Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлт тәрбиесіне бәріміз де жауаптымыз - АРҚА АЖАРЫ

Ұлт тәрбиесіне бәріміз де жауаптымыз

Ұлтты тәрбиелеу дегеніміз қыз баланы тәрбиелеумен пара-пар егіз ұғым. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөз бар. Осы тұста бесікті тербетер, балаға тәрбие берер қыз баланың тәрбиесіне тек отбасында ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Бұл тақырыпты қозғауыма негізгі ой қайдан туды?

Көзі жасқа толған ана көмек сұрап келді. 10-сыныпта оқитын қызынан шаршағандығын айтып, басқа мектептен  ауыстырып, біздің  мектепке қабылдауымызды өтінді. Ешқандай заңнан аттай алмайтынымды түсіндіріп, мәселеге барынша қолдау көрсетуге тырыстым. Бойжеткен қыз бала ата-анасына айтқанын орындатып, анасына қол жұмсауға дейін барған. Әкесі алыстан қашып жүретінін естігенде жанымды қоярға жер таппадым. Әкесі мен екеуінің арасына түсумен шаршағандығын айтқан ананың сөзіне не айтарымды білмей, іштей дал болдым.  Үйдегі жалғыз інісімен басы бір шаңыраққа сыймай, інісіне не болмаса қызына басқа мектеп іздеп жатыр екен. Әрине интернаты бар мектеп. Екі баласының біреуін өткізгісі келеді. Ана байғұс басқа амал таппаған.

Бұл жерде, ата-анадан басқа, өздерінен басқа ешкімнің кінәсі жоқ екендігін түсіндірдім. Балаға тәрбиені айтып түсіндіріп бермесе де, ата-ана тұла бойымен, өздерін ұстауларымен, қарым-қатынас мәдениетімен үлгі болады емес пе?  Баланы неге кін2лауымыз керек? Бала ол ақ қағаз секілді. Ата-анасы құрсағында жатып қандай сурет салды, қандай қалыпта құйды, бала солай дүниеге келеді. Баланың қалыптасуында дұрыс дағдылардың иесі де ата-ана. Анасына үйдегі ахуалды реттеу үшін де өзінің жауапты екенін, кеткен қателіктердің орнын толтыру үшін де өзінің өзгеруі керектігін айтып, бағыт-бағдарымды бердім. Менің берген қолдауым мен жақсы сөздерімді тыңдаған ана неге келгенін ұмытқандай болды. Біресе жылады, біресе күлді. «Сіздің айтқаныңызды жасап көрейін, өзім де өзгеруге тырысам» деді күлімсіреп.   Есіктен шығып бара жатып телефон нөмірімді  беруімді өтінді.

Бұл – бір ғана мысал. Жаулығын қолына ұстап, көз жасын сүрткен қазіргі қоғамның анасы. Баяғы айтқан сөзі мірдің оғындай Қарашаш анамыз, әр сөзі дертке дауа  Зере, Ұлжан, Домалақ аналарымыздың көлеңкесіне де зәру болдық па? Қазіргі  қоғамдағы бұрыш-бұрышта темекі шеккен, ішімдікпен бос уақыт өткізген, үлкенді сыйлауды білмейтін, өз  ата-анасынан безген, әдеп пен ибалылықтан жұрдай болған қыздарымызды көргенде қоғамды да емес, ата-ананы кінәлаймыз. Басымызға қандай іс түссе де, аштықтың өзінде   қолтығындағы баласын жауға да, жұртқа да тастамаған халықтың ұрпағы емес пе едік? Қазіргі қоғамда  ұлттың болашақ анасына айналатын қыз баланың тәрбиесіне қолдан түсіріп алмау, сындырып алмау керек болатын шыны секілді асқан жауапкершілікпен қарау маңызды болып отыр. Жаһандану жағдайына ұмтылған сайын оның кері әсері де тиіп жатқанын сезінудеміз. Ұлттың құндылықтарымызды дәріптейтін үлкендер де азая түсіп, мұрнына иісі бармайтын, интернетке телмірген «робот» ұрпақ қалыптасып келеді. Айтқалы отырған сөзімнің төркінін түсінген боларсыздар. Әрине, қыз тәрбиесі. Бұрын бұл қалай еді?

Ата-бабамыз қызға «қонақ» деп төрден орын беріп, парасаттылыққа баулып өсірген. Қазекем өрісін кеңейтер қыз баланың тәрбиесін басты назарға алып, сыпайы, ізетті де ісмер, қылықты болуын қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ, тым еркелетпеген. Қызға «жат жұрттық» қонақ ретінде жас күнінен отбасының бірлігін сақтаушы, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берген. «Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, оның жүріс-тұрысы мен киім киісі – тәрбиенің негізі.  Мойындау керек, кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Күн көрістің қамы дейміз бе, жоқ әлде жұмысбастылықтан ба, бала тәрбиесіне көңіл бөлу азайғандай. Міне, қоғамымызға өз қолымыздан келеңсіз жағдай тудырып алдық.  Қыз отбасында анаға қарап бой түзейді, үлгі алады. Оны болашақ  өмірге  дайындайтын  да сол анасы.  Бір ғана мысал, анам мені үй шаруасына бейімдеу үшін «бір жағымда жүр» деп кішкентайымнан үй тіршілігіне араластырып өсірді. Әжеміз ою ойғызып, алаша тоқуға отырғызатын, жеңгеміздің қасында күбі пісіп, май былғап, тамақ жабуды үйрендік. Өз киізіңді өздерің тігіңдер деп сырмаққа ою бастыртатын. Мен осылайша анамның, әжемнің, жеңгемнің бір жағында жүріп, көзбен көріп, біраз нәрсені үйрен­дім.  Айтып істеген бір бөлек, көзбен көргенің жадында жақсы сақталады емес пе?!  Міне, анамның сол кезде үйреткен дүниесі кәдеме жарап, өз қызымызға соны көрсеттік. Болашақ өміріме қажетті азықты бала күнімнен үйреткеніне қуанамын.  «Шеше көрген тон пішер» деген осы болса керек-ті. Ал, қазір осы айтқандардың біреуін де қыздарымыз істей алмайды. Бұл ащы шындық!

Жоғарыда айтқандай, отбасындағы қыз тәрбиесіне тек ана жауапты емес. Әкенің де қыз бала тәрбиесінде атқаратын рөлі ерекше.  Бала күнімізде әкеміздің қабағынан именетінбіз.  Әкеміз бетімізге қарсы келіп ұрыспайды.  Ақырындап анамызға айтады.  Анамыз бізге «әкелерің айтып жатыр» дейді.  Бізге осы да жеткілікті болатын.   Содан сап тыйылатынбыз.  Ал, қазіргі әкелер қыздарына қалай тәрбие беріп жатыр?  Оның тәрбиесінде қатаңдық керек пе?   «Қызға қырық үйден тыйым» дейді дана халқымыз.  Сол себепті қызды кей дүниеден тыйып ұстағанымыз абзалырақ. Қыз тәрбиесін  тек әке-анаға ысырып тастауға да әбестік болар, себебі, қоғамның, өскен ортасының, білім алатын мектептің де бала тәрбиесіне тигізер ықпалы орасан.

Осы мақсатта білім ордамызда «Томирис» қыздар ұйымын ашуға бел будым. Мектепте оқып жүрген кезімде  директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған Бейбіт Ерниязова ұстазымның «сыныпта қыздар қандай болса, ол сыныптағы ер балалар да солай қалыптасады. Отбасында  да солай емес пе, әкеміз кейде анамызды тыңдайды, анаң ашуланбаса әкең де тыныш, анаң дауыс көтермесе әкең босқа ашуланбайды, сынып та сондай, бір отбасындай болу керексіңдер, ал, сыныптың қыз балалары сол сыныптың ұйытқысы болуға тиіссіңдер, сыныптағы ахуал сендерге байланысты» деп үлкен жауапкершілік жүктеген еді. Сол тәрбие әлі құлағымда сайрап жатыр.

Апта сайын дағдыға айналған «директор сағаты» жобамды осы тақырыпқа арнадым. Бұл жобам аясында білім ордасындағы әр түрлі мәселелерді анықтай отырып, оның шешу жолдарын қарастыруды, әр түрлі танымал адамдардың еңбегі мен өмір жолын насихаттауды, білім алушыларға психологиялық қолдау көрсетуді қолға алдым.

Аталған шара «қыз өссе елдің көркі» тақырыбында өтті. Шараға «АMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің, «Мирас» қалалық қоғамдық кеңесінің, Қазақстан халқы Ассамблеясы Астана  қалалық Аналар кеңесінің мүшесі, Ұлттық тәрбие беретін «Қара шаңырақ», «Ертегі – ел ертеңі», «Ана алақаны», «Qazaq alemi» және «Саржайлау этнолагері» жобаларының авторы, Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының, «ЕлАна» қоғамдық, танымдық, әлеуметтік, ақпараттық сайтының үйлестіруші тілшісі және Тұрар Саттарқызы Шәкен мен «Қыз өссе, елдің көркі» кітабының авторы Әсел Қайратқызын қонаққа шақырып, «Томирис» қыздар клубының тұсауын кестім.

Келген қонақтар  қыз бала тәрбиесіне қатысты көптеген сұрақтарға  жауап берді. Қазіргі қоғамдағы  әртүрлі құқықбұзушылық пен келеңсіздіктерді тілге тиек етіп, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауға, ата-ананы құрметтеуге,  әдеп пен инабаттылықты ту етіп ұстауға шақырды. Білімді болудың алғы шарты  кітап оқу болса, Тұрар Саттарқызы қыздар ұйымына бірнеше кітап тарту етті. Ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылығының маңызын дамытуға үлес қосып жүрген Тұрар апамыздың әрбір сөзіне қыздарымыз ойлана қарады. Бос уақыттарын тиімді ұйымдастырудың жолдары, армандаудың маңызы, әр іс-әрекетке үмітпен, жақсылықпен қарауды Әсел Қайратқызы жақсы түсіндірді. Мектепте оқып жүрген кезінде  кітапхана сөрелерінде қазақ тілінде жазылған кітаптардың болмағанына қапалана қараған қаршадай Әсел, қазақша кітап шығаруды мақсат еткен. Жас болса да қоғамға өзіндік үлесін қосып жүрген қазақ аруы. Қазіргі қоғамда адамға керегі де, жетпейтіні де мейірім болса, сөз мәдениетінің де орны ерекше. Қыздарымызға әдемі сөйлеу, кітап оқу, үздіксіз іздену, үлкенді құрметтеу, кішілерге ізет көрсету секілді қасиеттер туралы айтылды.

Ертеңгі ұрпақты тәрбиелейтін – қыз .   «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол»,  «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын»  деп көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің шашбауын көтермелейтін қыз бала келешекте өзінің де шаңырағын жоғары көтереді емес пе?!  Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесіне ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет.  Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, болашақ ұрпақтың анасы екені мектеп қабырғасында да тәрбиемен ұштастырылып айтылып отыруы маңызды деп ойлаймын. Себебі, қазіргі қоғамның балалары көргенін істейді, ойлары өте ұшқыр, дербес, көрсеткеніңді тез қағып алады. Қыз бала тәрбиесін тек отбасына ысырып тастай алмаймыз. Ол отбасында солай болыпты деу  ұлт болашағына немқұрайлылық таныту деп есептеймін. Ұрпақ тәрбиесіне қоғам, әрбір адам жауапты. Сондықтан, білім ордаларындағы қыздар мен ер балаларға қатысты тәрбие жұмыстарын жандандыру өте маңызды.

Рысжан ШАМҰРАТОВА,
Ақмола облысы  білім басқармасының
Астана қаласындағы  «№2 «Дарын»
лицей-мектеп-интернатының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар