Мерекелік жиында да ауыл жағдайы сөз болды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Николай Арсютин жұмыс сапарымен Ақмола облысына келіп, «Ауыл» партиясының 25 жылдығына орай, өңірлік филиалдың активімен кездесті.

Николай Геннадьвич бұған дейін облыс аумағындағы бірқатар ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралаған болатын. «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалында өткізілген жүздесу ұйымның мерейлі 25 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Партияның облыстық филиалының төрайымы Анар Аяпбергенова жиынды ашып, ағымдағы жылдың 5 шілдесінен бастап облыс аумағына Мәжіліс депутаттары келіп, халықпен кездесулер өткізіп жүргенін атап өтті.

–Халық қалаулыларының елді мекендерді аралаудағы мақсаттары – облыс тұрғындарын толғандырған мәселелердің мәнісіне заңнамалар шеңберінде үңіліп, оларды шешу жолдарын қарастыру, қабылданған заңдарда кездесетін кемшіліктерді анықтап, оларды жетілдіру. Николай Арсютин мырзамен біз де облыстың үш ауданына шығып, халықпен кездесіп, шаруалардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың, қарапайым халықтың жағдайын көріп қайттық. Мәселе шаш-етектен. Барлығын партияластар болып, бірігіп шешуге тырысамыз, –деді Анар Аяпбергенова.

– Жоспар бойынша біз жылына екі рет өңірлерге іссапармен шығып, сайлаушыларымен кездесіп тұрамыз. Халықтың мұң-мұңтжын тыңдап,  олардың тыныс-тіршілігімен танысамыз. Айтылған әр пікірлерден, қозғалған әр мәселееан ой түйеміз, елдің жанайқайын билікке жеткіземіз. «Ауыл» партиясы болғандықтан, ауылдардың жаңаруына, ондағы шаруашылықтардың өсіп-өнуіне, жақсаруына көп көңіл бөлеміз. Халықтың қаржылық сауаттылығына да аса мән береміз. Ауылда мәселе өте көп. Оларды бірлесіп шешкен дұрыс. Бұл орайда, мен «егер елде сұрақ көп болса, онда алға жылжу, даму бар» деген сөз, – дейді мәжілісмен.

Жиында партия мүшелері ақбөкендер мәселесін, әсіресе заң бойынша оларды атуға тыйым салғандықтан, кейбір нормативтік құжаттар шеңберінде оларды басқа аумақтарға қуу жайын көтерді. Атбасар, Егіндікөл Астрахан аудандарының диқандары бұл жануарларды Қорғалжын арқылы Қарағанды облысына қуып жатыр екен. Осыған байланысты Қорғалжында егін еккен шаруа қожалықтары ақбөкендердің таптап өтуінен жапа шегуде. Таптап өткен егін жарамсыз болып қалуда.

–Былтыр егін аумақтарына қоршау орнату туралы мәселе қозғалғанымен, оған жағдай жасалып жатқан жоқ. Министрлікке шағымдансақ, олар жергілікті басқару органдарына жолдайды, ақыры жабулы қазан күйінде қалып жатыр, –дейді диқандар.

Сондай-ақ, Атбасар ауданында жауған бұршақтың салдарынан бүлінген егін алқаптарын жарамсыз деп тану мәселесі шешілмей жатқаны талқыланды.

–Арнайы комиссия бүлінген егін аумағын тексеріп, «төтенше жағдай» деп тиісті шешім шығарса да, жерлікті басқару оны жарамсыз деп танып, 123 миллион теңге өтемақы төлеуден бас тартып отыр. Ал, жауапты министрлік бюджетте ақшаның жоқтығын айтып, жергілікті билікке жалтарып отыр, –деді Атбасар аудандық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Роза Тасмағамбетова.

Бұл мәселе бойынша Мәжіліс депутаты сотқа жүгінуге кеңес берді. Егер соттың шешіміне қанағаттанбайтын болсаңыздар, қазір кассациялық сотқа да жүгінуге болатынын еске салды.

Жиын барысында партияның қоғамдық өміріне белсенді қатысып, еңбек етіп жүрген Сағынай Есімов пен Юрий Сураев есімді азаматтар партияның 25 жылдығына арнайы шығарылған мерейтойлық медальдармен марапатталса, партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табысталды.

Бұл күні Мәжіліс депутаты көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтармен кездесіп, олардың мәселесін тыңдады. Жиында азаматтар ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық» Кодексінің  346, 608 және 613 баптарын қайта қарастыруды ұсынды. Олардың айтуынша, елімізде амнистия адам өлтірген азаматтарға да жасалады, ал, мас күйде көлік басқарып, ешкімді жарақаттамай, құқығынан айрылса, оларға ешқайндай жеңілдік қарастырылмаған. Бұл орайда, мәжілісмен көлікті басқаруға отырған әр азамат өз басына ғана емес, қасындағы жолаушылардың да, көшедегі жаяу жүргіншілердің де өміріне қауіп төндірмеуге жауапты. Сондықтан, қандай жағдай болмасын жүргізушілер жауапкершілік пен заң бар екенін ұмытпау қажеттігін ескертті және олардың ұсынысын Мәжіліске ұсынатынын да айтты.

Ы.ШАМШИЕВА.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар