Дін тұлғалылары
Ұлттық тарихтың ақтаңдақтарын қалпына келтіру және тарихи жадыны жаңғырту, бүгіндері отандық гуманитарлық ғылымның басты басымдықтарының бірі. XX ғасыр басындағы аласапыран тарихи оқиғалар мен қоғамдық-саяси өзгерістер кезеңінде ұлттың рухани сүйенішіне айналған өңірлік тұлғалардың еңбегін зерделеу ерекше маңызға ие. Осы орайда, Бектас молданың немесе Жұмабайұлы Бектас өмірі мен рухани-ағартушылық мұрасын кешенді түрде қарастыру сол дәуірдің социомәдени кескін-келбетін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Зерттеудің өзектілігі, ел ішіндегі сауаттандыру процестері, дәстүрлі ислам мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығы аясында Бектас молданың бітімгерлік, ұстаздық және моральдық-этикалық феноменін сараптаумен айқындалады. Бектас молда туралы мақалалар, өзі жазып қалдырған мұралар жоқ. Бірақ, артынан өшпес із қалған. Сол ізбен бізде жүріп көрелік деп қолымызға қалам алдық.
Ел арасында Бектас Жұмабайұлы 1880 жылы Баратай ауылында дүниеге келген делінеді. Ал, құжаттарында Жумабаев Бектас 10 қыркүйек 1881 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Октябрь ауданындағы Ленин ауылында дүниеге келген деп жазылыпты. Әрине, 1880 жылы «Октябрь» немесе «Ленин» атаулары әлі болған жоқ. Орта жүз Арғын тайпасының Қарауыл руының Шұңғырша тармағынан, оның ішінде Шұғыл атасынан, Шұғылдың Байтүмен әулетінен тараған Жұмабайдың төрт ұлының кенжесі Бектас қазіргі Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Баратай ауылының маңындағы атажұрты Тасбике деген жерде дүниеге келген. Баратай ауылы тек солтүстік аймаққа емес, бар қазақия жеріне дін шашқан Науан Хазіреттей тұлғаны, көптеген дін қызметкерлерін дүниеге әкелген қасиетті мекен. Елдің арасында тіпті «Шұңғыршадан 41 молда шыққан» деген сөз бар. Ал, сол ілім бұлағының басында Науан Хазірет тұр еді. Осылайша, Науан Хазіреттің өзіндік мектебі қалыптасты. Әрине, сол заманның өзінде Хазіретті сынағандар да, теріс жағынан көрсетуге тырысқандарда, шәкірттерін білімсіз көрсетуге тырысқан жазбалар кездесіп жатады. Бірақ олардың барлығына объективті ғылыми анализ жасалу керек. Жалпы ғылым дами бастады деген, уақыттан осы күнге дейін жеке адамды немесе тұлғаны зерттеудің кешенді әдістемесі қалыптаспаған. Бүгінгі таңда әртүрлі теориялардағы, көзқарастар мен бағыттардағы адамның жеке тұлғасы ғылыми жаңалықтардың мозаикасы болып табылады. Адамның тұтас бір бейнесін шығару ғылым үшін мүмкін болмай отырған үлкен мәселе. Мысалы, биологтарды алсақ, олар адамға тұтас организм ретінде қарайды; психологтар адамды біртұтас жүйе деп біледі; әлеуметтанушылар қоғамның мүшесі ретінде біледі. Басқаша айтқанда, әрбір ғылымның өкілдері өз объектілерінің тұтас жүйе ретінде қарайды. Ал, егер адамды әртүрлі жүйе тұрғысынан қараса, яғни, адамды бір уақытта көптеген әлемдермен – отбасы әлемімен, этникалық әлеммен, табиғат пен қоғам әлемімен өмір сүретін «элемент» десек, онда мұндай тәсіл арнайы пәндердің шекараларын бұзады және қазіргі адам санасының дамуына, адамның табиғаттағы және «қоғамдағы тарихи эволюциясының заңдылықтары туралы идеяларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады» дейді ғалымдар. Яғни, Науан Хазіреттің шәкірттері туралы зерттеу жүргізу де Науан Хазіреттің де бейнесін аша түсетіні анық.
Бұл ретте әңгіменің Науан Хазірет тұлғасына тірелуі заңдылық, өйткені, Бектас Жұмабайұлы сол мектептен тәлім алған шәкірттердің бірі.
Сарбас Ақтаев ағамыздың «Науан Хазірет немесе бір шаңырақ шежіресі» атты мақаласында Хазіреттің шәкірті еңбек ардагері Темірхан Жапабаевтан жазып алған естелігінде мынадай сөздерді жолықтырамыз: «Біз ұстаз (Науан Хазірет – Ы.С.) алдын сол сотталып келгеннен кейін ғана көріп, медресе табалдырығын аттаған шәкірттерміз. Біздің алдымыздағы толқыннан түлеп ұшқан Ақмағанбет, Бектас, Кәрміш, Мейрам, Насыр деген зиялылар дін жолынан аумай, өле-өлгенше уағыз айтып өтті», – дейді. Ал, Баратай ауылының тумасы, шежіреші ақсақал Есмахамбетов Асылбек Жұмабекұлының естеліктерінде мынадай ақпаратқа көңіл аударамыз: «Есмағамбет мешітінде үлкен тұлға – Науан хазірет Наурызбай Таласұлы Қызылжар медресесін бітіріп келгеннен кейін және Бұхарадан 1885-86 жылдары елге келгеннен кейін имам болып, бала оқытқан. Ол кісінің алдынан білім алғандар 1880 жылы туған Бектас Жұмабайұлы мен 1879 жылы туған Бейсенәлі Сүгірәліұлы. Екеуі де өздері оқыған Есмағамбет мешітінде молдалық құрып балаларды оқытқан. Бектас молда 1969 жылы өмірден өтті. Бейсенәлі молда 1953 жылы қайтыс болды», – дейді.
ХІХ-ХХ ғасырлардағы жердің тарылуы, Ресей империясының бодандық саясатының күшейуі, шұрайлы жерлерді тартып алуы, қазақтардың отырықшылдыққа биімделе бастауы дінге де әсерін тигізді. Оның бірі жергілікті жерлерде мешіттердің салынуы. ХІХ ғасырда Семей өңірінде атақты Құнанбай мешіті, Тінібай мешіттері салынса, Петропавлдың өзінде Мұсатай, Қасым, Шала-Қазақ, Дінмұхаммед, Халид мешіттері салынса, Көкшетауда Хан мешіті, Қазан мешіттері салынған. 1868 жылы Санкт-Петербургте жарияланған «Материалы для географии и статистики Росии, Собранные офицером генерального штаба, Область Сибирских Киргизов. Часть 1, составитель генерального штаба подполковник Красовский» деген еңбектің «Магомедских мечетей, построенных на собраннные с киргизов (қазақтардан – С.Ы.) деньги, в области сибирсикх киргизов 12; находящихся при них мулл 20», — дейді. Осы 12 мешіттің 8 мешіті Көкшетау мен қаланың маңында болған. В. З. Галлиевтің «Участие татарских мулл в развитии образования среди казахов в 20–60-х годах XIX века (на материалах внешних окружных приказов)» атты мақаласында былай делінеді: «К 60-м годам XIX веков в Кокчетавском было 8, в Акмолинском – 2, в Баян-Аульском – 1, в Каркаралинском – 1 мечетей. В Кокчетавском округе было 76, Каркаралинском – 41, в Атбасарском – 8 мулл. Только в этих четырех округах обучалось 1860 человек». Осы уақыттарда ауқатты қазақтар ауылдарында мешіт салып, балалардың діни білімдеріне ерекше көңіл бөле бастайды. Ар жағындағы қорқыныштың бірі, шоқындыру саясатының үдеп келе жатқандығы екенін айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Осылайша жер жерде мешіттер бой көтерді. Олардың қатарында Бегалы қажы мешіті (Бегалы Шөбекұлы) мен Есмағамбет мешіті (Есмағамбет Қаңқыбайұлы). Аталған екі мешіттің де Науан Хазіретпен байланысы бар. Бегалы қажы мешітінде Науан Хазіреттің шәкірттері тәлім берген, атақты Ақан сері осы мешітте ұлы Ыбан екеуі тұрған. 1913 жылы Ақан сері қайтыс болғанда осы Бегалы қажының ата зиратына жерленген. Кейін большивиктер бұл мешітті бұзып Бірлестік ауылына апарып 7 сыныптық мектеп салса керек. Ал, Есмағамбет мешіті Быжырқай деген жерге салынып, көптеген шәкірттердің білім алуына мүмкіндік жасалады. Белгілі журналист Байқал Байәділ ағамыздың жазбаларында: «Ендігі әңгіме Есмағамбет мешіті. Жолдыбай мен Баратайдың арасындағы ит тұмсығы өтпейтін қалың орман шоқ қайыңдардың ортасында болса керек. Иман ұялаған жердің жұрты бертінге дейін тұрды. Ол заманда мешіт салу, оны ұстау, балаларды жинап оқыту оңай-оспақ шаруа емес. Осының барлығы елдің жайын ойлағандықтан, балалардың болашағына алаңдағандықтан атқарылған шаруа», – дейді. Шындығында да бұл мешіттен көптеген шәкірттер Хазірет алдын көріп, білім алып шығады. Солардың бірі Бектас молда еді. Өкінішке орай, Есмағамбет мешіті де қызыл саясат ұранымен бұзылып, ағаштарынан Баратай ауылына мектеп салынады. Ел арасындағы әңгімеде Бектас молданың әкесі Ақжолұлы Жұмабай қажылыққа барған. Науан Хазіреттің туыс ағайыны болып келеді. Бұхараны тәмамдап келген Хазіретке 6 жасқа келген кенже ұлы Бектасты шәкірт етіп береді. Бектас алғыр шәкірт болып, дін ілімді жан тәнімен түсініп, елдің арасында тек білімімен емес, сонымен қатар тақуалығымен де аты шыға бастайды. Науан Хазірет жер аударылып елге оралғаннан кейін Бектас шәкіртіне бала оқытуға рұқсат береді. Бектас молданың ерекшелігі балаларды тегін оқытып, оның орнына ақы алмаған, садақа алмаған, арнайы уақытпен шақыртып дәріс оқыған. Риза болған халқы, әр жұма күні мешітке жиналып жұма дастархан жайып, молдасына құрмет көрсетеді екен. Есмағамбет мешітінде Бектас молданың алдын көргендер жайында Жолдыбай ауылының ақсақалы Айдарбек Мәженұлы: Мәжен Жәкімұлы, Серғали Шүрекбаев, Дайыр Жақсыбаев, Зікірия Түлкібаев, Хамет Абдрахманов, Қабдолла, ал Байсал ауылынан Исен мен Дүйсен атты азаматтар молданың алдынан дәріс алған, – деп еске ала отырып, – Менің әкем сол кезде ересектеу шәкірттердің бірі болыпты. Ал балалардың ішіндегі ең кішісі Серғали Шүрекбаев екен. Бірақ, өзі тынымсыз, тентектеу бала болса керек. Бұрынғы молдалар тәртіпті қатаң ұстайтын. Қолдарында көк шыбық болатын. Сабақ үстінде тыныш отырмаған балаға сол шыбық тиіп кететін.
Көбінесе сол шыбық Серғалиға тиеді екен. Бір күні әкем Мәжен Серғалиды аяп кетсе керек. Сабақ басталар алдында молданың көк шыбығын бунап-бунап сындырып қояды қабығына лектіріп. Бектас молда Серғалиды тәртіпке шақырайын деп шыбықты алғанда, ол быт-шыт болып шашылып кетеді. Сонда Бектас молда жымиып:
– Әй, Мәжен, бұл сенің ісің ғой, – депті.
Молданың байқампаздығына бәрі таңырқап қалған екен. Осы шәкірттерінің ішінен Дайыр Жақсыбаев Жолдыбай ауылында молда болды, – деп естелік қалдырған.
1917 жылы Науан Хазірет қайтыс болады. 1918 жылы елде дүрбілең басталады. Сол жылы 2 ақпанда В.Ленин бастаған үкімет «Декрет о свободе совести, церковных и религиозных обществах» яғни, «Ар-ождан бостандығы, шіркеу және діни қоғамдар туралы декрет» қабылдайды. Декретте: «9. Мектеп шіркеуден бөлінеді. Жалпы білім беретін пәндер оқытылатын барлық мемлекеттік және қоғамдық, сондай-ақ, жекеменшік оқу орындарында діни ілімдерді оқытуға жол берілмейді.
Азаматтар дінді жеке түрде оқыта алады және оқи алады», – дейді. Бірақ, бұл тек басы еді. Мемлекеттен дінді бөліп алғаннан кейін. Оны қыспаққа алу керек болды. Оны 1919 жылғы 18-23 наурыз аралығында Мәскеуде өткен Ресей коммунистік (большевиктер) партиясының VIII съезінде нақтылай түседі. Съезд жұмысына 313 766 партия мүшесінің атынан шешуші дауысқа ие 286 делегат және кеңесші дауысқа ие 156 делегат қатысты. Съезд бағдарламасына дін жайында мынадай бап қосылады: «13. По отношению к религии РКП не удовлетворяется декретированным уже отделением церкви от государства и школы от церкви, т. е. мероприятиями, которые буржуазная демократия выставляет в своих программах, но нигде в мире не довела до конца, благодаря многообразным фактическим связям капитала с религиозной пропагандой. РКП руководствуется убеждением, что лишь осуществление планомерности и сознательности во всей общественно-хозяйственной деятельности масс повлечет за собой полное отмирание религиозных предрассудков. Партия стремится к полному разрушению связи между эксплуататорскими классами и организацией религиозной пропаганды, содействуя фактическому освобождению трудящихся масс от религиозных предрассудков и организуя самую широкую научно-просветительную и антирелигиозную пропаганду. При этом необходимо заботливо избегать всякого оскорбления чувств верующих, ведущего лишь к закреплению религиозного фанатизма», – деп анық жазады. Яғни, «Мемлекет пен дін бөлек, діннен мектеп бөлек» деген декретке қанағаттанбай, жоспарлы түрде діни сенімді толық жою керектігін партияның басты мақсатына айналады. Халық «жоғарыдағы билікке кім орнайды?» деп сасып отырған тұста рухани тірегі болған молдалардан айырыла бастайды. Большевиктер молдаларды қудалай бастайды. Бала оқытып, дін бағып отырған Бектас молданы қызылдардың құрығына түсірмек болады. Бірақ, Бектас молда Ішке (Түменге) қашып құтылады. Есмағамбетов Асылбек ағамыздың естелігіне кезек берсек: «2020 жылы мен Ресейдің Түмен облысына бір жиынға барған едім. Сол жерде жанымда тоқсан екі жастағы бір қария отырды. Жиын иесі жиен ағам Еріш Бодықұлы мені таныстырып:
– Қазақстаннан келген нағашым, Асылбек Жұмабекұлы, – деді.
Қасымдағы қария маған бұрылып:
– Қазақстанның қай жеріненсің? – деп сұрады.
– Көкшетауданмын, – дедім.
– Көкшетаудың қай жерінен?
– Баратай ауылынанмын.
Сонда қария орнынан қозғала беріп, – Шұңғырша екенсің ғой, менде Шұңғыршаның баласымын,– деді. Сонан соң:
– Е, сен молда Бектастың елінен екенсің ғой! – деп таңырқай сөйледі.
Өзін таныстырды Шұңғырша – Шүйіншәлі – Хангелді – Баймырза, Баймырзадан Сарсенбек, Найзабек, Бейсенбай, Оспан, Жапар деген 5 бала туады. Менің атам Сарсенбек одан Теміржан, одан мен Мұрат тараймын. Осылайша танысып әңгіме жалғасты.
– Бектас молданы білесің бе? – деп сұрады.
– Білемін, көрдім. Мен жігіт болған кезде өмірден өтті, – дедім.
Сол сәтте мен қариядан Бектас молда туралы айтып беруін өтініп, сөзін бейнетаспаға жазып алдым. Қария былай деді:
– Бектас молда біздің жаққа жас кезінде келді. Бірақ, өте тақуа адам еді. Қазақтар ағаш арасында үш үй, төрт үй болып тұратын. Орыстармен деревняда аралас тұратындары да бар. Біреу қайтыс болса да, ауызашар берілсе де, дұға оқылса да бәріне молданы шақыратын. Ол кезде көлік деген жоқ. Қыста ат шанамен, жазда ат арбамен алып келеді. Сол маңайда тұратын қазақтар Бектас молданы қатты құрметтеді. Елге өте сыйлы болды. Сөзін жалғай отырып:
– Бектас молданың бір ерекшелігі болды орыс аралас ауылға келгенде. Молда әкелген ат-шананы немесе арбаны үйдің табалдырығына дейін тақап тоқтататын. Ол шанадан немесе арбадан түсіп, жерге аяқ баспай, бірден табалдырықтан үйге кіретін. Бір күні жұрт жиналған жерде біреу сұрапты:
– Молда, қыста шанадан, жазда арбадан тікелей табалдырыққа түсесіз. Мұның сыры неде? – деп. Сонда Бектас молда:
– Бұл елдің жерін доңыз басқан, – деп жауап беріпті. Яғни, шошқа жүрген жерді аяғымен баспауға тырысқан екен.
Бүгіндері Қамсақты ауылының құрметті ақсақалы, 88 жастағы Ералинов Тәйке ағамыз: «Менің 8,9 жасар бала кезім Бектас молданы «Молда ата» дейміз. Молда атаның арбасында жүретін едім сол кездері. Көрші ауылдар қонаққа шақырады. Мен арбасына білдірмей отырып аламын. Ауылдан ұзап шыққасын дыбыс беремін, молда ата арбада отырғанымды білсін деп.
– Бала, сен қашан мініп алғансың, енді қалай үйіңді табасың? Отыр енді менімен бірге боласың, ешқайда кетпе, – деп ескертіп қояды. Сонымен, Молда атамен қыдырып жүремін. Бір емес, талай рет молда атамен қыдырып, ауыл-ауылды аралап жүретінмін. Бірде көрші ауылға ауызашарға бардық. Ауылға молда келді деп молда атаны бірнеше күн жібермей ауызашар береді сол ауыл. Молда атаны маңайдың қазақтары ерекше құрметтейтін. Негізі, «Іште» Керей руының өкілдері көп тұратын еді. «Іш» деп отырғанымыз Түмен облысы ғой.
Біз тұрған жер Гортоп деп аталады, Керейі бар, Қарауылы бар, Көлдейі бар 19 үй тұрдық. Маңайда ағаш арасындағы, ауылдарда қазақтар көп тұрды. Көпшілігі Керейге жататын, барлығы молда атаны қатты сыйлайтын. Айналысатын жұмыстары ағаш дайындау, бір адамға 100 текше метр ағаш дайындау жоспары қойылып, оған 1 пұт ұн төлейтін. Бала-шағаны асырауға, әрине, жетпейді, сондықтан, жоспарды ерте орындап, бос күндерінде орыстарға жалданып картоп қазу, картоп отырғызу, тағы басқа жұмыстарын істеп қол ақыларына тамақ, басқа дүниелер алатын. Біздің үйде жылқы жоқ. Молда атаның құлынды биесі, бурыл тайы бар. Мен сол тайға қызығамын. Әкеме «сол тайды алып бер», – деп мазасын аламын ғой. Содан бір күні әкем молда атаға барып, мына бала сіздің бурыл тайыңызға қызығып, «сатып әпер» деп тынышымды алды, – деді. Сонда молда ата «әпер десе, екі тайшаңды бер, буырыл тайды берейін», – деді. Сол тайды үйретіп, біраз міндім. Содан беске келгенде үйірге қостық», – деп еске алды.
1959 жылдары Бектас молда туған еліне, Баратай ауылына қайта оралады. Ұстазы Науан Хазіреттің жолын жалғастырып, ел ішінде діни тәртіптің қалыптасуына ықпал етеді.
Хазіреттің қалыптастырған жолының бірі, қайғы түскен шаңыраққа ауыртпалық түсірмеу үшін жаназаға келген адамдарды он адамнан ауыл бөліп әкетіп, өзінің ас-суымен тамақтандырады. Марқұмның шілдеханасын, қонақасын көрші-қолаң, жақын ағайындары әкеліп береді. Осылайша ағайындығын, бірлігін де нығайта түседі. Бектас молда да осы дәстүрлердің елдің ішіне сіңуіне көп еңбек етті. Бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып, айналадағы жиырмадан астам ауыл бұл қалыптасқан дәстүрді бұлжытпай орындап келе жатыр.
Бектас молда Жұмабайұлы туралы бүгіндері бірде-бір арнайы мақала жазылмаған. Бірақ, ел іші – алтын кеніш. Өзі кетсе де, есімін ұмытпай, әулие тұтып отырған халқы бар. Ел аузындағы бір әңгіме былай өрбиді.
Бірде көрші Бұлақ ауылынан кісі қайтып, молданы машинамен алдыртады. Жолда келе жатқан жүргізуші жол бойында жатқан бір арқан мен балтаны көріп, дереу тоқтай қалып, жүгіріп барып, тапқан «олжасын» мәз болып, машинасының кузовына лақтырып жібереді. Айналып келіп машинаға отырса, молда жоқ.
Сөйтсе, Бектас молда жаяу еліне кейін қарай «жүйткіп» кетіп бара жатыр екен. Жүргізуші қуып жетіп:
– Ата, қайда барасыз? – деп, әбігерге түседі ғой. Сонда молда:
– Сен жаңа біреудің түсіріп алған затын алдың. Мен оған куә бола алмаймын, қарғам, – депті. Жүргізуші ұялып:
– Ата, қателестім. Орнына апарып қоямын, – деп, кешірім сұрап, молданы қайта отырғызып алып кеткен екен. Содан да болар, Науан Хазіреттің ұлы атақты Қазезтай молданың ел арасында мынадай сөзі сақталып қалыпты: «Мен Бектастың біліміне баға бере алмаймын. Ал, тақуалығына баға берсем, бойында титтей де арам ештеңе жоқ шығар», – депті.
Әр ауылдың өз тентектері болады. Бір жолы молданың үш көпене шөбін бір жүргізуші ұрлап кетеді. Ауыл адамдары молданы жұбатып жатқанда, Бектас молда:
– Менің бір маңдай терім шыққан шығар. Ештеңе етпес. Бірақ, оның өзіне қиын болды ғой. О дүниеге барғанда не айтар екен? – депті.
Бұл сөз ұрының құлағына жетеді. Ертеңіне әлгі жігіт шөпті қайтарып әкеліп, үстіне тағы сондай шөп қосып, ат-шапан айыбын төлеп берген екен.
Бектас молда 90 жасқа қараған шағында туған ауылы Баратайда 1969 жылы өмірден өтті.
Бектас молда шағын денелі, қара торы адам болса керек. Сөйлеген кезде жан-дүниеңді баурап, самалдай есіп, жұмсақ сөйлеп, сөзінің өзі адамды тартып, баурап тұрады екен. Өмірі үлгі болған тұлғаларымыз аз емес екені ақиқат. Осындай тұлғаларды ұмытпай, естелік етіп жазып жүрген Есмағамбетов Асылбек Жұмабекұлына ерекше алғыс айтқым келеді.
Саят ЫБЫРАЙ,
тарихшы.
![]()

