Көкшетау қаласында «Ауыл» партиясы Орталық аппарат басшысының орынбасары Нұрхат Серікқалиұлының және өңірдің белсенді жастарының қатысуымен «Цифрландыру және жасанды интеллект» атты аймақтық форум өтті.
«Ауыл» партиясы мен «Ауыл жастары» жастар қанаты ұйымдастырған бұл жиын ауыл жастарына заманауи технологияларды игеруге және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашуды көздейді. Іс-шара барысында қатысушылар цифрлық дамудың болашағы мен жаңа мамандықтардың қыр-сырына қатысты өзекті ақпараттармен танысты.
Жиынның негізгі спикері ретінде сөз алған Нұрхат Серікқалиұлы жастардың бастамаларына қолдау білдіріп, оларды заман ағымына бейімделуге және қоғамдық жұмыстарда белсенді болуға шақырды. Форум аясында тәжірибелі мамандар мен IT саласының өкілдері өз білімдерімен бөлісіп, ауылдық жерлерде жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығын түсіндірді. Бұл диалог алаңы қатысушыларға цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін талқылап қана қоймай, болашақ даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген бір топ жас Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының Төрағасы С.Егізбаевтың арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Мұндай марапаттар мен кездесулер жастардың жаңа идеяларды жүзеге асыруға деген құлшынысын арттырып, олардың кәсіби тұрғыда өсуіне үлкен серпін бермек. Форум жастар арасындағы байланысты нығайтып, тәжірибе алмасудың бірегей алаңына айналды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

