Қазақстанда тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамын құрған қайраткер

Тұлға

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Біләлұлы Ниязбеков 1912 жылдың 15 желтоқсанында Ақмола облысына қарасты Астрахан ауданының Өрнек ауылында дүниеге келген. 30 жыл бойы Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Целиноград, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстық партия комитеттерінің бірінші және екінші хатшысы болып қызмет атқарған.  Осы жоғары лауазымдардағы өзінің орнын және бірегей миссиясын жете  ұғына отырып, ел тарихына елеулі үлесін қосқан тұлға.

С.Б.Ниязбеков 1965-1978 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары болды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне 6 мәрте, КСРО Жоғарғы Кеңесіне 3 мәрте депутат болып сайланды. 3 мәрте Ленин (1971, 1973, 1976 ж.ж.), 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту (1957, 1962 ж.ж.) ордендерімен, ондаған медальдармен марапатталды.

«Қазақстан! Қазақ елі деген сөз ғой. Содан Қазақстан Советтік Социалистік Республикасы деген аралыққа ой жіберсең, қаншама тарихқа шомасың, өз көңіл сарайыңа өзің жолаушылап, өз білген жеріңе дейін барып қайту үшін де талай уақыт керек болар еді». Бұл да С.Ниязбековтың соңында қалған жүрекжарды бір сөзі.

1961 жылы СОКП ХХІІ съезінде Кеңестік дәуірдегі коммунистік партияның идеологиялық бағытын айқындайтын «Коммунизм құрлысшысының моральдық кодексі» («Моральный кодекс строителя коммунизма») қабылданды.

Кезінде шетелдік, одақтық көптеген авторлар, соның ішінде И.С.Дрейслер «Коммунизм құрылысшысының моральдық кодексін» өте жақсы бағалап, «бұл жаңа қоғамдағы жаңа адамды тәрбиелеудің және социалистік тәртіпті нығайтуға аса қажетті ереже»деген.

1971 жылы Жоғарғы Кеңес сессиясында «Тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы» Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды. Заң 5 бөлімнен, 24 баптан тұрды. Заң Жобасының әлқиссасында Қазақ КСР-інің территориясында тарих пен мәдениеттің сан алуан ескерткіштері бар екендігі және бұлар қазақ даласының даналығын, оның тұрмысын, мәдениетін, өнерін, революциялық дәстүрлерін, КСРО-ның басқа халықтарымен бірге Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы қаһармандық күресін бейнелейтіндігі, бұл ескерткіштердің ғылыми, көркемдік және мәдени-тәрбиелік маңызы зор екендігі айтылады. Сабыр Ниязбековтің «Коммунизм құрылысшысының моральдық кодексіне» сүйене отырып, Қазақстандағы ұлттық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамын құруы елдің өткені мен болашағын үйлестіру үшін ұлттық мүддеге  жасалған игі шара екендігі даусыз. Тарих пен мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету, оларды еңбекшілерге патриоттық әрі эстетикалық тәрбие беру, ғылыми-зерттеу және шаруашылық қажеттері үшін орынды және тиімді пайдалану мақсатымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған қаулы бастамасында өткен ғасырдың жетпісінші жылдары С.Ниязбеков тұрғанын мойындау керек. Ескерткіштерді қорғау мәселесіне орай, белгілі ғалым Әлкей Марғұлан, мүсінші Шота Уәлиханов, фарабитанушы Ақжан Машани, Өзбекәлі Жәнібеков, Болат Сарыбаев және басқа да қоғам мүшелерінің атқарған жұмыстарының қаншалықты маңызды болғаны көпке мәлім.  С.Ниязбеков бірінші кезекте Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіруді қолға алды. Жұмыстарды қаржыландыру Мәдениет министрлігі арқылы жүргізілді, сол жылдары министрлер Мүсілім Базарбаев пен Жексембек Еркімбеков болды. Жобаларды іске асыру үрдісінде С.Ниязбеков ұлтына жанашыр Өзбекәлі Жәнібеков, музыкатанушы Болат Сарыбаев сынды кадрларға қазақ халқының тарихи-мәдени дәрежесін көтеруді сеніп тапсырды. Нәтижесінде, қазіргі Алматының Қабанбай батыр мен Қонаев көшелері қиылысқан жерінен тұрақты ғимарат беріліп, облыстарға арнайы экспедициялар жіберілді. Көптеген жәдігерлер жинақталып, Қазақстанның бірнеше қалалары мен аудандарында этнографиялық музейлер ашылды. Тарихи ескерткіштерге арналған ғылыми конференциялар өтті, кітаптар, буклеттер шықты. Тарихи мұралардың суреттері түрлі-түсті открыткалар мен пошта маркаларына басылды. Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі күрделі жөндеуден өтті.

С.Ниязбековтің Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау туралы заңды қабылдауға бастама көтергендігі жөнінде сол кездердегі Одақтық, республикалық деңгейде өткізілген іс-шаралар легі мен бірнеше сұхбаттары, баяндамалары жарық көрген.

1972 жылы, Алматыда Қазақ КСР тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамының бірінші съезі өтті. Оны С.Ниязбеков ашып, «Мәдени ескерткіштерді қорғау – барша халықтың міндеті» деген тақырыпта баяндама жасады. Орыс тіліндегі нұсқасында С.Ниязбеков мәдени мұра туралы былай дейді: «Өткеннің мәдени мұрасы біз үшін тарих саласындағы білімімізді тереңдетудің сарқылмас қайнар көзі ғана емес, сонымен бірге, қазіргі мәдениетіміздің барлық салаларымен: ғылыммен, біліммен, әдебиетпен және өнермен негізделіп қаланған іргетасы болып табылады. Адамзаттың осы салалардағы білімі мен жетістіктері қаншалықты биік болса, алдыңғы ұрпақтар жасаған материалдық және рухани құндылықтарды зерделеу мен дамыту қажеттілігі соғұрлым жоғары болатынын айту керек».

Осы баяндамада ол Каспий теңізінен Алтай тауларына дейінгі Азияның еркін кеңістігіне жайылған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы КСРО халықтарының материалдық мәдениетінің тарихында маңызды орын алатындығына тоқталды. Мәселен, қазақ жерінде алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегі жәдігерлерден бастап орта ғасырлық құрылыстарға жататын көптеген мәдени ескерткіштердің күні бүгінге дейін сақталғандығына; Қазақстанда жартас беттеріне салынған петроглифтердің көп екендігіне; Қаратауда, Хан-Тауда, Тарбағатай мен Алтайда, Солтүстік Балқаш өңірінің орталық бөлігінде, Тесіктас пен Қараүңгір тауларында, Бетпақдала мен Жетісуда кездесетініне; бұл суреттердің техникасы мен орындалу тәсілі, сюжеттері өлке тарихының және ата-бабаларымыздың тарихи-мәдени дамуының ең керемет түрлері екендігіне назар аудартты. Осы салада Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының атқарып жатқан ғылыми-іздестіру жұмыстарына оң баға бере отырып, 1957-1958 жылдары осы институттың археологиялық отрядын басқарған жас археолог, Қазақстанның палеолит дәуірінің жетекші маманы Х.Алпысбаевтың (1928-1978) еңбегіне тоқталып өткен. Хасан Алпысбаевтың жетпістен астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектері, соның ішінде «Оңтүстік Қазақстанның төменгі палеолит ескерткіштері» монографиясы бар.

Сөз соңында Сабыр Біләлұлы: «Адамзаттың осы салалардағы білімі мен жетістіктері қаншалықты биік болса, соғұрлым ілгерідегі жасалған материалдық және рухани құндылықтарды зерделеп, меңгеру қажеттігі арта түсетінін айтуым керек», – деп атап көрсеткен екен.

1976 жылдың 8-9 маусымында Алматыда Қазақ КСР тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамының екінші съезі өтті. Съезді С.Б.Ниязбеков ашып, баяндама жасады. Онда бұл қоғам өз қатарларында бір жарым миллионға дейін адамды біріктіргендігі, алты мыңнан асатын ұжым мүшелері әр саланың қызметкерлері екендігі және тұрғылықты жерлері де Қазақстанның колхоз, совхоздары, аудан орталықтары мен оқу орындары, кәсіпорындары екендігін мәлімдеген. Ғалымдар мен қайраткерлердің көмегімен мәдени мұраны сақтау жолында, жалпы, халықты патриоттық іс-шараларға тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта келе, «Бүгінгі таңда республика аумағында он бір мыңға жуық археология, өнер, тарих және сәулет ескерткіштері тіркелген», – деп атап көрсеткен. Съезде Орталық тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, қоғамның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Съезде қаралған мәселелер бойынша қоғамның орталық кеңесі мен орталық тексеру комиссиясының құрамы жаңартылып, төрағасы болып Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы С.Б.Ниязбеков бірауыздан қайта сайланды.

Сабыр Біләлұлы сонымен бірге, осы жылдары Қазақстандағы Табиғатты қорғау орталық кеңесін қоса басқарды. 1962 жылы 16 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы (төрағасы Ә.Шәріпов) «Қазақстанның табиғатты қорғау туралы» Жарлығын қабылдады. Онда пайдалы қазбаларды, суды (жер үсті және жер асты), ормандарды, жануарлар мен құстарды, атмосфералық ауа, топырақ, сирек ландшафттарды,  мемлекеттік қорғауға алу міндеттеліп, қаулы қабылданды. Қаулыдан басқа әртүрлі табиғи ресурстарды пайдалану, топырақ құнарлылығын, ормандарды сақтау, ауа мен су ресурстарын қорғау, балық аулау және аң аулау ережелері туралы арнайы нұсқаулық жасалды.

Саяси ғылымдар агенттігінің (АПН) «Советская панорама» деп аталатын журналында Қазақстандағы Табиғатты қорғау орталық кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы С.Ниязбековпен агенттіктің меншікті тілшісі Равиль Биктагировтің «Казахстанский подход к экологии» атты сұхбатында тұшымды ақпараттар қамтылған. Мәселен, Сабыр Біләлұлы ағымдағы бес жылда Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғау шараларына мемлекет тарапынан 200 миллион сом қаражат бөлінгенін, республикалық басылымдарда табиғатты қорғау жөніндегі арнайы айдарлар ашылып, энтузиастардың қатары көбейіп (2 миллионнан аса), олардың тың идеяларын насихаттауға платформа берілгеніне тоқталған. Бұдан өзге облыстық, аудандық баспасөзде, радио мен телехабарларда қоршаған ортаны қорғауға байланысты жылына 4-5 мың корреспонденция таратылатынын мәлімдеген. Сонымен қатар, Қазақстанда табиғат жанашырларының халық университеттері, мектептері мен клубтарында жылына 12 мыңға дейін өткізілетін әңгімелер мен ақыл-кеңестер де бұл қоғамның үлкен танымалдыққа ие болуына игі әсерін тигізгендігіне назар аудартты.

Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғау қоғамы сегіз секция бойынша жұмыс істеп, оған әртүрлі білім саласындағы мамандар, партия, кеңес, шаруашылық басшылары және белсенді студенттердің арасынан туған табиғатты қорғау үшін қоғамдық инспекторлар тағайындалған. Олардың тікелей қатысуымен қоғамның орталық кеңесі ғылыми-әдістемелік конференциялар ұйымдастырып, ұсыныстар әзірлеп, плакаттар шығарған. Сонымен қатар, бастауыш ұйымдардың есебі тыңдалып, үкіметке түрлі ұсыныстар енгізуге мүдделі екендіктері ескерілген.

С.Б.Ниязбеков Октябрь Революциясының 50 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүрлі ғұрыптық мәдениетіне қатысты соны ойларын ортаға салған. Онда  «Сан ғасырлар бойы өзінің халықтық тарихы мал шаруашылығымен егіз жаралған қазақ елі бұл шаруашылық мәдениетінің ең шырқау шыңына жеткен халық. Осы уақытқа дейін өз ісімен кәсіптес, тұрмыстас, тағдырлас халықтардың ішінде қазақ халқы малмен байланысты өмір қажеттері – азық-түлік, құрал-жабдық, тұрмыс-салт, жер тану, шөп білу, қыстау-жайлау, күн бағу, ауа райын болжау, тағы басқа толып жатқан мәселелерде мүлде басы озық халық екені қазір мәлім болып отыр. Адамзат баласының сонау малды қолға үйреткен дәуірінен бастап осы күнге дейінгі қоғамдық формациялардың бәрінің бойында қазақ халқы мал ұстау, бағу-қағу мәдениетін үздіксіз өркендетіп келген. Жай ғана ұсақ мысалдан алсақ – қазақтың ет тағамын сүрлеу (консервация) шеберлігіне Азияда Моңғолия, Ауғанстан, Иран жұртшылығы, Африкада Сомали, тағы басқа елдер таңғажайып әсерде қалғанын көзіміз көрді. Ал, кигіз үйдің өзінің бар сүйек-мүсінін, ұсақ бөлшектерін, оның шапшаң жиналып, тігілуін суреттеуге, шығу тарихын баяндауға уақыт кетер еді. Осының бәрі  де жалған тарихшылар айтқандай, көшпенділіктің тағылықпен туыстығы емес, аса үлкен де үстемдік алып келген халықтық мәдениеттің тамырымен сабақтас екендігін танытса керек. Қазақ халқының аса бай және дүние тану тұрғысынан зор үлгісі, этногенезі, сыр-сипаты мол қасиеті бар халық екенін әлі зерттей түсуіміз, көз жеткізуіміз керек», – дей келе, қазақ тілі туралы да сөз қозғады.

«Осыған орай, айта кететін бір жайт – қазақ халқының тілі, сөйлеу тілі, ана тілі жайында. Әлі күнге дейін тіл ғылымының мамандары осыншалық кеңістікті, ғажайып территорияны мекендеп келе жатқан бұл халықтың тілінің тұтастық, бірлігін қалай сақтап қалғандығының сырын аша алмай келеді. Түрік нәсілдес халықтардың ішіндегі жер мекені ең зор, ең алыс және жол қатынасы мүлде жоқ десе болғандай қазақ халқы тіл тұтастығын қалай сақтаған?! Атыраудан Алтайға дейін, Арқадан Алатауға дейін ол кезде ай түгіл, жылында араласып отырған ел жоқ. Тіл тарихының бұл ғажайып құбылысы да көп ойларға жетелейді. Тіл демекші, қазақ халқы өзінің тарихын ықылым замандар бойы поэзиясы мен музыкасында сақтап келгені белгілі. Әншейінде «бір ауыз өлең айтпайтын қазақ жоқ» – дей саламыз. Ал ол неге олай? Оған назар салып, ой жіберіп жатпаймыз», – дегенінен ана тілінің болашағына айқын алаңдаушылығын байқауға болады. Одан әрі сөзін: «Жоғарыда айтқан Қазақстанның экономикалық күш-қуаты, одақтас республикалар өміріндегі алатын орны, бар жетістігі, дәулет байлығы Қазақ халқының халықтық сипат жағынан да көз көрмеген жеңістерге жеткенін баяндайды. Оның осы алпыс жыл ішіндегі рухани өсуі тағы да сол біз айтқан тарихи құнарлы топыраққа түскен Октябрь дәнінің ұлан-асыр өркен жайғанын көрсететін құбылыс. Қаныш Сәтпаев бастаған талантты ғалымдар, әлем ғылымының трибунасынан сөйлеп жүрген ірі оқымыстылар немесе қазақ халқының біз айтып өткен тамаша елдік қасиеттерін дүниеге сипаттап берген Мұхтар Әуезов бастаған осы күнгі әдебиет қайраткерлері, халық поэзиясының алыбы Жамбыл, күйінің анасы Дина, әнінің бұлбұлы Күләш Бәйсейітова бастаған өнер шеберлерін айтсақ та жеткілікті. Бұлар сонау көне де асыл мұраларды мәпелеп, қорғап осы күнге жеткізген, жаңа – түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетке жалғастырған, одан әрі дамытқан қайраткерлер. Тарихтың жаңа кезеңінде осы асыл дәстүрді одан сайын алға апару – біздің асыл борышымыз», – деп түйіндейді.

Осындай әлеуметтік, политологиялық және философиялық талдаулар бізге де ой салады. С.Б.Ниязбековтің өзіндік ойын қорыту нәтижесі партия-совет мектебінде К.Маркс еңбектерімен жете танысқандығы және мәдениет философиясына баса назар аударғандығынан болар деп топшылаймыз. Өйткені, мәдениет философиясы өзге елдер қол жеткізген мәдениет деңгейін бағалай білу үшін, ең алдымен, өз ұлтының мәдени  болмысын білуден басталады. Бұл орайда, С.Б.Ниязбековтің өз елінің тарихи-мәдени нысандары – Ескерткіштерді қорғау қоғамын құрып, төрағалық етуі және бұл Кеңестік дәуірдегі ізгі бастаманың бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары арқылы жалғасып келе жатқаны ерекше ескерілуі тиісті мәселе.

Сабыр Біләлұлының әлі жарық көрмеген қолжазбалары бар. Онда өзінің ата-тегі, өмірден түйгендері, араласқан дос-жарандары туралы естеліктер қалдырған. Сары дәптерлердің бірінде «Адамдар өздерінің әл-ауқатын жақсартуға ұмтыла ма,  ғылым заңдарын ашуға ынталы ма, әлде қазіргі бар әлеуметтік және саяси жүйені өзгертуді армандай ма – барлық мотивтерді тек шындық ұсынуы мүмкін. Олар қиялындағы бақытты болудың үлгісін,  өмірден алынған тәжірибе мен ақпарат,  білімнің ауқымында синтездейді.  Сондықтан, өз жоспарын жүзеге асыруға кіріспес бұрын, олар бұрыннан білетін, білмегені жоспардың объектісі бола алмайтын материалдар мен құралдарды ескере отырып қана, өздерінің қиялындағы бақытының үлгісін жасайды. Өйткені, адамдарды өздері білмейтін, түсініксіз әлемдердің үмітке жетелеуі мүмкін емес. Сондықтан да, адамдардың арман-тілектері өздерінің шынайы өміріндегі ең жақсы үміттері мен ұмтылыстарына байланысты орындалады», – деп жазған екен. Мұны биік деңгейде топшылайтын жанның озық ой үлгісі десек артық емес.

Қазақстан өз дамуының қазіргі кезеңінде бұған дейінгі барлық тарихи оқиғалардың шынайы құндылығын түсінуге және объективті баяндауға бағытталған отандық тарихты жан-жақты зерттеуді қолдай отырып, онда ізі қалған тұлғалардың ғұмырнамасын зерттеуде бастапқы теориялық-әдіснамалық көзқарастарды қайта қарастыру мәселелеріне ойысқаны байқалады. Осыған байланысты түрлі кезеңдердегі тарихты қабылдау мен түсіндірудің жаңа тұжырымдамаларының мүмкіндіктері ашылмақ. Ал, бұл бізді сол кездегі белгілі бір кедергілерге қарамастан, өз жоғары лауазымында ұлт мәселелерін алдыңғы кезекке шығаруға мүдделі болған Сабыр Біләлұлы Ниязбековтің азаматтық, қайраткерлік болмыс-бітіміне де тереңірек бойлата түседі.

Сымбат АХМЕТОВА,
тұлғатанушы, саясаттану ғылымдарының докторанты.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар