ДАРАБОЗ
Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауиннің қайтыс болғанына бір жылдың жүзі болып қалды. Ол 2025 жылы 9 қаңтарда АҚШ-тың Вашингтонынан 140 шақырым жердегі Силвер Сприц қаласындағы өз үйінде көз жұмды.
Бұл осы елдің Мэриленд штаты. Осы бір қаралы хабар лезде бүкіл қазақ даласына тарап, одан құлақтанған әрбір жанның жүрегін ауыртқаны анық.
Мұхтар Мағауин – қазақ әдебиеттану ғылымында ғылыми зерттеулерімен де, көркем шығармалар жазған жазушы ретінде де өшпес ізін қалдырған үлкен тұлға. Бір дәуірдің ғылымы мен жазу-сызу өнерінде, көркемдік ойлау жүйесінде айрықша орын алған азамат.
Биылғы жылы әрі Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркияның Халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, тарихшы, қазақ әдебиетінің аса дарынды өкілі Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің туғанына 85 жыл толып отыр. Атақты жазушы 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген болатын. Осы айтулы датаға орай, жыл басында біздің Көкшетау қаласындағы Бірлік үлгілі кітапханасы «Әдебиеттің алып тұлғасы» атты әдеби кеш ұйымдастырылғанын да айта кетуіміз керек.
Мұхтар Мағауин 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын 1965 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде меңгеруші болып бастады. Ал, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген. Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметпен айналысып, 1984-1986 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы болды. 1987 жылы тағы еркін шығармашылық қызметте болып, 1988 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы республикалық әдеби-көркем «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып қызмет атқарды.
Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. «Қобыз сарыны» атты атақты ғылыми монографиясы 1968 жылы жарық көріп, Мұхтар Мағауинді бірден талантты әдеби сын өкілдерінің қатарына қосты. Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды. «Көкмұнар» романы 1972 жылы, «Бір атаның балалары», (повестер мен әңгімелер), «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы, 1980-1982 жылдары, «Шақан Шері» романы, «Мен» ғұмырбаяндық роман-хамсасы, «Құмырсқа-қырғын» (әңгімелері), «Ұлтсыздану ұраны» мақалалар жинағы және тағы басқа кітаптары жарық көрген. Соңғы жылдары жазған шығармаларының ең шоқтықтысы Шыңғыс хан туралы кітабының төрт томдығы басылып шықты. Көптеген шығармалары орыс тілі мен шетел тілдерінде басылған.
Мұхтар Мағауиннің шығармаларын оқымай, қазақ халқын таныдым, білдім деуге болмайды. Жазушының том-том еңбегінде ұлтымыздың өткен-кеткен тарихы, тағдыры, жақсысы мен жаманы, серілігі мен жомарттығы, ащы өкініші мен тармаңдай тағдыры, бәрі-бәрі бар. «Аласапыраннан» «Жармаққа» дейін, «Тазының өлімінен» «Ұлтсыздану ұранына» дейін, «Қобыз сарынынан» «Алтын Ордаға» дейін қаншама еңбек, бірақ, оқылмай елеусіз қалған біреуі жоқ. Алыста жатып та жазушының жарық көрген әрбір еңбегі елді елеңдетті. Ілуде бір туатын Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің ешкімге ұқсамаған жолы мен бақыты да сонда. Былтыр сонау алыста мәңгілік мекеніне бет бұрған айтулы қаламгердің рухы шат болғай!
Гауһар ТОҚҚОЖИНА.
![]()

