Ілтипат
Арқа жерінің сұлу да көркем, есіліп ағатын жарықтық Есіл өзені. Бастауын Жезқазған тауларынан алатын, сары даланың шөлін қандырып, арқырап, арқаланып жатады.
Қар аралас жаңбырменен екпінделіп, жолай сай-саланы суға толтырып, бар күшіменен Есіл өзеніне құяды және теріс ағады, шіркін-ай! Міне, осындай қасиетті екі өзеннің қиылысында аруағынан айналайын, бабамыз Қарауыл Баубек батыр алып берген біздің Бесоба-Қызылту ауылы орналасқан. Шағын ғана ауыл еді, өкінішке орай, бүгін қотанында ешкім тұрмайды. Қазір сөз көп. Ауыл туралы көп айтылады өлең-жырларда, «Ауылға барам» деген ән де шырқалады. Ал, шын мәнінде барлығы басқаша, жылдан-жылға ауылдарымыз жабылып, азайып барады. Бірақ, бір керемет сөз бар, «Біз ауылдан кеткенменен, ауыл бізден кетпейді» деген. Тамаша айтылған. Қызылту ауылында екі оба сақталған. Үлкен бейіт – Шұға анамыз жатқан жер. Ол кісі батыр бабамыздың анасы, екіншісі Баубек батырдың бір мүшесі жатқан бейіт. Менің бала кезімде, шағын ауылда керемет дана адамдар тұрды, олардың бәрі қарапайым, ақкөңіл, еңбекқор жандар еді. Әр жанұяның өз тарихы бар еді.
Соның бірі – біздің үйге көрші болған Серғали Балдақов атамыз болатын. Сол кезде ауылда жалғыз дүкен болды, ол кісі сонда сатушы. Серғали атамыз арабша хат танитын, сауатты кісі еді. Тұңғыш баласы Қорлығайым, сосын Алма, Балайым, Күлайым, ең кенжесі Ғазым. Алланың жазуымен Ғазым бауырымыз бір жасқа жетпей, ал, аналары Нұрғайша Сүлейменқызы 32 жасында бақилық болып кетті. Осы қазаны бүкіл ауыл болып қайғырып, аза тұтты.
Зымырап өтіп жатқан өмір ғой, шіркін. Алла тағалам өзінің сүйген құлдарына үлкен «сынақ» береді екен. Бүгінгі күні осы балалардың бәрі өсіп-өніп, ұрпақ өрбітіп, немере сүйіп жатқан жайы бар. Қиындық адам баласын шыңдайды. Атамыз Серғали менен анамыз Нұрғайшадан дарыған ақыл-ой, қажымас қайрат оларды да шыңдады. Дегенмен, неше түрлі қиындыққа мойымай, өмірден өз жолдарын таба білді. Ең кенжесі Ғазым бауырымыз адал еңбегіменен, ақкөңіліменен өмірге деген құштарлығының арқасында ішкі істер басқармасында «полковник» дәрежесіне дейін көтерілді.
Қорлығайым апамыз ерте тұрмысқа шығып, жеті баланың анасы атанды, барған шаңырағына ұйтқы бола білді. Анасы Нұрғайшадан ерте айрылып, жастай тұрмысқа шығып, Көкше өңіріне қоныс аударған еді. Туған жерін сағынбайтын адам бар ма?! Бірақ, апамыз Қорлығайымда бұл сезім өте ерекше болатын. Ұсақ-түйекке дейін есінде сақтаған. Алла берген жеті баланы өсіріп, тәрбиелей жүріп, елінде қалған үш сіңілісі мен жалғыз бауыры Ғазымды бір сәт те есінен шығармаған. Қолынан келгенше көмектесіп, ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жолға бағыттаған. Өз басындағы қиындық туысқандарында одан да зор екенін еш уақытта ұмытқан емес.
Анасы Нұрғайша Алланың жазуымен бере алмаған отбасы жылылығын бауырларына жеткізуге жан салды. Бүгінгі күні үлкен баласы, Қалиасқар мен келіні Айсұлудың қолында Көкшетау қаласында тұрып жатыр. Апамыз Қорлығайым 80-нің сеңгіріне шықса да тың, ой-өрісі кең, өмірден тоқығаны көп абзал ана. Ол кісіден мейірім ісі аңқып тұр. Апамыз туған жері Қызылту елін үлкен сағынышпен еске алады. Сол уақыттағы әкесімен қатар өмір сүрген адамдардың жақсылығын жыр қылып айтып отырады. Алланың жазуымен ерте біткен жастық шағына деген үлкен сағынышы да аңғарылмай қоймайды.
Балаларын оқытып, қазақи тәрбие беріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, алты немере, екі шөбере, тоғыз жиен сүйіп отыр. Құдай қосқан жолдасы Талаппен 57 жыл отасып, бақытты өмір кешкен. Талап атамыздың өмірден озғанына 9 жыл өтті. Қазақ халқында әдемі сақталған «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген сөз бар. Апамыз Қорлығайым менің әкем Шаяхметтің елге істеген жақсылығын айтып отырады. Маған айтады: «Әкелерің пар ат жеккен қара кәшауасы бар, үстінде қара тон, бауырмал жан еді, ауылдастарына істеген жақсылығы көп еді. Аналарың Ақжекей ұзын бойлы, аққұба, әдемі кісі болатын, менің шешеммен екеуі өте тату болды. Сол жақындықтың белгісі шығар, менің сіңілім Күлайым, інім Ғазым мектепте сіздің үйде жатып оқыды».
Жасымыз ұлғайғанда әкем мен шешем туралы есту, керемет ғанибет сезім екен, қуанып, марқайып қаламын. Халқымыз «сенің бәйтерек болғаныңнан не пайда, егерде бұтағыңа құстар қонбаса» демей ме. Көкшетау қаласына арнайы іздеп барып, апамыздың шаңырағын көріп, ақ дастарқанынан дәм татып, тараған ұрпақтармен танысып, мәре-сәре болып қалдық. Аллаға шүкір, өмір осылай жалғасып жатыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қорлығайым апа, сіз де ұрпағыңызбен жүз жасап, Талап атамыздың құтты шаңырағында жаныңыз жамандық көрмей, аман-есен отыра беріңіз.
Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ,
Қарауыл Баубек батырдың ұрпағы, зейнеткер.
Астана.
![]()

