Ерейментау ауданының үнпарағы болып саналатын өңірлік газеттің шыға бастағанына биыл 85 жыл толады екен. Екі ғасыр өткелегінде өмір кешкен газетіміз осы уақыт ішінде ел өміріне қатысты көптеген тарихи кезеңдердің куәгері болды және жай куәгері болып қалмай, оқырмандарына сол кезеңдегі айтулы оқиғалар туралы ақпарат беріп отырды.
1935 жылдың 5 мамырында өңірімізде «Еңбек туы» атауымен аудандық газетіміздің бірінші нөмірі жарыққа шыққан екен. Үнпарақтың дәл 5 мамыр күні жарық көруінің де өзіндік себебі бар. Кеңес заманында 5 мамыр – баспасөз күні мерекесі ретінде аталып өтетін. Осы күні Одақтың аға газеті – «Правда» шыға бастаған екен дейді. Көнекөз қарияларымыздың айтуынша, жаңа басылымның алғаш тұсауын кескен білікті журналист Сыздық Қоянбаев ағамыз. Шығармашылық жұмысты әрмен қарай сәтімен басқарған, өз кәсібін шеберлікпен адал атқарған Әпенді Қазыбеков, Дуанбай Әлімжанов, майдангер қаламгерлер Владимир Карякин, Владимир Тарасевич, Сергей Чубаев сияқты ағаларымыз аудандық газетті шығаруға белсене атсалысқан. Осы кісілер өңір өмірін, замандастар келбетін әр қырынан сипаттады, замана саясатының алғы шебінен табылды. Басшылық қызметін 1980 жылдан бері ширек ғасырға жуық уақыт жемісті жүргізген тәлімгер аға Серік Жұматовтың осы сапта өзіндік лайықты орны бар. Ол кісінің еңбек жолы баспаханада қолмен әріп теруден басталады, әрмен қарай корректор, әдеби қызметкер, жауапты хатшы сатысын сәтімен өткереді.
1955 жылы замана лебімен газет «Прогресс» деп атанды да, екі тілде шығарыла бастады. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде «Ереймен», «Ерейментау» атауын иеленді және сол негізде жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылды. Аудандық газет мектебінен өткен қаламгерлер арасында Қабыкен Хасенов, Ілияс Қарағозин, Амангелді Жұмабеков, Жанат Түгелбаев, Мәулет Құсайынов, Нұрсұлу Жұмабекова, Дәметкен Әдірешева, Әсия Нұрғазина, Сайлау Байбосын сияқты есімі елге танымал журналистер бар. Кезінде бұл кісілердің көбі ауданмен қатар облыстық басылымда, радиода да жемісті қызмет атқарды.
Қолға алынған, күнделікті жоспарланған шаруаның жалғыз бір адаммен тәмамдалмайтыны белгілі. Әрбір ауылдың қызықты жаңалығын, сүйінші хабарын жергілікті жерден қаз-қалпында үзбей жеткізген штаттан тыс тілшілеріміз де бір төбе. Баспахана жұмысшыларының да, бертінгі уақыттағы дизайнер қыз-жігіттердің де газетімізге сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бәрінің есімін жеке-жеке атап, түсін түстеп отыруға бірсыпыра уақыт та қажет.
Өкініштісі сол, өткен жылдың 1 маусымынан бастап аудандық тарихи көне басылымның қызметі түпкілікті тоқтады. Негізгі себебі нарық ықпалына, қаржы қиындығына, мемлекеттік сатып алумен орайласатын жыл сайынғы дәстүрлі тендер конкурсының ақтық шешіміне келіп тіреледі. Жалпы, облыс көлемінде бізбен көршілес-үзеңгілес бірнеше ауданның редакциясы жаңағыдай себеппен әп-сәтте газетінен айырылып қалды. Иә, өкінішті болса да ақиқаты осы. Бұл жерде бөгде біреуді даттаудан, басшылық буынға өкпе артудан әсте аулақпыз. Жаңа уақыт лебі, негізгі тапсырыс иелерінің қалауы осы болса, оған не шара?!
«…Біздерді де жоқтайтын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табылармыз», – деп кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, ендігі уақытта аудан тарихы, ел қорғаған аталар ерлігі, жекелеген еңбек адамдары жайында ақпарат іздегендер, ғылыми жоба қорғауды көздеген жастар газетімізді мемлекеттік архивтен табатын болады.
Он екі айдың сұлтаны – қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген 85 жылдық датамызға орай, кезінде еңбек еткен, көптеген жастар оң бағыт, мол тәлім алған, бүгінде көбі өмірден өткен, қағазда аты қалған аға буын қаламгерлердің иманы кәміл, жаны жәннатта болсын дейміз. Көзі тірі әріптестеріміздің, штаттан тыс тілшілеріміздің, күні кеше басылымға жанашырлық ниет танытқан оқырман қауымның деніне саулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмірдің жақсылығын тілейміз.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА,
«Ерейментау» газетінің бұрынғы редакторы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.