Батырға тән қасиетімен танылған

Ерлік – ұрпаққа ұран!

Ақмола, Көкше өңірлері батырлық пен қайсарлықтың да асқақ ордасы. Бұған кешегі сұрапыл майданда от кешіп, Кеңес Одағының Батыры атанған айбынды жерлестеріміздің өшпес даңқы толық дәлел.

Сол сұрапыл соғыстың алғы шебінде жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып, бейбіт күнде де еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген бірегей тұлға – Базкен Естаупов. Әскери қызмет жылдарында Фин, Маньчжурия соғыстары мен Ұлы Отан соғысына қатысқан Базкен Естауұлы (әкесінің азан шақырып қойылған есімі Есмағамбет) аты аңызға айналған Қанай бидің тікелей ұрпағы. Ата-бабасынан дарыған қайсарлық, батылдық пен жауапкершілік қасиеті әсіресе, соғыс жылдарында айқын көрінді.

Ол 1938 жылы Көкшетау аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылған. Аға сержант Ұлы Отан соғысы кезінде 191-ші артилериялық полкта жойғыш танкіге қарсы бригада есептобының командирі болып, алғы шептегі ауыр шайқастарға қатысады. Украинаны жаудан қорғап, фашистерден азат етуге атсалысады. Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі құжаттарда оның жауынгерлік ерліктері жөнінде мәліметтер сақталыпты. Оған көз жіберсек, 1944 жылдың 20 тамызы күні қарсыластың 165 биіктік маңындағы мықтап бекінген қорғаныс шебін бұзу кезінде Базкен Естаупов батылдық пен табандылық танытқан. Ол қол пулеметінің оғымен жау ұшақтарының зеңбірекке тұтқиылдан жасаған шабуылын тойтарып, әскери техниканың сақталуын және жауынгерлік тапсырманың орындалуын қамтамасыз еткен. Украинаның Родень елді мекені маңында батареяның алғы шебінде болып, өзінің пулеметімен орман шетіне бекінген жаудың автоматшыларына бытырата оқ атқан.

1945 жылдың наурызында ауыр жараланғаны да майдангердің жігерін жасыта алмаған. Госпитальдан емделіп шыққаннан кейін ол қайта сапқа оралып, Қиыр Шығыстағы соғыс аяқталғанға дейін әскери қызметін жалғастырған.

Қан майданда көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Базкен Естаупов «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және Ұлы Жеңістің бірнеше мерекелік медальдарымен марапатталыпты.

Соғыстан кейін елге аман-есен оралған Базкен ата ел игілігі жолындағы еңбегін одан әрі жалғастырған. Көкшетауда комендант әрі түрме бастығы қызметтерін атқарып, әріптестері мен қала тұрғындары оны принципшіл, тәртіпті әрі әділ азамат ретінде таныған екен.

Немересі Мереке Естауповтың айтуынша, майданда алған тәжірибе аталарына бейбіт өмірде де талай рет көмектесіпті. Көкшетаудың көнекөз тұрғындары бүгінге дейін қала аңызына айналған бір оқиғаны ерекше ықыласпен еске алып жүретін көрінеді. Бірде Базкен Естауповқа аса қауіпті қылмыскерді ұстауға тура келеді. Сол сәтте қолында қызметтік қаруы болмаса да, офицер абдырап қалмапты. Сабырлық пен тапқырлық танытқан ол жерден қарапайым таяқты көтеріп алып, қараңғылықта оны қылмыскердің арқасына тақап тұрып:

– Қолыңды көтер! Атамын! – деп нық дауыспен бұйрық береді.

Артында қарулы милиция қызметкері тұр деп ойлаған қылмыскер еш қарсылықсыз бағынады. Базкен Естаупов оны жалғыз өзі комендатураға дейін жеткізеді. Тек жарық түскен кезде ғана қылмыскер өзіне бағытталған «қарудың» кәдімгі таяқ екенін түсінеді. Алайда, ол кезде тым кеш еді, себебі, қылмыскердің қолына кісен салынып қойылған болатын.

Бұл оқиға кейін ұзақ уақыт бойы Көкшетау милициясы қатарында кәсіби шеберліктің, сабырлылықтың және майдангерге тән тапқырлықтың үлгісі ретінде айтылып жүрген.

Майдангердің өмірлік тірегі, зайыбы Еркетай Тыныштыққызы болды. Еңбек ардагері атанған ол бар ғұмырын отбасы тәрбиесіне, бала өсіруге және бейбіт еңбекке арнаған жан. Ерлі-зайыптылар соғыстан кейінгі қиын жылдарды бірге еңсеріп, еңбекке құрметті, отбасылық құндылықтар мен ата-баба аманатына адалдықты сақтай білді.

Күйбең тіршілікте де, өзі еңбек еткен қызметте де адами қасиетін жоғары ұстаған Базкен Естауұлы 1981 жылы дүниеден өтті. Еркетай Тыныштыққызы екеуінің жарқын бейнесі мен өнегелі ғұмыры ұрпақтарының  жадында мәңгі сақталған. Бүгінде ержүрек майдангердің балалары мен немерелері арасында ата жолын қуып, отбасылық дәстүрді мақтанышпен жалғастырып, құқық қорғау органдарында абыроймен қызмет атқарып жүргендері де бар.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар