Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қара жолдың бойындағы қасірет - АРҚА АЖАРЫ

Қара жолдың бойындағы қасірет

Қысқы жолдың бойында жазатайым оқиға көп. Түтеген ақ боранның, сақылдаған сары аяздың, қаңтарда жауған жауынның әсерінен пайда болған көктайғақтың салдарынан жолаушылар өміріне қауіп төндіретін  оқыс оқиға жиілеген. Бір-біріне соғылып, қаусаған техника өз алдына, жол үстінде ажал құшқандар да аз емес. Апат сыры неде?

Әлеуметтік желідегі оқыс оқиғалардан көз сүрінеді. Жүздеген көліктің өткел таппай, жол бойында қаңтарылып қалуы жиі. Биылғы қыс та қырық құбылып тұр. Кәдімгі ерте көктемдегі «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» сипатында. Қыламықтап қар жауып, іле аяз көтерілсе, келесі тәулікте сыздықтап қызыл су жүріп жатады. Жол үстіндегі жүздеген оқиғаны салғастыра, ақыл таразысынан өткізе келе, айтып келетін апат салдарына алдымен себеп болып жатқан үш дүние деп түйіндедік. Біріншіден, темір тұлпарды тізгіндеген жүргізушілердің мәдениеті. Екіншісі, жол сапасы және бәлкім, ең бастысы, жауапкершілік. Былайша пайымдауымызға, полиция және төтенше жағдайлар қызметтерінің жауапты мамандары айтқан уәж себепші болып отыр. Сөзіміз жалаң болмауы үшін нақты дерек келтіре кетейік. Облыстық полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, биылғы қыстың басынан бері 337 рет жол қозғалысына шектеу қойылған. Әйтсе де өзінің және жолаушылардың өмірін күн райын көре тұрып, қауіп-қатерге байлайтындар саны азаймай тұр. Жол жабылғанымен, жанамалай қосылатын сүрлеуді бойлап, ебін тауып, күре жолға шығып кететіндер не сән. Шыққанымен діттеген жеріне жетіп жығылса ғой. Ақ түтек боранда қарға адым жер мұң болып,  аттың шоқтығына жететін қалың қарға кептеліп, жол үстінде қалады.

–Соңғы кезде жолаушылардың жауапсыздығын түсіне алмай қойдық. Боранға қарамай, жолға шыққандардың дені той мен батаға бара жатқандар, –дейді байырғы жол полициясы қызметкері Берік Байболсынов, –қысқы жолмен ойнауға болмайды. Ең бірінші сақтық керек. Алаңсыз жолаушының дені өз жұртымыз, бізге дейін сан рет айтылған ұят болады себеп болып тұр. Қатерге басын тіккенше, жағдайын айтса болмай ма?!

Бес жүзге жуық полиция қызметкері 19214 автокөлікті батып жатқан жерінен бірге жол тазаласып, жолаушылармен бірге қаумалай-қоғамдап итерісіп, 106 колоннамен елбесіп-селбесіп, алып жүруге мәжбүр болған. Осы екі мыңға жуық автокөлік жабылған жолдың үстіне жаңағы біз айтқан қулықпен шыққандар. Сақылдаған сары аязды денелері сезініп, ақ түтек боранды көздері көріп тұрса да, көзсіз тәуекелге бел буғандар. Күні-түні жауған қалың қардың құрсауынан өз бетімен шыға алмай қалған 98 автокөлік аршылып алынған. Оның ішіндегі 112 адам құтқарылған. Әлгі топтың сегізі шиеттей бала. Жауапкершіліктің жоқтығы дегеніміз, осы деректің өзінде-ақ менмұндалап тұр емес пе? Жолдың жайын, жердің бедерін біле қоймайтын 47 шет ел азаматы да ажал шеңгелінен аман қалған.

Тағы бір айта кетерлігі, қаңтарда жауған жауынның салдарынан күре жолдың бойы мұз құрсанып жатуы. Бәлкім, осы себеп те бір мезгілде бірнеше көліктің бір-біріне соғылып, жапырыла қирауы жиі. Жаңа жыл қарсаңында Астана-Петропавл жолының 105-інші шақырымында ауқымды жол-көлік оқиғасы орын алды. 16 автокөлік бір-біріне соғылып, шағылып қалған. Өкінішке орай, 28 жастағы көлік жүргізушісі қаза тапты, бес жолаушы ауруханаға жеткізілді. Осы оқиғаға орай, Қылмыстық Кодекстің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.  Арада апта өтпестен дәл осындай ірі жол апаты тағы орын алды. Осы жолы да Астана-Петропавл бағытындағы күре жолдың 216-ыншы шақырымында 15 көлік бір-бірімен соғылысқан. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Әртүрлі деңгейде жарақат алған үш адам ауруханаға жеткізілген. Жыл басынан бері мұндай оқиға жиілеп кетті. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчуктың айтуына қарағанда, ескерту дер кезінде жасалады. Әйтсе де,  күре жолдың бойындағы өкпек жолаушылар құлақ аса қоймайды. Нәтижесі көзге көрініп тұр. Обалы нешік, полиция қызметкерлері жол апатының алдын алу бағытында жұмыс істеуде. Жолда қалғандарды жылыту бекетіне жеткізіп, көліктерін қар құрсауынан алып шығуға қол ұшын беріп-ақ жатыр. Ендігісі адамдардың өздеріне байланысты. Жаратқан иенің «сақтансаң сақтаймын» дегенін қаперімізден шығарып ала беретініміз қайғы-қасіретті қалыңдатып тұр.

Осы тақырыпты індете қаузап, төтенше жағдайлар қызметімен де кездестік. Олардың мәліметіне қарағанда, қыс басталып, қар түскелі 270 адам құтқарылған. Өңірде 268 жылу бекеті дайындалған. Олармен тұрақты байланыс бар. Қысқы маусымда 300-ге жуық жолаушы жылыту бекеттеріне аман-есен жеткізіліп, жан сақтаған. Ең өкініштісі, жол үстінде жаураған нөпірдің 29-ы шиеттей балалар. Боран-шашында көз ұшында қарайған елді мекенге өңменіңнен өткен суықпен алға басқан қадамыңды кері кетіріп, қойны-қоншыңа ақ ұлпасын еріксіз тығындайтын ақ боранына қарамай жете алуы мүмкін дейтін қайраты кемел ересек адам да емес, жел соқса қоғадай жапырылатын кішкентай балаларды жолға алып шыққандары несі екен?! Оқырманның көз алдына қыс қаһарын елестету үшін мына бір деректі келтіре кетсек артықтығы болмас. Өңірдегі сан тарау жол үстінде қар құрсауына кептелген 1,5 мыңнан астам автокөлік жинақталып, бір-біріне серік болуы үшін 50 колоннамен өткізілген. Осы арада нақты дерек келтіре кетелік. Қаңтардың аязды, боранды күндері Біржан сал ауданында жолүстінде автобус сынып қалып, 14 адамға кәдімгідей қауіп төнген. Әйтеуір көретін жарық, татар дәм таусылмапты, құтқарушылардың арқасында дін аман қалды. Мұндай оқиға Целиноград, Аршалы аудандарында да орын алды. Степногорск қаласының жанында ақ түтек боранда адасқан екі адам, Ерейментаудың етегінде жол бағытынан жаңылған екі адам құтқарылды. Айтуға ғана оңай, әйтпесе атан түйені алып жығатын үскірік аяз соғып тұрғанда қол созым жердегі қарайған зат көрінбейтін тілсіз тұңғиық әлемде адасқан адамды құтқару оңай ма?!

Оқыс оқиғалардың себеп-салдарын таразы басына тартқан кезде құзырлы органдар жолаушылардың жауапкершілігі төмен деген өз байламдарын айтса, жүргізушілер жолдың көктайғақ болуынан, қардың уақытында тазаланбауынан деседі. Өзгесі былай тұрсын, ақылы жолдардың өзі уақытылы тазаланбайтынға ұқсайды. Шыныдай жылтырап жатқан мұзға құм себілмегендіктен, екпінмен келген көлік ойламаған жерден тайып кетеді. Пікір әртүрлі. Жүргізушілер тарапынан өкпе-наз да аз емес. «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның мәліметіне қарағанда, ұзын-ырғасы 25 мың шақырымдық республикалық маңызға ие автокөлік жолдары қысқы маусымда тазартылуда. Өзге де міндеттемелері атқарылып-ақ жатыр. Ішінара кемшілік орын алса, ол кадрдың жетіспеушілігінен. Әсіресе, механизаторлар тапшы. Жол қызметкерлері күні-түні жұмыс істейді. Жол пайдалану учаскелерінің басшылары жол тазалайтын арнайы техниканың жеткілікті екендігін айтып ақталып отыр. Материалдық техника паркі жаңартылуда. Өткен жылдан бастап арнайы техникаларды сатып алып, паркті жаңғырту қолға алынған. Әйтсе де, қыстың аты қыс. Қаншалықты сақадай сай тұрмыз десе де, табиғаттың тосын мінезінің тегеуірініне төтеп беру қиын. Жолдың жиі жабылуындағы мақсат, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуден туындап отыр. Жол үстіндегі ахуал Sapar мобильді қосымшасы арқылы жарияланып отырады.

Үзеңгіге аяғыңды салып тұрсаң да, қауіп-қатері көп қысқы жолда абай болған абзал.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар