Дәрігер кеңесі
Альцгеймер ауруы туралы қарапайым тілде жеткізетін болсақ, ол үдемелі ұмытшақтық пен ми қыртысындағы бұзылыстар салдарынан пайда болатын, жаппай дименция арқылы білінетін кәріліктен алжудың бір түрі.
Аурудың негізінде мидың, оның қыртысының диффузияланған атрофиясы жатыр, ол кәріліктен алжудың басқа түрлеріне қарағанда табиғи ошағының үлкендігімен ерекшеленеді.
Ал, енді өзіміздің медициналық тілмен айтсақ, альцгеймер ауруы – когнитивті қабілеттердің жоғалуына әкелетін сенилдік деменцияның прогрессивті түрі. Ауру жүре пайда болатын нейродегенеративті патологиялар тобына жатады. Ол көбіне 65 жастан асқан адамдарда жиі кездеседі. Кей кезде 60 жастан асқан адамдарда ерте басталатын формалары да кездесіп жатады.
Адам ауруға ұшырағанда одан алдымен қысқа мерзімді есте сақтау мен зейіннің бұзылуын байқауға болады. Кейін бұл белгілер тұрақты түрде көбейе береді. Адамның зейіні, есте сақтау қабілеті, сөйлеуі өрескел бұзылады. Науқас жаңа дағдыларды дамыта алмай қалады және бұрыннан білетін дағдыларын ұмыта бастайды. Есте сақтау қабілетінен айырылудан бөлек аурудың алғашқы сатысында мынадай белгілер кездеседі: адам таныс жерлерде адасып қалады, ақша санағанда, шот төлегенде қиналады, бір сұрақты бірнеше рет қояды, күнделікті істеп жүрген ісін орындауға көбірек уақыт жұмсайды, заттарын жоғалтып алады, табан астынан көңіл-күйі бұзылады.
Мұндайда науқас айналасында, тұрған жерінде, тіпті өзінің жеке басына бағдарсыз болып қалады. Ондай жағдайда ойлау қабілетінің бұзылғаны анықталады. Жалпы, барлық патологиялық процестер ми жасушаларының бұзылуына байланысты. Альцгеймер ауруының екі түрі бар. Біріншісі – 65 жастан кейін клиникалық көріністер арқылы ерте басталса, екіншісі – 65 жасқа дейінгі симптомдардың орын алуы.
Диагноз ұқсас белгілері бар ауруларды алып тастағаннан кейін клиникалық көрініске негізделеді. Қойылған диагноз қайтыс болғаннан кейін аутопсия өткізген кезде белгілі болады. Ол кезде нейрофибриллярлы тарамдар мен сенил талшықтарының саны анықталады. Аурудың ағымы төрт кезеңге бөлінеді, яғни, оның когнитивті және функционалдық бұзылыстары бар прогрессивті клиникалық көрінісі бар.
Аурудың алғашқы кезеңі – предеменция. Альцгеймер ауруының алғашқы көріністері көбінесе стресстік реакцияларға немесе жасқа байланысты өзгерістерге ұқсас. Когнитивті функцияның өзгеруі нейрокогнитивті тестілеудің кеңейтілген кезеңінен сегіз жыл бұрын анықталады. Проблемалар жаңа ақпаратты игере алмаудан басталады. Науқастар бір нәрсеге ойын шоғырлай алмайды. Когнитивті икемділігі жоғалады. Ойлау қабілеті бұзылып, семантикалық есте сақтау қабілеті төмендейді.
Ерте деменция. Бұл кезеңде есте сақтау қабілеті нашарлап, қабылдаудың барлық түрлерінің бұзылуы диагноздың расталуына әкеледі. Жады ақырындап төмендей береді. Тек өзінің өмірі туралы ескі естеліктер мен бұрыннан үйренген фактілер сақталады, ал, жақында білген және үйренген фактілер тез ұмытылады. Атқарушы функцияларында, қозғалысында, қабылдауында бұзылыстар пайда болып, сөздік қоры нашарлайды, сөйлеу қабілеті төмендейді. Нәзік моториканы қолдану кезінде ыңғайсыздық пайда болады. Десе де, қарапайым тапсырмаларды өз бетінше орындай алады.
Орташа деменция. Науқастарда жағдайдың үдемелі түрде нашарлағаны байқалады. Тәуелсіз әрекет ету мүмкіндігі азаяды. Сөйлеу қабілетінің бұзылғаны айқын байқалады, сөздік қоры күрт төмендейді. Адам сөздерді мағынасымен дұрыс пайдалана алмайды. Оқу және жазу дағдылары жоғалады. Күрделі дәйекті қозғалыстарда үйлестіру жағы бұзылады. Адам әдеттегі тапсырмалардың көпшілігін орындай алмайды. Науқас жақын туыстарын танымайды. Ұзақ мерзімді есте сақтау қабілеті нашарлайды. Ашуланшақтық, қаңғыбастық, эмоционалды тұрақсыздық, агрессия сияқты нейропсихиатриялық өзгерістер пайда болады.
Ауыр деменция. Аурудың бұл кезеңінде науқас басқа адамдардың көмегіне тәуелді болады. Ол қарым-қатынас кезінде есінде қалған біркелкі сөз тіркестері мен сөздерді қайталай береді. Кейін тіпті сөйлеу қабілетінен айрылады. Айналасындағылардың эмоционалды қарым-қатынасына реакциясы сақталады. Кейде агрессиялық кейіпке еніп, апатия мен іштей сарқылуға түседі. Тіпті, қарапайым әрекеттерді орындау мүмкін емес болып қалады. Науқастың бұлшық ет массасы төмендейді. Ол әрең қозғалады, көбінесе төсектен тұра алмайды.
Егер адам бойында қысым жарасы, пневмония және басқа да ауру түрлері болса, ол науқас өкінішке орай, көпке бармай, дүниеден өтеді. Сонымен, өзгерістердің бастапқы белгілері іс жүзінде тез байқалады. Аурудың соңғы сатысы келесі клиникалық белгілермен сипатталады. Атап айтқанда, науқас сандырақтап, жақын адамдарын танымайды, галлюцинация мазалап, денесі құрысады, өз бетінше қозғала алмайды, тұлғалық деградацияға ұшырайды, уақытты бағдарлай алмайды, ақыл-ой қабілетінен айырылады. Бұл кезеңде науқас басқа адамның көмегінсіз жүріп-тұра алмайды.
Патологияның ерекшелігін ескере отырып, науқас пен оның жақындары Альцгеймер ауруы кезінде мүгедектік беріле ме, жоқ па деп алаңдайды. Мүгедектік мәртебесі комиссияға сараптама үшін жүгінген кездегі адамның денсаулық жағдайының ауырлығына байланысты беріледі. Мүгедектікті рәсімдеу ерекшеліктеріне келсек, науқастың жағдайын ескере отырып, Альцгеймер ауруына қандай мүгедектік тобы берілетінін науқас өзінің дәрігерімен кеңесуі керек. Дәрігер мүгедектік мәртебесін рәсімдеуді оған кезең-кезеңімен түсіндіреді. Альцгеймер ауруы кезінде мүгедектік алу үшін келесі кезеңдерден өту қажет. Ең алдымен, сенімхат рәсімдеу керек. Деменциямен ауыратын науқастар құжаттар пакетін өз бетінше жинай алмайтындықтан, бұл жұмысты жақындары атқарады. Сондықтан, сенімхатты нотариуспен куәландыру қажет. Бұдан әрі емдеуші дәрігерден медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама алу керек. Мұны науқас тіркелген емханада жасауға болады. Егер науқастың денсаулық жағдайы комиссия отырысы орнына келуге жарамаса, медициналық-әлеуметтік сараптама мүшелері оған өздері барады. Мұндай отырыс көшпелі деп аталады, ол науқас жатқан жерде өткізіледі.
Жәмила МӘҚЫШЕВА,
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақмола облысы
бойынша департаментінің №1 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы.
![]()

