Жуырда ғана құрылып, өмірге жол тартқан «Әділдік пен Өркендеу» қоғамдық қоры жер-жерде жұмысын жандандыра түсті. Көкшетауда аталған қордың белсенділері жергілікті жерде алғашқы таныстыру кездесуін өткізді. «Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығы» және «Қоғамдық даму» мекемелері қызметкерлерімен кездесіп, жаңадан құрылған ұйымның алға қойған басты мақсат-міндеттерімен айтып берді.
Кездесу барысында қоғамдық қор белсенділері қордың негізгі құжаты болып табылатын Қазақстан азаматтарына жариялаған Үндеу-Манифестінің басты қағидалары мен елдің гүлденуі мен дамуына, әділеттіліктің орнауына негіз болатын басты қағидаттарды жүзеге асыру жолындағы қордың көздеген мақсаттары түсіндірілді.
– Қоғамымыздағы әлеуметтік қордаланған мәселелерді шешу адамдардың заң алдындағы теңдігін сақтау және баршаны алаңдатқан түйткілді жайларды жай ғана айтып-жазып қана қоймай, оның нақты шешу жолдарын қарастыру біздің негізгі қолға алар жұмысымыздың басты арнасы болып отыр. Халықтың ащы жанайқайын тудырған өткір жайларға үн қосу қордың үнемі назарында болмақ. Біз елімізде әрбір азаматтың адал еңбек етіп, бала-шағасын өсіріп, өз болашақтарына нық сеніммен қарауы үшін әділеттілікке негізделген қоғам құруға мүдделіміз, – деді қордың Ақмола облысы бойынша өкілі Бақыт Смағұл.
Мекеме ұжымдары қор жұмысына оның басты қағидалары мен қоғамды алаңдатқан мәселелерді шешуге қатысты сұрақтарын қойып, өз пікірлерімен бөлісті.
– Біздің ұжымдарға келіп кездесу өткізгендеріңізге алғысымызды білдіреміз. Бұл тарихи сәт! Ел азаматтары бірлікте, ынтымақтастықта болса, біз алмайтын қамал болмайды. Көкейтесті мәселелерімізді бірлесіп көтерсек мемлекетіміздің, халқымыздың әл-ауқаты дұрысталып әрі қарай дамып кетеріміз хақ. Ертеңгі күнге денен сенімімізді жоғалтпауымыз керек. Жалғыздың дара болса, үні шығушы ма еді?!. Көп болып қолға алған істің жемісі де көп. Бізде осы қоғамның мүшесі ретінде мұндай істерден сырт қалмауымыз керек, – деді Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қуаныш Қажиахметов.
Ал, «Қоғамдық даму» мекемесінің басшысы Айдар Қожабаев қор өз жұмысында ел заңнамаларына сүйену қажеттігі жөнінде өз ойын ортаға салды.
– Бәрі жан-жақты сауатты болғанымыз жөн. Біз сонда елдегі елеулі өзгерістердің ұйытқысына айналамыз. Айғаймен ештеңе жеңе алмаймыз. Қолға алған жұмысымыз заң аясында қолға алынса ғана іс алға басады деп ойлаймын. Істеріңізге сәттілік тілейміз, – деді Айдар Қожабаев.
Ұжым қызметкерлері қор жұмысына сәттілік тілеп, тарқасты.
Абзал Алпысбайұлы,
Көкшетау қаласы.