Кезінде қазақты дүниежүзіне алғаш танытқан, қазақ спортының негізін салушы, атақты балуан, тұңғыш цирк әртісі,«Қазақ даласының батыры»атағының жалғыз иегері, ақынжанды Қажымұқан Мұңайтпасұлының кіндік қаны тамған құтты мекенінде тағы бір мақтан тұтар ел азаматы, қоғам қайраткері,республиканың Жоғары Советі Президиумының тұңғыш төрағасы Әбдісәмет Қазақбаевтың саналы ғұмыры, азаматтық, қайраткерлік жолы бастау алғаны біздер үшін де, болашақ ұрпақ үшін де үлкен өнеге.
Бұдан 24 жыл бұрын 1999 жылы ҚР Парламенті Мәжіліс төрағасы Марат Оспанов Қазақтың Парламенті тарихының ең алғашқы беттері, оның тұңғыш төрағасы Әбдісәмет Қазақбаевтың қызметінен басталады, – деп парламенттің тарихи беттерін зерделей бастап еді… Көп ұзамай Марат Тұрдыбекұлы қайтыс болып, әрі қарай жалғасы болмай қалған сияқты.
Әбдісәмет Қазақбаев Қарағанды облысы Ұлытау өңірінде туып-өскен. Ал Ақмолада қоғамдық-саяси қызметімен танылды. Қайраткер тұлға туралы жазғанда оның өмірінің үш кезеңінетоқталған жөн.
Біріншіден, халқымыздың басына төнген зұлмат кезеңдердің өзінде қазақ ауылдарын қамқорлыққа алып, ауыл өмірі, адам тағдырына мейлінше көңіл бөліп, осы жолда білгір басшы ретінде танылғаны, ерлік жолдары жайында әңгіме болмақ.
Екіншіден, Ә.Қазақбаевтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі ұйымдастырушы таланты және ел мен майдан бірлігін нығайтудағы зор жұмысы, халықты жеңісті жақындату күресіне, патриоттық іске жүйелі бағыт беріп, бастап отыру қасиеті туралы айтқан жөн.
Сонымен, Әбдісәмет Қазақбаев 1898 жылы 15 мамырда бұрынғы Ақмола губерниясының Атбасар уезінде, қазіргі Ұлытау облысы Ұлытау ауданында туған. 6 жасында әкесінен, арада 1 жыл салып шешесінен айрылған Әбдісәмет ерте есейіп, өмірге ерте араласты. Ал 1922 жылы Ақмола облысына көшіп келеді. Сол жылдары Әбдісәмет Кеңес үкіметінің қазақ ауылдарына жүргізілген барлық шараларына атсалысып, өз орнын жаңа өмір орнатушылар қатарынан табады. Ауылдағы «Қосшы» одағын ұйымдастыруға белсене қатыса жүріп, кейін осы одақтың төрағасы болып істеген Ә.Қазақбаев елді отырықшылыққа дағдыландырып, еңбектің ұжымдық түріне баулуға көп күш жұмсады. Ол одақ өткен ғасырдың 20 жылдары еңбекшілердің сана-сезімін оятуда үлкен ықпал жасады. Сол замандағы қазақ ауылдарына әлеуметтік-экономикалық шараларды іске асыруда өзіндік ерекше әсер етті. Дәл осы жылдары табиғатынан зерек жаратылған жас Әбдісәмет өзінің қарапайым да көпшілдігімен, көпке бас бола білетін ұйымдастырушылық қабілетімен, кеңес қызметтеріне жоғарылатылады. Осындай істерден бастап оның саяси өмірбаяны басталып кетті. Ол халықтың саналы өкілдерімен жергілікті кеңестердің аппараттарын нығайту саясатын дәйектілікпен жүргізе білді және өмірінің соңына дейін кеңестік органдарда үздіксіз жанкештілікпен қызмет етті. Оның тікелей қатысуымен, басшылық етуімен Ақмола ауданында Жаңажол, Қызылжар, Буденный, Талапкер секілді ұжымдық шаруашылықтар құрылуына даңғыл жол ашылды. Осындай ұйымдастырушылықтыңарқасында Ә.Қазақбаев әуелі Ақмола ауданының №6 және 19 ауылдық кеңестерінің хатшысы, кейін төрағасы болып сайланады.
Әбдісәмет Қазақбаев әкем Орынбек Рәшұлы Керейбаевтың үлкен досы болған. Әкеміз Әбдісәметтің болмыс-бітімі ерекше жаратылғанын, оның адамгершілігін, табиғи зеректілігі мен өжеттілігін, жанкешті еңбекқорлығын,қарамағындағы адамдардың ой-пікірлерімен санаса отырып, басқара білу қасиеттері мен басшы ретіндегі адал ісін еске алып, жиі әңгімелеп отыратын. Ол әр жылдың 15 мамырын ерекше асыға күтіп, жандосының туған күніне, оның өнегеге толы ғұмырын ұрпақтарының бойына сіңіру мақсат-мұратына сайерекше еске алдырып, нақты істерге айналдыратын. Ол арманын есейген соң түсінудеміз. 48 жылдың 33 жылында трактор-егіс бригадирі болған әкем, жыл сайын жазғы Қымызмұрындық мейрамын өткізуді «Әпсәмет өткізуші еді» депосы күнге белгілейтін… Соның бірі 1968 жылдың 15 мамыр айында Әбдісәмет тұлғаның 70-ке толар мерейтойы құрметіне бірнеше түп ағаш отырғызған еді. Қажымұқан ауылындағы сол ағаштар мәуелі байтерекке айналды. Немерелері бұл ағаштарды атамыз қайраткер үлкен досына арнап отырғызды деп мақтан тұтады. Әкемнің жан досына арнаған осындай сыйы ұрпақтар сабақтастығында жаңғырып, әдемі жалғастық табуда.
Әбдісәмет Қазақбаев 1937 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің алғашқы депутаты болды, қызметі де өсті. Содан Ақмола аудандық атқару комитеті төралқасының орынбасары, ал 1938 жылдың басында Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағалығына жоғарылатылды. Қай басшылық қызметтерде болсын, Орынбек досын ұмытпай, уақыт тауып, қызық-қуаныштарын бірге бөлісіп тұрды.
1941 жылы әкем әскерге шақырылып, Алматыда болғанда, әскери бөлімге келіп, досының қал-жағдайын біліп тұрады.
1942 жылы ауылдың Қошқарбек Бейісов бастаған ақсақалдарын Алматыдағы үйіне шақырып, сый-құрмет көрсетеді. Олардан ауылдағы азаматтардың тұрмыс-тіршілігін үйреншікті әдетімен тәптіштеп сұрап әңгімелеседі. Сол жолы ол қонақтарға майдандағы Панфилов дивизиясында ауыл азаматтарының жүргенін егжей-тегжей әңгімелеп береді… Біз ауылдың жастары, Буденный (Қажымұқан) ауылының азаматтарыда Панфилов дивизиясында шын ісжүзінде болғанын, 1975 жылы 15 мамырда Әблісәмет ағамыздың 77 жылдығы мәдени шарасында «Сәлем саған майданнан, Қазақстан» деген кітаппен көз жеткізген едік. Сол кітапта біздің ауылдан шыққан заң қызметкері Қаратай Омаров сүйген жары Сұлушашқа арнап, Москва түбінде жазған хатын мақтанышпен былай хабарлайды: «Сұлушаш! Мен осы бақыттымын-ау деймін. Өйткені, мен сүйікті Москваны қорғау құрметіне ие болып отырмын. Отан жүрегі әсем Москваны қасық қаның қалғанша, соңғы демің біткенше қайсарлықпен қорғау – қасиетті борыш. Мен оны өзімнің ерлік істеріммен дәлелдеймін…». Ол айтқан сөзінде тұрды. Оқ пен бомбаның астында, өмір мен өлімнің арасында ерлікпен қаза тапты, жауды жіберген жоқ, жеңіске деген шексіз сенімін бар қырынан көрсетіп дәлелдеп кетті. Бұл хат 1942 жылы 6 қаңтарда «Сталин туы» газетінде жарияланған екен.
Әбдісәмет Қазақбаев колхоз председателі болған кезінде. 1934 жылы күз айында Қазақстанға арнайы сапармен келген БК/б/ орталық комитетінің секретары С.М.Кировұжымшарлықтардың ерен еңбектерін жоғары бағалайды. Ол туралы өзіміздің аудандық «Призыв»газетіне шыққан «Страницы истории: С.М.Киров в Акмолинске» (3.07.1989) деген мақаламда жазған едім. Әкемнің айтуынша сол 1934 жылы және 1937-1938 жылдары егін бітік шығады. Әбдісәмет қай уақытта болсын ұжымшарлықтармен бірге жүріп, бел шешпей еңбек етеді. Осындай еңбектің арқасында ұжымшар орақты мерзімінен бұрын аяқтап, шөп шабу науқанына кірісіп кеткен шақ екен. Сол жолы С.М.Киров шабындық алқабына келеді. Сергей Миронович әкемнен ұжымшар төрағасы қайда? – деп сұрайды. Сонда МТС бригадирі қызметіндегі әкем, екінші шөп маяның жағында айырмен қызу жұмыс істеп жатқан Ә.Қазақбаевқа С.М.Кировты алып барады. Мұны көрген С.М.Киров: «Қазақ халқынан қандай тамаша кадрлар өсіп келеді. Қазақбаев – біздің елдің құрылысшысы»деп әділетті биік бағасын береді. Әкейдің арқасынан қағып, жанындағы ұжымшарлықтардың әрқайсысының қолын ұстап,«Жарайсыңдар, мынадай басшы азаматтан көп үйрену керек, – депті. С.М.Кировтың осындай көрегендігі мен әділетті де биік бағаларының арқасында қазақ халқыныңелін шын сүйген жастары сол жылдары Қазақстан өңірлерімен басшылығына көптеп тағайындалған еді. Соның бірден-бір өкілі, өз бетінше іздене оқып, тоқып, оқығанын тәжірибелік талай істе шыңдалған, тумысынан білікті азамат болып қалыптасқан, ауылдың карапайым басшысы небәрі аздаған жылдың ішінде Ақмола аудандық, Қарағанды облыстық аткару комитеттерінде кызмет атқарған. Ал, 1938 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Парламентінің тұңғыш төрағалығына көтерілген қажымұқандық жерлесіміз Әбдісәмет Қазақбаев болатын. Ә.Қазақбаев елге өте беделді, елі сүйген басшы болған. Ол кісіні әрбір кездесуде оған арналған өлеңдермен қарсы алған екен. Кей жыр, сол кездерде халықтық гимнге айналып кетіпті. Өлеңнің алғаш орындалған жері Қарағанды облысы, Өспен елді мекені. Қазақтың әйгілі ақын-композиторы, мемлекет қайраткері, халық комиссарлары кеңесін басқарған Сәкен Сейфуллиннің өсіп-өнген жері.
Сонымен қатар, Ә.Қазақбаев республиканық тарих, әдебиет, мәдениет қайраткерлері арасында ерекше бедел мен абыройға ие болған. Туғанынан халық ауыз әдебиетін жатқа біліп, ұлтының салт-дәстүрін жетік білген ой-өрісі биік басшыны, қазақтың ХХ ғасырдың жырауы Жамбыл еркелетіп «Қазақбайым» деп атаған.
Ә.Қазақбаевтың жан дүниесі кіршіксіз, таза, құдай берген қарапайым мінезін тек өнер мен ғылым қайраткерлеріне, қарапайым халыққа көбірек назар аударуға жұмсаған, осы бір рухани салаға бар болмысын арнап, уақытын таба білген. Оның айғағы, 1943 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші кезеңдеріне республикада тұңғыш ақындар айтысының өтуіне тұтқа болуы. Тағы да бір ең маңызды іс-қимылы, қазақтыңәлем таныған ғалымы, Ұлы Отан соғысында шын үлгісін көрсеткен тұңғыш ғалымы Қ.И.Сәтбаевқа барынша жан-тәнімен қолдау білдіріп, қазақтың тұңғыш Ғылым Академиясының ашылуына барынша камқорлық жасап,рухани тұрғыда, каржы мәселесінде, заң жүзінде де дер кезінде көмектесіп, нық тұруына қажыр-қайратын жұмсағанын бұрынғы Оқу министрі Қажахмет Балахметов кездескен сайын айтушы еді.
Ел арасында Ә.Қазақбаевтың қазақтың болашақ зиялы кауымына көздің карашығындай қарап, қарапайым адамдардан әрқашанда көмегін аямаған қасиетін жиі естіп өстік.
Ә.Қазақбаевтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ұйымдастыру таланты ерекше танылып, жан-жақты көрініс тапты. Оның соғыстың сұрапыл сәтінде, яғни, 1942 жылы «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріне жазған «Ержүрек ленинградтықтарға эшалондаған тартулар жіберейік» деген үндеу сөзін толқымай оқып шыға алмайсың… Мақалада ол Ленинград пен Қазақстан арасында туысқандық қарым-қатынасқа тоқталады. Қазақ халқы және Қазақстанның барлық еңбекшілері Ленинград пен ленинградтықтардың көмегін ешқашан ұмытпайды. Қазақстандықтар бір кісідей болып, Ленинградты қорғаушы ерлерге сыйлықтар жіберуге жұмыла кірісіп, бұл сыйлықтарды неғұрлым тез жөнелтуді қамтамасыз ететіндігіне кәміл сенемін, – деп жазған болатын.
Оның осы патриоттық шақыруын Қазақстан еңбекшілері қызу қолдап, бас-аяғы жиырма күннің ішінде қоршауда қалған ленинградтықтарға вагон-вагон көмек жөнелтеді. Осы үндеу хатқа оның жерлестері де үн қосып, көптеген азық-түлік, әскерлерге жылы киім-кешектер, салемдеме жіберді.
Ел басына қауіп туғанда Ә.Қазақбаевтың аса зор ұйымдастыру қабілеті шыңдала берді. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Президиумы республика экономикасын соғыс талабына лайықтап қайта құру, әскерге көмек қолын созу, эвакуацияланған кәсіпорындарды орналастыра жүріп, жаңа фабрикалармен зауыттарды іске қосу, КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің шешімдерін мүлтіксіз жүзеге асыруды ұйымдастырып, үйлестіру жөнінде көптеген күрделі де жауапты міндеттерді атқара отырып, еңбекшілердің күш-жігерін майдан үшін, Жеңіс үшін жұмылдыруға зор көңіл бөлді. Ә.Қазақбаевтың Отан қорғау ісіне қосқан зор үлесі,майдан мен тылдың бірлігін нығайтудағы зор жұмысы туралыайта келіп, ҚСРО-ның бұрынғы қаржы министрі А.Г.Зверев өзінің «Министрдің жазбалары» деген кітабында «Республикаларда, өлкелерде, облыстарда, аудандар мен округтерде көптеген жолдастар тамаша еңбек етті. Ортақ іске Ә.Қазақбаев (Қазақстан) секілді жолдастар көп көмектесті»,– дейді.
Бұл айтылған үлкен теңеудің өзі жерлесіміз Әбдісәмет Қазақбаевтың Ұлы Отан соғысы жылдарында халықтар достығының жаршысы, шынайы интернационалист болғаныныңайқын көрінісі.
Халық үшін маңдай терін төккен аяулы азаматымыз Әбдісәмет Қазақбаев Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі және оның бюро мүшесі, ВКП(б)-ның ХVIII съезінің делегаты, I және II сайланған КСРО және Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болды. Оның Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталды.
Өкінішке орай, соғыстан кейін қудалау істері басталғанда ең бірінші ел тізгінін ұстаған Әбдісәмет Қазақбаевты іліктіріп, ал, 1950 жылдар басында елдің мәдениетіне зор үлестерін қосқан Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Жұбановтарды қуғындау кезеңдері басталды. Оны тіпті осы қазақтың зиялыларымен қарым-қатынас жасамау үшін Алматы астанасынан тысқары алыс ауданға жер аударған. «Бірақ, қашанда туған елінің әрбір жерін бірдей көрген Қазақбаев маңайындағы жаңа адамдарды да ортақ іске жұдырықтай жұмылдырып, Талдықорғандағы Киров ауданын гүлдендіріп-өркендетіп шығарды ғой» деген еді партия, кеңес қызметкері, туған құдасы Мұқат Мейірманов талай айтар сырларын жалғастырып.
Ол жөнінде Дінмұхамед Қонаев атамыз да өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» (115-116 беттер), «Өтті дәурен осылай» атты кітаптарында былай деген: «он жылдай Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы қызметін атқарған Әбдісамат Қазақбаевтың не үшін орнынан алынғаны маған жұмбақ. Әйтеуір, Талдықорған облысының Киров, қазіргі Көксу аудандық атқару комитетінен бір-ақ шыққанын білем».
1937-1958 жылдары қазақ елінде, халық арасында «Қазақпайды, біз сүйеміз, Қазақпайға бас иеміз» деген әуелеген әнмен қатар, «Қазақбай, Әбдісәмет есімді аттар да жас нәрестелерге жиі берілген. Осы аттас есімді ауылымызда 5 адам иеленген.
Ұлтымыздың төрі болған Ұлытауда туған, саясиқайраткерлік өмірін Сәкен Сейфуллин сияқты Ақмола, қазіргі Астанада өткізген Әбдісәмет Қазақбаевты еске алып отыру – қазақстандықтардың абыройлы борышы.
Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, қазақ халқының саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани тарихындағы өшпестей із қалдырған тұғырлы тұлға.
Майра МӘКІБАЙ,
өлкетанушы-этнограф, Қазақбаевтанушы және Қажымұқантанушы.