Енеге ибалы келін, келінге аяулы ене керек

Ақ босаға

Соңғы кездері ене мен келін мәселесі көп талқыға түсетін өзекті тақырыптың біріне айналды. Әсіресе, әлеуметтік желілерден осы екі тараптың араларындағы қарым-қатынас жайлы әртүрлі жағымсыз пікірлерді оқып қаламыз. Бұл былай қарағанда жай ғана отбасы, ошақ қасының мәселесі болып көрінгенімен, өз кезегінде ұлттық болмысымыздың бояуын солғындата түсетін мәселе екені анық. Оның үстіне халқымызда «Жақсы келін – келін, жаман келін – келсап» деген тәмсіл бар. Бірақ, сол келсап келін қайдан шығады? Бір отбасының берекесін келтіретін ене мен келін арасындағы келеңсіз көріністер неге жиілеп кетті?

Біздің қоғамда жақсысын асырып, жаманын жасырып, шаңырақтың шаттығын шайқалтпай ұстап отырған ене мен келін аз емес. Бірақ жақсы мен жаманның қатар өрілетіні секілді, енесін жамандайтын келін де, келінін жақтырмайтын ене де бар. Отбасындағы өз орнын ұмытқан келіндер мен «тәртіпке салғыш енелердің» жанжалдарына қатысты Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыздың енелерге айтқан мына бір ақыл-кеңесі еске түсіп отыр.

«Кез келген әйел келінге ене бола алады. Бірақ, келінге ана бола білу керек. Ананың парасаты қажет. Жас келінге қадалатын көз де көп, айтылатын сөз де көп, сын да көп. Киген киімі, жүрген жүріс-тұрысы, барлығы көзден таса қалмайды. Осындай кезде кім сүйеу бола білу керек? Әрине, ене», – дейді батырдың келіні.

Расында, келіннің қандай болуы керектігін қазақ халқынан артық жетік білетін дана жоқ шығар. «Келіннің аяғынан» дейтін дана халқымыз жаңа түскен келіннің жүріс-тұрысынан, бойындағы ізеттілігінен оның отбасында алған тәлім-тәрбиесін, адамгершілігін айқын байқап отырған. Өкініштісі сол, ата-анасы әлпештеп өсірген қыздары әлдебір үйге келін болып барып, өзін теріс жағынан көрсетіп жатса, ол сол қызды тәрбиелеп, өсірген әке-шешеге үлкен сын. Ал, отбасы құндылығы ене мен келіннің тәрбиесінен бастау алатыны анық. Себебі, бір-бірін толықтай түсінуі тиіс осы екі адам тағдырлас десек те болады. Өйткені, бірінің аттаған табалдырығын екіншісі де дәл солай аттады.

Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім келінге қонақ деп қарау қате екенін айтады.

«Келін қонақ емес, ол отбасыңызға енген бақ, береке. Келін дүниеге ұрпақ әкелуші, демек, ол отбасының ырысы мен өрісі. Бұл деген керемет мағына. «Қыз өссе, елдің көркі» деген мәтел  осындай мәнге орай айтылса керек. Келін тастай батып, судай сіңу ниетінде бөгде үйдің есігін ашқалы отыр, онысы ерлік», – дейді академик.

Зиялыларымыз осылай дегенімен, қоғамда келін ұғымына келгенде пікір екіге жарылады. Бір тарап келіннің міндеті түскен әулеттің отымен кіріп, күлімен шығып, сол үйдің барлық шаруасын атқаруы керек десе, екінші тарап келіннің де өз қызығушылығы барын, оны алдымен енелер мектебінде тәрбиелеп, білмегенін үйрету керектігін айтады.

Шынында көзін тырнап ашқалы әке-шешесінің, бауырлары мен туыстарының ортасында еркелеп өскен қыз баланың туған үйі мен өскен ортасын, достарын қиып, мүлде танымайтын және өзіндік салты мен ережесі қалыптасқан бөгде ортаға «топ ете» түсуі оңай емес. Жүрек түкпірінде сүйген адамымен шаңырақ көтерген қуаныш сезімі болса да, жыраққа кеткен нәзікжандының жанына жақын адамдарды сағынатыны анық. «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» мәпелеп өсірген қыздарын өзге ұяға шығарып салу әке мен анаға да оңай тимесі анық. Ал, келінді болған үйдің барлығы «біреудің мөлдір қарашығын аманат етіп алдық» деп өз баласындай көріп жатыр ма?!.

Келінді өз қызындай көруді қолдайтын қала тұрғынының бірі – Ажар Саржанова. Ол кейбір енелердің «келін келді, енді барлығын сол істеуге тиіс» деген пікірімен келіспейді. Оның түсінігінде алдымен жаңа түскен келінге үйдің өзінің дәстүрі мен әдептерін үйрету керек. Әрбір ене келінін өзіне жақын тартып, білмегенін үйретіп, отбасы мәселесін екеуі бірге келісіп шешуі керек.

– Жас келін жас бала тәрізді болады, оны босаға аттап келгеннен бастап тәрбиелеу қажет. Бірақ, тәрбиені қаталдықпен шатастырып алмау керек. Рас, өзгенің баласына өз балаңа мейірленгендей елжіремеуің мүмкін. Дегенмен, оның да біреудің баласы екендігін ойдан шығармаған жөн, – дейді ол.

Ақ жаулықты әже Нұржамал апай да жоғарыдағы пікірмен келіседі. Ол келінді қазан-ошақтың маңынан шығармай, тек үй тірлігін істей беретін, шаршамайтын роботтай көру үлкен қателік екенін айтады. Әсіресе, «Келінді болдым, қолым ұзарды» дегенді жаңсақ түсінетіндер келіннің де адам екенін ұмытпай, оның да қызығушылықтары барын ескеруі керек.

– Жаңа түскен келін әлдебір істі білмей жатса немесе тамақ дайындай білмесе, «анасы неге үйретпеген» деп білместігін бетіне баспау керек. Ешкім де тұрмысқа шықпай тұрып, келін мектебін оқымайды. Ол анасының үйреткенін, өздігінен үйренгенін ғана істеп білуі мүмкін. Білмегенін енді үйренеді. Соған бола оны сөгіп, жаманатты етудің қажеті жоқ. Қыз бала онсыз да «бақытты болам деп емес, барған жерімді бақытты қыламын» деп барады, – дейді ақ жаулықты әже.

Қыз бала оң босағадан ұзатылғанда ақжарма тілектер төгіледі. Соның ішінде ең көп айтылатыны: «Барған жеріңе тастай батып, судай сің». Жасыратыны жоқ, қазір бұл сөз жаттандыға айналып, мағынасын жоғалтып бара жатқандай. Жас келіндердің көпшілігі ата-енесімен бір шаңырақ астында тұрудан бірден бас тартып жатады. Бірге тұрса да, тіпті бір дастарқан басында ас іше алмайтын, бір-бірін көрсе, кірпідей жиырыла қалатын енелер мен келіндер де бар. Келіннің жақсы болмағы ең әуелі өз анасына, одан кейін барған жерінде ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдар нұсқап отыратын енеге де байланысты. «Бұрын қазақ отбасыларында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай түсінбеушілік болған емес. Бүгінгілерге қарасаң, ене мен келінді бір-біріне жау етіп алған. Басқа елде солай болса да, қазақта мұндай болмауы тиіс» деген сөздерді үлкендердің аузынан жиі еститін болдық. Осындайда ене мектебі өз алдына үлкен институт екенін мойындауға тура келеді.

Қазақ халқы қызды ырысым, өрісім деп аялап өсірген. Өкініштісі сол, қоғамда қыздарын еркелетемін деп шектен шығарып алып жатқандар аз емес. Оған мысал, соңғы кездері әлеуметтік желілерде қыздардың топ болып төбелесіп, әлімжеттікке барып, бейәдеп сөздерді айтып жататын көріністері көбейіп кетті. «Тәрбие – тал бесіктен» деген халқымыздың дана сөзін ескерсек, осындай қыздардың ертеңгі күні бір отбасының келіні, ана атанатынын ұмытпағанымыз абзал. Өйткені, тәрбиелі, көркем мінезді қыздан дана келін шығатыны ақиқат. Ал, ұяда тәрбие көрген қыз ешуақытта жаман әдетке  бармайды. Тәрбиелі анадан тәрбиелі қыз өмірге келеді.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы зерделі ене Зере мен ұлағатты ана Ұлжанның ене мен келін ретіндегі қарым- қатынасы бүгінгі қоғамдағы ене мен келін арасындағы байланысқа өнеге болары хақ. Тарихқа үңілсек, бұрынғы қазақ қоғамында ене мен келін арасында дәл бүгінгідей кері кеткен қатынас болмағанын көреміз. Бұған қазақ тарихында «жер дауы, жесір дауы, құн дауы, ар дауы» дегендер болса да, «ене мен келін дауы» болмағаны дәлел.

– Мен келін болып түскенде, күйеуімнің әке-шешесі бұл өмірде болмады. Сондықтан, ата-енем туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ әйелдер бас қосқан жерде енелерін жамандай жөнелетіндерді көріп жүрміз. Үйінде реніш шықса, бас салып шешесіне қоңырау шалып, арызданып жататын келіншектер де бар. Кейбір аналар тұрмыстағы қыздарының өміріне араласып, «бүйт-сүйт» деп теріс ақылын айтып отырады. Енесін жақтырмағанын білдіріп, баласын орынсыз шымшылап жылататын да келіндерді де көріп жүрміз. «Қайтып келген қыз жаман» деген сөзге қалмау үшін дымын шығармай, ортадағы бала үшін шыдап жүрген келіндер қаншама? Баласын қызғанып, соңында айрандай ұйыған отбасының шаңырағын ортаға түсірген енелер ше? Осындай ене келінге қандай тәлім-тәрбие береді деп ойлайсыз? – дейді жарымен отасқанына 8 жыл болған Зәуре Серікқалиева.

Дегенмен, қазіргі заманда келіннің міндеттері өзгеріске ұшырады. Замануи өмір салтының қарқындылығы, жастардың білім алуы мен жұмысқа бейімделуі келін рөлінің бейнесін өзгертті. Бүгінде келіндер жұмыс пен үй шаруасын қатар алып жүріп, отбасының қаржылық әл-ауқатына үлес қосуда. Осыған байланысты отбасы құндылығында ене мен келіннің қарым-қатынасы да өзгеріске сай түрленді. Тек бір жай ғана сол күйі өзгеріссіз қалды. Ол – отбасының шайқалмауы екеуінің арасындағы сыйластыққа байланысты екендігі.

Отбасы құндылығы – қашанда ене мен келін  қолында. Отбасының шайқалмауында екеуінің де атқаратын рөлі жоғары. Ене келіннің жарын дүниеге әкеліп, өсіріп, жетілдірген жан болса, келін сол ер-азаматтың аманаты, оның ұрпағын көбейтетін  адам. Келіндік өмірге сіңісуге ененің атқарар міндеті, қолдауы өте маңызды. Қазақта «Келін ененің топырағынан» деген жақсы сөз бар. Бірін- бірі айтқызбай ұғысып, ақылдасып шешім шығарған ене мен келін отбасы қамалын берік ұстап қалады. Сондықтан, ене мен келін қарым-қатынасы жақсы болса, отбасында береке де орнайды.

 Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Кез келген әйел келінге ене бола алады. Бірақ келінге ана бола білу керек. Ананың парасаты қажет. Жас келінге қадалатын көз де көп, айтылатын сөз де көп, сын да көп. Киген киімі, жүрген жүріс-тұрысы, барлығы көзден таса қалмайды. Осындай кезде кім сүйеу бола білу керек? Әрине, ене.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар