СӘТБАЕВ ПЛАНЕТАСЫ

Бүтін бір халықтың, тұтас бір ұлан-байтақ қазақ даласының, қазақ елінің дүниетанымдық, даналық, ұлылық, ізгілік, көшбасшылық, елшілдік, мемлекетшілдік қасиеттерін болмысына дарытып, философиялық көзқарасын жетілдіріп, ғылым-біліммен, өнермен, орасан отаншылдық рухымен мұздай қаруланып-қуаттанып, қайратты, ғибратты, ұйымдастырушылық, жаңашылдық іс-қимылдарымен, тапқырлық өнегесімен, мемлекетіміздің тарихы мен тағдырына, абыройы мен беделіне өлшеусіз үлес қосқан, заманынан озып туған Қаныш Имантайұлы Сәтбаев еді. Ол – XX ғасырдағы қазақ ғылымының атасы, ұлт айбары, даналық пен мейірбандықтың туы, «толық адамның» тұп-тура өзі.

Ақыл-ой алыбының нәтижелі көркем ісі, үлгілі жүрісі, өнегелі сөзі, білім-білігі, ілімі, ұшқырлық, зейінділік, зеректік қабілеті қашанда жалынды, отты, жігерлі, ойы мен қиялын, жүрегі мен сүйегін құштарлық билеп-кернеген өмірінің балауса көктемінде, жастық дәуренінде қалыптасатыны аян. Білімпаздың оқу, үйрену жолдарын бір мезет бағдарлап-шолып өтейік.

1911 жылы Павлодардағы 2 кластық орыс-қазақ училищесінде оқыған. 1914-1918 жылдарда Семей мұғалімдер семинариясында білім алған. 1918 жылдың күзі мен 1919 жылдың күзінің аралығында екі жылдық мұғалімдер курсында жаратылыстану пәнінен дәріс оқыған.1920 жылдың наурызынан бастап 1921жылдың қыркүйегіне дейін Баянауыл ауданында халық сотының төрағасы лауазымын атқарған. Елдің дәстүрін жетік білетін әулие-пірлердің дуалы сөздеріне ыждаһаттық танытқан Қаныш Сәтбаев абыз ақсақал Жаяу Мұсаға амандасуға барыпты. Сонда Жаяу Мұса жайдарыланып, шабыттанып: – Қаныш, шекең торсықтай екен, халқымыздың данасы боларсың, тағы да оқы, оқи бер, қыздырманың қызыл тілі түпке жетеді, одан сақ бол! – деп, алтын оттай жайнаған жігіттің гауһарына ақпейілмен ақ батасын береді.

Ақ алмастай жарқылдап, арғымақтай аңқылдап, ақ дариядай толқындап-сарқылдап, ақиық қырандай саңқылдап байтақ жұртқа өнеге, өнер шашқан кемел оқымыстының ғылымның қия шыңына өрмелеп ұмтылуына, білім қорын жинақтауына, жан-жақты ізденістеріне шамырқанған шалқыған шабытпен еңбектенгеніне 1921-1926 жылдарда Томск технология институты тау-кен факультетінде оқыған кезеңі нақты дәлелдейді. Мысалы, қазба байлықтар, тау-кен өнері, Сібір геологиясы, тау-кен өндіру ісі, кеніш механикасы, кәсіби гигиена және еңбекті қорғау, экономика дейтін пәндер бойынша лекциялық жазбалар барынша ғылыми-теориялық деңгейімен, толық, терең, бай мәліметтерімен назар аударады. Сондай-ақ тау-кен өнері жайында арнаулы курстың және Жезқазған аймағының минералдық қорлар туралы лекциялары бар. Сонымен қатар этнология хақындағы (лектор А.К.Иванов) дәрісте мұның археологиямен, антропологиямен, социологиямен, тілмен байланысы әңгімеленіп, мәуелі пікірлер өрбітілген. (ҚР Мемлекеттік орталық архиві. Қор 2057, Тізбе 1, Іc1061)

Студент Қ.И.Сәтбаев халық тілінің, білімінің, тәжірибесінің ну орманында өскеніндіктен, этнологияның да мәнісін байыптаған.

Екінші. Студент Қ.И.Сәтбаев метрология мен геологиялық пәндер бойынша лекцияларының конспектісіне мән берейік: 1. Тау-кен барлау ісі. 2. Маркшейдерлік өнер. 3. Петрология. 4. Тарихи геология. 5. Жылу техникасы. 6. Электротехника. 7. Ағылшын тілі. 8. Геодезиялық зертхана. 9. Гидравлика. 10. Палеонтология. 11. Қолданбалы механика және сапалы талдау (ҚРМемлекеттік орталық архиві. Қор 2057, Тізбе 1,Іc 1059).

Бұл ғылымның күре тамырларын баяндайтын лекциялық конспектілер жүздеген парақтардан түзілген.

1924-1925 оқу жылында Қ.И.Сәтбаев ағылшын тілін оқыған. (ҚР Мемлекеттік орталық архиві. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1060).

Жемісті жылдар жайында Қ.И.Сәтбаев былайша толғанады: «1921-1926 годы прошли в обстановке напряженной и увлекательной учебы. За эти годы мною был переведен на казахский язык учебник алгебры для полной средней школы, который был передан в 1924 году Қазнаркомпросу. годы учебы в Томске я жил на средстве госстипендии, а в последний год (1926) на спецстипендии выделенную Семипалатинским Облисполкомом в размере 50 руб. в месяц.» (ҚР Мемлекеттік орталық архиві. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1073).

Жомарт мінезді, тура сөзді, шыншыл Қ.И.Сәтбаев жер-жиһанға мәшһүр шағында ұстазы В.А.Хохловқа: «Мен студенттік жылдарымнан бастап өзімнің ұстаздарым қалай жұмыс істесе, солай жұмыс істеуді арман еттім» депті.

Томск технология институтының ұстаздар қауымының ең бір басты қағидаты – білікті, майталман, шебер өндіріс командирін, ғылымның өрен ұйымдастырушысы, ғылым мен өркениеттің тізгінін тең ұстайтын теңдессіз мәдениетті, әдепті, мейірбан халық қызметкерін тәрбиелеп шығару. Ендеше, осындай бір тәлімгерлік мектептің өкілі – Қаныш Сәтбаев. Қ.И.Сәтбаевтың ардақты ұстазы, Сібір геологиясының, стратиграфиясының, петрографиясының, металлогениясының білгірі М.А.Усов (1883-1939) еді. Студент Қ.И.Сәтбаев М.А.Усовтың үйінде бір жыл тұрды. Ол 1921 жылдың Әлімхан Әбеуұлы Ермековпен үш жарым ай бойы Баянауыл өлкесін аралаған-ды.

Аңыз педагог М.А.Усовтың телегей тәжірибесі, дария білімі, даналық жаратылысы бөлекше еді!

Шешендік пен шеберлікті, білгірлік пен сезімталдықты тең ұстаған әлеуеті жоғары теңдессіз ұстаздың тәлімін көрген Қ.И.Сәтбаев пен И.И.Боктың: «Профессордың аузынан шыққан әрбір сөз шәкірттерін таң-тамаша сезімге бөлейтін: таңғажайып тілмарлығы; қандай да бір күрделі және жаратылыс құбылыстарын қарапайым да ұғынықты тілмен қызықтырып түсіндіруі; сөзіндегі логикалық тұтастық; ғылыми тұжырымдары мен болжамдарының мығым дәлелденіп, жинақы бейнелеуі; ең аяғы дәріскердің өзгеше ізеттілігі мен терең мәдениеті де тыңдаушыларын елітіп, айтып тұрған әңгімесіне еріксіз сендірер еді. Оның дәрістерінде ешқандай лирикалық шегіністер, жалған сөйлеу, айтып тұрған мәселелерінен бөгде жайттарға ауытқулар болмайтын…

Сөзінің уақыт мөлшеріне дәлме-дәл жүйеленгендігі соншалық – әрбір тарау яки бөлімді бітірген кезінде үзіліске шақырған қоңырау үні естілетін. Бірде-бір сөзді артық айтпау, бірде-бір минутты зая жібермеу – дәріскерлік мәнері». (Сәрсеке М. Шығармалары. т.4. Қазақтың Қанышы. Астана, «Фолиант», 2015. 136-137 беттер).

М.А.Усовтың металлогениялық кемеңгерлік идеяларын Қ.И.Сәтбаев өзінің тәжірибесінде толық пайдаланып дәлелдеді.

1942 жылы Кремль қабырғасында СССР Мемлекеттік сыйлығын тапсыру салтанатында сөйлеген сөзінде Қ.И.Сәтбаев: «Для исследователя нет ничего дороже, как видеть осуществление плодов своего творческого труда». «Осуществление грандиозного размаха индустриализации Джезказганского района, проведение железной дороги мощных и цветущих индустриальных узлов республики – окрыляли мою работу и помогали моему росту, как исследователя и инженера.» (ҚР Мемлекеттік орталық архиві. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1103)

1941 жылдың 22 ақпанында Кремльде үкімет наградасымен марапатталу сәтінде: «Более двухсот лет Казахстан являлся колонией царизма. За этот долгий период в двести лет Царское правительство смогло геологически изучить 6% территории Казахстана. Остальные 94% оставались в виде совершенно неисследованных гигантских «белых» пятен. К ХХ– летнему юбилею Казахстана советским геологам удалось изучить уже 80% территории Казахстана.» (ҚР Мемлекеттік орталық архиві. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1099).

Отанының бақытты келешегін кеңінен терең ойлайтын, кемел болжайтын көсем пікірлі Қаныш Сәтбаевтың: «Қазақстан – табиғи байлықтардың бай қоры», «Біздің табиғатымызды қорғау, жер қойнауын қорғау – қасиетті іс» дейтін Мәңгілік елдің жарғысындай, бойтұмарындай ұстайтын киелі сөзі бар.

М.А.Усовтың ақылымен 1923 жылдың жаз айларында М.П.Русаков басқарған Бетпақдаладағы геологиялық экспедиция жұмысына қатысып, өңірдің беймәлім сырларына қанығады. Орталық Қазақстанның геологиялық құрылымындағы метаморфикалық жыныстарының жайын жақсы біледі. Жалпы, жер сырына жіті үңіледі. Білімге үйір дала баласы топырақ қасиетіне де епті, сұңғыла. Мәселенки, қарағайдың қара жерден өзіне алар қорегінің ең бір құнарлысы – кальций. Кальций таста жеткілікті. Ол тастың өзін талғажау етіп, жақпардың өзін жарып-шағып шығып, жапырағын Күнге жаяды екен-ау. Жаратылыстағы себепті байланыстар, беймәлім дәнекерлер – жас инженер-геологтың көңіл айнасында.

Жақсыға үйір Қ.И.Сәтбаевты Кереку көшесінде қыран мінезді ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров бірден танып, шүйіркелесіп сұхбаттасады. Пәтеріне үш рет шақырып, өзі оқып жүрген Карл Маркстың «Капиталындағы» күңгірт түсінбеген тұстарын («Капитал. Критика политической экономии. Том 1. Процесс производства капитала. С.–Петербург, издания Н.П.Полякова, 1872) сұрап отырған.

1922 жылы Вашингтонда ағылшын тілінде басылған геология бойынша журналдарды да зерделеп оқыған. (ҚР Президентінің архиві. Қор 309-НЛ, тізбе 1, 1 с 155. 62 парақ). Дәл осы оқу жылында-ақ қолданған.

Сана-зердесі, ой өресі, қиял дүниесі ерте оянып, ерекше жетіліп, тұйғындай түлеген студент Қ.И.Сәтбаев «Оқытушы деген кім?» дейтін танымдық-тарихилық байыптамасында («Таң», 1925 жыл, март, №1. 67-70 беттер) ХХ ғасырдың 1-ші ширегіндегі сорпадай сапырылысқан қазақ қоғамындағы оқытушыға деген әлеуметтік-саяси көзқарас, сонымен қатар шын мәніндегі оқытушының тұлғасы, болмысы, тәртібі, мәдениеті, білімі қандай болу керектігі жөнінде түбірлі ойлар, жанды пікірлер туындатады. Нақты айтқанда, озық ойлы, азат та озат пікірлі оқытушының басты қасиеті, өнегелі қағидаты – 1) «таза жол», 2) «таза ынта», 3) «таза тер», 4) «таза білім», 5) «жақсы мінез», 6) «жақсылық іс». Бұлар жас қайраткер, санаткер Қ.И.Сәтбаевтың білгірлікпен көрсеткен жіктемесі. Әрі қарай оның ойлау деңгейі, білім дәрежесі, тәжірибесі, жазу шеберлігі соншалықты қызықтырып, тәнті етеді. Авторға сөз берейік: «адам баласы жаумен жағаласарда қаруланған әскердей әр түрлі өнермен қаруланады. Сондықтан қанша заман бастан кешсе, соншама ылғи ойлауда, іздеуде, табуда ілгері басуда». Он сегіз мың ғаламның ғаламаты мен ғажайыптары қандай өлшеусіз екендігі де ескерілген: «Жаратылыстың ушығына жеткізбейтін, қаншалық көп сыры болса, сонша тарау білімі бар».

Ол оқытушының шынайы, жанды болмысын былайша айқын пайымдайды: «Осы білімді адам баласына егетін, өсіретін, адам баласына анық адам атын кигізетін адамдарды оқытушы деп атайды».

Ілгерілеудің, өркендеудің, өрге өрлеудің басты кейіпкері – оқытушы. Сыры да, қыры да сан сипаты саналы, ойлы, отты, өнегелі, көшелі, ісі көркем санаткер. «Өмір ілгері баспақ, білім жүзінде үздік, ілгері жүрген жұрттың оқытушылары да ілгері, өнерлі, әдісті. Мұндай жұрттар істің негізіне көз салып, оқытушыларын басқадан артық құрметтейді, бірінші орын олардікі болады, қазақша айтқанда, бұла болады».

Оқытушының ұлық қасиеттері мынадай: «Ер қосы жүре түзелер» дегендей, «қиындыққа шыдаса, сонда ғана ынтасы мен талабы жанбақ, қалаған биігіне жетпек».

«Жаратылыстың сом, домбал қалпынша берген адамзаты жан кешіп, жақсы ұстаның дүкенінен істеліп шыққан нәзік, сүйкімді сұлу нәрселері сықылды түрлендіріп шығаратын жалғыз оқытушы, оқып жүрген жас баланы өзіндей түрленген адамдармен жаратылысқа ие болу жолына жарысқа қосатын – оқытушы, сондықтан адам өз басын қадірлесе, алдымен оқытушыны кәдірлеуге міндетті екендігі осыдан шығады».

Оқытушы – халық қызметкері болғандықтан, елдің тұрмыс-тіршілігімен, көзқарасымен әдет-ғұрпымен есептесу жөн.«Жүк түйеге келмейді,Түйе жүкке келеді», дегендей, оқытушы елге икемденуге, жақындауға керек еді, біздің оқытушылар бұл жерден табылмады. Елдің сезімін, білімін, әдетін, тұрмысын естен шығармай, ойға қатты тоқып, істің негізіне тіреулі қылық керек еді».

Өз кәсібіне, ісіне үстірт, жүрдім-бардым, ықылассыз қарау, өзін де, өзгені де нәуетек ететін былайша жеткізеді: «Бұл оқытушылардың шалалығы, білімге анық кіріспегендігі, саясатқа  соқырлығы, қолға бір жапырақ қағаз алып, тұнық жатқан елге тұтқиылдап шауып, бәрін 20-сыншы жылғы болған милициядай, елдің үрейін ұшырып, «Істесең де істейсің, істемесең де істейсің» деушілер өткен жылдар түгіл, бүгінде де толып жатыр».

«Шалағайлық әдісін қолдану елді біржола қасқыр шапқан қойдай үркіту, білім беру орнына білімнен қуумен бір есеп емес пе?!».

«Адам сүю жолымен өз айналасына үйір қылу, бауырына тартуға міндетті».

«Жақсылық іс адамды қол бұлғап шақырмайды.Жан иесі жақсылықты өз сезімімен сүйіп, өз бетімен керек қылып, жақсылыққа жабырламақ балға, тәттіге қонған, үймелеген масадай тоймақ. Жақсылық негізі – білім».

Оқу жолы «кіршіксіз таза жол», «таза ынта, таза терді ғана сүйетін игі мақсатымыз біздің».

«Елге жақсы мінез, таза білім, басқа тұрмыстарына керек жеріне еңбек сіңірсек» «түпкі ойымызға жетуімізге кедергі аз болады».

Жас болса да ынта, жігер, талабы тегеуірінді, «ғылым жолында ізденіп іс қылған, данышпандық жол ашқан» (Әлихан Бөкейханов оралымы) яғни, дәріс оқыған, халық соты болған, «Алгебра» оқулығын жазған, геологиялық барлау экспедициясына қатысқан, замана зиялыларымен кеңескен Қ.И.Сәтбаевтың ой қуатын танытады. Оның төте жазумен жазған қолжазбасы ҚР Президентінің архивінде сақтаулы.

Ұлт мұраты жолында үздік ұйымдастырушылық, төтенше қайраткерлік, жойқын алапат қаһармандық еңбегімен, сый-құрметімен, ізгілік-ілтипатымен әділетті, киелі де, қызылкөз ала ниет қауымды да мойындатқан топжарған тарланбоз Қ.И.Сәтбаев Қазақ ССР ғылым академиясының Тұңғыш Президенті лауазымына тағайындалған еді. Замана желі қалай соқса да кейде әлемге әйгілі ғұлама Ұлықбектің «Кімде-кім барлық ғылымға жетік болса, медресені сол басқарады» деген сөзі рас-ау!

Халық ақыны маңғыстаулық Сәттіғұл Жанғабылов (1876-1966):

Мол дарын бір бойыңды қоныстаған,

Кең ойлы, өршіл арман қарыштаған.

Халқыңның ғылымына қам жасаған,

Сен бейне жарық жұлдыз, Қаныш балам!

Саңлақ ой сарабдалдық санаулысы,

Жүрегі жалын атқан – алаулысы! –

деген екен.

Ғылым тірегі мен халық тілеуінің алтын жамбысы ғасыр перзентінің өміріндегі ең бір тарихи оқиға – СССР Жоғарғы Кеңесі депутаттары делегациясының құрамында 1947 жылдың 13 наурызы мен 11 сәуірі аралығында Великобританияға Лордтар Палатасы мен Қауымдастық Палатасының шақыруымен баруы. Делегация жетекшісі ВЦСПС пен СССР Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің төрағасы В.В.Кузнецов және жазушылар А.А.Фадеев, К.М.Симонов, К.М.Бажан, В.Т.Лацис, ұшқыш-сынақшы М.М.Громов, ВКП(б) ОК сыртқы саясат бөлімінің бастығы М.А.Суслов, академиктер П.А.Шария, Н.И.Мусхелишвили, ақын С.В.Векилов. Ұзын саны 20 қайраткер.

Қ.И.Сәтбаевтың «СССР Жоғарғы Советі депутаттары делегациясының 1947 жылдың 13 наурызынан 11-ші сәуіріне дейін Англияда болғаны туралы есебінде» Британия парламентінің қос палатасының шақырғаны және жоспарды ағылшын үкіметі жасағаны, көмір шахталарында, металлургия өндірістерінде, машина жасау, тоқыма фабрикаларында болғаны баяндалады. Және де СССР-мен мәдени байланыстар ұйымдастыру қоғамының мүшелерімен, ағылшын-кеңес, шотланд-кеңес ұйымдарымен кездесу көзделгенін көрсеткен. Сондай-ақ ағылшын парламентінде, ағылшын портында, Лондон графтық кеңесінде, «Кодак» фотоаппарат фабрикасында, Лондон университетінде, Британ музейінде, Король қоғамында, оқу және азық-түлік министрлігінде, 1902-1903 жылдарда В.И.Ленин тұрған ауданда, электр жабдықтары, болат құю, металлургия зауыттарында болған. Жалпы, Ньюкасл,  Шеффилд, Кардифф, Манчестер, Оксфорд, Кембридж, Стратфорд, Коветри, Эдинбург және Глазго дейтін әйгілі шаһарларында болғанын тәптіштеп жазған.

Ағылшын елінің саяси жүйесі, сыртқы саясаты, экономикасы, ғылымы, мәдениеті, көркемөнері, СССР-ге көзқарасы (түрліше әлеуметтік топтардың), әкімшілік басқару тәртібі, лейбористік үкіметі, Қауымдастық және Лорд палаталарының қызметі, ағылшын бұқаралық ақпарат құралдарының жай-жапсары, елдімекендердің хал-ахуалы, тұрмысы, әл-ауқаты, шотландықтар мен ағылшындардың арасындағы ұлттық антагонизм (шотланд мәдениеті мен тілін кемсіту), зиялылар қауымы турасында бағалы мәліметтерді келтіреді.

Ньюкасл қаласының мэрі, лорд-лейтенант, лейборист Чарльз Травельян, Эдинбур қаласының мэрі (аты-жөні жазылмаған), ағылшын парламентінің ескі көзі, шотланд, лейборист Кирквуд, Англияның Премьер-Министрі К.Р.Эттли, профессор Уэбстер, жазушы Бернард Шоу пікірлері де ескерілген.

СССР Жоғарғы Советі депутаттары делегациясын Уинстон Черчилль Иден мен Элиотпен бірігіп қабылдағанын да айтып өткен. (ҚР Президентінің Архиві, Қор – 309-НЛ, Тізбе 2, Іс 167).Есеп орыс тілінде жазылған, мәшіңкеге басылған, көлемі 19 бет.

Сәтбаев құбылысы – ғұламалық тереңдік пен планеталық ойлаудың шынайы үйлесімі. Мұның нақты айғағы, айнасы –Сәтбаев планетасы. Астрофизиктердің анықтауынша, бұл – Марс пен Юпитердің аралығында қозғалып, Күнді 3 жыл, 4 ай мерзімінде айналып шығады. Яки Күннен санағанда 4-ші және 5-ші планетаның арасында. Диаметрі 11 шақырым. Сыртқы сұлбасы ойлы-қырлы, бұрышты, түсі қарасұр. Орбиталық элементтері есептелген. Бұл планетаны СССР ҒА Қырым астрофизикалық обсерваториясының аға ғылыми қызметкері Н.Черных тауып, сонан соң АҚШ-тың Кембридж қаласындағы Смитсонов институтында орналасқан Халықаралық планета орталығы мақұлдаған. «Көкке бір кісі ұшады, етегіне мың кісі сияды» дегендей, бекзат байтақ жұртымызда, Ұлы Даламыз да Сәтбаевтың қаһармандық құдіретті еңбегінің арқасында ғарышта ұшып жүргендей.

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби    сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының докторы, профессор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар