АСА КӨРНЕКТІ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ЕРКІН НҰРЖАНҰЛЫ ӘУЕЛБЕКОВТІҢ ТУҒАНЫНА – 95 ЖЫЛ
1995 жылы қаңтар айында Е.Н.Әуелбеков Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Сол кезден бастап бірге қызметтес болып, ол кісіні жақсы біле бастадым.
Облыс активінің бірінші жиналысында Әуелбеков өзін таныстырды. 17 жыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КПСС Орталық Комитетінің мүшесі, Социалистік Еңбек Ері екенін білетін біз Еркінді жоғарғы дәрежедегі қызметтерін мүлтіксіз атқарғанына қарап, нағыз партиялық лидер деп бағалап, өте жақсы көзқараста жүргенбіз. Шынында Еркін өте еңбекқор, кезі келсе қара жұмыстан да қашпайтын, ал, билікте ойлаған ойын орындатпай қоймайтын іскер, дарынды басшы-азамат еді.
Мен Еркінмен тепе-тең дәрежеде, үзеңгілес жұмыс атқардым. Әдепкі келген күннен бастап менімен екі сағаттан астам жеке сөйлесіп, көптеген сұрақтар қойып, ой-пікір алысты. Сондағы сұрақтарының біреуі: «Ауданға, колхоз-совхоздарға шыққанда қайда қонасыздар?» — деді. Мен ойланбастан: «Ретіне қарай, кейде колхоз-совхоз басшыларының үйінде, иә, болмаса қарапайым жұмысшылардың, шопандардың да үйінде қона саламыз» — дедім. Ол кісі шамалы ойланып, басын шайқады да: «Бұлай болмайды, мекеменің қонақ үйіне қону керек» — деді. Міне, содан бастап аудандарда, ауылдарда қонақ үйлер салып, бұрыннан бар қонақ үйлерді күрделі жөндеуден өткізіп, жабдықтауға қаржы бөлдірдік. Бұл іс, Еркін келгеннен кейінгі көп игі шаралардың бірі ғана болды.
Еркін Нұржанұлы – ауыл шаруашылығының мол тәжірибелі білгір маманы, шаруашылықты жетік, нақты білетін басшы болғандықтан ба, суармалы жердің өзгешелігіне қарамастан, егістік ісін де тікелей өзі басқарып кетті. Керек болса, күріштің «кіді мінезін» тез игеріп: «Күріш егістігінде адам күші көп пайдаланылады, ал, техникалардың көбісі іске қосылмаған. Сондықтан, механикаландыру жағына баса көңіл бөліп, қол күшін азайту керек», – деді. Сөйтіп, күріш орағына жылдағыдай студенттер мен мектеп оқушыларын пайдалануды доғартты. Облыста көкөніс, картоп, бақша өнімдерін молайтып, бұл дақылдарды сырттан тасымалдауды азайту туралы мәселе қойып, іс-шараларды бекітті.
Мал шаруашылығына байланысты да ұтымды шешімдер қабылдап, «Мал басын өсірумен қатар, мал шаруашылықтарын асыл тұқымды малдармен толықтырып, бордақылау пункттерін әр ауданда, ірі шаруашылықтарда ашу керек», — деді. Осы ұсыныстар үдесінде басқа республикалардан (Белоруссия, Латвия) 10000 бас асыл тұқымды сиырлар әкелініп, 25 бордақылау пункттері салынды.
Сол кездерде де Ерекеңнің айналасына топтасқан білікті, тәжірибелі кадрлардың көзге көрінетін көшелі іс-қимылдары арқасында ауыл шаруашылығының көрсеткіштері тез жоғарылады. Мысалы: облыс бойынша күріш егістігінің көлемі 100000 гектарға жетіп, әр гектардан 50,5 центнер өнім алынып, қоймаға 470 мың тонна астық құйылды. Облыста 1680 мың қой-ешкі 235 мың ірі қара, 75 мың жылқы, 26 мың түйе болды. 778 мың құс жылына 33 миллион жұмыртқа беретін. Мұндай көрсеткіштер облыс тарихында бұрын-сонды болып көрген емес.
Өлкемізді аграрлы-индустриялық облыс жасаймын деп, өндірістің потенциалын көтеруді ұсынған да Ерекең. Облыста республика халқының 4 пайызы тұратын болса, олардың өндірістегі үлесі 1,3 пайыз ғана болатын. Осы көрсеткіштерді теңестіремін деп үлкен күш салды. Одаққа, республикаға күрделі ұсыныстармен шығып, қаржы бөлгізіп, зауыт-фабриктер салуды қолға алды, халықтың әл-ауқатын жоғарылатып, тұрғын үй, мектеп, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау жүйелерін жақсартты. Көптеген кәсіпорындардың, өндіріс орындарының еңбек өнімділігін арттырып, шығарылған өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, рентабельді болуына көмектесті.
Алматыға жол сапармен бара қалса, Еркін мені ертіп, министрліктер мен ведомстволарды жағалайтынбыз. «Қадалған жерден қан алмай» іс біткен бе?! Бірде республиканың Жоспарлау комитетіне барып, облыс экономикасының шешімін күткен мәселелерін көтердік. Оның төрағасы Т.Мұхаммед-Рахимов бөлім басшыларын жинап, екі жақты келісім-шарт жасауға уәделесті. Сол келісімнің орындалуын қатты бақылауға алған Ерекең екі-үш ай өткеннен кейін, баяғы келісім-шарттың орындалуын тексер деп мені жоспарлау комитетіне тағы жіберді. Ол кезде Т.Мұхаммед-Рахимов жұмыстан босанып, орнында О.Н.Желтиков келген болатын. Ол кісі қатты ашуланып: «Қызылордадан басқа облыс жоқ па?» — деп қағазымды лақтырып тастады. Не істерімді білмеймін, ойланып, бір амалын табу керек болды. Мен тұрдым да: «Октябрь Иванович, егер келісім орындалмаса, Сіз жұмыстан айырыласыз», — дедім. Ол маған тесірейе қарап: «Сіз кім едіңіз?!» — деді.
– Онда мен айтайын, ол кісі – Мәскеуде. Сіз басқарған мекемеге бірінші басшы болып келуге бекуге кетті. Кәдімгідей шошып қалған Желтиков сабазың бөлім басшыларын шұғыл шақырып алып, протоколдың тез арада орындалуын қатаң тапсырды. Сосын маған бұрылып, кешірім сұрап: «Ешқандай тосын әңгіме болған жоқ, бәрі осында қалсын», – деп жақауратып жатыр. Кеңседен шыққан бойда Әуелбековке телефон соғып, болған істі баяндағанымда ол күліп: «Жарайды, енді маған телефон соқса, Мәскеуде болдым, әзірше ойланып отырмын дермін», – деп еді.
Осындай оқыс оқиғаның тағы бірі республика Құрылыс министрлігінде болды. Онда да Еркіннің қатысуымен екі жақты келісім-шартқа қол қойып, міндеттемелер алғанбыз. Араға уақыт салып, сол міндеттемелердің орындалуын білейін деп министрге соқсам: «Менің уақытым жоқ. Сіздің қағаздарыңызды қарауға мүмкіндігім жоқ», — деп дұрыс қабылдамай, бара беріңіз дегендей ыңғай көрсетті. Сол кезде мен орнымнан тұрып: «Онда Қызылордаға барып, өзің орындарсың», — деп папкамды столына қойдым.
Сосын: «Қазір Колбинге барамын. Барлық облыстағы басшылықта бір қазақ, бір орыстан істейді, тек қана Қызылордада екі бірдей қазақ отырмыз деп, өз орныма, облисполком төрағалығына «молодой, энергичный, грамотный строитель» деп сені ұсынамын», — дедім де есіктен шыға бердім. Сол кезде сасып-абдыраған министр артымнан коридорға жүгіре шығып: «Идрис Калиевич, подожди», — деп қолымнан жібермей ұстап, кабинетке қайта келді. «Ты не горячись», — дей отырып, барлық мәселемді түйін-түйініне дейін қалдырмай шешіп беріп: «такого предложения не делай», — деп өтінді.
Ауылға келгеннен кейін Құрылыс министрлігінде болған әңгімені Еркінге айтып бергенімде ол кісі ішек-сілесі қатқанша күліп: «Я ему напомню», — деді. Содан көп ұзамай бір жетінің шамасында Орталық Партия Комитетінде менің (облисполкомның) есепті баяндамам болатын болды. Сол бюроға Әуелбековті де қоса шақырды. Бюро болатын залда баяғы Министр бізбен қатар отырды. Еркін Нұржанұлы оған бұрылып: «Ну как?» — деді. Ол ұшып түрегеліп: «Еркін Нуржанович, извините, протокол будет на сто процентов выполнен», — деп жатыр. Еркін күліп: «Бәрін білемін, мен ұсыныс жөнінде сұрап отырмын», — деді. Министрім қып-қызыл болып, Еркіннің қолын қысып: «Забудьте обо всем», — деп ыржалаңдады.
Иә, әр кезеңде астанаға барғанымызда облыстың, ел-халықтың мүддесі үшін үкімет басшыларына өз ұсыныстарымызды өткізудің түрлі жолдарын іздейтінбіз. Сондай «кімге күлкі, кімге түрпі» оқиғалар үшін бізді кінәлауға болмайтын шығар.
Еркін Нұржанұлының үдесінде өте қатал ұстаным, темірдей тәртіп сақтағанымен, адамгершілік — кісілігі мол, әділеттілікті сүйетін, бұрмаламай шындықты айтуды жақтайтын адам еді. Оның осы қасиеті Асқар Тоқмағамбетовке ескерткіш қою кезінде де көрінді. Қазақстан Министрлер Кеңесі Асқардың бейітінің басына қоятын бюст салу үшін 2000 сом бөлген болатын. Ол қаржы бізді маңайлаған жоқ. Себебі, гипстен салған Асқардың мүсіні өте үлкен болып, оны тұтастай құйып шығаратын мүсінші Қазақстаннан табылмады. Ал, бөліп құюға автор келіспеді. Мүсінді тұтас құятын маман Рига қаласында бар екен. Сонымен Латвия Республикасының басшыларымен сөйлесіп, келісіп, мүсінді ұшақпен апаратын болдық. Боркемік гипстен жасалған, сынып кетуге даяр тұрған мүсін Ригаға рейс бойынша ұшатын ұшақтың есігіне сыймай қалды. Сондықтан, Орта Азия әскери округінің басшыларымен келісіп, есігі үлкен әскери ұшақ алдырып, Алматыдан мүсінді салып, Қызылордаға қондырып, 950 келі қоланы тиеп және күріш, қауындарымызды салып, Ригағa ұшырғанымыз бар. Асқардың бюсті біткеннен кейін оны театрдың алдына қоятын болдық. Ескерткішке жұмсалған қаржы үкіметтің бөлгенінен он есе асып кетті.
Осы мәселе бойынша Әуелбеков мені шақырып: «Асқардың ескерткішіне көп қаржы жұмсаған екенсіз, егер де жоғарыдан тексеру келсе, жауапқа тартыласыз. Сондықтан, жұмсалған қаржыларды заңдастырып, қалған жұмыстарды орынбасарларыңызға тапсырып, сіздің Мәскеуге бара тұрғаныңыз жөн», – деді. Сөйтіп, толып жатқан жолдарын қарастырып істің «бетін бері қаратып» облыс активін жинап, митингі өткізіп, мен Мәскеуде жүргенде Асқар Тоқмағамбетовтың ескерткішін өзі ашқан болатын. Бұл Еркіннің біздер үшін жасаған көп қамқорлығының бірі еді.
Облыстың барлық жағдайымен толық танысқаннан кейін, бір-екі жыл өткесін Е.Н.Әуелбеков: «Республиканың нақты көмегі болмаса, облыстың экономикасын жоғарылату өте қиынға соғады», — деген тұжырымға тоқталды да артынша Алматыға барып, Қазақстан Министрлер Кеңесінде болып, ортақ мәмілелер нәтижесінде Үкімет Қаулысының жобасын дайындауға кірістік. Ол кісі дайындалған жобаны талдап оқып, қарап шығып, Орталық Партия Комитетіне барып біріккен Қаулы шығаруға келісті. Сонымен, республика Орталық Партия Комитеті мен Министрлер Кеңесінің Қызылорда облысының экономикасын өркендету туралы біріккен қаулысы жарық көрді. Бірақ, бұл қаулыда көрсетілген негізгі мәселелер де облыстың экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайын тез арада жақсартуға жеткіліксіз болды. Сондықтан, Одақтық үкіметтің алдына мәселе қою қажет болды. Сол себепті мен бір топ қызметкерлермен Мәскеу қаласына барып, КСРО Министрлер Кеңесінде, Жоспарлау комитетінде болып, қаулының жобасын дайындауға келісім алдық.
Қаулы дайындау оңай дүние емес, бірнеше министрлік пен ведомстволардың келісімін алу керек екен. Соған байланысты Жоспарлау комитетінің 16 бөлім бастықтарының, 17 министрдің жазбаша түрде келісімін алып, қосымша түсініктер жазып, қаулының жобасын дайындадық. Ол жазба КСРО Министрлер Кеңесінің аппарат қызметкерлерінің мұқият тексеруінен өтіп, Министрлер Кеңесінің төрағасының алдына жетті. Соншама еңбек етіп отырған құжатымызға, ауызша болса да, М.С.Горбачевтің келісімі болмаса қол қойылмайды деді. Мен осы сөздерді телефон арқылы Еркінге жеткіздім. Ол кісі ертеңінде ұшақпен ұшып келіп, М.С.Горбачевтің келісімін алып берді. Сонымен, 1986 жылы, желтоқсан айының 25-жұлдызында, жаңа жылдың алдында КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Николай Иванович Рыжков қол қойған «Қызылорда облысының (Қазақ ССР) әлеуметтік жағдайы мен экономикасының тез арада өркендеуі туралы» қаулы жарық көрді. Бұл Қызылорда облысының тарихында тұңғыш Одақтық қаулы еді. Бұл қаулы бойынша Қызылорда қаласы мен Тасбөгет поселкесінің орталығына көптеген тұрғын үйлер, ғимараттар салынып, «Жаңа Қызылорда ауданы» құрылмақшы еді. Сырдарияның қала жанындағы жағасы бетондалып, сол арадан көпір салынып, арғы жаға халықтың дем алатын жері болу керек еді. Осы қаулы бойынша облыстың дамуына жарты миллиард сомнан астам қаржы бөлінген. Бұл қаулының шығуына Еркіннің еңбегі өте зор болды.
Әуелбеков облысқа келген күннен бастап, өзінің жоғарғы дәрежедегі өрелі басшы екенін танытып, қарапайым халықпен де етене араласып кетті. Халық алдындағы беделі шарықтай көтеріліп, ақ тілек, ізгі ықыласына бөленгеніне өмір куә. Әуелбековтің қабылдау күнінде жүздеген адамдар таң сәріден қабылдау бөлмесінің алдында кезекте тұратын. Олар айтқан арыз-шағымдар әділ шешімін тауып, көбісі ырза болып қайтатын.
Әуелбеков Отанға, халыққа шын берілген адам еді. Жатса-тұрса ойланатыны облыстың қамы, елдің жағдайы, қазақ халқының келешегі болды. Өзінің отбасы, туған-туысқандары, жақын адамдары туралы қандай да бір жекебастық, белгілі мүдде көздейтін мәселе қозғап, ортаға салған емес. Қасында жақын жүрген адамның бірі – менің өзім де ол туралы бір ұл, бір қызы бар дегеннен өзге, артық мағлұмат білгенім жоқ.
Ол бірде: «Қызылорданың халқы кішіпейілді, кешірімшіл, сөйте тұра жаманшылыққа жол бермейтін, ел серкесі басшыларын да жақсы сыйлап, құрметтеп, керек кезінде қол ұшын құлшына созатынын сезіндім», – деп еді, –«Солтүстік пен оңтүстіктің арасында көп айырмашылық бар ғой. Бұл өзгешелікті мен әу басында білгенім жоқ. Нағыз қазақтың ортасы осында екен. Қазақ тіліне одан әрі тереңдеп, талай-талай әдемі әдет-ғұрыпты үйрендім. Тарихты оқып, тоқып, қастерлеп жүрген қазақтың негізі де осы жерде емес пе? Сондықтан, бұл халыққа бас иемін, мың сан алғысымды айтамын. Қатесіз адам болмайды, менің де қатем бар шығар. Бірақ, біреуге жаманшылық, қиянат жасайын деген бөгде ойым болған емес. Жіберген қателерім Сыр елінің өзгешелігін білмегендіктен болу керек». Осыны айтып Еркін мені қапсыра құшақтады.
«Сіздің ізгі қасиетіңізді, өте таза, адамгершілігі мол, қаратабан жұмысшыдан шыққан табанды адам екеніңізді орныңызға Золоторев келгеннен кейін байқадым», — деді сосын. «Шынын айтсам, Көкшетауға еш жерді теңестірмеймін. Қызылорда халқының Сырдариядай дархан пейілі, адамды жатсынбай, сыйлай білетін кең құшағы мені таң қалдырып, тәнті етті. Бұл елден көрген сый-құрметтерімді еш жермен салыстыруға болмас. Мен сияқты бірбеткей адамның өзін қазақтың дұрыс жолына салып, ділін, дінін үйретіп, қайтадан хас қазақ етіп жіберді-ау, ә?!»
Сол жолы асықпай қыдырыстай жүріп, екеуміз төрт сағаттан астам әңгімелесіп едік.
Ыдырыс ҚАЛИҰЛЫ,
бұрынғы Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы, дербес зейнеткер.
(«Дара тұлға» кітабынан, Қызылорда, 2010 жыл).
![]()

