Озық ойлы, асыл азамат

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бұрынғы бас редакторы, белгілі журналист, публицист Октябрь Қайырұлы Əлібековтың туғанына – 90 жыл

Қасым ТӘУКЕНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері 

Биыл Октябрь Қайырұлы ортамызда болса 90-ға келер еді деген хабарды естігенде, бір жағынан оның азаматтығы, кісілігі, қарапайым – байсалдылығы, сыпайылығы көз алдыма келсе, оған қоса онымен ең алғаш танысқанда, қызмет бабымен ауыр халде жүргенім еске түсіп, біраз күрсініп, толқып қалдым.

Бұл өткен ғасырдың 60-шы жылдарының аяғы, «Шалқар» кеңшарының директорлық қызметінде жүрген кезім. Тәртіпті сүйетін неміс ұлтының өкілі болғанымен, менің алдымда сол директорлық қызметте иі жұмсақ Т.Г.Видман деген азамат, үш жарым жылдың ішінде, осынау үлкен шаруашылықтың тоз-тозын шығарып жүдетіп жіберіпті. Әсіресе, он мыңдай қара малы бар мал шаруашылығы тығырыққа тірелген. Кеңшардың төрт мыңдай ақ бас сиырынан жылда бір жарым мыңдай ғана бұзау алу дегенің ақылға сыймайды. Бұған қоса малдың өлім-жітімінде шек жоқ. Кеңшардың дүние мүлкі, бір сөзбен айтқанда «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кеткен. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмаған.

Осынау өрескел тәртіпсіздікті жоямын деп, күні-түні дем алмай жүргенде, біздің ағайындар арыз-шағымдарды жоғарғы жерлерге қардай боратты. Арыздарының анық-қанығына жетеміз деп келіп жатқан тексерушілердің (комиссиялардың) шұбырып бірі кетіп жатса, бірі ағылып кеңшарға келіп жатты. Жылға таяу күндерім ұйқысыз, күлкісіз осылай өтті. Түн ортасында шошып оянып, мына қызметке неге келдім екен деп, кірпік қақпай жататын күндерімде есеп жоқ. Сондай бір арпалыс аласапыран күндердің бірінде, облыстық «Коммунизм нұры» газетінің журналисімін, бөлім меңгерушісі Октябрь Қайырұлы Әлібековпын деп, бір ортадан сәл төменірек бойлы, ақ сарғылт өңді, дөңгелектеу бетті, жылы жүзді, нұр төгілген қазақ жігіті кабинетіме кіріп келді. Біршама отырып сөйлестік, таныстық. Келген мақсаты, кеңшарды емін-еркін аралап, елдің хал-жағдайын біліп, елдің, ауылдың тіршілігімен танысып, өз көзімен көріп, мұнда 2-3 күн болу.

Оның тілегіне қарсы еместігімді айтып, партком хатшысы Орынбай Молдыбаевпен таныстырып, бірге ерткізіп жібердім.

Ойымда, облыс басшыларының біреуінің тапсырмасымен арнайы келді ме екен деген күдік жоқ емес еді. «Шалқар» кеңшарында алты қазақ ауылы бар. Октябрь Қайырұлы кеңшар парткомы Орынбаймен екі-үш күн ел аралап, шаруашылық жағдайына біраз қанық болып кетіпті. Кеңшар болған соң кемшіліксіз бола ма, дегенмен, соның бәрін елемей, бір жұманың ішінде, кеңшардың болашақ жетістіктеріне көз жеткізіп, тәуір мақала жазыпты, газетке. Риза болдым.

Уақыт өтіп жатыр. Бірде кеңшарымызға облыс жазушыларын басқаратын Нұрғожа Оразов деген жазушы келді (кейін дос болып кеттік).

Үйде әңгіме дүкен құрып отырғанбыз. Сөз арасында Октябрь Қайырұлы Әлібеков жөнінде әңгіме өрбіді. Нұрғожа Нарымбайұлы салған беттен:

– Октябрді білемін ғой. Жақсы, ақкөңіл, аңқылдақ азамат, университетте, бірге оқыдық. Сонда да, осы уақытқа дейін таң қалатыным, орта мектепті Алтын медальмен бітірсе де, неге екенін білмеймін, КазГУ-ге келіп, бізбен бірге оқуға түсті. Оның Мәскеуге барып, беделді техникалық институттарының біреуіне түсуі жөн еді. Инженер мамандығына ие болып, елімізде бір өндірістің тұтқасын ұстап жүрері хақ еді. Немесе физик-ядерщик болып кету мүмкіншілігі бар еді. Әттең, мектепті бітіргенде қасында бір ақыл берер зиялы қазақ азаматының болмағаны өкінішті, — деп еді, дастархан басында бірге отырған Темірғали досым:

– Айтып отырған жігіттеріңнің Мәскеуге оқуға бармағаны дұрыс болған. Басымыз онсыз да сиреп қалды. Ол Мәскеуге барса, оны орыстың бір қызы қайтсе де айналдырып әкетер еді де, қазақтың бір зиялы отбасы кемшін болар еді. Біздің сорымызға, көптеген талантты талай елімізді көркейтер жігіттеріміздің солай опық жеп қалғандары өтірік пе? Бұлар бізді қай жағынан болмасын жұта беруге әуес. Тіпті, уақытында Ленинградта оқып жүргенде, орыс қызы лекцияларда Мұхтар ағамыздың – Әуезовтың артына отырып, бұйра шашын сипай түртіншектеп, ақыры қармағына түсіріп алған жоқ па? – деп күлдірді… Шынында да нәзік жігіттердің ұрпағы орыс болып кеткендер аз ба?

Жоспар-жоспар, ана бес жылдық, мына бес жылдық деп мазасызданып жүргенде жылдар тез өтеді екен. Осы жылдарымда өмірі туған күнімді атап өту дегенді білмедім. Шынында да қажеті жоқ.

1984 жылы Атбасарда қызмет бабымен жүргенде 50 жасқа да келіп қалыппын. Сол жасқа келгенімді тойламасам да дос-жоралар, тілектес ел азаматтары әр жерден, тұс-тұстан үйіме ағылып, бірі келіп құттықтап, бірі кетіп жатты. Солардың арасында Октябрь Қайырұлы, қасында өзімен қызметтес Жомарт деген жігітпен келіп, туған күніммен құттықтап, мына бір шығарған өлеңін оқып беріп еді.

Құрметті Қасым Аппасұлы!

Мінезің қарапайым жұрттан бөлек,
Мерейің үстем ылғи тұрады ерек.
Ауданның көшін бастап, туын ұстап,
Келесің тың даланы нұрға бөлеп.

Ойлаған елдің қамын бағаң биік,
Халқыңның көп өнерін алдың жиып.
Алуан сәнді жиһаз өрнектеген,
Зергерлік бір бойыңа жатыр сыйып.

Көп сыр бар күмбірлеген домбыраңда,
Қолыңа қыраныңды қондырғанда.
Қаламың су жорғадай жорғаласа,
Аңшылық әңгімеден болдырған ба?!

Осындай азаматсың, атың-аптал,
Ерлікпен елдігіңнің атын сақтар.
Еңселі елу деген – Ердің жасы,
Жаңғырып, жасай берсін алтын шақтар!..

…Октябрь Қайырұлы, қазақтың ұпайын түгендеп жүретін нағыз Ел азаматы еді. Намысты қолдан бермеуге тырысатын.

1990 жылдың басында, белгілі болғандай, облыстық «Коммунизм нұры» газетінің айдарын жаңаша өзгерту керек болған кезі. Октябрь Қайырұлы облыста қызмет тізгінін ұстап жүрген біраз исі қазақ азаматтарының әрқайсына зыр жүгіре барып, сөйлесіп:

– Әу, ағайындар! Сарыарқаның бел ортасында отырмыз, сол себепті мына облыстық газетіміздің атын «Сарыарқа» деп қою керектігіне атсалысыңдар,  – деп жанайқайына салады.

Орыстар не дер екен деп, жалтақтап, оқтау жұтқан мимырттар, өздерінің сол қызметте қазақ атынан отырғандықтарын да тарс ұмытып, облыстық газетімізге киелі «Сарыарқа» атын бергізуге ат салыспай, бұғып отырып қалады. Осынау қазақтарға сөзін өткізе алмағанына налып, Октябрь бауырымның маған айтып, іштегі шерін тарқатқан жері бар еді. Төрге отыра алмас «төрелер» топтанған жерде имандылық жоқ деген осы.

Кезінде Мағжан Жұмабаевтың :

… Ел азды, арқа тозды, қайғы басты…

Күңіреніп біздей бейбақ жыр толғайды.
Құдай-ау, мәңгілікке қарғамасаң,
Кенедей енді неге ер тумайды?!
Кене жоқ, ізін басар іні де жоқ,
Дариға, жүрегімді дерт улайды! – дегені біздердің бүгінгі былжыр, меңіреу қылықтарымызды меңзеп тұрғанындай болды.

Ендігі бір естен кетпей жүрген жағдай 1994 жылы жаз айында болатын. Ұлтымыздың маңдайына біткен санаулы жұлдыздарымыздың бірі, ақиық ақын, сазгер, қарымды жазушымыз, қайсар, ержүрек, мемлекет, қоғам қайраткері Сәкен ағамыз Сейфуллиннің 100 жылдығы тойлануға тиісті болатын. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін Сәкен ағамыздың еске алу тойы елімізде, бір адам сияқты түзу өтпеген. Көбіне жазда болатын малшы қауым (День животноводов) тойымен қоса бірге өткізіп, жетім қыздың тойындай дәрежеде сиырқұйымшақтатып жіберетін. Бұл жолы да солай болары аңғарыла бастады. Кеңестер Одағы ыдырады, большевиктер идеясы іске аспады екен деп солармен бірге өз халқы үшін жанын пида еткен Сәкендей ұлы тұлға арысымызды жазғырудың жөні бар ма? Егер Сәкен Сейфуллин ағамыз, Қазан революциясын жырлап, сол үшін күрессе, ол осы төңкеріс ұлтын бодандықтың бұғауынан алып шығар деген үмітте болған жоқ па? Және де осынау революцияға Құдайдай сенуі –  мұсылмандықтың, Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. хадистеріндегі коммунизм идеяларының ұқсастығына имандай сенуінде жатса керек. Бұны қиян далада жатқан Абай хакім білгенде, Сәкен ағамыз осынау феноменді неге білмесін.

Сонымен жаз ортасынан асты, уақыт өтіп жатыр. Сәкен ағамыздың 100 жылдығын тойлау дегеніңнен облыс әкімшілігінен еш хабар естілмейді. Тым-тырыс. Содан, қазақ зиялыларының арасында, жоғарыда отырғандардың қылықтарына жағымсыз сөздер айтыла бастаған күндердің бірінде, облыс әкімінің идеология жағын басқаратын орынбасары Светлана Жақияқызы Жалмағамбетова маған телефон шалып:

– Айналамдағы басшылар ырық берер емес, Сәкен ағамыздың 100 жылдық тойын мыналар тағы да сиырқұйымшақтатып жіберетін түрлері бар. Әкім А.Г.Браунның қасындағы қазақ азаматтары да бұл мәселеге селқостық танытып жатыр. Сіздің араласуыңыз керек болып тұр, – деді.

Дереу Октябрь Қайырұлына барып ақылдастым. Содан ол, маған тездетіп мақала жазып әкеліңіз, газетке шығарайын, бұл мәселе жөнінде халқымызды көтерейік, – деді. Бір күн отырып, «Асылыңды ардақтай біл, ағайын» деген айдармен 2-3 күннің ішінде, 1994 жылы 7 қыркүйекте «Арқа ажары» газетінің бетінде менің мақалам жарқ ете түсті. Жұрт оқып, намыстанып, қобалжи бастады. 90-ға келген қарт журналист Мұқат Мейірманов бастаған 30 шақты ақсақалдар таяқтарына сүйеніп облыс әкімшілігінің есіктерін таяқтарымен тықылдатып айбат шеккенде, облыс басшысы А.Г.Браун жаман сескенді. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегеннің керін келтіріп, олар Октябрь Қайырұлына:

– Сен неге Тәукеновтың мақаласын газетіңе басып шығардың? Алдымен, неге бізбен ақылдаспадың? – деп шаңдатыпты.

Ол болса:

– Қасым Аппасұлының мақаласын газетіме неге баспауым керек? Ол да кеше ғана сіздермен бірге ел басқарысқан азамат әрі мемлекет және қоғам қайраткері. Ол кісінің жазып, айтып отырған мәселесі теріс десеңіздер, қазір жазып әкеліңіздер, газетке ертең-ақ жариялайын дегенде, А.Г.Браун қалтырап кетті дейді, жұмақта болғыр Октябрь Қайырұлы. Бұлар жабыла Октябрь бауырымның жүйкесін біршама тоздырғаны анық. Ақыры, халықтың тік көтеріле, наразылық білдіруінің нәтижесінде Сәкен ағамыздың 100 жылдық мерекелік тойын ойдағыдай жақсы өткізу шараларын дереу қолға алып, жоғары деңгейде өткізу мүмкін болды.

Бұл ұлы істе Октябрь Қайырұлының намысқа басып, жігерлене атсалысқанын баса айту біздерге парыз. Оның басқарып жүрген «Арқа ажары» газетіне сол жылдары айына бірді-екілі, қалай ел боламыз деген оймен жазылған мақалаларым шығып тұрды. Ол мақалаларымның біразын сол кездегі президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың алғызып оқығаны жөнінде хабарым бар.

Қорыта келе айтпағым Октябрь Қайырұлы, осынау қысқа өмірінде елінің болашағы үшін түн ұйқысын төрт бөлген, ұлтшыл, намысшыл, ұлтын өрге сүйреген озық ойлы ел азаматы еді. Ыбырай атамыз Алтынсариннің «Жақсыны көзден салмаңдар, Жақсыдан қапыл қалмаңдар. Өзі болған ерлердің
Аяғынан шалмаңдар!» деп айтқан өсиетін айналасында жүрген өкшелес бауырларына орындатудан бір танбай, адал жүріп, өмірден адал өтті.

Тірі болса биыл 90-ға келер еді. Не дейін, қимайсың. Жаратушы иемізден сұрайтыным, жатқан жерін жарық қылып, нұрын шалқытса екен  деген тілектемін. Артында қалған ұрпақтарына зайыбы Рахия келініме ұзақ ғұмыр, бақыт тілеймін!

Жақсылығын көрген азаматтар аман болсын,  Октябрь Қайырұлы мәңгі біздермен бірге! Осындай азаматтар елімізде көп болсын!

***

Өмірзақ БОЛСАМБЕКОВ,
Ақмола облыстық ішкі істер басқармасының бұрынғы бастығы, отставкадағы милиция генерал-майоры, Қазақстан ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 Ұлт үнін ұлықтаған қаламгер

Мен Ақмола облыстық ішкі істер басқармасының бастығы ретінде журналист әрі редактор ретінде Октябрь Қайырұлы Әлібековті 1970-жылдардан бері жақсы танимын.

Сол жылдары мен де облыстық ішкі істер басқармасында қызмет еттім. Осы облыстық ішкі істер басқармасын он жыл басқарған кезде, қызметтік міндеттермен қатар, ақпараттық қолдау қажеттілігі туындаған сәттерде Октябрь Қайырұлымен тығыз байланыста болдық. Ол кісі – әрдайым ашық, нақты, әрі батыл ой-пікірін білдіріп отыратын, кәсіби журналист еді.

1980-жылдардың бас кезінде арамыз тіптен жиі араласа түсті. Сол тұста біз Абай көшесінің бойында, қазіргі қалалық әкімдіктің жанында орналасқан, халық арасында «шоколадница» деп аталатын 162 пәтерлік қоңыр үйде бірқатар зиялы азаматтармен көрші тұрдық. Бұл үйдің жоғарғы қабатында қазақтың бірқатар зиялы қауымы қоныстанып, өзара пікір алмасып тұратын. Солардың қатарында сол кездегі «КазТАГ»-тың меншікті тілшісі Өмірбек Еркінбаев, «Арқа ажары» (бұрынғы «Коммунизм нұры») газетінің бас редакторының бірінші орынбасары Жомарт Әбдіхалықов, облыстық партия комитетінде ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы Қайролла Жармұқанов сынды елге белгілі азаматтар болды. Араларындағы жалғыз милиционер мен болдым. Қазақтар аз тұратын ол үйде біз бір-бірімізге арқа сүйеп, шынайы бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсете білдік.

Қазақтың ең бір жақсы араласатын, сыйластық орнайтын дәстүрлі сәті – омыртқа еді, яғни, соғым сойған кезде зиялы көршілерімізді омыртқаға шақырып, дәм татқызып, қонақ етіп отыратынбыз. Осы отырыстарда біз Октябрь Қайырұлын жиі шақырып, көкейдегі сан түрлі сауалдарға жауап алатынбыз. Ол кісі – жан-жақты білімді, терең ойлы, саясат, экономика және ұлт мәселелерін терең меңгерген тұлға болатын.

Бас редактор әрі облыстық партия комитетінің мүшесі ретінде ол кісінің қолында ресми ақпараттар мол болатын. Алайда, ол тек ресми деректермен шектеліп қалмай, ұлттың тағдыры, ана тілі мәселесі жөнінде де батыл пікір айтып, батыл іс-әрекеттер жасап отыратын. Октябрь Қайырұлы – ұлттың болашағын, тіл тағдырын тереңінен ойлаған азамат. Коммунистік партия үстемдік еткен заманда ұлт мүддесіне қатысты материал жариялау – үлкен тәуекелмен пара-пар еді. Дегенмен, Октябрь Қайырұлы басқарған «Коммунизм нұры» газетінде ана тілі, ұлт тағдыры туралы жазған қазақ зиялыларының еңбектері мен өлеңдері үздіксіз жарияланып отырды. Бұл – сол кездегі редактордың батылдығы мен ұлтқа деген шексіз жанашырлығының көрінісі.

Есімде бір оқиға мәңгі сақталып қалған. «Коммунизм нұры» газетінде Мұратбек Тоқтағазин есімді жас тілшінің «Маңдайшалардағы қойыртпақтар» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Ол онда қаладағы жиырмадан астам мекеменің маңдайша атауларындағы орфографиялық, грамматикалық және стилистикалық қателерді, «шалажансар» аудармаларды сынаған еді. Бұл материал бірден қалалық партия комитетінің бюросында қаралып, жауапты тұлғаларға ескерту берілді. Сөйтіп, көп ұзамай маңдайшалар жаңартылып, қателер түзетілді. Міне, ұлттың үнін ұран еткен журналистің жеңісі. Мұндай әрекет сол кезең үшін – үлкен азаматтық әрі шығармашылық ерлік болатын. Жас тілшінің бұл әрекеті нағыз өрелі, саналы, ұлт жанашырының батылдығы десек, әсте артық айтқанымыз емес. Осы бастамаларға жол ашқан, қолдаған адам – дәл сол Октябрь Қайырұлы еді. Ол кісі өз ойын ашық айтып, әділдік пен шындық жолынан таймайтын қайсар журналист болатын. Сын-ескертпелерін әрдайым нақты дерекпен, дәлелмен жеткізетін. Бүгінде Октябрь Қайырұлы Әлібековті еске алғанда, оның ұлтқа, тілге, әділетке деген адалдығы, қаламгерлік парасаты ойға оралады.

Сонымен қатар, Өкеңнің жары Рахия Нысанқызы да аңқылдақ, қонақжай, өнерпаз жан. Облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі болып жемісті  қызмет істеді. Бәріміз жиналғанда ол кісі Орал жақтікі болғандықтан «Ақжайық» әнін шырқауды қолқалайтынбыз. Ондайда жеңгеміз де тартынып қалмай, өзінің нәзік даусымен ол әнді нақышына келтіре тамылжыта шырқайтын.

Октябрь Қайырұлы ағамыз  – өз дәуірінің нағыз қырағы, көзі ашық, көкірегі ояу, кәсіби шеберлігімен де, тұлғалық болмысымен де ерекшеленген ұлттың ардақтысы еді. Сол заманда сыртқы қысым болса да, тіл тағдырын, ұлт болашағын, қазақтың шынайы үнін ұран ете отырып, батырлық іс жасаған өткір жан екені бәрімізге мәлім. Оның редактор, журналист ретіндегі ұстанымы – журналистика тек ақпарат тарату емес, ұлтқа қызмет ету, қоғамды тәрбиелеу, шындыққа батырлықпен жету.

Ол – Ақмола облысындағы журналистика саласындағы ірі тұлғалардың бірі болды. Өзінің кәсіби жолында тек шындықты ту еткен, кейінгі буынға жол көрсеткен ұстаз еді. Біз оны әрдайым құрметпен еске аламыз әрі оның ерлікке пара-пар еңбегін үлгі тұтамыз. Октябрь Қайырұлының қазақ ұлты үшін атқарған игі еңбектері өшпейді, ұрпақтар жадында сақталады. Ол кісі өзінің өнегелі өмірімен артына жазба мұраларын қалдырды. Ардақты аға есімі әрдайым есімізде.

***

Сансызбай ЕСІЛОВ,
Қоғам және мемлекет қайраткері

Жүрегі дархан жан аға

Октябрь Қайырұлымен сонау өткен ғасырдың 80-жылдарының басынан бастап танысып, білісіп жүруші едік. Содан кейін сыйласып, араласып жүрдік. Мен үшін ол кісі бір жағынан ақылшы аға, екінші жағынан атақты қаламгер, мәдениет саласына бір үлкен із тастап кеткен біздің еліміздің атпал азаматы еді. Ол кезде менің жасым 30-32 шамасында.

Мен Теңіз ауданында сол кезде партия қызметінде қызмет істеп едім. Теңіз ауданының басшысы – бірінші хатшысы Қайреден Кәрібаев деген ағамыз жұмыс істеді. Ол кісі менің ұстазым, ақылшым болатын. Қайрекең екеуі керемет дос. Екеуінің жастарының арасы да бір-ақ жыл. Октябрь ағамыз 1935 жылғы болса, Қайрекең 1936 жылғы. Октябрь ағамыз сол ауданға келіп, рахаттанып демалып, Қайрекең үйінде талай кездесіп жүрдік.

Ауданды аралайтын. Бір демалып мәз болып кетуші еді. Содан кейін мен еңбек себебімен 1988-ші жылы осында Ақмолаға қызметке қайтып келдім. Сонда ол кісі облыстық газетінің бас редакторы болды.

Мен әуелі партия қызметінде қызмет істедім. Мемлекеттік мүлік мекемесін де басқардым. Сонда ағамыз екеуіміз мына Кеңестер үйі ғимаратында отыратынбыз. Мен екінші қабатта, ағам жетінші қабатта. Октябрь Қайырұлы  бас редактор болып жүргенде біраз жас жігіттерді тәрбиелеп, жол көрсетіп жіберуші еді. Сосын заман өзгерді, одақ тарады.

Сол 1992-ші жылы-ау деймін, мен кабинетімде отырғанмын. Сағат кешкі сегіз шамасында телефон шыр ете қалды. Телефонды көтерсем, ар жағында Октябрь ағай сондай көтеріңкі, қуанышты дауысымен «Әй, Сансызбай бауырым ертең газетке керемет хабар шығады! Егемендік туралы», – деді. Сол күні кереметтей қуанышты жағдай болып, ағам қуанып, мен жүгіріп барып, екеуіміз құшақтасып, сол жерде біраз әңгімелесіп, көңілімізді көтеріп қалып едік.

Содан кейін, ағамыз «Коммунизм нұры»  газетінде ақылдасып, өзі ұсыныс жасап, «Арқа ажары» деп газет атын өзгертті.  Ол кісінің еңбегі өте зор.

Аман болса, 90 жасын атап өтіп, бәріміз ел болып қуанар ма едік. Шәкірттері бар, бірге сол кезде қызметтес болған азаматтар бар еске алатын. Сондықтан, сол азаматтар бастап, Рахия жеңгеміз қостап ағамызды еске алатын,  кітап шығады дегенді естігенде қуанып қалдым.  Мен мұны өте дұрыс деп есептеймін. Біз бұған атсалысуға әркезде  дайынбыз.

***

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қарт зейнеткер

Алғашқы жүздесуіміз сыйластыққа ұласты

Ұмытпасам өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басы, мен ауылым Амангелдіде демалыста жүрген кезім. Екі-үш жігіт өзенге шомылуға бара жатқамыз, алдымыздан костюмдерін иығына жамылып алған екі жігіт жобасы әйелдерімен, жандарында біздің ауылдың азаматы Ермекбай бар, бізге қарсы кездесті, бас изесіп өте шықтық. Артынан ауылда бөтен адам келсе, сол үйдің иесінен сұрап анықтама алатын әдетіміз ғой. Сол дәстүрмен, Ермекбай біз қатарлас жігіт еді, содан сұрадық.

– Ол кісілер біреуі Мәди деген біздің әулетке күйеу болады, әйелі біздің қарындасымыз Раушан, ал екіншісі сол кісінің досы Октябрь, жұбайы Рахия – деді.

Бұл Мәди және Октябрьмен алғашқы кездесуіміз. Содан жылдар өтіп жатты. Шамасы, жетпісінші жылдардың іші, мен Қарабұлақ мектебінің директорымын. Жаңа мектепке қоныстанып жатқан кезіміз. Сілеті аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Серік Нұрмаханов пен «Коммунизм нұры» газетінің бас редакторы Октябрь Әлібеков екеуі кеңшарды аралап, біздің мектепке де соқты. Мектеп те сол кездің өлшемімен оқушыларға барлық жағдай жасалған. Ғимарат сапалы салынған, бір ауысымда оқиды, спорт залы өз дәрежесінде жұмыс істеп тұр, физика химия кабинеттері толық жабдықталған. Кеңшардың көмегімен бастауыш сыныптың, жағдайлары төмен отбасылардың балалары тегін тамақтанатын. Үйге шақырып ем, асығып тұрмыз деп асханадан дәм ауыз тиді де Қақсал бөлімшесіне жүріп кетті.

Міне, бұл Октябрьмен жылдардың аяқ кезінде мені аудандық партия комитетіне қызметке бекітті. Қызметім – идеология бөлімін басқару. Міне, осы жерде бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерімен жиі кездесіп, халықты тәрбиелеу де әртүрлі мәселелерді қозғайтынбыз. Оның ішінде өзімізге ет жақын облыстық «Коммунизм нұры» газетінің қызметкерлері жиі келетін. Сол кезде марқұмдар Жомарт Әбдіхалық, Жылқыбай Жағыпар және Амангелді Жұмабеков, бүгінде зейнет демалысында жүрген Бәдуан Имаш, Мағжан Садыхан, Талғат Қасен, тағы басқалары жиі келіп, әртүрлі тақырыпта материалдар жинап алып кететін. Әрбір жұма күндері аудандарға саяси күнге облыс басшылары шығатын. Октябрь көбіне біздің ауданды тандап ала ма, жиі болатын. Тіпті, біздің үйдің кісісі сияқты жақын тартып, қона жатып кететін. Біз шамасы, бір дәуірдің түлектері болғасын ба, әңгімеміз таусылмайтын. Студенттік өміріміз де бір кезеңде өтіпті. Әр келгенінде әр шаруашылыққа баратынбыз. Сондай бір кездесу Бестөбе руднигінде болды. Онда орыс тілділер көп болатын, тіпті, біздің ұлттың өкілдерінің өзі ресми тілде сөйлеуге тырысатын. Сол жиында Октябрь Қайырұлы ұлттық мәселелерді көтеріп, қазақ ұлты, тілі және Отан, ел туралы мәселелерді мысалдар арқылы көздерін жеткізе сөйледі. Әсіресе, басшы қызметтерде жүрген бүгінде марқұм Сәдуақасов, Садықов, Айғожин, Калимуллин, тағы басқаларын қатты сынға ала сөйледі. Мен ол кісінің қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрғанда осындай батыл сөздеріне риза болдым. Екінші рет бір жылы қараша-желтоқсан айларында газетке жазылу науқаны кезінде келіп, біздің қолдауымызды қалады. Сосын мен бөлімнің қызметкерлерін рудниктер мен кейбір шаруашылықтарға бөліп, Октябрь екеуміз «Черняховский»  (қазіргі Қырыққұдық) кеңшарына тарттық. Кеңшардың партком секретары Кашавкин, профком, комсорг, тағы басқа белсенділерін жинап, газетке жазылуды ұйымдастырдық. Ұйымдастырудың мынадай әдісін қолдандық. Қазақша газет оқи алады-ау дегендерді жеке-жеке шақырып, есеп бөлімінен бір кісі тізімін жасап, жалақыларының есебінен жазылып отырды. Осындай әдіспен жиырма шақты адам жазылып, жаңа жылдан бастап облыстық қазақ тілді газеттің оқырмандары болуға жол аштық. Осындай Океңмен кездесулерім жиі болды. Оны өзім мақтан тұтамын. «Коммунизм нұры» газеті десек, көз алдымызға Окең бастаған, Әскен атамыз, Мәди ағамыз, інілеріміз Жомарт, Жылқыбай, Бәдуан, Мағжан, тағы басқалары елестейді.

Бір азамат туралы ерекше айтып кеткім келіп отыр, ол Мәди Хасенұлы. Бұл кісінің өзін-өзі ұстауы, жоғары адамгершілігі, тағы басқа да жақсы қасиеттері, қайтыс болғанына ұзақ жылдар өтсе де көз алдымда. Екінші есте қалғаны ол кісінің бірінші зайыбы Раушан менің зайыбым Хамила Құлбекқызымен жастық шақтары бір өңірде өтіпті. Мәдиді соңғы көруім, Сілеті ауданында істеп жүргенде белгілі жазушы Мұзафар Әлімбаев пен ғалым Тұрсынбек Кәкішевті ертіп келді.

Мен бүгін де Қазақстан Журналистер одағының мүшесімен. Тілшілікке бейімдеген осы газеттің қызметкерлері. Бүгінде «Арқа ажары» газетіне мақалаларымды басып, қолдап жүрген Жабал мен Қайырбайға ризашылығымды білдіремін.

Міне, таяуда Октябрь Әлібекұлының дүние есігін ашқанына 90 жыл толмақшы. Әрине, өмірден ертерек өтті, сол ғана өкініш. Әлі де алдымызда ақылшы аға болып жүре алатын еді. Не істейміз, Алланың жазуы. Орнында бар оңалар демекші, артында қалған зайыбы Рахия замандасымызға ұзақ, бақытты ғұмыр тілеймін. Балалары мен немерелері әке-аталарының туын биік ұстауға жазсын!

Астана.

***

Республикалық Бас редакторлар клубы мен Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бірлескен жобасы бойынша белгілі журналист, публицист, «Арқа ажары» газетінің бұрынғы бас редакторы Октябрь Қайырұлы Әлібековтың туғанына 90 жыл толуына арналған республикалық рухани- шығармашылық жиын Астана қаласында  6 маусымда өтеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар