Орал қаласында ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды оқиғалардың бірі – «AUYL FEST. Қой шаруашылығы-2025» тұңғыш Халықаралық форумы ұйымдастырылды.
Батыс Қазақстан облысында қой шаруашылығына арналған халықаралық деңгейдегі ауқымды шара тұңғыш рет ұйымдастырылды. «Auyl Fest» атауымен өткен фестивальге әлемнің 14 елінен келген сарапшылар, ғалымдар мен инвесторлар қатысты.
Форумның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоқжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин және министрліктерден өкілдер қатысты.
Сонымен қатар форум жұмысына отандық сарапшылармен қатар Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Венгрия, Франция және Иран Ислам Республикасынан келген халықаралық қонақтар, ғалымдар мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысты.
Форум аясында қой шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу, мал шаруашылығындағы инновациялық тәсілдер, экологиялық тұрақтылық пен экспорттық әлеуетті кеңейту бағыттары кеңінен талқыланды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөздерінде ауылдың әлеуетін арттыруға ерекше назар аударып келеді және 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы»деп жариялаған болатын. Бұл бастама – еңбек адамының мәртебесін көтеріп, нақты өндіріс пен кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа серпін беруге бағытталған маңызды қадам», – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
«AUYL FEST. Қой шаруашылығы — 2025» халықаралық форумында ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылды.
Бағдарлама аясында қой жәрмеңкесі мен аукцион, қой қырқудан сайыс, ұлттық ойындар, қолөнер көрмесі, сән көрсетілімі және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтті.
Көрме алаңында еділбай тұқымымен қатар, оралдық ғалымдар іріктеп шығарған жаңа «Ақжайық» тұқымы және қойдың 10-нан астам түрі мен 7 зауыттық түрі жұртшылық назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, ирандық инвесторлар аймақта тері өңдеу кәсіпорнын ашып, жобаға 1,5 миллиард теңге көлемінде қаржы құятынын мәлімдеді.
Фестиваль барысында қой шаруашылығының өзекті мәселелері талқыланып, шетелдік тәжірибелер сарапқа салынды және инвестиция тарту тетіктері қаралды.
Облыстың 12 ауданы ақшаңқан киіз үйлер тігіп, ұлттық салт-дәстүрді насихаттады. Шара көпшіліктің жоғары қызығушылығын тудырып, қазақтың қой шаруашылығы мәдениеті мен дәстүрін кеңінен танытты.
Форумның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту, заманауи технологияларды енгізу арқылы отандық қой шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Қой шаруашылығын дамыту мәселесі Қазақстанның көптеген аймақтарында, соның ішінде біздің Ақмола облысында да өзекті болып отыр. Сондықтан, бұл «Қой шаруашылығы-2025» тұңғыш халықаралық форумының бүкіл еліміз үшін маңызы зор.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

