14 қыркүйек – Отбасы күні
Мәдениет! Сегіз әріптен құралған адамзат өмірінің әдет-ғұрпы ол. Адамды адам қылған еңбек деп тарихшылар жаһанға жар салса да, адамзатты өз биігіне көтеріп, оның осынау ұлы атты арқалап жүруіне себепші болатын жалпақ жұртқа белгілі бір дүние бар.
Ол – мәдениет. Бұл ұлы сөздің астарында әр халықтың өз ерекшелігі, Тәңірдің оның тыныс-тіршілігінен бастап, басқа бүкіл жаратылыстың бәріне бірдей қожайын етіп жаратқандағы негізгі миссияларының бірі тұр. Үшінші мыңжылдықта өркениеттің ілгерілегені соншалық, адам айтса нанғысыз ғажайып жаңалықтар орын алып, қалыпты жағдайға айналды. Мәселен, кеше ғана пайда болған телефондар кейіннен Стив Джобс сынды футуристердің арқасында жаңаша леппен қарқынды дамып, бүгін, міне, сымсыз гаджеттердің сан түріне қол жеткіздік. Әлеуметтік желілер енді бір-бірінен алыс адамдар арасында тек байланыс құралы ғана емес, бүкіл әлемнің назарын бір ортаға бағындыра алатын ортақ бір алаңға айналды. Технологияның дамығаны сонша, енді әлемнің екінші бір бөлігіндегі адаммен байланысу жолда қалып, «өлілеріміз қайта тіріліп келетін» болды. Бұл да бір «мәдениет».
Ал менің айтпағым – адамзаттың технология дамыған заманда рухани құлдырауы туралы болмақ. Мұны Санжар Керімбай ағамыз да әрдайым аузынан тастамайды. Оның кері әсері де жоқ емес. Дегенмен, менің айтпағым, мүлдем басқа. Адамның адам деңгейіндегі, оны ұстап тұратын да, сұлататын да қасиеттері туралы сөз қозғаймын.
«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» демекші, адамдардың бүгінде қарапайым әдеп, жүріс-тұрыс нормаларын сақтай алмауы көңіл қынжытарлық. Меніңше, елімізде ата-аналар институты мүлдем әлсіз. Мысал ретінде айтайын, Көкшетау шаһарына келгеніме бірнеше айдың жүзі ғана болды. Мен осы уақыт ішінде қаланың көрікті жерлерін аралап, әсіресе, Қопа көлінің жаңа жағалауында көп жүрдім. Әттеген-айсыз болар ма?! Көл жағасы жаныңды жадыратып сала берсе, екінші жағынан дәл судың жағасында жиылып қалған қоқысты көргенде мұны шынымен адам жасауы мүмкін бе дейсің. Әрине, біздіңше, ересек адамдар айналаны төгіп-шашып, әсіресе, өздері тұратын қаланың әсемдігін былғамауға тиіс, ағаттық кетсе, жасөспірімдерден бек кетуі мүмкін. Бірақ, сонда барып, оларға осы тұрғыдан «Тәрбие берілмеген бе?!» деген сөз еріксіз ойыңа орала береді, орала береді.
Жә, Таза Қазақстанды қолдаушылар мұнымен күресер. Бірақ, ата-аналар да, жұмыс, жұмыс дегенді желеу қыла бермей, өз ұрпағының тәрбиесіне келгенде, талапшыл болса қайтеді?!
Келесі мәселе, жаппай ішімдік саудасы. Менің бұл мақалам осы тұрғыда ел экономикасына үлес «қосып отырған» кәсіп иелерінің шымбайына тиюі мүмкін. Бірақ, журналист бірінші кезекте, еліне жанашыр азамат екенін ескерер болсақ, бұл мәселені де аракідік көтеріп тұру – менің азаматтық борышым. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еуропалық аймағы алкогольді тұтыну деңгейі және алкогольді тұтынатын халықтың үлесі бойынша әлемде бірінші орында. Алкогольді тұтыну салдарынан қатерлі ісік қаупі аймақтың 200 миллионнан астам тұрғынына қауіп төндіруде. Сұраныс болмаса, ұсыныс та болмайды. Демек, біз зиянды әдеттермен күресте әлемдегі ең үздік кейстерді трендке айналдырумыз керек. Бір ғана мысал, шетелдік компаниялар зиянды әрекеттермен күресте қызметкерлерге «қой!» демейді екен, бірақ, кім шылым тартпай, тағы сол сияқты әдеттерден аулақ болып жүрсе, олардың жалақысына көбірек сыйақы қосылады екен. Мен біздің компаниялар да бұдан да жақсы механизмдер ұсына алатынына сенемін.
Келесі бір мәселе – аталы сөз. Бабаларымыз басынан өткенінің бәрін тек мақал қылып қалдыра берген ғой. Қазақта «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген аталы сөз бар. Бүгінде, өкінішке орай, қайда зер салсаңыз да, жасы бар, жасамысы бар, келісіп алғандай бейәдеп сөздерді оңды-солды қолданып, тіпті, қалыпты қылып алған жайы бар. Онысынан ұялып тұрған я өздері жоқ, бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні тәрізді жанында жүрсең, сәлден кейін өзің де кертартпа қылық көрсете бастайсың.
Бұл айтылып жатқан мәселелер, яғни, бейәдеп сөз, зиянды әдеттер, табиғатты аяламаудың бірі де негізінде адамзат қоғамында болмауы керек сияқты еді. Бірақ… Бұдан бөлек, әсіресе, әкелер институты өте әлсіз. Ер жігіттерді тәрбиелегенде оларға гүлді сыйласын деп емес, гүлді жұлу керек, сосын лақтыру керек деп тәрбие беретін сыңайлы. Оны біз өз замандастарымның бір-екі әңгімесінен-ақ шет жағасын біліп, іштей жиреніп тұрамыз. Меніңше, рухани жүдеп, мәдениетіміз олқы соқпас үшін ресми іс-шараларды жаппай ұйымдастыра бергенше, аналар, әкелер институтын жүйелеп, бала өмірге келді ме, ата-әжесі болса, солардың қарауына аз-кем берген дұрыс шығар. Не дегенмен, әке-шешеңді тәрбиелеген адам сені тәрбиелеуде қателесуі неғайбыл. Отбасы институтын жүйелеуде қашан да жауапты адамдар жан-жақты болуы тиіс.
Айтсам, тағы да жассың дер, бірақ, күйініштен шыққан соң айтуым керек. Бәлкім қателесуім мүмкін, бірақ, көрер көзге ерсі тағы бір оғаш қылық, ақсақалдық жасқа жетіп, батасын берер шағында даналықтың дархан үлгісі болудың орнына карта ойнап, шылымын тартып, ләйліп жүрген кей зейнеттегі ер адамдар өздерінің қасиеттерін айрандай төгіп, абыройларын жоғалтып бара жатқандай көрінеді. Әрине, зейнет жасындағы адамның көргенін біз көрген жоқпыз. Бірақ, бұл кімді де болсын, ішкілікке салынсын, дарақы болсын, бейәдеп сөзді бей-берекет қолдансын деген сөз емес қой.
Меніңше, ақсақал атына заты сай, батасын беріп, елдің ырысын келтіріп, ақылын айтып, қателескенді жөнге салып, ауыл-аймағының абыройын сақтап тұратын тұлға болуы тиіс. Осының бәрі, түптеп келгенде, тал бесіктен басталатын дүниелер. Біз ел боламыз десек, мемлекетке салығымызды сала бермей, өзіміз жүрген ортада дұрыс өмірді насихаттап, саналылығымызды, мәдениеттілігімізді, бәрін де көрсете алуымыз керек.
Егер жастарды үлкенді сыйлауға, ұлтын сүюге, текті елдің ұрпағы екенін сөзімізбен де, ісімізбен де дәлелдеп, біліп жүруге үйретсек, өзгелерге жем болмай, өрлей түсеміз.
Адамзат ұлы өркениетке аяқ басқан заманда ата-бабаларымыз алтыннан қымбат көрген адами қасиеттеріміздің төркіні саналатын мәдениет мәйегінен ажырамайықшы, ағайын!
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

