Ұлағатты ұстаз, абзал азамат

Әдетте әке десе қыз жүрегі елжіреп тұрады. Мына жер-жаһанның дауылы да, жауыны да, өкпек желі де асқар тау әкең бар да қыз ғұмырдың жапырақ жанын жаурата алады ма? Жоқ! «Әкесі бардың жебесі тастан өтеді», ал «Анасы бардың панасы бар, данасы бар» дегенді халық бекер айтпаған ғой.

Иә, рас, әке жүрегі таудан да алып болса, ана жүрегі күннен де ыстық. Ата-анасының жан жылуына, мейіріміне қанып өскен баланың сөзінен де, өзінен де бір еркелік, еркіндік, естілік байқалып-ақ тұрады. Әсіресе, қыздың әкеге жанашыр, әке жақын болып өсетіні бар. Қыз періште пейілді, нәзік жүректі, тілекші екендігі анық. Күні кеше біз осыған тағы бір мәрте куә болдық. Өзіміздің «Арқа ажары» газетінен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғалым хатшысы, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Гүлден Тілеубердинаның  «Менің әкем» деген мақаласын көзіміз шалып, алдымен тақырыбына елең ете түсіп, кейін ден қойып оқып шықтық. Оқып шықтық та толқыдық, қыз баланың әкесіне деген риясыз тілегі мен ыстық ықыласына тәнті болдық.  Жуырда біздің де осы бір ардақты жанның ғұмыр жолымен  жақынырақ танысуымыздың сәті түскен болатын.

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Ұстаз болу – адамның асылдығы, … » деп ақиық ақын Ғафу Қайырбеков қалай дөп басып айтқан десеңізші! Ұлағатты ұстаз дейтін мәртебелі есімге  ие болып жүрген жандардың бойынан шынымен де, ақын суреттегендей батырға тән ерлікті, шексіз мейірімді, сезімтал ақын жүрегін аңғарасың. Ұстаз баланың жүрегіне білім нәрін себезгілеп қана қоймайды, ол оны өмір сүруге үйретеді. Және сол пешенеңе жазылған ғұмырды ғибратқа толы сәулелі сәттермен кестелеп, өнегемен өрнектеуге баулиды.  Міне, біз жоғарыда санамалап өткен осындай абзал қасиеттердің барлығы «Қазақ ССР Білім беру ісінің үздігі», еңбек ардагері, педагогика саласында қырық бес жыл еселі еңбек етіп жүрген ардақты ұстаз Тілеубердин Тоқат Есенұлына қаратылып айтылғандай көрінеді.

Тоқат Есенұлы  еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Қызылту ауданына қарасты Өндіріс (Калинин) орта мектебінде бастаған екен.

– Туып-өскен жерім  Қызылту ауданына қарасты, Шағырсай ауылы. Біз отбасында ұлдан үш, қыздан бес ағайындымыз. Балалық шағым сағымдай өте шықты. Бар-жоғы тоғыз жасымда әкеден ерте айырылып, өмірдің ащы-тұшысын  ерте сезіндім. Анамыз Рабиға Бәкібайқызы жастайынан сегіз баласымен  жесір қалса да,  тұрмыс тіршілігі, балаларды асырау қанша қиын, ауыр болса да, ешқайсысын басқаның босағасында боздатпай,    күні-түні жұмыс істеп, жалғыз өзі жеткізген  батыр ана еді! Анам Алла берген ғұмырды жасап, 2021 жылы 90-нан асқан шағында дүниеден өтті. Барлығымыз анамыздың үмітін, еңбегін ақтап, жоғары білім алып, өз саласының білікті мамандары атандық. Үлкен ағамыз Мұхаммед Есенұлы  зейнеткерлікке де шықты. Мен де зейнет жасына келіп қалдым.  Өмірдің зулап бара жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады емес пе? Анамыз 11 немере, 15 жиен, 50 шөбере, 5 немене көрген жан. Ол кісі дүниеден өткенше ақылын айтып, жолын көрсетіп кеткен абзал ана еді. Немере,  шөберелерінің қызығын көріп кеткеніне  ризамыз, – дейді ағамыздың өзі анасы  туралы тебірене сөйлеп.

Тоқат ағамыз  кішкентайынан анасына көмектесіп, еңбекке ерте араласқан жан. Оны өмір тәрбиеледі, өмір қалыптастырды. Жастайынан оқуды жақсы оқып,  алғыр, зерек болып өсті. Қашанда әділдікке, адалдыққа жаны құмар ізгі қасиетімен ерекшеленіп тұра білді. Оның арман жолында көздеген мақсат мүддесі көп еді. Соның бастауында әрине, алдымен жақсы оқу оқып, білімді маман атанып,  еңбек ету болатын. Оқуды бітірген соң, Ресей Федерациясының Чита қаласында азаматтық-әскери борышын өтеді. 1982 жылы Қарағанды қаласындағы педагогикалық институтқа түсіп, 1987 жылы «Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдады.

–Кез-келген адам өзінің еңбек жолындағы алғашқы еңбек ұжымын ұмытпайды. Менің де жадымда ауылдағы әріптестерімнің,  алғашқы оқушыларымның бейнесі жаңғырып тұрады.  Өндіріс ауылы Көкшетаудан шалғай, үш жүз шақырым жерде, Ресейдің Омбы қаласына жақын орналасқан. Қарағанды педагогикалық институтын тәмамдаған соң, жан-жарым Ұмсын Темірбайқызымен екеуіміз Өндіріс ауылының орта мектебінде жастық жігермен білек сыбана, үлкен құлшыныс, зор қызығушылықпен қызметке кірісіп кеттік.  Адал еңбегім еленіп,  халыққа білім беру саласындағы толайым табыстарым үшін 1991 жылы «Қазақ ССР  халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталдым. Жас отбасы ретінде бізге Өндіріс ауылының орталығынан, мектептің жанынан төрт бөлмелі, жап-жаңа үй берілді. Осы жылы ұяда балаларымыз өсіп-өнді.  Біз жолдасымыз екеуіміз бар саналы ғұмырымызды өскелең ұрпақтың бақыты жолына арнап, оларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге тырыстық – дейді ұстаздың өзі.

Жылдар жаңарып, заман өзгергенімен, білікті, іскер, шәкірт жанын түсінетін, мектеппен жүрегі бірге соғатын нағыз  ұстаздар таптырмайтын құндылық. Қазақстандық жаңа ұрпақты тәрбиелеп, сапалы білім беру қоғам мен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін ұмытпаумыз керек. Боламын деп тұрған шәкіртін қолдап, озамын деп тұрса, бетінен қақпай демеп еліміздің ертеңі үшін барын салып жүрген ұстаздар баршылық. Осындай мақтан тұтарлық ұлағатты ұстаз біз тілге тиек етіп отырған Тоқат Есенұлы десек асыра айтпағандығымыз.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығы да бекерден-бекер айтылмаса керек-ті. Адам баласы алдымен өз баласына үлгі болса ғанибет емес пе? Тоқат Есенұлының ғұмыр жолына бойлаған сайын жаныңды нұрландыра түсер әке өнегесі, ұстаз ұлағаты сияқты адами абзал қасиеттердің бала тәрбиесінде маңызы зор екендігіне тағы бір мәрте иланасың.  Тоқатовтар  отбасында өсіп-өнген төрт баланың барлығы ата-ана жолымен, мұғалімдік мамандықты таңдаған. Үйдің тұңғыш баласы, Гүлден – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғалым хатшысы, әрі қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры болса, Гүлім – халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі (АҚШ, Атланта, Джорджия), №3 Шортанды аудандық орта мектебінің педагог-зерттеуші мұғалімі (ағылшын тілінің маманы), ал Тілеулес болса – Астана қаласындағы «Кішкентай ханшайымдар Академиясы» балабақшасының директоры, атұстар Сәкен де ел мақтаны атанған білімді жастардың қатарында. Ол халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі (Австралия, Мельбурн қ.), қазіргі таңда Астана қаласындағы IT UNIVERSITY   оқытушысы болып қызмет атқарады.

– Алла сыйлаған төрт балапанын әкеміз  тұмсықтыға шоқтырмай, ешкімнен кем қылмай өсіріп, жеткізіп,  қыздарын ұзатып, ұлын үйлендіріп, немере, жиендер сүйіп отырған  қазақтың арда азаматтарының бірі. Мен кішкентай кезімде ауылдағы өнерлі балалардың бірі болдым. Домбырамен ән айтуға үйреткен, баулыған ұстазым  Сағит Құсайынов маған көптеген әндерді үйреткен еді. Сол кездері аудандық, облыстық  өнер сайыстарына қатысып, жүлделі орындарды көп алатынмын. «Әнші балапан», «Айналайын»,  халық өнерпаздарының конкурсына, түрлі концерттерге  қатысу үшін мені үнемі Көкшетауға, облыс орталығына шақыратын. Әкем екеуміз Өндіріс пен Көкшетаудың арасында 300 шақырым жерді апта сайын,  автобуспен ат терлетіп, Көкшетауға келетінбіз.  Үйде анама түздің шаруасын ұстау қиынға соқты. Оның үстіне 1994 жылдары анам сіңілім Тілеулеске аяғы ауыр болатын.  Сөйтіп әкем, балаларының болашағы, өнерін дамыту үшін облыс орталығы,  Көкшетауға көшу қажеттілігі  туындағанын сезіп, шешім қабылдады.  1995 жылы Егемендігімізді енді ғана алған кезіміз. Қазақстанда, соның ішінде Көкшетауда экономикалық жағдай ауыр болатын. Көкшетауға қоныс аударған кезде әкеміз 34 жаста 4 баласы бар, көпбалалы отбасы. Есеп-сауда  және Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледждерінде мұғалімдік қызметін жалғастырды.  2008 жылы Көкшетауда физика-математика бағытындағы алғашқы Назарбаев зияткерлік мектептері ашылды. Әкем сол мектептің мұғаліміне үлкен конкурс арқылы сәтті өтіп, әлі күнге дейін сол ұжымда  қызмет етуде Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі еңбек өтілімінде қатардағы мұғалімнен, әдістемелік бірлестіктің төрағасы, кафедра меңгерушісі қызметтерін сәтті  атқарды. Әкем жоғары педагогикалық қызметі үшін жергілікті басқару органдарының, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен және 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Тоқат Есенұлының 2013-2015 жылдары аралығында дене шынықтыру пәні бойынша Назарбаев зияткерлік мектептері үшін Кембридж оқыту жүйесі бойынша кіріктірілген білім беру бағдарламасының авторы және білім беру жүйесіне енгізушілердің бірі. Оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық білім және спорт сайыстарында жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Мектептің «Зияткер» бастауыш партия ұйымының төрағасының бірінші орынбасары ретінде партиялық қызметті,  мектептің этика жөніндегі комиссияның төрағасы қоғамдық қызметтерін сәтті атқарды. Мектептің «Жыл мұғалімі» атағына да ие болған. Әкеміз жоғары педагогикалық қызметі үшін, Қазақстан Республикасының  Педагогикалық ғылымдар академиясының мүшелігіне қабылданды.–дейді қызы Гүлден.

Гүлден  әкесі туралы сыр бөліскенде бейне бір жүрегі сөйлеп тұрғандай әсерге бөледі. Біз мұны әке деген құрметтің белгісі деп бағаладық. Гүлден туралы да сөз бөлек. Ол өнер өлкесінде өзіндік өрнек, соны соқпақ ешкімге ұқсамайтын өзіндік даралығымен ерекшеленіп жүрген әнші. Гүлден домбырамен қазақтың әнін әуелете шырқағанда дауысынан жан дүниеңе сәуле құйылғандай рухани қуат аласың.  Ол ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесін біліммен қаруландыра түсіп, қазіргі таңда ғылым жолына ден қойып, осы ағартушылық қызметте абырой биігінен көрініп жүрген қазақтың мақтаулы қыздарының бірі.

Иә, ата-ана ұрпағымен мың жасайды. Бала ата-анасымен, ата-ана баласымен мақтана алса бақыт емес пе! Тоқат Есенұлы  еселі еңбегінің жемісін көріп жүрген ардақты ұстаз. Таяуда Ұлттық мереке – Республика күніне орай Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Абырой биігіңіз аласармасын, аға! Ұрпақ болашағы жолында атқарып жүрген  қажырлы еңбегіңіздің жемісін көруге жазсын!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар