Ауылдың өзіне ғана емес, үйлерге де су құбыры тартылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары өз жемісін беруде. Соның айғағындай, облыс орталығынан шалғай орналасқан 600-ге жуық тұрғыны бар бүтін бір ауыл сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Аңғал батыр ауылының тұрғындары көп жылдардан бері ауыз судан таршылық көріп келген. Десе де, бүгінде бұл мәселе шешімін тапқан. Осылайша ауыл тұрғындары ауыз суды үйлеріне дейін кіргізіп алған. Солардың бірі – Жолдасовтардың отбасы. Шаңырақтың отанасы судың үйде болғаны бірсыпыра жұмысымызды жеңілдете түсті деп қуанышын білдірді. Ауыл тұрғыны Индира Жолдасова өз ауылының қаладан алшақ болғанымен, тұрмысы қалалықтардан кем еместігін айтты.
– Су – тіршілік көзі ғой. Үйде жылы және ыстық су да бар. Біраз шаруамыз жеңілдеді. Әйел адамға судың үйде болғаны жақсы әрі ыңғайлы ғой. Кім ойлаған біздің ауылдың суы үйге кіргізіледі деп. Өзіміз әзер сеніп отырмыз. Осындай жағдай жасаған ауыл әкімдігіне айтар алғысым көп,–дейді ол. Сонымен қатар, орталықтандырылған су жүйесіне ауылдағы әлеуметтік нысандарда да қосылған. Оның ішінде білім ошағы мен ауыл мешіті бар. Айта кетелік, ауылдағы мектеп 1984 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде мұнда 110 оқушы білім алуда. Амангелді Иманов атындағы Аңғал батыр орта мектебінің директоры Нұрлан Шонтаевтың айтуынша, мектепке сапалы ауыз судың қажеттілігі қатты сезілген.
– Бізде су ащы болды. Ол әрине, оқушылардың денсаулығына зиян. Сондықтан, осындай тұщы ауыз судың тигізер пайдасы көп. Қуанышымызда шек жоқ, – деді директор бізбен әңгімесінде. Тартылған су құбыры желісінің ұзындығы 15 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, ауыл көшелерінде 119 арнайы құдық та орнатылған. Аңғал батыр ауылының әкімі Әмина Жақыпова өз сөзінде республикалық қазынадан 466 миллион 500 мың теңге қаржы бөлінгенін айтты.
– Көптеген жұмыс атқарылды. Су құбыры қазылды, міне, көріп тұрғандарыңыздай су сорғыш станциясы орнатылды. Халық риза. Қазіргі таңда 35 отбасы ауыз суды үйлеріне кіргізіп алды. Бұл ауылдағы тұрғындардың 30 пайызы. Ал, жыл соңына дейін елді мекеннің барлық тұрғыны тіршілік көзін үйлеріне қосып алуды көздеп отыр. Жалпы Біржан сал ауданы бойынша тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жақсы жолға қойылған. Мәселен, өткен жылы 7 ауылда су құбыры іске қосылса, биыл тағы 9 елді мекенді тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар