Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бағдарламаның баяндылығы айқын - АРҚА АЖАРЫ

Бағдарламаның баяндылығы айқын

Өңірлерді дамыту – мемлекеттік саясаттың басты өзегі. Мұны елдің экономикалық, әлеуметтік әлеуеттілігімен қатар, Тәуелсіздігімізді нығайтудың басты шарты ретінде қарастыру мақсаты қойылған. Бұл бағытта мемлекеттік өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтитын Бағдарламасы тіршілікке қозғау салушы басты тірек саналады. Тиімділікке негізделген осынау үрдістің тиісті жемістері, қаржылық құйылымның берекелі қайтарымы облыстағы игі істерден де айқын байқалады. Енді осыларды саралай салмақтап көрсек.

Халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша:
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан алынған деректер бойынша, 2019 жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамытуға 10,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қаражат 10 нысанның құрылысына (4,4 млрд.теңге) және 26 нысанның қайта құру жұмыстарына (6,3 млрд. теңге) бағытталды.
Жыл ішінде 8 жоба іске асырылған. Бұлардың қатарында тұрғындар саны 4669 адам болатын 7 ауылдық елді мекен (Астрахан ауданының Старый Колутон, Есіл ауданының Двуречное және Курское, Шортанды ауданының Петровка, Аршалы ауданының Қостомар, Атбасар ауданының Сепе, Жарқайың ауданының Бірсуат) және Щучинск қаласының кварталішілік су құбыры желілерінің құрылысы бойынша жоба бар.
Өңірдегі 590 ауылдық елді мекеннің 358-інде орталықтандырылған сумен жабдықтау, 218-інде орталықтандырылмаған және 19-інде тасымал арқылы сумен жабдықтау ісі атқарылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту және жылумен жабдықтау:
Қайтарымды қаражат есебінен Көкшетау қаласындағы 2 кондоминиум нысаны жөнделді. Ал, Астрахан, Бұланды, Бурабай, Целиноград аудандарында жылу желілерін, блоктық-модульдік қазандықты және 2 қазандықты салу мен қайта жаңартуға 1 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.
Электрмен жабдықтау саласында Аршалы, Бурабай, Целиноград аудандарында 6 жоба іске асырылуда.
Ауылдық аумақтарды дамыту:
«Дипломмен – ауылға!» жобасының аясында, ауылдық елді мекенге жұмыс істеуге келген әлеуметтік және агроөнеркәсіптік кешен саласының 231 маманына республикалық бюджеттен 874,9 миллион теңгенің несие қаржысы және 409 маманға 72,4 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы бөлінген.
Бұған қоса, өткен жылы 439 жас маманға 92,1 миллион теңге көтерме жәрдемақы төленді (оның ішінде білім – 319 маман, денсаулық сақтау – 77 маман, мәдениет – 7 маман, агроөнеркәсіптік кешен – 19 маман, әлеуметтік қамсыздандыру – 8 маман, спорт – 9 маман). Сондай-ақ, ағымдағы жылы 352 маманға 1,4 миллиард теңгенің несие және 753 маманға 199,7 миллион теңгенің көтерме жәрдемақысы бөлініп отыр.
«2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешу үшін аймақтарды қаржылық қолдау механизм іске асырылады. Мұндағы қаржылық қолдау әлеуметтік және инфрақұрылымдық, коммуналдық шаруашылық, көлік байланысы, ауылдық елді мекендерді абаттандыру сияқты
5 бағыттағы жобаларды қамтиды. Осының нәтижесінде, 2019 жылы 347,7 миллиард теңгенің 219 жобасы іске асырылды. Әлеуметтік нысандарды, кентішілік жолдарды ағымдағы жөндеу және елді мекендерді абаттандыру бойынша жұмыстар да жоспарлы түрде жүргізілді.
Тұтастай алғанда, тұрғындар пікірі ескеріле отырып жүргізілген жоба жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдау, ауылдық жердің инфрақұрылымдық келбетін жақсартуға айтарлықтай дәрежеде оң ықпал етті.
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 2019 жылы тұрғындар саны 21 мың адамнан асатын 3 елді мекен белгіленіп отыр. Бұлардың қатарында Астрахан ауылы (6738 адам), Аршалы кенті (6710 адам), Зеренді ауылы (7666 адам) бар. Бұл аудан орталықтары «Екатеринбург-Алматы» республикалық көлік жолы бойында орналасқан, ал, Зеренді ауылы туристік кластердің өсу нүктесі болып табылады. Сондықтан, аталған ауылдарда 3 миллиард теңгенің 31 жобасы іске асырылды.
Шағын қалалар мен моноқалаларды дамыту бойынша:
2019 жылы Степногорск моноқаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша 2 жобаға 71 миллион теңге, жолды қайта жаңарту ісіне – 56,4 миллион және Щучинск қаласының көшелерін жарықтандыруға қатысты 4 жобаға – 97,6 миллион теңге бөлінген.
Осы орайда, мамандардың пікіріне сүйеніп, Степногорск қаласындағы «Astana-Nan Chemicals» кәсіпорнының өндірістік қуаттарын күшейту қажеттігін айтқымыз келеді. Бұл үшін Қазақстанда тіркелмеген препараттарды өндіру мүмкіндігі бөлігінде «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңның баптарына өзгерістер енгізу мәселесін шешу қажет, бұл өнімді ЕАЭО елдеріне және басқа елдерге шығаруға және экспорттауға мүмкіндік береді. «Степногорск тау-химия комбинаты» ЖШС өндірістік қуаттарының жүктемесін арттыру көзделген. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК табиғи уранның химиялық концентраты жеткізілімін 2500-3000 тоннаға дейін ұлғайту қажет, бұл кәсіпорынның қуаттарын жүктеуді және қызметкерлерді жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді.
Степногорск қаласын сумен жабдықтаудың басты нысаны болып табылатын Сілеті су торабын күрделі жөндеу қажет. Көктемгі тасқын судың өтуі нәтижесінде туындаған ақауларды жедел жою үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу қарастырылып жатқаны белгілі болды. Бұл тұтынушылардың сумен тоқтаусыз қамтамасыз етілуіне, су қоймасын қауіпсіз пайдалануға және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Міне, Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде, облыста атқарылып жатқан шаруалардың барлығы елдің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қалыптастыруды, экономикалық өсу орталықтарындағы халықтың және капиталдың шоғырлануын ынталандыруды және осы арқылы өңірлердің тіршілік әлеуетін арттыруды қамтамасыз етеді. «Бағдарламаның баяндылығы айқын» дейтініміз де сондықтан.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар