«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлі тіл мәдениетін қалыптастыру мақсатында мәдениет орындарында, кітапханаларда көптеген іс-шаралар өткізілуде. 17 ақпан күні «Салтанат» сарайы жанындағы кітапханада «Латын әліпбиі – мемлекеттік тіл тірегі» атты дәріс сағаты өткізілді. Іс-шараның мақсаты – оқырмандарға латын әліпбиіне көшудің маңызы мен басымдылығы туралы ақпаратты жеткізу.
Осы орайда, «Латын әліпбиі – уақыт талабы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған мерзімді басылымдарда латын әліпбиі туралы жарық көрген мақалалар, сөздіктер, Ә.Жүнісбектің «Тіл әліпбиі – төл жазу мәселелері», «Латын әліпбиі: теория, әдістеме және насихат» ғылыми жинақтары қойылды. Латын әліпбиіне көшу – қазақ елін барша әлемге танымал етіп, ұлттық бірегейлікті және ұлттық тілді насихаттау деген сөз. Сонымен қатар, мемлекеттік тіліміздің деңгейін биік дәрежеде көрсету.
Қазіргі таңда қай жерде болсын, қазақ әліпбиінің латын әліпбиіне көшуінің маңызы мен рөлі түсіндіріліп жатады. «Білім негізі – бастауыш мектептен» дегендей, балабақша мен бастауыш мектептерде ағылшын тілінің оқытылып жатқаны да осының бастамасы болар. Бұл – қазақ тілін әлемдік деңгейге көтеру, сонымен қатар, жас ұрпаққа шұғыл және тиімді білім алуға мүмкіндік беретін уақыт талабы. Кезінде солақай саясаттың кесірінен тіліміз бен дінімізден, әдебиетіміз бен мәдениетімізден айрылып қала жаздаған сәтте де қиыншылықты жеңе білген, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған қазақ елі қазіргі таңда барша әлемге танылды. Тәуелсіз еліміз жылдан-жылға дамып, ғылым, білім ілгері басып келе жатқанына бәріміз куәміз. Жазуды ауыстыру қазақ әліпбиін жеңілдете отырып, шет ел, ағылшын тілдерін білуге жеңілдік береді. Латынға көше отырып, біз өнер, мәдениет және білім саласында үлкен бір рухани серпіліс танытып, жаңа бір құбылыс ашамыз. Қазірдің өзінде жас-кәріге қарамастан, әр бұрышта жазылып тұрған латын тіліндегі жарнамаларды оқып, түсіне алады.
Мұның өзі қуантарлық жәйт. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты да өзіне сәйкес келіп отыр. Болашаққа нық сеніммен қадам баса отырып, біз өз ой-санамызды оятып, тілімізді жаңартып саннан сапаға, сөзден іске көшетін сәт алыс емес екендігіне көзімізді жеткізуіміз керек. Көпті көрген көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қазақ баласы салмақты ой қозғап, бір ел, бір халық болып, әр игі іске қолдау танытуымыз керек. «Елдің болашағы жастардың қолында» демекші, жастар бастаса, ел қостайды. Алға сеніммен ұмтылсақ, алынбайтын қамал болмайды. Латын әліпбиінің болашағы зор болатынына сенім артайық, ағайын!
Бақытгүл ҒАЛИЕВА,
«Салтанат» сарайы жанындағы қалалық кітапхананың қызметкері.