Көшіп келушілерде баршылық, кетіп жатқандар да жоқ емес

Көші-қон процестерінің қазіргі әлемде табиғаты алуан түрлі болып табылатыны өте ерекше әлеуметтік құбылыс болып көрінеді. Бір жағынан, әрбір адам көшудің жеке себептерін өзі таңдайды. Екінші жағынан, әр аймақтың әл-ауқаты тұрғысынан алғанда қоғамдық бағалар мен түсініктер бар.

Ақмола облысы – Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік өңірлерінің бірі. Солтүстік Қазақстанда экономикалық көрсеткіштері бойынша Ақмола облысы өнеркәсіптік аймақтар болып табылатын Павлодар, Қостанай, сондай-ақ, Астана қаласынан әлеуеті төмен. Жалпы экономикалық өсу көші-қон ағыны үшін қолайлы жағдай туғыза алмайды. Ақмола облысында  90-ыншы жылдардан бастап, халықтың сыртқа кетуі көбейген. Өңір тұрғындарының көшіп-қонуының негізгі бағыты – еліміздің экономикалық жағынан өркендеген аймақтары. Олардың арасында Атырау облысы мен Астана ерекше көзге түседі. Көші-қонның қолайсыз көрінісі 2013 жылға дейінгі кезеңде көп сақталды. Кейін көші-қон сальдосы оң нәтижеге ие болды. Бурабай және Целиноград аудандарында қолайлы жағдай орнады. Бірінші себеп, рекреациялық аймаққа инвестициялардың артуы, ал, екіншісінде  елорданың жақын орналасуының экономикалық ықпалына байланысты болды. Әрине, сол кезден бастап жақсы жаққа қарай көп нәрсе өзгерді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өсіп, инвестициялық ахуал жақсарды. Сондай-ақ, жақын және алыс шет елдерден қандастарды қоныстандыруға және қолдауға   арналған бағдарламалар қолданыла бастады.

Ал, енді жалпы  еліміздегі  көші-қон жағдайына  тоқталатын болсақ, әрине, айтарлықтай өсім бар. Халық саны тәуелсіздік алған кезде  16,7 миллион адам болды. Себебі, іргетасы енді басталған жас мемлекеттен сол жылдары көшушілердің  саны 3 миллионға жеткен. Осы шетелге көшкен халық санының 33 пайызы кейін этникалық қазақтармен толықтырылған. Қалған пайызын халқымыздың табиғи өсімі құрап отыр. Бұл көрсеткіштер арқылы халқымыздың өсімімен демографиялық өзгерістері анық байқалады. Халық саны бойынша Қазақстан  әлем елдерінің ішінен  62 орында тұр. Қазір 20 миллион халқымыз бар. Жер көлемі кең және Қытай мен Ресей Федерациясы сынды алып елдермен шекараласады.  Сол себепті, демографиялық өсімді жылдан-жылға жоғарылату және өз ұлтымыздың  санын ұлғайту мемлекеттің басты мүдделерінің бірі. Сонымен бірге, Қазақстан халқының тығыздығы бойынша әлем елдерінің соңғы қатарында.  Жерінің  әр шаршы шақырымына орта есеппен  6,7 адамнан ғана келіп тұр. Осы бағытта Үкімет шетелден білікті мамандар тарту, еңбек нарығындағы тапшы мамандарды толықтыру,өңірлеріміздегі жұмыс күшінің жетіспеуі, ішкі-сыртқы көш-қон жұмыстарын нәтижелендіру үшін көптеген бағдарламалар мен тұжырымдар әзірлеп, заң жобаларын жүзеге асырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 қыркүйекте халыққа жасаған Жолдауында көші-қон саясатының түбегейлі өзгергенін мәлімдеген еді. Осы Жолдаудан кейін биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне халықтың көші-қон саласындағы 22 функция берілген. Көші-қон саласында мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру және үйлестіру бойынша басты орган – осы министрліктің Көші-қон комитеті құрылған.Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасын Үкімет 2022 жылдың  30 қараша күні бекітті. Жаңа Тұжырымдама мемлекеттің көші-қон саласын реттеуді және экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуді көздейді. Оның аясында атқарылатын жұмыстардың үш блогы айқындалды. Олар елге білікті кадрлардың келуін ынталандыру, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау, өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жою. Бүгінде көші-қон саясатын төрт мемлекеттік орган (ІІМ, СІМ, Еңбек министрлігі, ҰҚК) және жергілікті органдар іске асырады.

Ағымдағы жылы қандастар мен қоныс аударушыларға бөлінген өңірлік квота саны өткен жылғыдан артық. Ал, Ақмола облысында 2024 жылы қандастарды  және  қоныс аударушыларды қабылдауға арналған өңірлік квоталар бойынша мағлұматтар  аз. Оны біз жеткілікті ала алмадық. Дегенмен, қоныс аудару бойынша қолда бар мәліметтерге сүйенсек,егемендік алғаннан бері аймаққа Моңғолиядан, Түркіменстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қытай Халық Республикасынан  30 мыңнан астам қандас келді.  Ақмола облысында қазіргі уақытта қандастар негізінен, Целиноград, Астрахан, Шортанды аудандары, Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалаларында және облыс орталығына іргелес елді мекендерде тұрады. Атап айтқанда, 1591 адам, 645 отбасы көшіп келген.  Бүгінгі таңда, олар жалпы қызмет көрсету  және құрылыс, тағы басқа салаларда жұмыс істейді.

Келген қандастарға «Халықаралық көші-қон туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік қолдау ретінде отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткішті құрайтын бір жолғы төлем, 12 ай ішінде коммуналдық қызметтерді жалдау және төлеу шығындарын жабуға бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде төлем төленген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының аумағына кірген кезде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүліктері кедендік төлемнен босатылған. 2023 жылы Ақмола облысы аумағында  861 шетелдік тұрақты тұруға ықтияр хат берген. Оның басым бөлігі Ресей Федерациясынан – 490 адам, Моңғолиядан – 122  және Өзбекстаннан – 89 адам. Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының азаматтығына  322 шетелдік қабылданған, оның 132-сі Ресейден болса, 45-і Өзбекстаннан және 35-і Түркіменстаннан келген. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.01.2012 жылғы №148 Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында болу қағидаларын сақтауға міндеттеледі.

Облыс ішіндегі көші-қонның екі ағымы бар. Халықтың ауылдан қалаға көшуі және шағын қалалардан үлкен қалаға көшу. Көші-қон процесінің басымдылығы да осы біріншісінде.  Ал, «қаладан – ауылға», «ауылдан – ауылға» көрсеткішінің мөлшері аз. Облысаралық көші-қонда Астана, Алматы және Шымкент сияқты мегаполис қалалар бар. Даму әлеуеті жоғары болғандықтан, көшіп кетушілердің басым бөлігі осы қалаларда орналасады. Және де сыртқы көші-қонның тағы бір себебі, жұмыссыздық. Жұмыс болған күннің өзінде жалақының мардымсыздығы, ең өзектісі, баспана мәселесінің дұрыс шешілмеуі. Қазіргі таңда жайлы өмір іздеген жастар шетелде білім алып, сол жақта жоғары жалақымен жұмыс істеуді армандайды. Шет елдерге белгілі бір уақытқа жұмысқа кетіп жатқандар да көп. Статистика комитетінің деректерінде жыл сайын 14-25  жас аралығындағы 8 мыңға жуық жас шетел асады деген мәлімет бар. Сыртқы көші-қонның толастамауының басты себептері осындай. Ал, өңірімізге көшіп келушілердің санына оралсақ, 2000 жылдан бергі статистикада 39010 адам көшіп келген 2019  жыл ең жоғары көрсеткіш болса, өткен жылы 30 252 адам көшіп келді. Көшіп келушілердің жоғары үлесін құрайтын да этникалық қазақтар болып табылады.

Сонымен, еліміздегі және облысымыздағы көші-қон мәселесі, шеттен қандастарымыздың оралуы туралы бар негізгі ақпарат осындай. Алдағы уақытта еліміздің демографиялық жағдайын жақсарту үшін қандастарға әлеуметтік бағытта  көп қолдау көрсетіп, әлі де болса, оларға байланысты көші-қон заңнамасына өзгерістер және жеңілдіктер енгізу қажет. Осындай шаралардың халық санын көбейтуге серпін беретіні сөзсіз.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар