Жуырда Достық үйінде өткен жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева арнайы шақырылып, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, Қоғамдық кеңестің басшысы Ермек Нұғыманов, тағы басқа да бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, журналистер қатысты.
Шараның негізгі мақсаты өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың түйткілді, шешілмеген тұстарын талқылау, соны жерлес депутат арқылы Парламент Мәжілісінде көтеріліп, шешімінің табылуы. Әуелі депутат Наталья Григорьевна екі тілде қатар сөйлеп, 2023 жылы жоғарғы сот орындарында талқыланған мәселелер мен өзгертілген заң жобаларын көпшілікке таныстырып өтті. Сөз барысынан аңғарғанымыз, биылғы жылы Парламент Мәжілісінде көптеген өзгерістер болған. Жүйедегі өзгерістерге қоса, қазіргі Мәжілісте алты партияның депутаттары қызмет етуде. Олардың қатарында оппозиция мүшелері мен жекелеген жұмыс топтары да бірге жұмыстар атқаруда. Біз демократтық мемлекет болғаннан кейін міндетті түрде кез келген партияны сайлауға құқығымыз болуға тисті деп ойлаймын, – дейді Н.Дементьева. Әрине, бұл сөзге қосылуымыз керек. Демократиялық жүйеге толыққанды болмаса да, ақырындап жақындап келе жатқанымыз қуантады. Сондай-ақ, депутат өзгертілген маңыздызаңдардың қатарында онлайн платформа, жарнама, масс медиа, блогерлер және сөз бостандығы туралы заңдарды атап өтті. Депутаттың айуынша, барлық жерде шындық айтылуы керек, ақпарат берілуі керек, бірақ, сөз бостандығы заң бұзушылыққа әкелмеуі керек. Бұл өте дұрыс айтылған пікір деп ойлаймын. Себебі, қазір әлеуметтік желіде бәрі белсенді. Тірліктен күйзелген халықты жалған ақпаратпен алаңдатып, түрлі жағдайлардың болуына себепкер болып отырған заң бұзғыштар бар. Енді, олар жазасыз қалмайды.
– Сөз бостандығымен бірге жауапкершілік те болуы керек. Өйткені, шектен шығулар болады. Енді мен сіздерге мына заңнаманы оқып жіберейін. Қазіргі уақытта біз онлайн платформалар мен онлайн жарнамаларда қабылдаған заң жобасына сәйкес, әлеуметтік желілерде бар жалған ақпаратты орналастыратын және тарататын онлайн платформалардың пайдаланушыларын әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Кәсіпкерлікпен айналысатындарды 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде жауапкершілікке тарту көзделіп отыр. Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер бұл әлеуметтік желілердегі ізбасарлары көп тұлғалар екенін білесіздер. Оларды басқаша «инфлюэнсер» деп атайды. Бұдан әрі, біз 50 АЕК мөлшерінде жеке тұлғалар болып табылатын инфлюэнсерлер үшін жалған ақпарат қайта таратылған жағдайда жауапкершілік 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу сияқты түзетулер енгіздік. Сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілерге 60-тан 250 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Бұл аталмыш экономикалық шектеулер, жосықсыз блогерлердің жалған ақпаратты таратуын тоқтатудың тиімді әдісі, – деп толығырақ түсіндіріп өтті Наталья Григорьевна. Бұл тиімділік айтпасақта түсінікті. Диванда отырып, жалған ақпаратпен елдің санасын улап, жік-жік болып бөлінуіне соқтыратын талай «инфлюэнсер» немесе блогерлерге тосқауыл болары хақ.
Сонымен бірге, жиын төңірегінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасы қарым-қатынастары тақырыбында көлемді талқылаулар болды. Жерлес депутаттың сөзіне сүйенсек, бұл мәселе мәжілісте де көптеп талқыланатын маңызды мәселелердің қатарында. Өткен жылы6-шы шақырылымдағы Парламент Мәжілісі депутаттарының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты заң жобасының қабылданбай қалғаны белгілі болды. Жерлесіміз Наталья бір сөзінде, тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауға қарсымын деген пікірін білдірді. «Себебі, ата-бабамыздан қалған отбасы құндылықтарын сақтауымыз, сол арқылы отбасында сақтай білуіміз қажет. Отбасындағы дау-дамай, жанжал бір бөлек, қылмыстық әрекетте бір бөлек мәселе», – деп түсіндіре келе, психологиялық орталықтардың сол үшін жұмыс жасауы керек екенін тілге тиек етіп өтті.
Оған қоса, іс-шараға қатысушы бірлестік басшылары мен өкілдері өз сұрақтары мен ұсыныстарын ортаға салды. Солардың қатарында назар аударған мәселені облыстық «Әкелер одағының» төрағасы Ерлан Зәкіриянов көтерді. Олда отбасытақырыбында өрбіді. Айтуынша, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайтын Жастар және отбасы комитетінде 11 адам ғана жұмыс істейді. Олардың барлық облыс, өңірлер бойынша қалай жұмыс атқарып жатқанын анықтау қажеттігін айтты. Себебі, өткізілген іс-шараларға көбіне өзге басқарма, департамент, мекемелер атсалысады. Мұндағы ескереріміз, алдағы уақытта отбасы саясатымен әрі жұмысымен айналысатын жүйелі, белсенді комитет болуы керек деген нақты ұсыныс.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.