Заманхат
ҚарауылБаубек батыр1824 жылы туғаны жөнінде өз аузынан1866 жылы жазып алынған түсініктеме бар. Бұл құжат Баубектің бала кезінен Кенесары қолына барғанын дәлелдегендей. Ал, оның шыққан тегінЕсенбай ақын былай таратқан:
Қараменде, Тастемір, Байбарақты,
Арылтпай тұқымына берген бақты.
Белінен Бекмырзаның құдай қалап,
Туыпты батыр Баубек аруақты.
Батыл, өжет мінезімен жастайынан-ақ көзге түсе бастағанбала Баубектің Кенесарының қолын үш рет мұқатып жеңген, өзбек Отыншы батырды тұтқындағаны «Бабалар сөзі» тарихи аңыздарында баяндалады. Содан бала Баубек батыр атанады.
Бірақ,1837-1847 жылдары болған көтеріліске қатысуы туралы құжат өте аз. Оның себебі де белгілі. Патша шенеуніктері 10 жылғы қазақ халқының көтерілісін тек Кенесары бүлікшілігі деп көрсетуге тырысқан. Сондықтан, әр шайқаста Кенесары, Наурызбай, Бопай және басқа да төре тұқымына баса көңіл аударады. Тұтқынға алғанда да Кенесарының ет жақындарын ұстауға тырысқан. Күнімжанды тұтқындап, аманат ретінде Кенесарыны бағындыру үшін пайдаланғаны көп құжатта айқын көрсетілген.
Ал, қарадан шыққан батырлар туралы жазатындар бірен-саран. Мысалы, қырғыз Тілеміс Сарыбасов Ақмола қамалына шабуыл жасағанда жеке ерлігімен қалың сарбаздың көзіне түсіп, Жекебатыр атанған. Ал, Төртуыл Орынбайдың Жанайдарының бір ерлігі өзінің атқосшысы Майлы руынан Жәдігер Смайылұлының айтқанынан белгілі болады. Көп шайқастың бірінде Кенесары «қашпаймын» деп, солдаттар арасында жалғыз жаяу қалып қояды. Осыны байқап қалған Жанайдар өз атына сұлтанды отырғызып, бір казак орыстың атын тартып мінген.
Тек 1947 жылы Ермұхан Бекмаханов «Қазақстан 19-шы ғасырдың 20-40 жылдарында»атты кітабында торғайлық Көшімбет Балықов (Иман батырдың жиені) пен Досан Қарабаевтың естелігін келтіреді. Онда Кенесары 1840 жылы өткізген бір кеңес туралы айтылған. Күн тәртібінде күресті одан әрі жалғастыру жоспары, Торғай мен Ырғыз аумағынан басқа жерге қоныс аудару мүмкіншілігі талқыланады. «Кенесары шақырған кеңеске әр түрлі рулардың өкілдері жиналды, атап айтқанда, кеңеске мына адамдар қатысты. Бегімбет руынан Иман, Тәуке батыр, Арғынның Төлек тармағынан Жәуке батыр, Қарауыл руынан Баубек, Керей руынан Қошқар батыр, Төртқара руынан Байгелді және Әйгер, Берді руынан Сүгірбай»деп жазылған. Баубек батырдың басқа шайқастарға қатысқаны жайлы қағазға түскен дерек кездеспеді. Алматыдағы Ғылым академиясының кітапханасында Айтымов Қанкенің «Есенбай айтқан» деген бір шумақ өлеңі сақталыпты:
Майданда алты Алаштан асқан Баубек,
Нил дариясы секілді тасыған Баубек.
Жантайып қараша үйде жатар ма едің,
Бар болса Кенесары патшаң, Баубек?..
Ресей үкіметімен Кенесары 10 жылдай арпалысқаны мәлім. Бірақ, әскер саны айтарлықтай басым, бәрі мылтықпен қауланған, оның үстіне зеңбіректері бар жауды жеңе алмасын түсінгендей,амалсыздан Орынбор әскери губернаторымен, Батыс Сібір генерал-губернаторымен, Шекаралық комиссия төрағасымен хат арқылы келіссөз жүргізуге тырысқан. ӨзінеТорғай, Ұлытау, Сарысу, Есіл-Нұра жағалауын қалдыруды сұрапты. Бұл ұсыныс патша үкіметінің отарлау саясатына қайшы келгені хақ. Хан тұқымына осынша жерді бергісі жоқ. Тек қана Қарақоға атты жерді беруге келіскен. Кенесары ауылы онда сыймайды да. Осы себеппен қырғыз жеріне барып, сарбаз, мінетін жылқы, азық-түлік қорын толтыруға шешім қабылданған. Осы орайда, Кенесарының ақылгөйі, руы Қылды Қарауыл Құттықадамның Бөгенбайы былай деген екен:
Кенесары ханымыз,
Сөзге құлақ салыңыз.
Орыспенен соғыссақ,
Төгілер көп қанымыз.
Көрші қонсақ, қорған ғой,
Орыспенен соғысу,
Шама келмес зордан ғой,
Қырғызыңа барайық,
Ақылына ой салайық,
Қан төгіспей қосылсақ,
Риза болар халайық.
Бөгембай би қырғыздарға елшілікке барғанын Баубектің жиені, өлкетанушы Мұхат Мейірманұлы былай жазыпты: «Келіссөз нәтижесі Кенесары ойлағандай болмай шықса керек. Одан қатты сөз естіген Бөгенбай: «Мен деген Қарауыл, артымнан еріңдер», – деп жасақтан кетіп қалған. Бимен бірге 1848 жылдың 9 қыркүйегінде Ұлытау бекінісіне оралғандардың ішінде Есенбай руынан би Абыздың Балтабегі, Бектауыл Бекмырзаның Баубегі, Тоқтауыл — Ноғай — Сайыс Кененнің Елтайы, Жұманның Татаманы, Болтайдың Ағыбайы, Кенжебайдың Төлектемірі, Бадырақтың Тұтаны, Тоқтауыл — Орақ Боздақтың Арғынбайы мен Тілеубердісі бар. Өз ауылдарына басқа адамдар қоныстанып қойған. Патша шенеуіктері Терісаққанның Есілге құярынан бастап Қызылсу, Қоңырсуға дейінгі жерді белгілейді. Амалсыздан көнген. Ата кәсіппен шұғылданып отыра беріпті.
19-шы ғасырдың аяғы, 20-шы ғасырдың басында Атбасар дуанының Сарысу болысында іс-қағаздарын жүргізуші болған татар Сабыр Шәріпов Бекмырзаның Баубегі,Сарыбастың Тілемісі (Жекебатыр), Сандыбайдың Ердені үшеуі Троицкіден Ташкент, Бұхара баратын сауда керуендерінің сақтығын қамтамасыз еткенін жазады. Әрқайсысы белгілі бір жол бөлігіне жауап берген. Төлемақы атқарған жұмыс көлеміне байланысты төленген.
Баубек мемлекеттік қызметте болмаған. Кенесары көтерілісіне қарсы болған Шыңғыс ұрпағы мен Ерденге көзқарасы ерекше болған. Соның салдары болуы керек, 1862 жылдың 16 маусым күні Баубек Атбасар дуанының аға сұлтанына болыс басшысы Төрежан Уәлихановтың әртүрлі малын тартып алғанын хабарлайды. Арыз дуанда қаралмай, бидің шешіміне жіберіле салған. Би шешімі бойынша бірнеше жүз жылқы төлеуге тиісті болған Баубек, орыс сотына жүгінбекші болады. Төрежан да қарап қалмаған. 1865 жылдың 25 қазанында Баубектің үстінен: «Тоқтыбай Қопабаевтың 6 сиырын тартып алды, өзін 3 тәулік қамауда ұстады», – деп шағым жолдаған. Тексеріс жүзбасы Кішкентайдың Аққошқарына беріледі. Нәтижесінде дуанның 1866 жылдың 25 қаңтарындағы №248 шешімінде Тоқтыбайдың Баубекке деген жаласы негізсіз екені айтылып, Т.Уәлиханов анық-қанығына жетпейарыз туғызғаны үшін ескертілген.
Осылай араздық бәсеңдей бастаған шақта тағы бір арыз пайда болған. 1866 жылдың 9 қаңтарында Тарақты-Ноғай болысының 25 ауыл старшындары, билері, беделді адамдары болыс басқарушысы Төрежан Уәлихановтың осал билігін, заңсыз мал жинағанын, қыстау сатқанын, үкімет ақшасын уақытша өз шаруасына пайдаланғанын Сібір қырғыздары облысының әскери губернаторы Пановқа жеткізеді. Қол қойғандар ішінде Баубек жоқ. Бірақ, тексерушілер арызды ұйымдастырушыны табуға қатты назар аударған секілді. Күдіктілердің ішінде, әрине, Баубек болады. Тексеріс басталысымен Т.Уәлиханов қызметтен аластатылады. Осы сәттен бастап болысбасқаруда төре тұқымының өкілдері болған емес.
Баубек 1873 жылға дейін өз ауылындаболғаны мұрағат құжатында көрсетілген. Одан кейінгісі белгісіз, ешбір мәлімет табылмады. Тек 6 жылға Түмен облысына жер аударылғаны, сонда қайтыс болғаны анық.
Елеубек ӘШІМҰЛЫ.
P.S. 1928 жылы Алаш қайраткері, Айыртау өңірінің тумасы Бідәд Малдыбайұлы да Кенесары көтерілісіне қатысқан Қарауыл руының батырларының тізімін береді. Онда Бөгенбай, Амалдық, Кенжебай, Арлан, Шамай, Шауыпкелұлы Баубек молда, Елубай, Көбе аталған. Сонда Қарауыл руынан екі Баубек есімді батыр болғанға ұқсайды.
сурет www.unikaz.asia сайтынан.
![]()

