Сұраныс артып отыр

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов ауданның басты жетістіктері мен жоспарлары туралы айтып, 2023 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық  дамудың аралық қорытындылары туралы БАҚ өкілдеріне баяндап берді.

Аудандағы  басты мәселе – су. Сапалы су, яғни, орталықтандырылған сумен жабдықтау 79 ауылдық елді мекеннің ішінде тек отыз алтысы немесе 45 пайызын құрайды. Қалған қырық екі ауылдық мекенде орталықтандырылмаған (құдық, су мұнарасы, бұлақ) сумен тіршілік етуде. Осыдан бір жұма бұрын сусыз қалған қала іргесіндегі Шағалалы ауылдарының тұрғындары жанайқайын БАҚ өкілдеріне жеткізуге мәжбүр болған еді. Тіршілік нәрінің жоқтығы жанына батқан жұрт, сумен қоса елді мекенде жарық та қайта-қайта өшетінін, жарық болмаса электр қуатымен жұмыс істейтін резервуардан су берілмейтінін айтып шағымданған болатын. Міне, осы мәселені брифингте аудан әкімінің өзінен білуге тырыстық.

– Қазіргі уақытта ауданның оңтүстік өңірінің электр желілері, оның ішінде Шағалалы ауылының электр желілері «Зеренді-групп» АҚ балансында тұр, оның қазіргі уақытта 90 пайыздан астамы тозған. Шағалалы ауылын сумен жабдықтау электр жабдықтаумен тікелей байланысты. Оңтүстік өңірдің электрмен жабдықтау желілеріндегі көптеген апаттарға байланысты 2021 жылы аудан әкімінің шешімімен техногендік сипаттағы төтенше жағдай (ТЖ) режимі жарияланды. ТЖ шеңберінде электр энергиясымен және сумен жабдықтау бойынша авариялық жағдай туындаған кезде Зеренді тұрғын үй комуналдық шаруашылығы (ТКШ) бөлімімен жою жөніндегі авариялық бригадалар ұйымдастырылады. Шағалалы ауылында «Қуат-Энергопартнер» ЖШС электриктер бригадасы бекітілді. Тоғызыншы қазандағы жағдай бойынша сумен жабдықтау және энергиямен жабдықтау тұрақты, – дейді Әсен Дулатұлы. Ал, ауыл тұрғындарының БАҚ өкілдерін шақырып, мәселелерін жеткізгені 27 қазан, жұма күні болған еді. Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, биыл Сәкен Сейфулин атындағы, Бірлестік, Дороговка, Қонысбай ауылдарына су тарту жобалары әзірленген.

Есепті кезеңде аудан экономикасын дамытуға 5,3 миллиард теңге бекітілген. Бұл, өткен жылдан шамамен отыз пайызға артық. Өнеркәсіп өнімінің көлемі – 93,8 миллион теңгені құраған. Баяндамашының мәліметінше, ауданда «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасы бойынша үш өтініш мақұлданған. Олар, 150 миллион теңге инвестицияға «Битум өнімдері және ұқсас материалдар өндірісін кеңейту» кепілдік жобасы бойынша «Эльтз» ЖШС анықталса, «Промвзрыв» ТОО-ға «Жарылғыш материалдар өндірісіндегі қызметті дамыту» кепілдік жобасына айналым қаражатын толықтыруға 360 миллион теңге несие қарастырылған. Үшінші жоба, «ауданның жол бойындағы сервистік қызметін дамыту» жобалық жұмысына 50 миллион теңге несие алынып, инвестицияларға Гүлни Байкешованың атынан жеке кәсіпкер Г.Б.Цчанова бекітілген. Сонымен бірге, жылыту маусымына дайындық барысында аудандық бюджеттен 2,1 миллион теңге бөлініп, бес қазандық ауыстырылып, төрт ауылдық клубқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2023 жылы жалпы сомасы 64,3 миллион теңгені құрайтын бес жоба жүзеге асырылған. Олар, ауданның мәдениет үйі, Игілік, Айдарлы, Бәйтерек және М.Ғабдуллин кентінің ауылдық клубтары. Және де, биылғы жылы Викторовский ауылдық клубының ғимаратына 725,0 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленген.

– Ағымдағы жылы тұрғын үй пайдалануға беру жоспары 5,0 мың шаршы метрді құрайды. Он айдың қорытындысы бойынша 6097 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Барлығы жеке тұрғын үй құрылысының және қырық пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру есебінен, – дей келе, «Сондай-ақ, іске асырылатын екі жоба бар. Олар, Зеренді ауылындағы Садовая көшесі, 9 «Б» мекенжайы бойынша қырық бес пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы. Одан әрі, өрт сөндіру депосының құрылысына және тарихи-өлкетану мұражайының құрылысына ЖСҚ әзірлеу, – деп қорытындылады аудан әкімі Ә.Жақсылықов.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар