Президенттің  Көкшетауда ЖЭО салу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы тексерілді

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Президенттің энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, жаңа қуат көздерін арттыру және өңір инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Премьер-Министрдің сапары кезінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бірге болды.

Көкшетау қаласында салынатын стратегиялық маңызы бар жылу электр орталығы (ЖЭО) жобасын жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Аталған нысан Мемлекет басшысы ерекше мән беріп отырған Семей және Өскемен қалаларындағы стансалармен қатар ЖЭО тізбесіне кіреді.

Құрылыс алаңын аралау кезінде Премьер-министр болашақ энергия нысанының техникалық параметрлері және жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов ЖЭО құрылысына ауданы 227 гектар жер телімі бөлінгенін, сондай-ақ, күл-қож қалдықтарын жинайтын алаң үшін қосымша 130 гектар жер қарастырылғанын баяндады. Стансаның жобалық қуаты шамамен 240 МВт, ал, жылу қуаты кемінде 520 Гкал/сағ болады. Сонымен қатар, қаланың келешектегі өсімі мен өңірдің қажеттіліктерін ескере отырып, қосымша су жылыту қазандықтарын орнату арқылы жылу қуатын тағы 300 Гкал/сағатқа дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылуда.

Қазіргі уақытта бірқатар бастапқы жұмыстар аяқталған. Атап айтқанда, күштік трансформатор орнатылып, уақытша жолдар мен құрылыс штабы салынды.

Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, келесі айдан бастап жоба белсенді құрылыс кезеңіне өтеді. Жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың І тоқсанына жоспарланған. Энергия нысандарының құрылысына шамамен 2,5 мың адам тартылады, ал, пайдалануға беру кезеңінде 400-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жоба аясында кәсіпорынның экологиялық қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. ЖЭО-да «таза көмір» технологиясы енгізіледі. Түтін газын кешенді тазарту жүйесі төмен эмиссиялы қыздырғыштар, катализаторлар және электр сүзгілерді қамтиды. Сонымен қатар, түтін газдарын өңдеу кезінде құрылыс саласында пайдалануға жарамды гипс түзілетін күкірт тазарту реакторы орнатылады. Осылайша, станса ҚР Экологиялық кодексі талаптарына толық сәйкес болады.

Олжас Бектенов Көкшетау ЖЭО-сының құрылысы өңір инфрақұрылымын дамыту және оның өсіп келе жатқан қажеттіліктерін ескере отырып, халықты сапалы әрі үздіксіз жылу-энергиямен қамтамасыз ету үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Тек Көкшетау қаласының өзінде 2035 жылға дейінгі кезеңде жылу энергиясына деген қажеттілік сағатына 840 Гкал-дан асады деп болжанып отыр. Жыл сайын қалада 200-240 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, жаңа әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар, спорт мекемелері ашылуда.

Стансаның іске қосылуы өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға, қуат резервін қалыптастыруға және жылу жүйесінің ұзақмерзімді тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Көкшетаудың 195 мыңнан астам тұрғыны, оның ішінде Станционный кентінің халқы жылумен қамтылады. Сонымен қатар, 600-ге жуық көппәтерлі тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етіледі. ЖЭО құрылысы қаланың дамуына серпін беріп, жаңа кәсіпорындардың ашылуына ықпал етеді. «Самұрық-Энерго» АҚ мәліметінше, жобаны 2029 жылдың наурыз айында аяқтау жоспарланған.

Жалпы, ҚР Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы жылдары республика бойынша апатты жағдайда тұрған ЖЭО саны айтарлықтай азайған. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған 37 ЖЭО-ның 19-ы «қызыл» аймақта, 11-і «сары» және 7-еуі «жасыл» аймақта болған. Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша жағдай жақсарды: 9 станса «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, тағы 3 станса «сарыдан» «жасыл» аймаққа көшті. Нәтижесінде, қазіргі уақытта 17 ЖЭО – «сары» аймақта, 10 – «жасыл» аймақта.

Нысанды аралау қорытындысы бойынша Премьер-министр жауапты министрліктерге, жергілікті атқарушы органдар мен тиісті ұйымдарға барлық қордаланған мәселені жедел түрде шешіп, жұмысты белгіленген мерзімнен кешіктірмей, кідіріссіз  әрі уақтылы жүзеге асыруды тапсырды.

 

Премьер-Министр Олжас Бектенов Ақмола облысында осы жолы Президенттің  өнеркәсіптік әлеуетті дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын да тексерді.

Олжас Бектенов Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру жөніндегі жобаларға арналған Kokshe Industry индустриялық аймағының дамуымен танысты. ИА аумағында жүзеге асырылып жатқан жаңа өндіріс нысандарын аралап көрді. Олардың қатарында «ММ Brick» ЖШС-нің кірпіш зауыты, «Содружество Казахстан» ЖШС-нің майлы дақылдарды қайта өңдеу кешені, «Кедентранссервис» АҚ-ның Қазақстан-Қытай құрғақ портын логистикалық терминал салу жобасы және тағы басқалар бар.

Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев индустриялық аймақтың жалпы ауданы 600 гектарды құрайтынын, қазіргі уақытта 2026-2027 жылдарға іске қосу жоспарланған, 670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, жалпы сомасы 22,7 миллиард теңге болатын жобалар жүзеге асырылуда екенін баяндады. 2030 жылға дейін 520 миллиард теңгеден астам сомаға 40-қа жуық инвестициялық жоба тарту көзделген. Индустриялық аймақтың инвестицияларды тарту және жаңа өндірістерді іске қосу жұмыстарында негізгі платформа ретіндегі рөлі атап өтілді. Сонымен қатар, инженерлік және көлік инфрақұрылымын алдын ала жүргізу қажеттігіне назар аударылды.

«Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС алаңында Премьер-Министр ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканы шығару бойынша кәсіпорынның өндірістік қуаттарын қарап шықты. Зауыттың ағымдағы қызметі мен даму жоспарлары туралы бас директор Олег Балыбин баяндады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 65 миллиард теңгеге 4 мыңнан астам техника өндірді. Өндірісті кеңейту бойынша жобаның төртінші кезегі жүзеге асырылды: 3 миллиард теңгеден астам инвестиция өндірісті жылына 5 мыңға дейін ұлғайтуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға, өнімділікті арттыруға және отандық жеткізушілермен кооперацияны күшейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта индустриялық аймақ аумағында ауыл шаруашылығы, арнайы және коммуналдық техникаларды өндіру қуатын жылына 6 мың бірлікке дейін кеңейту жобасы жоспарлануда. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 10 миллиард теңгеге дейін жетеді. Бүгінгі таңда кәсіпорында 400-ге жуық адам жұмыс істейді.

Премьер-Министр индустриялық жобаларды жедел іске қосудың және машина жасаудағы локализациялау деңгейін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне және Ақмола облысының әкімдігіне «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС өндірісін кеңейту жөніндегі жоспарларды қолдауды, инфрақұрылымды уақытылы жүргізуді және Kokshe Industry индустриялық аймағының аумағында инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар