Экология
Табиғаты сұлу аймақтардың бірі болғанымен, соңғы жылдары Ақмола облысының да экологиялық ахуалы көпті алаңдататын күйге жеткені рас. Өйткені, қоршаған ортаның ластану деңгейінің жоғарылауы өңірдің тіршілігіне де кері ықпалын тигізеді.
Сондықтан да, өнеркәсіптік өндіріс нысандары мен кәсіпорындардың зиянды әсеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, оған жүйелі түрде қорытынды жасалуы аса маңызды. Мемлекеттік экологиялық талдау сараптамаларының қорытындылары арқылы біз экологиялық жағдайды бақылауға ала аламыз. Бұл орайда, Ақмола облысының экологиялық департаментімен жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымы аса зор.
Тек өткен жылдың өзінде ғана құзырлы ведомство қоршаған ортаға ықпалды бағалау нәтижелері бойынша қорытынды беру және бірінші санатты нысандар үшін экологиялық рұқсат беру, қоршаған ортаны қорғау саласында өкілетті органмен жүзеге асырылатын мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларын беру сияқты барлығы 538 мемлекеттік қызмет түрін тіркеді.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру және өтініштерді қабылдау мемлекеттік қызмет стандарттарына сәйкес www.egov.kz, www.elicense.kz электронды үкімет веб-порталдары арқылы жүргізіледі. Жобаларға мемлекеттік экологиялық сараптамалар өткізу шеңберінде департамент тұрақты түрде эмиссия нормативтерін төмендету бойынша жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Әсіресе, жобаларға сараптамалар өткізу мерзімдері мен сапасына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау мақсатында тиімді іс-шаралар енгізу жолымен іс жүзінде эмиссиялар өсімінің алдын алу және жою бағытында да іргелі жұмыстардың қолға алынғанын атап өткен жөн.
Бұл орайда, өңірде жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде экологиялық ахуалды жақсарту және қоршаған ортаға техногенді ықпалды төмендету үшін жыл сайын Ақмола облысының кәсіпорындарымен өз қаражаттары есебінен орындалатын табиғатты қорғау шараларының жоспарлары жасалады. Аймақта экологиялық тиімді табиғатты қорғау шараларын жүргізген кәсіпорындар баршылық. Мәселен, Степногорск подшипник зауыты экологияға зиянды қалдықтарды 17,53 тоннаға дейін төмендету үшін өткен жылы ЗИЛ-900 жеке шаң ұстау агрегаттарымен жарақтану жөніндегі шараларды жоспарлады. «Балқаш коммуналшысы» жауапкершілігі серіктестігі 32,13 тонна, «Қазақалтын technology» компаниясының Ақсу кен орны 51 тонна, Жолымбет кен орны 35 тонна, Макинск жылу оқшаулау зауыты 86 тоннаға дейін қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттарды төмендетті. Ал, «Қазақалтын» болса, тазарту дәрежесін қолдау мақсатында шаң ұстау қондырғысына техникалық қызмет көрсету нәтижесінде шығарылатын зиянды қалдықтар көлемін 112,851 тоннаға дейін азайтты.
Бұл орайда шаңды басу есебінен де эмиссиялық деңгейді төмендеткен кәсіпорындар да бар. Мәселен, Степногорск тау-кен химия комбинаты 7,27898 тонна, «QARABULAQ GOLD» компаниясы шаң басу жолдарын суарып отыру арқылы 106,466 тонна, «BLIC TERMINAL» компаниясы жазғы уақытта қалдықтарды орналастыру алаңындағы шаңды баса отырып, 0,4332 тоннаға дейін зиянды қалдықтар мөлшерін кемітті. Сонымен қатар жаңадан шаң сору қондырғылары мен қоқыс жағатын арнайы пештерді қолдану арқылы да экологияға оң ықпалын тиізетін шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, «Open Minerals Group» жауапкершілігі шектеулі кәсіпорны аспирациялық жүйелер мен технологиялық қондырғылардан атмосфераға бөлінетін зиянды заттарды зарарсыздандыруға және ұстап қалуға арналған шаң және газ тазарту қондырғыларын жөндеу, реконструкциялау және пайдалануға беру есебінен 4 тоннадан астам, «Кең шуақ» серіктестігі уақытша және тұрақты технологиялық жолдарды су шашқыш көлікпен шаңын басып, суару есебінен 3 тоннадан астам, «Запорожье-агро» серіктестігі жазғы уақытта жолдарда шаңды суару есебінен 0,3 тонна, «Эко-Dump» компаниясы 0,1185 тонна көлемінде зиянды қалдықтарды төмендетуге мүмкіндік алды.
Қолданыстағы экологиялық заңнамаларға сәйкес, І және ІІ санаттағы нысандар үшін эмиссия нормативтері соңғы үш жыл ішіндегі қондырғылардың іс жүзіндегі максималды жүктемесі есебінен беріледі. Аталған талап шеңберінде «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорны қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемін өткен жылдармен салыстырғанда 3643 тоннаға, «Altyntau Kokshetau» акционерлік қоғамы 380,3 тоннаға, «Қазақалтын» кәсіпорны 429 тоннаға төмендетті. Өткен жылдардың қорытындылары бойынша атмосфераға шығарылған зиянды қалдықтардың көлемі жылына 4909,3261 тоннаны құрап, эмиссияның жалпы деңгейін айтарлықтай азайтты.
Сонымен қатар, қалдықтарды көму лимиті бойынша «Степногорск подшипник зауыты» акционерлік қоғамында 3015 тонна, «Балқаш коммуналшысы» серіктестігінде 2500 тонна, «Қазақалтын technology» компаниясының Ақсу кен орнында 2399998,8 тоннаға дейін қалдықтар жойылды. «Қазақалтын» серіктестігі қалдық қоймалары бөгендері мен карьер жолдарын төсеуге арналған аршылған және жанасқан жыныстарды қолдану есебінен 5686544,3 тоннаға дейін қалдықтарды азайтуға мүмкіндік алды. Басқаларға үлгі қыларлық оң тәжірибелердің бірі – Степногорск тау-кен химиялық комбинаты» мен «RG Processing» серіктестіктері сумен айналдырып қайта қолданатын шараларды енгізді.
Табиғатты қорғау шараларын енгізу шеңберінде департаментпен кәсіпорындардың аумақтары мен санитарлық-қорғаныс аймақтарын көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Осылайша бұл шара 267 гектардан астам аумақты қамтыды.
Өткен жылы департамент өзінің ресми парақшасында 12 мәрте тікелей эфирлер өткізіп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, қоғам арасында жобалық ұйымдар мен кәсіпорындар ішінде бетпе-бет кездесулер ұйымдастыру арқылы түсіндіру жұмыстары тиімді жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн. Мұнымен қоса, БАҚ-та заңнамаларды түсіндіру бағытында төрт мақала жарыққа шықты. Өткен жылдың наурызында «Биосфераның өнеркәсіптік қалдықтарды атмосфераға шығарудан ластануының алдын алу бойынша шаралар туралы» өткізілген брифинг пен қазан айында мемлекеттік қызмет алу барысындағы өзекті мәселелер бойынша өңірдің жобалық ұйымдарымен ұйымдастырылған дөңгелек үстел жауапты органдар мен ұйымдардың экологияға назар аударуларына ықпал еткені сөзсіз.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігі және сапасын жақсарту бойынша да заңнамаларды сақтау, заңбұзушылықтар мен олардың болуына ықпал ететін себеп-салдарларды жою, қызмет алушылардың заңды мүдделерінің, олардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына жол бермеу бойынша жұмыстар одан әрі де жалғасатын болады.
Экология департаменті өз қызметінде аймақ экологиясының кейбір жағымсыз жағдайлары операторлардың экологиялық кодекс талаптарын сақтамауы және толық орындамауының салдары екенін жақсы түсінеді. Сондықтан да, департамент қызметінің ең басты міндеттерінің бірі де осы экология заңнамалары талаптарының сақталуын қадағалау және реттеу болып табылады.
Айнұр БАЖИРОВА,
Ақмола облысы экология департаменті экологиялық сараптама бөлімінің басшысы.