Берлинге алдарында 30 шақырым ғана жерде тұрды

Осы қазан айының аяғында менің әкем Ескен Бабжанұлы Бабжановтың туғанына 105 жыл толады. Әкем 1995 жылы наурыз айында 73 жасында дүние салды. Содан бері 30 жыл өтіпті. Осы оқиғаға байланысты 28 қыркүйекте облыс орталығы Көкшетау қаласындағы Жақия қажы мешітінде ата-анама, Гаухар сіңіліме арнап үлкен ас берілді.

Қысқаша әкемнің өмірбаянын еске алсам, әкем Ақмола облысының Жолдыбай ауылында 1920 жылы дүниеге келді. 1939 жылдан 1947 жылға дейін әскер қатарында, соның ішінде төрт жыл соғыста, майданда болды. 1941 жылы әскери борышын аяқтап, қайтасың дегенде күтпеген жерден 22 маусым, жексенбі күні соғыс басталып кетеді де, сол бойы ауыр шайқастарға кіріп кете барады.

–Біз әскерден босамақшы болып, орнымызға келіп жатқан 18-19  жастағы бозбалалар да бұғаналары қатпай жатып, өзімізбен бірге алғашқы күннен сол сұрапыл соғыстың бар ауыртпалығын көтерді. Алдымен, апыл-ғұпыл, жанталасып солдат күрегімен блиндаж қаздық. Бұл жаудың танкілерімен өтуіне жасаған әрекетіміз еді. Жаңа келген жастардың көбіқолына күрек ұстап көрмеген қаланың балалары еді. Қаруымыз жеткіліксіз, оны жаумен жекпе-жекке шыққанда тартып аласыңдар деген бұйрық шықты. Біраз уақыттан кейін танкілер де жақындап келе жатты. Тұтқиылдан басталған соғыста күш те, басымдылық та неміс фашистерінің жағында  еді. Сол жолы жауынгерлердің көбі өздері қазған орда, мәңгілік жер астында қалды, – деп қамыға еске алып отыратын соғыстың сол бір бастапқы күндерін жан әкеміз.

1945 жылы Берлинге 30 шақырым қалғанда әкемнің полкын Чехославакияға қарай бұрыпты. Ол елде әлі күш көрсетіп жатқан жаудың соңғы сарқыншағын жоюға қатысқан көрінеді. Ақыры, әкем өзі еліне оралып, 1947 жылы 27 жасында анамыз Маруа Нұртазақызы Қапароваға үйленеді, сол жылдан бастап 46 жыл бойы екеуі бір жұп болып, 3 қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Осы күні бәрі үйленіп, тұрмыс құрған, өз отбасылары бар.

Қысқаша шешемнің өмірбаянына келсем, соғыс басталғанда 13 жастағы бүлдіршін көрінеді. Өзі Бұлақ ауылының тумасы екен. Барлық ер азаматтар соғысқа аттанып, ауылдың ішінде тек балалар мен үлкен кісілер ғана қалады. Ауылдың барлық тіршілігі солардың қолында болды. Менің анам да қырманда жұмыс істеп, ондағы астықты өлшеп отырды. Сонда көмекші болған ата-апалар.

Біз ұрпақтары – қыздары Ғалия, Бақыт, інім Мірболат бәріміз асқа келген нағашыларымызға Серік, Шот, Жұмабек, Жәния апамызға ризашылық білдіреміз. Гаухар сіңліміз осыдан үш жыл бұрын дүние салды. Ол жұбайы Төлебай Шерияздановпен 40 жыл бірге тату-тәтті өмір сүрді. Саят, Динара атты балалары бар. Қабиден атамыздың немересі Мұратқа, зайыбы Гүлнарға да осы жолы риза болдық.

Жолдыбай ауылында соғыста қаза тапқан, аман-есен елге оралған майдангерлерге ескерткіш орнатылды. Олардың ішінде әкеміздің де есімі бар. Соғыстан келмеген, шәйіт болып майдан даласында қалғандардың ішінде әкеміздің үлкен ағасы Жұмат, інісі Иматан да бар. Ас үстінде әкемізді, апамызды еске алып, дұға оқып, құран бағыштаған Ғани имамға алғысымыз шексіз. Біз үшін осы бір аяулы жандардың жатқан жерлері жұмсақ, о дүниедегі орындары жұмақтан болсын.

Ғалия ЕСКЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар