Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аймақтағы барлық деңгейдегі әкімдер форумын өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осының алдында еліміздегі барлық деңгейдегі әкімдермен кездесу өткізген еді. Соның ізінше, біздің облыста да жаңа экономикалық жағдайларға, әсіресе, ауылдық елді мекендерді дамытуға байланысты маңызды форум болып өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі, халқымыздың тамыры ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ» деп айтқаны есімізде. Ал, ол үшін халық сайлаған әкімдер ел игілігіне жұмыс істеп, бәсекелестікке қабілетті орта қалыптастыруға тиіс. Ақмола облысында алғаш рет өткен барлық деңгейдегі әкімдердің форумы осының бір айғағы. Ашық форум ауылдық, аудандық және облыстық жергілікті басқару органдарының өкілдерінен құралған жергілікті басқарудың жалпы әлеуетін бағалауға мүмкіндік берді. Биыл экономикалық өсім ғана емес, жаңа талаптарға бейімделу деңгейі сыналған кезең болды.
Форум ресми болғанымен, жеткізу, түсіндіру тілі қарапайым. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, әдеттегідей, өзінің көпшілікке түсінікті сөйлеу мәнерінде, бірақ, анық деректерге сүйене отырып, әкімдермен ашық диалог форматында тілдесті. Талапшыл облыс әкімі өз кезегінде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуының тетіктеріне тоқталып, көшке ілесе алмай қалған кейбір ауыл әкімдерін сынға алды. Мұнысы да орынды. Себебі, түзетуге болатын кемшіліктерді айқын көрсетіп, оның шешімін айқындағанда ғана, көрсеткенде ғана сол сын оң нәтижесін береді.
– Бүгінде бағалау жүйесі түбегейлі өзгерді. Біздің астықты артығымен жинағанымыз емес, оған халық қаншалықты қанағаттанып отыр, тұрғындарға тигізер пайдасы қандай? Соны ойлау керек. Неліктен, ауыл шаруашылығындағы еңбеккерлердің жалақысы көтерілмей жатыр? Не себепті жинаған өніміміздің 87 пайызы бәрібір шикізат күйінде кетеді? Міне, мәселе қайда жатыр. Неге? Өйткені, инвесторларға мүмкіндік бермейміз, бермек түгіл бөгет боламыз. Жаңа жұмыс орындарын қалыптастыра алатындарға, салық түсімін қалдыратын, жалақы мөлшерін көбейте алатындарға мүмкіндік берудің орнына тамыр-таныстарымызды тартуға тырысамыз. Мен осы параметрлерден-ақ сіздердің жаңа жүйеге әлі бейімделмегендіктеріңізді бағамдап отырмын. Сіздердің басқару тәсілдеріңіз мүлдем басқа. Ірі инвесторды ауқымды жобаға тартып, сол негізгі жобаның айналасында жұмыс істейтін шаруашылықтарды топтастырып, өздерін де, өзгелерді де жұмыспен қамтып, салықтарын төлеп отыруға болар еді. Міне, ауылды өркендетудегі жетістікке жету жолы осындай. Ал, бізде ол жоқ, өздеріңіз 380 мың теңге жалақы алсаңыздар болды. Әлде сіздер шаруашылықтарды аралап жүрмейсіздер ме? Мен шаруашылықтарды аралаймын. Сіздер бәрін білесіздер. Сонда еңбеккерлердің жалақысынан бейхабарсыздар ма?, – деді Марат Ахметжанов.
Расымен, Ақмола облысы астық өндіруде жыл санап рекордтық көрсеткішін тек жаңартумен келеді. Биылдың өзінде 250 мың тонна «Хай про» өнімі Еуро Одаққа экспортталды. Бұл нені білдіреді? Ақмоланың астығы әлемдік нарықта құнды, бағалы, қажет деген сөз. Өңірде жыл ішінде экономиканың барлық негізгі көрсеткіштері өсті, ауыл шаруашылығы рекордтық нәтижелер көрсетті. Облыста астық пен майлы дақылдардың мол түсімі жиналды, индустриялық жобалар іске қосылуда, қайта өңдеу кеңеюде, агросектор цифрландырылуда, реновация бағдарламалары жүзеге асырылуда, «Ауыл аманаты» аясында ауылдарды қолдау жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан, форумда осы шешімдердің ауылдар мен аудандар деңгейінде қалай жұмыс істейтіні талқыланды. Дегенмен, соңғы жылдардағы оң өзгерістерге дейінгі тиісті тұлғалардың жіберген ағаттықтары да айтылды.
– Бір ғана «Ауыл аманаты» бағдарламасын алып қарайықшы. Өте жақсы бағдарлама. Бәрі тайға таңба басқандай етіп жақсы жазылған. Бірақ, оны біз неге айналдырып жібердік?! 2022-2023 жылдар аралығында бұл бойынша ешқандай нәтиже жоқ. Керісінше, олар жемқорлықты туғызды. Иә, жаңа жұмыс орындары пайда болуы керек еді. Бірақ, салық, халықтың өзін-өзі қамтуы… Ал, неге бұлай болып кетті? Өйткені, аудан, ауыл әкімдері, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, бәрі жан-жаққа тартады. Әрқайсысында әртүрлі көрсеткіштер, біркелкі ортақ бағалау жүйесі жоқ. Үлкен мемлекеттік деңгейдегі тамаша бағдарламалардың біздің олқылықтарымыздың кесірінен жүзеге аспай жатуы мені таңқалдырады. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, сіздер жобаны түбегейлі қайта қарап шығуларыңыз керек. Яғни, біз бұл бағдарлама бойынша қосымша 10 миллиард теңге көлемінде қаржы тартқымыз келеді. Бірақ, бұл енді бақыланып отыратын болады. Әкімдер, сіздерге «Ауыл аманатының» әрбір қатысушысына, процедурасына жауапкершілік жүктеледі, – деді Марат Ахметжанов.
Форумда ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қаралды. Мысал ретінде Ерейментауда жүзеге асырылып жатқан ірі жоба көрсетілді. Бірнеше мың бас қалмақ тұқымды ірі қараға арналған репродуктивтік кешен мен бордақылау алаңы құрылуда. Инвестициялар көлемі миллиардтаған теңгемен есептеледі, 200-ден астам жұмыс орны құрылады.
– Біз ауылда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды құрып, жеке қосалқы шаруашылықтарды ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға тартудамыз. Қазір екі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жұмыс істейді, қосымша үш әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрудамыз. Бұл 15 жаңа жұмыс орнын ашады. Кәсіпорындардан түсетін салық ауылда қалады, табыс артады. Оны жол салу, абаттандыру, инженерлік желілерді жаңғыртуға жұмсауды жоспарлап отырмыз, – деп Айдабол ауылының әкімі Николай Водовозов өз тәжірибесімен бөлісті.
Форумда облыс орталығы Көкшетау қаласы мен төрт ауданда жүзеге асырылып жатқан реновация бағдарламасына жеке назар аударылды. Ескі үйлерді жаңаларымен ауыстыру бойынша жобалар жасалып, қатысушыларға жұмыста пайдалануға болатын модель ретінде ұсынылды.
Бұланды ауданы әкімдігіне қазірден бастап су тасқыны кезеңіне дайындалу тапсырылды. Енді тасқынның салдарымен емес, себебімен күресу жолға қойылуы тиіс. Бұл инженерлік инфрақұрылым мен жоспарлауға деген көзқарасты өзгертеді. Ол үшін өңірде цифрлық шешімдер қолданылуда.
– Цифрландыру және архивтер басқармасы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп, абаттандыру, төтенше жағдайлардың алдын алу, соның ішінде су тасқынын болжау үшін «Біртұтас дрондар инфрақұрылымы» жобасын іске асыруда. Қыс мезгілінде дрондар арқылы жылу шығыны анықталады, ол заңсыз қоқыс қалдықтарын табуға да көмектеседі. Көкшетауда осындай тәсілмен заңсыз құрылыс жүргізудің екі фактісі анықталды, – деді «Диджитал Ақмола» орталығының бас маманы Сәуле Сембаева.
Басқарудың сандық жүйесіне өту дрон жіберумен шектелмейтіні белгілі. Барлық мектептер интернетке қосылған, байланыс базалық станциялары жаңғыртылды, ауылдарды интернетке қосу туралы келісімдер жасалды. Шалғай елді мекендерді спутниктік интернетке қосу технологиясы пилоттық режимде іске асырылуда.
Төртінші деңгейдегі бюджеттердің дербестігін арттыру форумның жеке тақырыбы болды.
– Түсімдерді көбейту және трансферттерге тәуелділікті төмендету – әр округ әкімінің маңызды міндеті. Астрахан, Жалтыр, Балкашин ауылдық округтері, Жолымбет және Бурабай кенттері, Щучинск, Атбасар және Макинск қалаларын өзін-өзі қамтамасыз ете алатын деп есептеуге болады. Олар аудандық бюджетке 908 миллион теңгеден астам қаржы аударды, – деді Марат Ахметжанов.
Экономикалық блок индустриялық аймақтар мен инвестициялау мәселелерімен толықты. Аршалыда жоспарланып отырған жоғары жалақымен қамтамасыз етілетін 5 мың тұрақты жұмыс орны жоспарланған индустриалдық аймақтан көп үміт күтілуде.
– Есеп беруге иек артпаңыздар, өйткені, ол адамдардың мәселесін шешпейді. Ең маңыздысы, халықтың әл-ауқатын арттыру. Ауыл шаруашылығы – біздің стратегиялық ресурсымыз. Агроөнеркәсіптік кешен саласында терең өңделген өнім өндірісіне бағыт алдық. Облыста ірі цифрлық шешімдер енгізілді. 49 «ақылды» ферма жұмыс істейді. Үш миллион гектардан астам егістік жер, яғни, өңірдегі барлық ауыл шаруашылығы жерлерінің жартысынан көбі цифрландырылды. Келесі қадам – облыс алдағы жылы ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу бойынша көшбасшы болуы тиіс, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Облыс әкімі, сондай-ақ, Жарқайың ауданының әкімдігін 900 мың тонна жиналған астық үшін ауданның еңбегіне оң баға беріп, биылғы көрсеткішті келесі жылы арттыру қажеттігін атап өтті. Іс-шара соңында бірнеше әкім Алғыс хат пен арнайы сыйлықтарға ие болды. Үшқарасу ауылының әкімі Серік Алтынбекұлы Мусин әлеуметтік мәселелерді шешудегі белсенді еңбегі үшін Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Отрадный ауылдық округінің әкімі Бейбіт Мырзалыұлы Есентаев ауылдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қосқан үлесі үшін арнайы сыйлыққа ие болды. Осындай марапаттарға ие болған әкімдер қатары баршылық.
Форум панельдік сессиялармен жалғасты, онда әкімдер цифрландыру, бюджетті жоспарлаудағы жаңа тәсілдер, агроөнеркәсіптік кешеннің даму перспективалары, инвестициялар тарту және басқа да мәселелерді кеңінен талқылады.
Осылайша, ауыл экономикасын ілгерілетуге, халықтың әл-ауқатын дамытуға бағытталған форумда Марат Ахметжанов ауыл әкімдерін еңбектеріне қарай бағалап, марапаттау арқылы одан әрі ынталандыра түсті. Ең бастысы, өңірлерді дамытуда тұрғын үй құрылысынан бастап, жаңа индустриалдық аймақ жобаларына дейін көп мәселені шешуде сапалы сервистік қызмет көрсетуге әзір инвесторларды тарту аса маңызды екені айтылды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.
![]()

