КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Коронавирус пандемиясына байланысты Ақмола облысында қариялар мен дәрігерлерге волонтерлер көмекке келіп, дәрі-дәрмекті үйіне жеткізіп беруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 65 жастан асқан адамдардың коронавирус инфекциясын жұқтыру қауіпі жоғары болғандықтан олардың үйден шықпауына барынша жағдай жасалуда.
Көкшетауда бұл акцияға қалалық емхана жанындағы үш салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары қосылды. Волонтерлердің қолдауымен облыс орталығында диспансерлік есепте тұрған және тегін амбулаториялық дәрілерді алатын егде жастағы адамдарға дәрі-дәрмек үйлеріне жеткізіліп берілуде.
«Осындай қиын уақытта көмекке келетін белсенді жастардың болғанына қуанамыз. Бізде тіркелген 95 мың адамның ішінде 13 мыңнан астамы тегін дәрі-дәрмек алады. Бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдардың арасынан жасы ұлғайған адамдарға көмектесеміз. Наурыз мейрамы кезінде аталмыш акцияны бастап кеткен едік. Қазіргі кезде ол қолдау тауып, одан әрі жалғасуда», – дейді Көкшетау қалалық емханасының бас дәрігері Рысты Сыздық.
Жұмысқа кіріспес бұрын волонтерлер арнайы нұсқамалықтан өтеді. Сосын ғана қариялардың мекенжайы бойынша үйіне барып, дәрі-дәрмек үлестіреді.
«Біздің басты мақсатымыз – ата және әжелеріміз қаупті инфекцияны жұқтырып алмауын қамтамасыз ету. Бізде қиын кезде игі іске үлес қосқанымыз үшін қуаныштымыз. Бірлесіп игі іске атсалысайық!», – деп жергілікті жастарды ортақ іске атсалысуға шақырды Көкшетау жоғары медициналық колледжінің жанындағы «Милосердие» волонтерлер қозғалысының белсенділері Арман Кұрманғазиев пен Санжар Әбдірахманов.