Қазақстанның мемлекеттік статистика қызметіне – 105 жыл

8 қараша – Статистика күні

Статистика – адам өмірінің барлық саласында кездесетін ғылым. Көптеген үкіметтік шешімдер, коммерциялық міндеттер мен әлеуметтік-қоғамдық қызмет статистикалық деректерді жинаудан және талдаудан басталады. Бұл деректер кез келген жоспардың негізі болып табылады және экономикалық, саяси, қоғамдық қызметтің маңызды элементі саналады. Белгілі ғалым А.Боули айтқандай: «Статистиканы білу – шет тілдері мен алгебраны білумен тең, ол кез келген уақытта және кез келген жағдайда қажет болуы мүмкін».

Бүгінгі заманның айрықша белгісі – шындықты танудың тиімді тәсілі ретінде статистика беделінің біртіндеп қалпына келуі. 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауында: «…ешбір жағдайда алдағы көкжиекті естен шығаруға болмайды. Сондықтан, мен Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдадым. Мұндай орган бұған дейін де болған және өзіне жүктелген міндеттерді табысты орындаған. Енді ол мемлекеттік жоспарлау жүйесінің орталық буынына айналады. Агенттік әзірлейтін реформалар нақты, шынайы және ең бастысы – барлық мемлекеттік органдар үшін міндетті болуы тиіс. Реформалар жөніндегі Жоғары Президенттік кеңес құрылады, оның шешімдері түпкілікті болып саналады. Өзгермелі жағдайды неғұрлым объективті бағалау үшін Агенттік құрамына Статистика комитеті беріледі…», – деп атап өтті.

2020 жылғы 21 қазанда өткен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да:

«…ведомстволық статистикаға қатысты бастапқы деректердің сапасы проблемалы болып отыр. Бұл саладағы жағдайды жақсартуға Статистика комитетін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің қарамағына беру ықпал етуі тиіс. Фактологиялық деректердің шынайылығын және олардың сапалы интерпретациясын қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды әзірлеу қажет. Сондай-ақ, үлкен деректерді өңдеу құралдарын экономикалық, демографиялық және өзге де үдерістерді дұрыс модельдеу және дәл болжам жасау үшін қолдану керек…»,  – деді.

Бүгінде мемлекеттік статистика – қоғамның маңызды атрибуты және тиімді мемлекеттік басқарудың негізгі құралдарының бірі.

2020 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік статистикасына 100 жыл толды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен 8 қараша Статистик күні болып бекітіліп, кәсіби мерекелер тізбесіне енгізілді.

Қазақстан статистикасының тамыры тереңде жатыр. Қазіргі Қазақстан аумағындағы тұрақты және орталықтандырылған статистикалық қызметтің басталуы XVIII ғасырдың екінші жартысына, яғни, Қазақстанның Ресей империясының құрамына енген кезеңіне сәйкес келеді.

Қазақстан аумағында құрылған алғашқы ресми мемлекеттік статистикалық орган – Түркістан губерниялық статистикалық комитеті, ол 1868 жылғы 22 қаңтарда құрылған. Оған бағынысты Сырдария және Жетісу облыстарында статистикалық бюролар жұмыс істеді.

XIX ғасырдың 70-жылдарының ортасында Орал облыстық статистикалық комитеті ұйымдастырылды, ал 1877 жылы – Семей және Ақмола (Омбы қаласында), 1895 жылы – Торғай облыстық статистикалық комитеттері құрылды.

Алайда, 1920 жылға дейін Қазақстанда жоғарыда аталған және өзге де жергілікті статистикалық қызметтерді біріктіретін бірыңғай статистикалық орган болған жоқ.

1920 жылғы 26 тамызда Қазақстан аумағында Қазақ Автономиялық Социалистік Республикасы (Қазақ АССР) құрылғаннан кейін, Қазақ АССР Үкіметі 1920 жылғы 8 қарашада «Қазақ АССР-індегі мемлекеттік статистика туралы Ережені» бекітіп, АССР Статистикалық басқармасын құрды.

Осылайша, 1920 жылғы 8 қараша Қазақстандағы бірыңғай орталықтандырылған мемлекеттік статистика органдарының құрылған күні болып есептеледі.

Мемлекеттік статистиканың қалыптасуының алғашқы жылдарында кәсіпорындардың есебін жүргізу мен есептілікті ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. Санақтар, зерттеулер және басқа да жұмыстар нәтижесінде республиканың халық шаруашылығын дамыту үшін қажетті экономикалық жағдайды сипаттайтын статистикалық деректер жиналды.

Көкшетау уездік бюросы да 1920 жылы құрылған. Сол жылы Көкшетау уезі бойынша Бүкілресейлік халық санағына дайындық басталды. Статистикалық бюроның жұмысы арқасында архивтік құжаттардан санақтың кейбір қорытындыларын көрсететін қызықты деректер табылды.

Мәселен, 9 болыста 359 088 адам тұрған, оның ішінде қала халқы – 7 796 адам. Уезд тұрғындарының шамамен әр төртіншісі көшпелі өмір салтын ұстанған. Ұлттар мен ұлыстардың құрамы да алуан түрлі болды: орыс халқы – 42,8 пайыз, малоросс (украиндар) – 25,9 пайыз, ал қазақтар – 24,5 пайыз.

Жүз жылдық даму жолында статистика саласында елеулі өзгерістер орын алды: бұрынғы есепшоттар мен қағаз бланкілердің орнын заманауи цифрлық технологиялар басты. 1960-жылдары облыстық статистика басқармаларының жанынан машина есеп станциялары (МЭС) құрылып, статистикалық жұмыстарды механикаландырудың бастамасы қаланды. Сол жылдары облыстық және аудандық статистика бөлімдері есептеу жұмыстарын механикаландыру құралдарымен жабдықтала бастады. Қолданысқа фактуралық және бухгалтерлік машиналар, табуляторлар, кейіннен перфорациялық техника енгізілді.

Статистиканың дамуындағы маңызды оқиғалардың бірі – «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңының қабылдануы, ұлттық есеп жүйесінің енгізілуі, төлем балансы, сыртқы сауда, баға статистикасының құрылуы, халықаралық статистикалық жіктеулер жүйесіне көшу, Мемлекеттік статистикалық тізілімнің қалыптасуы болды. Сонымен қатар, статистикалық бақылаудың іріктемелік әдістері кеңінен қолданылып, респонденттердің есептілік жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді.

XXI ғасырдың екінші онжылдығының басынан бастап Қазақстан Республикасының ұлттық статистикалық жүйесі жаңа даму және жаңғырту кезеңіне қадам басты. 2012-2016 жылдары аралығында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп «КАЗСТАТ: Ұлттық статистикалық жүйені нығайту жобасы» іске асырылды. Бағдарламаның басты бағыты халықаралық тәжірибелер мен әдістемелерге сәйкес пайдаланушыларды уақытылы әрі сенімді деректермен қамтамасыз ету үшін ұлттық статистикалық жүйенің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру болды. Жоба аясында ұлттық статистикалық жүйенің әдіснамасы жетілдіріліп, пайдаланушылардың жаңа ақпараттық қажеттіліктері ескерілді. Бағдарламаны іске асыру барысында Үкіметтің, кәсіпорындардың, ғалымдардың және қоғамның қажеттіліктеріне назар аударылып, өзге елдердің және халықаралық ұйымдардың үздік тәжірибелері мен білімдері енгізілді.

Экономика, қоғам және статистика салаларындағы заманауи ақпараттық орта ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін жаңғырту және жаһандану үдерістерінің елдің ақпараттық инфрақұрылымына ықпалы есебінен қалыптасты. Жобаны іске асыру нәтижесінде «е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе статистикалық деректерді жинау және өңдеу процестерін автоматтандыруға бағытталған.

2019 жылдан бастап «Респондент кабинеті» атты мобильді қосымша іске қосылды. Ол пайдаланушыларға статистикалық есеп нысандары туралы мәліметтерді көруге, тапсырылған есептердің тарихымен және берілмеген есептердің тізімімен танысуға, сондай-ақ, есеп тапсыру мерзімдерінің аяқталуы туралы жеке хабарламалар алуға мүмкіндік береді.

Тұтыну нарығындағы тауарлар мен қызметтер бағалары мен тарифтерін тіркеу кезінде үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам және дәл өңдеу үшін планшеттік компьютерлер қолданылады. Бұдан бөлек, жаңа статистикалық бақылау әдістері – КСТО (компьютерлендірілген стационарлық телефондық сұрау жүйесі) және КСИО (компьютерлендірілген жеке сұхбат алу) енгізілді.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның статистика саласында республикалық деңгейдегі ауқымды жұмыстар атқарылды. Олардың ішінде 1999 және 2009, сондай-ақ, 2021 жылдары өткізілген екі ұлттық халық санағы, сондай-ақ, 2006 жылғы ауыл шаруашылығы санағы ерекше орын алады.

Соңғы санақ ел тарихында алғаш рет Интернет арқылы деректер жинау әдісімен («www.sanag.kz» арнайы сайты арқылы) жүргізілді. Сонымен қатар, дәстүрлі үй аралау тәсілімен де мәліметтер жиналды.

Статистикалық қызметтің маңызды бағыттарының бірі – халықтың әлеуметтік-демографиялық мәселелері бойынша іріктемелі зерттеулерді тұрақты түрде өткізу. 2005-2016 жылдар аралығында статистикалық органдар БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) әзірлеген халықаралық бағдарлама бойынша Халықтың мультииндикаторлық кластерлік зерттеуінің (МИКО) үш кезеңін өткізді. Зерттеулер отбасы денсаулығы, білім және бала тәрбиесі мәселелеріне арналды. Бұл зерттеу балалар мен әйелдердің жағдайы туралы өзекті ақпарат алуға, сондай-ақ, Мыңжылдық даму мақсаттары (МДМ) мен өзге де халықаралық деңгейде келісілген көрсеткіштерді мониторингтеуге мүмкіндік берді.

2018 жылы БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының халықаралық бағдарламасы бойынша «Ұрпақтар және гендер» атты біржолғы зерттеу өткізілді. Оның нәтижесінде туудың даму үрдісі, отбасы қалыптасуы, жыныстық және ұрпақаралық қатынастар бойынша мәліметтер алынды. Сондай-ақ, қылмыс деңгейі, халықтың құқық қорғау органдарына сенім деңгейі, тұрмыстық зорлық-зомбылық және оның гендерлік ерекшеліктері сияқты өзекті тақырыптар бойынша да зерттеулер жүргізілді. Қазіргі таңда Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесі халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Статистикалық бақылау барысында ғылыми негізделген әдістер мен тәсілдер кеңінен қолданылады.

Мемлекеттік статистика барған сайын жетілдіріліп, ашық әрі қоғам үшін қолжетімді бола түсті. Ресми статистикалық ақпаратқа еркін қолжетімділік қамтамасыз етілді, бұл – оған деген өсіп келе жатқан сұраныс жағдайында аса маңызды қадам. Қолданушылардың игілігіне ұсынылатын ақпараттық ресурстар көлемі ұлғайып отыр. Актуалды және үнемі жаңартылып отыратын мәліметтер Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында қолжетімді.

Сыртқы интернет-ресурста «Талдау» ақпараттық-талдамалық жүйесі орналастырылған, ол пайдаланушыларға 3000-нан астам статистикалық көрсеткіш бойынша ресми ақпарат алуға мүмкіндік береді. Ресми статистикалық ақпаратқа қанағаттану деңгейін анықтау мақсатында жыл сайын пайдаланушылар арасында сауалнама жүргізіледі. Сауалнамаға 100-ден астам респондент қатысады. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелердің, бизнес құрылымдардың, оқу орындарының және өзге де ұйымдардың өкілдері бар. Респонденттердің басым бөлігі жарияланатын ақпарат көлеміне риза екенін атап өтеді. Ал ақпарат алудың ең қолайлы тәсілі ретінде пайдаланушылар Ұлттық статистика бюросының интернет-ресурсын атайды. Ақпаратты тұтынушылар саны жыл сайын артып келеді.

Бүгінде Ақмола облысының статистика департаментінде 138 мемлекеттік қызметші және 30 еңбек шартымен жұмыс істейтін қызметкер еңбек етеді. Сондай-ақ, іріктемелі зерттеулер жүргізу үшін жыл сайын 200-ден астам уақытша қызметкер тартылады.

Статистика саласының ерекшелігі – қызметкерлердің 70 пайызы – әйелдер, ал, 29 басқармалардың 18-ін (62 пайыз) әйел басшылар басқарады. 23 маман – Қазақстан Республикасының статистика саласының «үздік қызметкері» атағына ие.

Ақмола облысы статистика департаментінің ұжымы – еңбекқор, жауапкершілігі жоғары адамдардан құралған, олар күн сайынғы қажырлы еңбегімен қарапайым сандарды өңір мен ел дамуының маңызды көрсеткіштеріне айналдырып отыр. Департаментте әртүрлі жастағы адамдар еңбек етеді, орташа еңбек өтілі – 13 жыл.

Облыс статистикасының дамуы мен жетілдірілуіне зор үлес қосқан ардагерлердің қатарында Ю.Тян, Б.Шүлембаев, Ж. Букин бар. Олар әр кезеңде облыстық статистика басқармасын басқарып, статистикалық жұмыстарды механикаландыруға, жеке компьютерлер мен кеңсе техникасын енгізуге, статистикалық ақпарат өндіру көлемін арттыруға үлкен үлес қосты.

Сондай-ақ, өмірінің көп бөлігін статистика саласына арнаған ардагерлердің еңбегі ерекше құрметке лайық. Олардың қатарында Е.Көкенова, Н.Авдеева, Г.Сейдахметова, А.Қасымова, Л.Лазорская, Л.Шульгина, К.Сейтембетова, Р.Болатова, В.Шевчук, Г.Мелихова, Г.Казачева, М.Үмбетәлиева, Г.Мягкова, Л.Локштейн, З.Жакеева, Н.Шевченко, М.Жаманбаева, К.Нұрышева және басқа да көптеген ардагерлер бар. Қазір бұл азаматтар зейнеткерлік демалыста, алайда олар әлі де жас буын статистиктер үшін еңбекқорлық пен кәсібиліктің үлгісі болып келеді. Үлкен буынның орнын жас әрі білімді мамандар басуда. Жастар тәжірибелі әріптестерінен қолдау мен кеңес алып, өз ісін шебер меңгеріп келеді. Бүгінгі таңда департамент ұжымы – үлкен де тату отбасы. Олар жұмыс істей де біледі, демала да біледі. Ұжым табиғат аясындағы танымдық сапарларды, мәдени және ұжымдық шараларды жиі ұйымдастырады. Мысалы, ЭКСПО — 2017 халықаралық көрмесін, «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы мұражайын, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын бірлесіп тамашалады.

Мемлекеттік статистиканың тарихы одан әрі жалғасуда. Біздің алдымызда мемлекеттік статистиканы одан әрі жетілдіру және дамытудың жаңа міндеттері тұр. Жергілікті басқару органдары үшін аймақтық буын ретінде біздің статистика департаментінің рөлі өте жоғары, статистика елімізге әрқашан қажет сала. Мұны біз өз жұмысымызда әрқашан жақсы сезінеміз. Біздің уақытында берілген статистикалық ақпаратымыз облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жасау және шешім қабылдау үшін қаншалықты керек екендігін түсінудің өзі біз үшін зор мәртебе.

Департамент қызметкерлері мен статистика ардагерлерін шын жүректен 105 жылдық мерейтойымызбен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасы бақытын, еңбекте табыс және береке-бірлік тілеймін!

Расул ЕРҒАЛИЕВ,
Ұлттық статистика бюросының Ақмола облыстық департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар