Есімі ел есінде
Туған жылы өзі 45 жыл мекендеп, еңбек еткен Зеренді ауданының құрылуымен тұстас келетін Тұраш Нұрмұқанұлы Исімбаев арамызда жүрсе, биыл 90 жасқа толар еді. Әкеміз 1935 жылы 16 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы қазіргі Есіл, бұрынғы Ленин ауданы Тұранғұл ауылында Ұлы Отан соғысына қатысушы Нұрмұқан Исімбаев пен Шәку Насиеваның отбасында дүниеге келген.
Ол кенже ұл еді, одан үлкені – ағасы Қалау, апалары Мәстура мен Сәпия. Қалаудың 1925 жылы туған ағасы да 1944-1945 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Кавказ үшін болған шайқастарды басынан өткізген. Соғыс туралы айтатын болсақ, биыл ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Нұрмұқан атаның інілерінің де соғысқа қатысқанын атап өткім келеді. Ортаншысы Сейітқали жараланып, елге оралса, кенжесі, танкіші Ерғали майданда Смоленск түбінде қаза тапқан. Нұрмұқан атамыз, төлқұжаты бойынша шын аты Нұрғали, 1946 жылы елге оралған соң, майдан даласында алған бірнеше жарақаттарының салдарынан қайтыс болды. Сондықтан, біз, немерелері ол кісіні көрмедік. Әкеміз орта мектепті бітіргеннен кейін Томск қаласындағы мемлекеттік институттың геология факультетіне оқуға түсіп, ұлы ғалымымыз Қаныш Сәтпаев сияқты геолог болғысы келді. Бірақ, емтихан тапсырғанда бір балы жетпей, Қазақстанға оралуға мәжбүр болады.
Бір жылдан кейін тың игеру туралы шешім қабылданған кезде әкем батыр қала Ленинградқа барып, ауыл шаруашылығы институтының механикаландыру факультетіне оқуға түсіп, оны 1959 жылы инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ол институт қабырғасында тек жақсы оқып қана қоймай, спортпен, қоғамдық жұмыстармен де белсене айналысады, самбодан студенттер арасында Ленинград қаласының чемпионы атанып, спорт шеберлігіне кандидат атағына ие болады.
–Мен коньки тептім, шахмат ойнадым. Сол кездегі студент жастардың би алаңдарында ән салған, кейіннен Кеңес Одағының танымал эстрада жұлдызына айналған Эдита Пьеханы жиі көрдім, – деп есіне алып, әңгімелеп отыратын.
Институтты бітіргеннен кейін әкем Солтүстік Қазақстан облысы Ленин ауданының Қарағаш ауылында және Көкшетау облысы Рузаев ауданының «Уәлиханов» кеңшарында инженер-механик болып жұмыс істеп, анамыз Қуаныш Байжұмановамен танысады. 1964 жылы әкем Еңбекшілдер ауданының ірі шаруашылығы – «Жамбыл» совхозына бас инженер болып тағайындалып, сол жерде еңбегі жоғары бағаланып, алғашқы «Тың және тыңайған жерлерді игеруге 10 жыл» медалін алады. 1968 жылы әкем Зеренді аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері қызметіне ауыстырылып, 1973 жылдың ақпан айында осы аудандағы жаңа құрылған «Ленин жолы» кеңшарына директор болып тағайындалады. Осы қызметте әкеміз өзін шебер ұйымдастырушы, көшбасшы ретінде көрсетеді. Жаңа шаруашылықты ұйымдастыруға қатысты мәселелерді шешіп қана қоймай, көбі жоғары оқу орнын енді бітіріп, совхозға келіп, еңбек жолын жаңа ғана бастаған жас мамандар арасынан пікірлестер командасын жинай біледі. Әкем кеңшардың орталығына небары 30 отбасы тұратын, дегенмен, географиялық орналасуы бойынша шаруашылық құрамына кіретін өзге ауылдарға ыңғайлы болып келетін Қызылегіс ауылын ұсынады. Бірнеше жылдың ішінде мұнда 150 тұрғын үй, типтік орта мектеп, балабақша және басқа да көптеген әлеуметтік нысандар салынады. Совхоз әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана өсіп-өнбей, сонымен бірге, дәнді дақылдардан жоғары өнім алынады. Сөйтіп, облыста жеңімпаз атанады, жетістіктері Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде көрсетіледі. Сондай-ақ, мәдени-бұқаралық іс-шараларда, соның ішінде спорт және көркемөнерпаздар байқауларында үздіктер қатарынан көрінеді.
1981 жылы әкем аудан орталығы Зерендідегі ауыл шаруашылығы өндірістік-техникалық училищенің директоры қызметіне ауыстырылып, онда да 5 жыл жемісті жұмыс істейді. 1986-1995 жылдары Зеренді аудандық атқару комитетінің, аудандық әкімдіктің, халық депутаттары аудандық Кеңесінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін аудандық әкімдіктің ардагерлер ұйымының төрағасы болғанында, кезінде бірге қызметтес болған Иван Виницкийді аудандық әлеуметтік қорғау бөлімінің жұмыспен қамту, оралмандармен, яғни, қазіргі қандастармен жұмыс істеу мекемесінің басшысы ретінде қызметке шақырып, қоныс аударушылардың құжаттарын рәсімдеп, тарихи Отандарына бейімделулеріне жан-жақты көмек көрсетті. 2005 жылы Зеренді аудандық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы болып сайланды. Мұнда да ол өзінің көшбасшылық ерекшеліктерін танытып, халықпен жұмыс істей, аудан, облыс басшыларымен тіл табыса білуін көрсетіп, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің мәселелерін шешумен, қоғамдық-саяси жұмыстармен және өскелең ұрпақты тәрбиелеумен айналысты.
Әкем 2013 жылдың 30 қыркүйегінде өмірден озды. Ал, оған дейін сол жылдың 13 тамызында аудандық «Зерен» газетінде жарияланған «Ардагерлерді, олардың өшпес ерлігін ұмытпайық» атты мақаласында аудан басшылары мен ауылдық округтер әкімдерінен Жеңістің 70 жылдығын күтпей-ақ, соғыс ардагерлеріне қамқорлық жасап, көмек көрсетуді сұрады. Біздіңше, сол сәтте осы өмірден өтіп бара жатқанын сезіп, соны аманаттап кетуге асықса керек.
Әкем туралы тағы бір айтарым, ол өзі қызметтес болған адамдарды үнемі назарында ұстап, құрметтейтін. Ол тәлімгерлері мен жетекшілері – Социалистік Еңбек Ерлері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков, Баян Жанғалұлы Жанғалов, соғыс ардагерлері Григорий Илларионович Степченко мен Асқар Мұқышұлы Күсісев, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қабдолла Нұғыманов, облыстық деңгейдегі басшылар Ч.Әбутәліпов, Т.Кәрбаев, М.Чжен, Р.Шериязданов, әріптестері, совхоз директорлары В.Осипенко, М.Қиықов, Ю.Мазанова, Е.Баяхметов, Е.Қабданов, М.Әлібеков. Әкемнің жетекшілігімен қызмет еткендер Н.Капалин, С.Латипов, О.Нұрғалиев, Б.Баймағамбетов, Б.Тәшенов, Ә.Бектұрғанов, Н.Рахматулин, М.Нубаев, Б.Жиенбаев, Ж.Сүлейменов, К.Мұқашев, Қ.Жүнісов, А.Қожахметов және тағы басқалары. Өндіріс озаттары: Ленин орденімен марапатталған механизаторлар И.Мамойленко және В.Крупица (екі мәрте), Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталғандар Ж.Сүлейменов (екі мәрте), З.Носикова, Л.Соболева. Бұл тізімді әрі қарай да ұзақ жалғастыра беруімізге болады. Әкеміздің көршілері мен достары А.Ермағамбетов, Қ.Қаскеев, С.Өтеулин, Б.Азнабаев, Е.Әкімов, Ш.Баймурзин, О.Нұрсейітов, С.Ғабдулин сияқты белгілі азаматтар еді.
Ардагерлік қызметінде әкем өзін осы лауазымға ұсынған аудан басшылары Е.Сағдиев және К.Хасеновпен қоян-қолтық жұмыс істеді. Әкем 75 жасқа толғанда, аудан әкімі Ербол Болатұлы ауданның Құрметті азаматы атағын беруді ұсынды, алайда, әкем алда 80 жылдық мерейтойым болады, содан кейін ойланамын деп, қарапайымдылық танытып, бас тартты. Әкем Зеренді ауданының әкімі Ермек Маржықпаевпен де өте жақсы қарым-қатынаста болды. Ермек Боранбайұлы ардагерлерді қорғап, қамқор болғаны үшін әкеме құрметпен қарайтын.
Әкеміздің елге сіңірген еңбегі екі мәрте «Құрмет Белгісі» орденімен, КСРО және Қазақстанның 11 медалімен аталып өтті. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медалімен марапатталып, бірнеше рет социалистік жарыстың жеңімпазы болып танылды. Аудандық Кеңестің депутаты, аудандық, облыстық партия конференцияларына делегат болып сайланды. Өз білімін, рухани жан-дүниесін жетілдіруге ерекше мән беріп, көп оқитын. Ерекше ынта-ықыласпен 1968-1991 жылдар аралығында түгелдей бір жылға жазылған «Роман-газета» басылымдарының барлық жиынтығын Қызылегіс ауылындағы мектептің кітапханасына сыйға тартты. Ол шахмат ойнауды, спортты жақсы көрді, футбол жаңалықтарын үнемі назарында ұстады. Күн сайын орманда серуендеп, жазда Зеренді көлінде жүзуді ұнататын. Әкеміз қайтыс болғаннан кейін біз, оның балалары жыл сайын, 2014 жылдан 2019 жылға дейін, қашан пандемия басталғанша шағын футболдан, шахматтан және дойбыдан ересектер арасында әкемізді еске алуға арналған спорттық турнир өткізіп тұрдық. Осы шараны ұйымдастыруға аудандық спорт бөлімінің басшысы Н.Шәкіржанов пен футбол жаттықтырушысы А.Куленюк қолдау білдіріп отырды. Жеңімпаздарға кубоктар мен сертификаттар, сонымен қатар, отбасымыздың атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Аудандық мұрағаттың директоры Т.Сейфуллиннің бастамасымен бертін әкем туралы материалдарды Зеренді ауданының мұрағатына тапсырдық. «Тұғыры биік Тұраш аға» атты кітап шығардық, онда әріптестері, достары, туыстары ол туралы естеліктерімен бөлісті. 2014 жылы Зеренді ауданының орталығы Зеренді ауылының тарихында тұңғыш рет өзі тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.
Осы мақаланы пайдаланып, әкеміз қайтыс болғанда, кейін 2021 жылдың наурыз айында анамыз дүниеден өткенде отбасымызға моральдық қолдау көрсеткен Жиенбаевтар отбасына, Балташ аға мен Ғалия тәтеге ризашылығымызды білдіргім келеді. Әкеміз Тұраш пен анамыз Қуаныш 5 бала, 10 немере, 8 шөбере өсіріп, оқытты. Ұлдары Еркін, Серік және қыздары Алма Астанада, Зайра Алматыда, Гүлмира Павлодарда тұрады.
Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангердің ұлы және сол ауыр сыннан өткен өзге аталарымыздың туысқаны ретінде Жеңіс мерекесін өте жақсы көрді. Тірі болса, биылғы 80 жылдығында да ерекше бір сезімге бөленіп, ұлы мейрам рухымен тыныстар еді. Бірақ, оған жазбады…
Балаларының атынан: Еркін ТҰРАШҰЛЫ.
Астана