыздығы, жол материалдарының бағасының өсуі де айтылды. Атап айтсақ, арматураның бір тоннасы 2021 жылы 150 мың теңге болса, қазір 450 мыңға барған. Асфальттың бір тоннасы 15 мың теңгеден 30 мыңға барған. Бұл, дегеніміз, жолға бөлінетін бюджетке жыл сайын салмақтың артып келе жатқанын білдіреді. Жол сапасын бұзатын тағы бір мәселе, ауыр салмақтағы жүк көліктері. Өзі сапасыз салынған немесе орташа жөндеуден өткен жолдар 20-40 тонналық машиналарға шыдас бере алмайды. Бұны облыстық көліктік бақылау инспекциясы бақылауы керек. Олардың қалай жұмыс жасап жатқаны бізге беймәлім.

Осыған байланысты бұл мекеме, жол құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында Ұлттық жол активтерінің сапа орталығымен 270 миллион теңгеге келісім жасаған. Олардың басты жұмысы – жолдың сапасын тексеру. Асфальттың қалыңдығын, төселетін тас, топырақ, басқа материалдарын лаборатория арқылы тексереді. Қорытындысына қарай жұмыс одан әрі жүргізіледі немесе тоқтатылады. Республика бойынша жол сапасын тексеруде облысымыз алдыңғы қатарда көрінуде.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар