Ұлылар ұлағаты
Қазақ даласы тұрмақ, астамшыл империяның өзін асқан дарындылығымен, сан қырлы талант қырларымен мойындатып, аққан жұлдыздай жарқ етіп, өте шыққан қысқа ғана ғұмырында ұлан-ғайыр қыруар істер тындырып кеткен қазақ халқының данышпан перзенті Шоқан Уәлиханов феноменіне бойлау, өзіндік дара бітім-болмысын ашу кімге болмасын, үлкен жауапкершілік жүктейді. Көптеген зерттеулік еңбектерде, энциклопедияларда Шоқан Уәлихановқа берілген анықтамаларда оның ғалымдық қырлары аталғанда, негізінен, географ, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, ағартушы, аудармашы, саяхатшы деп көрсетіледі.
Әрине, мұны жоққа шығармаймыз және бір ғана адам үшін осылардың өзі аз емес екені түсінікті, дара талант қырларын ашуға да әбден жеткілікті болары сөзсіз. Бірақ, осылардың өзі оның сан қырлылығы туралы толық мағлұмат бере алмасын айтпай кетуге болмас.
Мысалы, оның суретшілік өнеріне белгілі атақты суретшілердің өзі жоғары баға берген, оның, әсіресе, портретистік, пейзажистік бағыттағы өнер туындыларының Леонардо да Винчи, Рафаэль ди Санти туындыларымен үндесетінін жазып, өте биік бағалаған. Сонымен бірге, ол филолог-тілші-лингвист болған, осы зерттеушілік бағытта әлденеше тіл білген және өмірден өткенінше тілдерді меңгеруін жалғастырумен болған. Ол өзінің туған ана тілін жай ғана біліп қоймай, зерттеушілікпен көңіл қойған, белгілі шешендермен сөз сайысына түскен сайыпқыран шешен тілді болған. Осы бағытта тамырлас түркі тілдерімен қатар қарастыру мақсатында шағатай-өзбек, ұйғыр, қырғыз тілдерін білген.
Оның шығыстанушы ғалым болуы да осыдан бастау алады. Ол Омбыдағы кадет корпусына барғанда, бір ауыз орысша білмей барып, орыс балаларының мазағына ұшырапты, осыған қатты намыстанған Шоқан екі-үш айдың ішінде орыс тілін жүйрік меңгеріп қана қоймай, оқу үлгерімі жағынан барлық қатар құрбыларынан озып алға түскен. Ал, бұл оның өзгеше бір дарын қырын танытпай ма. Орыс тілін былай қойып, ол сол кездерде Ресейдегі барша оқу орындарында оқытылатын француз, ағылшын тілдерін де жетік меңгеріп, бұл тілдегі шығармаларды аударма арқылы емес, түпнұсқадан оқи алған. Бұл да Шоқанның феномендік бір қыры болмас па?!
Сонымен бірге, ол тілші лингвистік зерттеушілігін кеңейте түсу мақсатымен, «Қытай-моңғол-ұйғыр тілдерінің сөздігі» деген еңбек жазған. Демек, Шоқан бұл тілдерді де толық меңгермесе де, ғылыми зерттеушілік қызығушылығын танытқан.
Осылардың бәрінің үстіне, Шоқан көрген білгенін, өмірден тоқыған, түйгендерін жіпке тізгендей, ғажайып көркем тілмен жазып отыратын жазушы бола да білген. Оның «Сот реформасы туралы жазбасы» кемел дарынның қырларын үстемелей түсті. Шоқан бұл еңбегі арқылы жай ғана заңгер емес, заңтанушылық әрі қоғамтанушы, әлемтанушылық ізденімпаз қырларымен көрінді. Ізденімпаздық дегенге тереңірек мән бергіміз келеді, жоғарыда аталған қай ғылым түрі болсын, Шоқан жан-жақты түбірлете қарастырған зерттеушілігін дәлелдеді. Мысалы, оның географтығы, әрі жертанушы, әрі елтанушы, жер бедерін түсіріп отырушы-картограф, әрі болған өлкелерін бейнелеуші суретші, әрі қолма қол қағазға түсіре қоятын журналист, очеркист, публицистік, жазушылық қырларымен байыта түскен. Өте-мөте таң қалуға тұрарлық.
Осылардың бәрі Шоқанның қай ғылым саласында болмасын, жан жақтылығының, дара ізденімпаздығының дәлелі деуіміз керек.
Мен өз басым, дара дарындар, яки, Шоқан тәріздес данышпандар тез сарқылады, олар сондықтан қысқа өмір сүреді, халқына, қоғамына беретінін береді де, өмірмен ерте қоштасып жүре береді деген сияқты пікірлермен келіспеймін. Өйткені, Шоқан ешқашан сарқылмайтын телегей-теңіз талант болып жаратылған жан, оның ғұмыры жалғасқан сайын сансыз қырларымен қанатын жая түсіп, ізденісін жалғастыра беруші еді, мүмкіншілік аясы да молая берер еді деген көзқарасқа сеніммен беки түсеміз.
Бұл пікірімізге бір ғана мысал. Шоқан өмірін байыптап, көңіл қойып, зерделеп жүргендерге жақсы мәлім болуға тиіс, ол айықпас сырқатқа шалдыққанына көзі жеткен соң, сірә, өз жақындарын, әкесі мен анасын, тағы басқа жанашырларын уайымға салғысы келмеген болуы керек, өмірінің ақырғы айларын Алматыға жақын Алтынемел қонысындағы Тезек төренің ауылында өткізеді. Оның да өзіндік себептері бар, Шоқан ажалы жақын екенін білсе де қол қусырып, өлімін күтіп қарап отыруды қаламаған. Тезек төре оның ғылыми ізденісіне бар жағдайды жасаған. Және Тезек төренің өзі де үлкен дарын иесі, ақын, айтыскер, әрі төгілген шешен, ел тарихының асқан білгірі болған адам. Осындай жан дүниесі бай адамның жанында болуды Шоқанның жүрегі қалаған деп пайымдаймыз.
Шоқан сырқаты меңдей түссе де зерттеушілігі мен ізденісін жалғастыра берген. Тезек төренің айналасына, оның өзі тәрізді өнер иелері, білімпаз, би- шешендер үйірсек болған, бұлардың бәрі Шоқанның сырқатын ұмыттырғандай болған, данышпан ғалымның өмірінің ақырғы сәтіндегі жан қалауы да осы болса керек. Шоқан күні бойы мәжіліс құрып отырып, ара-арасында қызықты деректерді түртіп алып отырған. Оның зерделілігіне таң қалып, таңдай қағуға болады, әлдебір көрініс әсер етсе, айнытпай бейнелей қояды екен. Аса шешен, жаратылысынан бөлек Тезек төренің бейнесі оған шабыт берген болуы керек, тура тік қарап отырған және қырынан отырған бейнесін сомдап, қағазға түсірген. Осы өнер туындыларын сурет өнерінің майталмандары аса жоғары бағалап, үздік портреттік бейнелер деп атап көрсеткен. Мұның бәрі Шоқанның, ғалымдығының үстіне, адамның жан дүниесіне терең үңіле білген, кісі танығыштық биік қасиеттерінің айғағы.
Оның талант қырларын толық ашып отырмыз деп тағы айта алмас едік. Қанша Шоқан феноменін ашуға күш салсақ та, көкейімізде бір күмән қалып қоятынын жасыра алмаймыз. Осындайда М.Әуезов: «Сіз Абайды толық таныттыңыз, арманыңыз жоқ шығар?» деп сауал қойғандарға қатты ашуланып: «О не дегенің, шырағым, Абай деген шексіз шетсіз мұхит емес пе, сол мұхиттан мен көсіп қана ала алдым» деген екен. Өмір бойы Абайды зерттеген, жазған, әлемге танытқан Мұхтар Әуезов солай десе, біздің Шоқан феномені туралы ойларымыз қай деңгейде болатынын өзіңіз шамалай беріңіз. Дегенмен, ұлыны тануға талаптануға ешкім шек қоя алмайды.
Жарайды, Шоқанның даралық феноменін ашуға талпындық, жетер жеріне жеткізе алмасақ та, аздап қарасын көріп қалған болуымыз керек.
Енді осыдан келіп, өз-өзінен сұрақ туындайды. Шоқан адамзат тарихындағы айрықша жаратылыс иесі ме, әлде, отбасы, орта тәрбиесінің жемісі ме?
Біздіңше, Шоқан тұлғасында осы екеуі де бар. Академик Н.Веселовский айтқандай, Шоқан аз ғана ғұмырында, басқалар бүкіл өмірін жұмсаса да жасай алмағанды жасады. Демек, Шоқанды осындай биіктікке айрықша жаратылысы жеткізіп отыр. Дегенмен, адам баласының айрықша жаратылып, ашылмай өмірден өтуі де аз кездеспейді. Ал, бойдағы қабілеттің ашылуына ортаның ықпалы, ата-ана тәрбиесі, асыл тектілік, еңбекқорлық, ізденгіштік, баршасы қосылып, шырқау шыңға шығарарын кім жоққа шығарар?!
Демек, Шоқан асыл жаратылыс пен қанмен берілетін тектілік, ата-ана ықпалы, орта әсері, халықтық даналық ұлағат, осылардың бәрін бойына ұштастыра білген, жаратқанның бойына дарытқан қасиетін бағалай білген, өзінің еңбекқорлығымен, ізденгіштігімен іске асыра білген, соның арқасында биік өреге, оқшау қабылеттілікке қол жеткізген дарын иесі.
Сондықтан, Шоқан феноменін сөз еткенде, оның тәрбие мектебі, алған өнегесі мен ұлағаты туралы сөз қозғамау мүмкін болмас еді.
Бұл орайда, Шоқанды дүниеге әкелген, мәпелеп, бағып-қаққан, алақандарына салып, аялап өсірген, бойындағы бар қасиет, нәрін дарытып, тәлім-тәрбие берген әкесі мен шешесін алдымен атауымыз заңдылық болар. Шоқан бұл тұрғыдан жолы болған жан, оның әкесі Шыңғыс Уәлиханов қатардағы қазақ емес, қай қырынан алсаңыз да биік деңгейлі адам. Әрине, оның патшалық қоғамға қызмет қылғанына, полковник дәрежесіне көтеріліп, аға сұлтан шеніне ие болғандығына қазіргі көзқараспен сын айтуға да болар. Бірақ, Шыңғыс төре сол қызметін халық пайдасына жарата білген, әсіресе, өз ұрпақтарына прогресшіл дұрыс бағытта тәрбие бере білген адам. Шыңғыс қазақтың әйгілі перзенті, халық ұнатып, сан қырлы дарынына орай, «Сегіз сері» деп атап кеткен Мұхаммедқанафия Шақшақұлының шаңырағында қонақшылап отырғанда өзінің тұңғыш ұлы, қазақтың болашақ данасы жарық дүние есігін ашқанда, жүрегі жарылардай қуанып, серінің есімін «менің тұңғышым осы Мұхаммедқанафиядай халқының сыйлы азаматы болып өссін!» – деп ырымдап қойған екен. Бұл туралы Ш.Уәлиханов көлемді зерттеу монография әрі «Аққан жұлдыз» деп аталатын екі кітаптан тұратын дилогия жазған қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқанов өте қызықты суреттеген. Шоқан өміріне қатысты, бала кезімізден қызыға оқыған кітабымыздың бірі «Аққан жұлдызда» өте қызықты біраз деректер кездеседі, орайы келгенде сөз қылармыз…
Міне, осы мағлұматтың өзінен, Шыңғыстың халық өнерін сүйгенін, бағалай білгенін, жанашыры болғанын аңғаруға болады. Шыңғыс халық фольклорын терең білген, шаңырағына үнемі өнер иелерін, жыршы, қиссашы, термеші, сал серілерді жинап отырған. Балаларының ішінде, әсіресе, Шоқаны олардың өнеріне айрықша ден қойған, тіпті, бала кезінен қисса-жырларға қызығушылығын танытып, жазып алып жүрген. Шыңғыстың осындай халық өнеріне деген құрметін сырттай байқаған патша үкіметі де оған этнографиялық тапсырмалар беріп, қазақ даласын зерттеп білу мақсатында пайдаланған. Шоқан есейе келе, әкесінің бұл жұмысына да қызығушылық танытып, іліп әкеткен. Ешкімнің тапсыруынсыз-ақ халықтың көне мұраларын, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қатысты бұйымдарды жинауға ерте әуестенген. Міне, Шыңғыстың әкелік ықпалы осылайша Шоқанға көп септігін тигізген.
Шоқанның анасы Зейнеп болса, Баянауылдағы атақты Шорманның қызы. Шорманның өзі атақты би болған, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген адам. Зейнеп Баянауыл округінің аға сұлтаны Мұса Шормановтың қарындасы болғанда, қай жағынан болса да, аса беделді әрі ұлағатты ортада тәрбиеленген тағылымды ана бола білді. Зейнеп ауыз әдебиеті мұраларын жақсы білген, бала Шоқанының құлағына халықтың асыл қазынасын құйып отырған.
Шормановтар династиясының абыройы мен беделі ел ішінде аса зор болғандығы белгілі. Және бұл олардың патшаға қызмет етіп, шен-шекпенге ие болуына ғана байланысты емес, бұлардың әулеті, әсіресе, Мұса би шешендігімен аты шыққан, ол да Шыңғыс Уәлиханов секілді, қазақ өнерін, салт-дәстүрін құрметтеген, тіпті, ақын, өнерпаз, жыршы, тағы басқа салаларда аты шыққан дарын иелерін үнемі қолдап отырған, көзі қарақты адам болған. Осындай ортадан шыққан Зейнептің тазалығы, дегдарлығы, биік мәдениеті дарынды ұлының бойына дари бергендігін ортасы жақсы білген. Нағашыларының артықша қасиетін Шоқанның өзі де жоғары бағалаған. Әсіресе, Мұса Шорманов Шоқандай жиенінің аса дарындылығына тәнті болып, көп көңіл бөлген, жиі көрісуді қалап, оның терең мағыналы әңгімелерінен сусындауға құмар болыпты.
Шоқан тәрбиесінде айрықша атап өтуге тұратын, тіпті, оның балалық, жастық кезеңдеріндегі тәрбиесіне зор көңіл бөлген адам деп оның Айғаным әжесін атар едік. Айғанымның әкесі Сарғалдақ С.Мұқановтың дерегі бойынша, Есіл бойын қоныс еткен халыққа сыйлы Мәлім қожаның баласы екен, «Сарғалдақ Қара Бұқарда отыз жыл оқып, он екі пәнді тәмам қылған, бұл елде теңдесі жоқ ғұлама екен, оның үстіне қараңғы жұрт оны ғайыпты болжайтын әулие деп, сиқырлы оқумен аспаннан періні түсіріп, жерден жынды буатын» деп дәріптейді екен. Маңайдағы елдің әрі имамы, әрі емшісі, жұрттың қайыр-садақасы, зекет-ұшыры түгелімен соныкі болып, ақырында атақты байдың біріне айналған екен» – дейді. (С.Мұқанов. Аққан жұлдыз. 1-ші кітап. «Жазушы». Алматы. 1967 ж.).
Міне, осындай өнегелі ортадан шыққан Айғаным Сарғалдаққызының Уәлі сұлтанға қосылу тарихы да қызық. Әлдебір себеппен Сарғалдақтың шаңырағында қонақта болған Уәлінің қырағы көзі бірден байдың еркетотай қызы Айғанымға түсіпті. Бұл кезде Уәлінің бірнеше әйелі болған, жасы да елуді еңсеріп қалса керек. Ал, Айғаным болса, он алтылардағы солқылдаған бойжеткен. Бұл шаңырақтан ниеті «бұзылып» аттанған Уәлі бара Сарғалдаққа кісі аттандырып, «Сүйек жаңғыртайық, қызын маған кішілікке берсін» деп сәлем айтады. Қыздың құнсыз шағы, әрі бір елдің ханына қарсылық айту қайда, Сарғалдақ Уәлінің бірнеше әйелі барын, әрі өзінің едәуір кекселеніп қалғанын біліп, Айғанымын қимағандай болса да, хан беделіне қарсы келе алмапты. Бірақ, Айғанымның ақылдылығы сол, тағдырына мойынұсына отырса да, болашақ күйеуі Уәліге сәлем айтыпты, «мені көп қатын, бәйбішелерінің қатарына қоспасын, жеке қоныс сайласын!» деп. Айтқанындай-ақ, ақылды Айғаным жасы кіші болғанымен, Уәлі шаңырағында ешкімге тәуелді болмаған, тіпті, көп ұзамай, бостау, баяулау Уәлінің де билігін қолына алғандығы тарихтан белгілі. Және Айғанымның салпы етек көп қатынның біріне айналмай, көзі ашық, көкірегі ояу болып, өз бетінше талпынып, алты тіл, оның ішінде, қызмет дәрежесіне өте қажетті орыс тілін меңгергені таң қалдырады. Оның қазақ ішінде өзгеше салтты бастап, патша үкіметіне тікелей өтініш білдіріп, арнайы усадьба-қонысжай тұрғызуы да ел арасына аңыз болып тараған. Айғанымға арнайы усадьба тұрғызуға жарлыққа Николай патшаның қол қоюының өзі Айғанымның патша үкіметінің алдында қаншалықты өтімді, беделді болғандығының айғағы.
Міне, Шоқан осындай аса беделді, еліне салмағы жоғары, әрі білікті әженің тәрбиесімен өсті. Айғаным да Шоқандай немересінің өзге ұрпақтарынан оқ бойы озық, дарынды болып туғандығын бірден аңғарып, айрықша тәрбиеледі, оған барынша ізденуіне, оқуына ықпал етіп отырды. Ал балаға қаталдау Шыңғыс анасына қарсы келе алмай, айтқанын орындаған. Осылардың бәрінің үстіне, Айғаным білікті ата-ана, орта ықпалымен тәрбиеленіп шыққан, қазақтың көне жыр-қиссаларын, аңыз ертегілерін өте жақсы білген және ел ішінің өнері асқан би-шешендерінің, өнерпаздарының басын қосып, Шоқанының хас өнерге, халықтың төл қазынасына молынан сусындауына мүмкіндік тудырып отырған.
Сонда Шоқан, тіпті, алысқа ұзамай-ақ, өз шаңырағында жүріп те, жан жақты өнеге ала берген, дала кезіп, ойын балаларына қосыла кетуге тіпті, жол қалмай халқының мол тағылым қазынасына бойлап жүре берген. Әрине, өз кеудесінде білмекке құмарлық, талап болмаса, нәтижесі күткендей болмасы тағы анық. Сірә, жаратылысынан дарыған қасиеттері Шоқанды халқының қазынасына бойлай түсуге ынтықтыра түскендігі тағы анық.
Шоқан, ең бастысы, осы әке мен шеше тәрбиесі арқылы, аяулы әже өнегесі арқылы, атақты нағашы жұрты арқылы жан-жақты ұлағат мектептерінен өтті, туған халқының баға жетпес асыл қазыналы байлық мұраларынан молынан сусындады. Әрі осы тәрбие көздері арқылы халыққа етене жақын болып өсті, әйгілі жыршылардан қазақтың көне жыр-қиссаларын тыңдап, көкірегіне тоқи берді. Би-шешендердің даналық сөздерімен жан дүниесін байыта түсті. Ол кадет корпусына оқуға түскенде, орысша тіл білмегендігі болмаса, көкірегі сайрап тұрған сұңғыла, халық қазынасымен суарылып үлгірген құймақұлақ білікті бала болып түсті. Оның осы уақытқа дейін алып үлгерген тәрбие, өнегесі, зейіні мен ынтасы, оның әрі қарай да білімге деген аранын ашып, құлшындыра түсті. Осыдан болу керек, ол кадет ұстаздарының білімін тез сіңіріп, олардың назарын бірден өзіне аударып алды. Тіпті, оның үлкен тәрбие мектебінен өтіп келген айрықша зеректігін, таным көкжиегінің кеңдігін, балалықтан гөрі ересектерге тән көзқарас қалыптастырып үлгергендігін аңғарған көптеген ұстаздары Шоқанға арнайы бағдарлама дайындап, оған айрықша көңіл бөлгендігі туралы онымен бірге оқыған Г.Потанин сияқты дос серіктері естеліктерінде сүйсіне жазған.
Енді бір, Шоқанның өсу, өрлеу жолдарындағы маңызды фактіге назар аудармауға тағы болмайды. Және бұл факт, Шоқан өмір сүрген патшалық қоғамда да, кеңестік дәуір тұсында да, қасақана бүркемеленіп, ашық түрде айтылмай келді.
Айтқымыз келіп отырғаны, Шоқанның тегіне қатысты, әйгілі ата- бабалары, даңқы жер жарған, жарты әлемді билеген Шыңғыс ханнан бері қарай өрбіген тұқымына байланысты болатын. Ресей империясының Шыңғыс хан династиясын неге жақтырмайтыны түсінікті, өйткені, оның әулетіне Ресей княздықтары бағынышты болып, салық төлеп тұрды, Алтын Орда, Шыңғыс ханның немересі Бату билігі империяның намысын оятатын жан жарасы болатын. Мұның түбін қазбаласақ, тым алысқа шырқап, ұзап кетеміз, аса күрделі тарих, бұл тарапта бір ғана айтатынымыз, Ресей тарихы әлі күнге дейін Шыңғыс ханның өзі мен ұрпағын қазақ тарихына жуытқысы келмейді, ол моңғол деуден танбай келеді, ал, Шыңғыс ханның түркіден тарайтын қият руынан шыққандығын, Жошыдан бастап, ең атақты ұрпақтарының Қазақ Ордасының шаңырағын кеңейтуге атсалысқанын, өйткені, кейінгі қазақ баласы жайлаған Ұлы Дала өлкесін Қара шаңырағымыз деп танығанын мойындағысы жоқ. Шыңғыс хан мен ұрпағын моңғолдар деп, Отаны осы күнгі Моңғолия деп таниды.
Ал, Шыңғыс ханның ол өлкеде бірде-бір хандық құрған ұрпағы жоқтығымен де санасқысы келмейді. Ал, Шыңғыс хан болса, осы күнгі қазақ жерін қара шаңырағым деп танып, осы өлкеге өзінің үлкен ұлы әрі ең сенімді, көреген, жауынгер, ақылды, парасатты деп таныған тұңғыш перзенті Жошыны аттандырған болатын. Шыңғыс хан қателеспегендігін тарих дәлелдеп берді. Жошы хан кейінгі дүрілдеген Алтын Орданың негізін қалады, Шағатайы осы күнгі өзбек жерінде Көк Орда шаңырағын тіктеді, қытай жерінде кіші баласы Төле Ақ Ордаға иелік етті. Үшінші баласы Үгедей Қарақорымда Шыңғыстың өз шаңырағында аналарының жанында қалды. Бірақ, Шыңғыстың өзге балалары тақ таласымен өзара қырқысып кетті де Жошы ханның әулеті ғана Шыңғыс ханның биік абырой-атағын, ата-баба даңқын асырған мәртебелі ұлыс құра алды.
Оған дәлел сол, Жошы, Алтын Орданы билеген оның ұрпағы Бату, кейінгі Қазақ Ордасының шаңырағын көтеріп, өрісін кеңейткен Керей мен Жәнібек хандар, ескі жолды Есім хан, қасқа жолды Қасым хан, Хақназар, Тәуекел хандар, Әз Тәуке, Абылай хан, қазақтың соңғы ханы Кенесары, баршасы Жошыдан тараған ұрпақтар болатын. Шыңғыс ханның өзге балаларынан тараған ешбір әулеті дәл бұлардай атақ-даңқы асып, абырой биігіне көтерілген жоқ, бәрі де тақ таласынан қырғынға батып, ақыр аяғы ыдырап, бөлшектеніп кетті.
Әрине, Қазақ Ордасының ішінде де шаңырақты шайқалтқан, ауытқушылықтар, берекесіздіктер болған, бірақ, қаншама аласапыран замандар өтсе де қазақ болып ұйысқан жұрт түп-тамыр негізін сақтап қалды. Тіпті, Қазақ Ордасы ыдырап, Ресей отаршылдығына мәжбүр болған күнде де елдік қадір-қасиетінен айырылған жоқ. Оның бір үлкен дәлелі, Шыңғыс хан династиясының атақ даңқын, Қазақ Ордасы дәуірінде мәртебесін асырған, үш жүзді біріктіре алған Абылай ханның ұрпағы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жаңа қоғамда бұл әулеттің абырой-атағын дүние жүзіне танытты. Әрине, отаршыл империя жариялап айтпаса да, тіптен мойындағысы келмесе де, Шоқанның өздері жау санайтын Шыңғыс хан тегінен екенін, Ресей мен Қытай сияқты алып мемлекеттердің отаршылдығына бас имеген әйгілі Абылай ханның тікелей ұрпағы екенін жақсы білді. Бірақ, Шоқанның өзін де, халқын да Шыңғыс ханнан, Абылай ханнан, бұл әулеттің өзге текті хандарынан аулақ ұстауға, бұл туралы жарияланбауына, халық арасына, әсіресе, патшалық империя жұртына тарап кетпеуіне күш салды. Бірақ, көзі ашық жұрт бұдан хабардар болатын.
Оның үстіне, Шоқанмен араласқан жұрт, жақын жүргені бар, жай таныс болғаны бар, зиялы қауым болсын, патша билігі айналасы болсын, баршасы оның аристократтық ұстанымын бірден ажыратты. Алғаш көргеннің өзі ақсүйектік тәкаппар бітім-болмысына, айрықша сымбатты, сұлу жаратылысына сұқтана, көз ала алмай қарап қалатын болған. Жүрген жүріс-тұрысы, киім киісі, өзін өзі ұстауы, сөйлеуі, барша қылықтары оның ақсүйектік оқшау жаратылысын танытып тұратындығын орыс дос-жолдастары, ұстаздары, орыстың дегдар зиялы қауымы өз естеліктерінде сүйсіне жазғандығы жақсы мәлім. Ал, қазақ ішінде Шоқанды ұлы бабасы Абылай ханға ұқсатушылар көп болған. Осы әңгімелердің негізінде шындық бар, мұны шоқантанушылар Ә.Марғұлан, С.Мұқановтардан бастап, біраз ғалым зерттеушілер растаған. Мысалы, өз көркем шығармаларын шынайы деректерге сүйеніп, түбегейлі зерттеп барып жазатын академик ғалым-жазушы С.Мұқанов бір қызықты дерек келтіреді: «…Тұрсынбай батырдың (Ескерту: бұл кісі жас кезінде Абылай ханның Көкшетаудағы ордасына жақын жүрген сенімді батырларының бірі болған.) тоқсаннан асқан кезі екен. Бірақ атқа мінетіндей тың.
…Шыңғыс Тұрсынбайды құрметпен қарсы алып, жүдеу киімдерін тастатып, жаңадан жақсылап киіндірген, тәтті-дәмдісін аузына тосқан.
Сондай сәттің бірінде батырдан бата алғысы келген Шыңғыс тәй-тәйлап жүрген Шоқанды қонақ үйге көтеріп жетіпті де, Тұрсынбайға:
– Батыр ата, мынау шөбереңе бата бер! – деп алдына тосыпты. Тұрсынбай қолына ала берген балаға жасаураған үлкен шағыр көзін қадай қап:
– Әруақ, әруақ! – деп жылап қоя беріпті.
– Ата, бұның не? – деген Шыңғысқа:
– Жыламағанда қайтейін! – депті Тұрсынбай, – мынау балаң аумаған Абылай ағам ғой!… (С.Мұқанов. Аққан жұлдыз. 1984.1-ші кітап. 105-106 б.б.)
Кезінде бұл әңгіме көп өрістеп, адам тегін зерттеуші ғалымдар да бұл пікірдің шындығын айқындап, ұлы бабасы мен данышпан шөбересінің арасындағы қатты ұқсастықты дәлелдеген. Бұл арада, неге осы мәселеге қатты назар аударып, шұқшия үңіліп отырмыз?
Оның да үлкен мәні бар. Түр-келбет ұқсастығы өз алдына, ұлы билеуші мен оның дана ұрпағы адамшылық даралықтарымен де қатты ұқсаған-ау деп шамалаймыз. Айырмашылығы, бабасының билеуші болғандығы, шөбересінің ғалым болғандығы ғана. Екеуі де дүниені дүр сілкіндірген, өз дәуірінен озық туған кемеңгер тұлғалар. Абылай хан өз заманының ең озық билеушілерінің бірі ғана емес, бірегейі саналған. Ал, Шоқан болса, көз жетер ғана емес, көңіл жетер көкжиекті түгел қамтыған, шартарапқа аты шыққан данышпан ғұлама. Бірі – құдыретті билеуші, екіншісі – сан түрлі ғылым салаларын меңгерген, жан жақты бесаспап ғалым. Тағы ұқсастық іздейтін болсақ, одан әрі жалғастыра беруге болады.
Абылай хан да халық өнеріне ынтық болған, өзі күйші, маңайына Бұқар жырау, Тәтіқара ақын сияқты өнер адамдарын жинаған, қат-қабат ел мәселелеріне қарамастан, би-шешендердің, жырау-жыршылардың өнерін қолдаған билеуші. Өзі де шешен, көне ел тарихының білгірі болған. Міне, біз оның өз ұрпағы Шоқанмен сабақтасып жатқан ұқсас қасиеттерін осы арадан табамыз. Шоқанның Абылай хан дәуірін сал-серілер мен батырлықтың ғасыры деуі бекер емес.
Айтпақшы, сөз орайына қарай айтпай кетуге болмас, Шоқан патшалық империяның Шыңғыс хан, Абылай хан бабаларына оң көзқараспен қарамайтынын, тіпті, жаулық пиғылда екендіктерін, әрине, өте жақсы білген, бірақ, солай бола тұра, өзінің осы династияның өкілі екенін еш жасырмаған, қайта мақтаныш тұтқан. Оған дәлелді алыстан іздемейміз, оның «Абылай» еңбегі қазақтың тарих ғылымы бағытындағы аса көрнекті, құнды туындылардың қатарына жатады. Ең ғажабы, Шоқан бұл еңбегінде Абылайды бабасы ретінде атап көрсетпейді, тек тарихшылық бейтараптық тұрғыдан, оның тарихи орынына ғылыми әділетті, таза талдау жасаған. Осының өзі Шоқанның пендешіліктен әлдеқайда биік тұратын адамзаттық мүддесінің, елдік тұғырының жоғарылығы дер едік. Өзімшілдіктен ада бұл еңбекте Шоқанның бұра тартпаған, дана Абай тілімен айтсақ, «атаның баласы емес, адамның баласына» лайықты ғылыми пайымын көңіл төріңізбен сезініп отырасыз. «Абылай өзінің қадір-қасиетіне лайық, жеке басының қайтпас қайсарлығымен халық арасында үлкен сенімге ие болды. Ол жорықтардың бәріне алғаш қатардағы жауынгер боп қатысып, соның өзінде қисапсыз ерлік көрсетіп, айрықша амал- айласымен көзге түскен еді. Өнегелі ақыл-кеңесі мен сұңғыла зердесінің арқасында ол бірден көреген, кемеңгер деген атқа ие болды. Шынында да, қазақтар мұны ұлы істер атқаруы үшін Алланың өзі жіберген елшісі, әруақ иесі деп ұққанға дейін, Абылай талай күресті бастан кешіріп, сан сыннан сүрінбей өтті.» (Ш.Уәлиханов. «Абылай» очеркі.)
Осы арада, сіздер мен біздер жақсы аңдауға тиіс бір маңызды мәселе бар. Шоқанның ұлы бабасын тарихшылық таным тұрғысынан беріп отырған сипаттамасында, өзі де байқай алмаған өз образын тануға да болардай. Бабасының қасиеті сан жорықтарда, қазақтың ел болып қалу-қалмауы екіталай сын сағаттарда танылса, шөбересі Шоқан да қазақтың ғылым көгіне, «ұлы істер атқаруы үшін Алланың өзі жіберген елшісі, аруақ иесі», патшалық қоғам ортасында, «талай күресті бастан кешірген, сан сыннан сүрінбей өткен» халқының маңдайы жарқырап туған біртуар перзенті еді. Сондықтан, Шоқанның Абылай ханды тануы бабасы болғандықтан тануы емес, асыл тегіне тартып туған бекзат болмысы, ғылымда тектілік қасиетін жоғары ұстай білуі, бабасы секілді халқым деп соққан адал жүрегінің үні деуіміз керек. Осы арада, бір ақиқатты айтуға тиіспіз, осы күнге дейін осы біз сөз қылып отырған әулетті қазақтан айырып, бөлектеп көрсетушілік бар, қазақтың ешбір жүзіне қосылмайтын төре дейді, тіпті, моңғол дейді, осындай алауыздықты пайдаланып, империя қазақ хандарын өз елі мен жеріне жау қылып көрсетуге тырысты. Ал, Шыңғыс хан болмағанда, оның ұрпақтары Жошы болмағанда, Бату, Керей, Жәнібек, Есім, Қасым, Хақназар хан, Тәуекел, Әз Тәуке, Абылай хандар Қазақ Ордасының біртұтастығы үшін күреспегенде, бордай тозған Ноғай жұрты, Ер Едіге шыққан маңғыт жұрттары, қос Қатаған жұрттары, өзімізбен жауласқан қалмақ, жоңғар жұрттары, тоқымдай территориясы жоқ ұйғыр жұрттары секілді жерімізден айрылып, еліміз ел болудан қалар едік ғой. Тіпті, өзгесін былай қойғанда, осы тілімізге тиек еткен бабасы мен шөбересі Абылай хан мен Шоқан Уәлиханов өмірі – қазақты сүйіп, адал қызмет етудің жарқын мысалы емес пе еді?!
Ол аз болса, осы төрелер әулетінен шыққан, «қазақ баласына мәңгілік қарыздармын, тірі болсам, сол парызымды өтемей қоймаймын» деп ғұмыры империямен алысып жұлысумен өткен, ғазиз жанын құрбандыққа шалған Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың қалайша дәтіміз барып, мұрат-мүддесін қазақтан бөлек қоямыз?!
Қалайша қазақ үшін басын тіккен, жанын құрбан еткен осындай ерлерімізді, біртуар данышпан ұлдарымызды қазаққа қарсы қоюға дәтіміз барады?!
Ең болмаса, Шоқанның сол «Абылай» еңбегіндегі иісі аңқып тұрған «елім!» деп соққан жүрегін, қазақ халқына, оның тарихына деген адал пейілін ұғуға тырыссақ керек еді ғой деп қапа болатын шақтарымыз аз емес, әртүрлі бүйректен сирақ шығарған қисық-қыңыр пікірлерді ести жүргенде. Әрине, бұл арада ешкімнің шамына тиейік деген ниеттен аулақпыз.
Жалпы, адал перзенттерін сүйген, бағалайтын, қадіріне жете білетін халқымыздың ортақ танымына сенеміз, даналық ақыл-парасатына сенеміз, біздікі көп ішіндегі теріс пікірлердің өрістеуіне жол бермеу мүддесінен туындайды. Турасын айтқанда, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, кейбір теріс пікірлер ұрпағымызға кері әсерін тигізбесін деп алаңдаймыз. Соның бәрі ел тарихын дұрыс байыптамаушылықтан, терең бойлап, білмеушіліктен немесе шолақ ой түйіп, бетінен қалқушылықтан келіп шығады. Әрі-беріден соң, Шоқан сияқты кемеңгер, алып тұлғаны тану үшін де тарихи өре керек, ол жазған еңбектердің тарихи маңызын түсініп, зерделеуіміз керек.
Бұл ойларымыз жас ұрпақ Шоқан Уәлиханов сияқты данышпан перзентімізді мақтан тұтып қана қоймай, оның қысқа да болса, мағыналы ғұмырынан ұлағат алып өсуі керек, темірқазық жұлдызындай бағыт-бағдар тұтуы қажет деген пікірден туады. Шоқан Шыңғысұлы небары отызға толмаған жасында халқы үшін осыншама қыруар істер атқарып кеткенде, біздің әрқайсымыз, жұртымыздың болашағына тырнақтай болсын, үлесімізді қосып, еңбегімізді сіңіруіміз керек емес пе?! «Ел алдындағы азаматтық парызымызды неге Шоқанша сезінбеске?!» деген ойды әрбір қазақ ұланының бойына дарытып тәрбиелеу аға буынның абзал борышы болуға тиіс.
Тағы да бір, Шоқанның даңқты бабасы туралы пікіріне зер салайықшы:
«Қазақтардың аңыз әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар, киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары, және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған. Сыбызғыда, қобызда тартылатын күйлерінің басым көпшілігі оның заманы мен өмірінің қилы кезеңдеріне арналған.» (Ш.Уәлиханов.1985.4. 116 б.).
Аңғарып отырсақ, Шоқан өзінің тегі туралы жақсы білген, құрметтеген. Өз бабасы Абылай ханды сипаттауынан да осыны анық аңдап отырамыз. Шоқан сол, өзі айтып отырған Абылай хан туралы жыр-дастандарды бала күнінен жаттап өскен еді, оның үстіне, әкесі Шыңғыс хан арнайы шақырып алдырып отыратын Арыстанбай, Орынбай, Шөже сияқты бұл төңірекке ғана сыйлы емес, барша қазақ жұрты танып, өнерлерін құрметтеген құдіретті өнер иелерінің бәрі Абылай ханды дәріптеген, жандарынан жыр-дастандар шығарып жырлаған. Әсіресе, Абылай ханның сын сағаттарда, қазақтың басына қара бұлт үйріліп, «Ел болып қаламыз ба, қалмаймыз ба?!» («Быть или не быть?») деген сұрақ туындағанда, алдаспандай жарқ етіп, еліміздің байрағын көкке көтере білгенін, жасанып келіп, жерімізге сұғынып, бойлай еніп, басып қалған жауға қарсы үш жүздің басын қосып, біріктіре алғанын, өз басының ерлігімен де, ұйымдастырушылық билеушілігімен де, оның қазақ жұртын ауыр тарихи кезеңнен алып шыға алғандығын Шоқан кішкене кезінен қаһармандық жыр-дастандар арқылы естіп, құлағы қанығып өсті.
Ал, Шоқанның кейінірек, ғалым атағы жайылғанда, империяның Абылай бабасына теріс көзқарасын біле тұра, оған әділетті түрде өз қоғамының бағасын беруі, Абылай хан ерлігі мен істеріне тарихи сараптама жасауы, сөз жоқ, сол заман үшін жүрек жұтқан ерлікке пара-пар тәуекелдік әрекеті болатын. Салыстырмалы түрде айтсақ, мысалы, әкесі Шыңғыс та, Абылай атасының қаһармандығын білмей қалған жоқ, бірақ, еріксіз заман ыңғайына жығылып, хан ата-бабалары жауласқан империяға бағыныштылықпен қызмет етіп, шен, дәрежеге ие болды. Осыған қарамастан, Шоқанның Абылай хан бабасын осылайша құдіреттендіріп сипаттап, ғылыми толымды зерттеу жазуы ата- бабаларына тартқан, айбарлы азулы көкжалдығын танытқанмен бірдей оқыс мінез болатын. Кейде Шоқанның осындай ғылым саласында жүріп-ақ, қарусыз майданда қаламымен қаһармандығын танытуы, оның түптің түбінде трагедиялы ажалына жеткізді ме деген де ой келеді.
Шоқанның Омбы қаласындағы кадет корпусына келуі де қызық. Кезінде ашық айтылмауы мүмкін, дегенмен, Шоқан орыс ортасына оқуға баруға аса құлықты болмаған деседі. Әрине, бұл оқығысы, білім алғысы келмегендіктен емес, Ресей империясының хан тұқымына көзқарасын ерте түсінгендіктен. Осыған байланысты С.Мұқанов бір қызықты дерек келтіреді. Әкесі Шыңғыс орыс арасындағы байланысы арқылы ұлы Шоқанды кадет корпусына беру шешіміне келіп, жолға жиналу үстінде, ол нілдей бұзылып, «оқуға бармаймын» деп қиғылықты салады. Сол кезде, қатты ашуланған Шыңғыс: «Арбаға байлап салыңдар!» – деп өктем бұйырыпты. Сонда Шоқан: «Хан тұқымдарының байланғандары мен айдалғандары аз ба еді?» – деп айтып, әрі қарай қарсыласпай, арбаға өзі мінген екен дейді. Осында Шоқанның бала да болса, сол тұста көп жағдайға қаныққан, елінің саяси тәуелді отаршылықтағы мәжбүрлігін терең ұғынған сұңғылалығын танимыз.
Дегенмен, түптің түбінде, империя пиғылын жақсы түсінсе де, Шоқанның оқу-білімге деген «ашқарақтығы» бәрін жеңді. Әкесі Шыңғыс та, асыл аналары да, өзге туыс-туғандары да, аса білімдар атақты нағашысы Мұса Шорманов та, Шоқанның өзі де, дәл сол кезеңде қазақ баласы үшін ұшпаққа шығудың жолы орысша білім екендігін жақсы түсінді. Және Шоқанның сол кездегі патшалық Ресейдегі үздік оқу орындарының бірі – Омбының кадет корпусына оқуға түсуі, одан Санкт-Петербургте ізденісін жалғастыруы өзі үшін де, оның сүйген халқы үшін де бірден-бір оң шешім болғандығын болашақ туар заман айқын дәлелдеп бергендігін сіздер мен біздер жақсы білеміз. Шоқан Уәлихановтың досы, кадет корпусынан бастап қатар жүріп, өмірінің ақырына дейін ажырамаған Г.Потанин айтқанындай, қазақ халқы үшін, «Европаға ашқан терезе» сияқты болғандығы ақиқат.
Міне, Шоқандай дара тұлғамызды танушылық та үлкен жауапкершіліктерге жетелейтінін сезінеміз. Бұл арқылы айтқымыз келгені, шоқантанушылық, бір жағынан тәлім тәрбие мектебі, ол жан-дүниеңді байытады, білсем деген құлшынысыңды арттырады, жап-жас Шоқанның соншама дүниені меңгергені, көп оқып, көп тоқып үлгергені кімнің де болсын, қызығушылығын оятады.
Ең ғажабы, біздердің аса көңіл бөлуге тиіс Шоқанның ұлы қасиеті – жанының шынайы қазақтығы, туған халқын зор сүйіспеншілікпен, асқан махаббатпен сүйе білгендігі. Өз еңбектерінде, «мен ақсүйекпін, төре тұқымынанмын, Шыңғыс хан әулетіненмін!» деп бірауыз сөз қосып, кеуде кермейтін Шоқан, тіпті өзінің тікелей бабасы Абылай хан туралы көлемді зерттеу мақаласын жазып отырып та, жалғыз ауыз сөзбен болсын, өзінің хан әулетінен екенін еске салмайтын Шоқан Шыңғысұлы, ал, қазақ деген халықтың артықша қадір-қасиетін танытуға келгенде, жалы күдірейіп, жеміне түсетін қыранша қанатын қомдап, шабытына мінеді. Бұған мысалды да алыстан іздемей, өз еңбегінен сүзіп, тауып ала қоясыз:
«Далалық орданың тұрғыны – қазақ өзінің моральдық қасиеті, ақыл-ой қабілеті жөнінен отырықшы татар, немесе, түрік шаруаларына қарағанда жоғары тұр… Осынау дала көшпелілерінің ақынжанды болып келетіні, ой-қиялының жүйрік болып бітетіні мұң-қамсыз көшпелі тіршіліктің арқасы болуы керек, немесе шайдай ашық аспан астында, шет-шегі жоқ, шүйгін дала құшағында ғұмыр кешкен соң, табиғат шіркінді тәңірі тұтқандықтан да болар… Татар атаулы халықтар арасында өзінің ақындық қабілет-дарыны жөнінен қазақтар бірінші орында болса керек.» (Ш.Ш.Уәлиханов. 5 томдық шығармалар жинағы.1-ші том. 390 бет.)
Біз бірер мысалмен шектеліп жатырмыз, ал, Шоқанның туған халқына – қазағына деген, жалынымен шарпып күйдіретін, оттан ыстық махаббатын оның әрбір еңбегінен кездестіруге болады десек қателеспейміз. Мұны қазақ ортасынан бұрын, прогресшіл, адамзаттық мұратқа мүдделі, орыс, европалық ғалымдар алдымен аңғарып, сүйсіне, жарыса жазғаны және белгілі.
Көптеген ғалымдар Шоқанның батысшылдығын да баса атап өткенімен, оның ең алдымен, туған қазақ халқының өкілі екендігін мақтан тұтқаны туралы жазған. Мысалы, онымен араласқан орыстың ірі саяхатшы ғалымы, географ П.П.Семенов-Тян-Шанский: «Шоқан өз еліне адалдығын сақтап қалды, ол қазақ халқының тыныс тіршілігін сақтап қалды, сонымен бірге, батыс өркениетін бағалай білді», – деп жазған. Мұндай сырт жұрт өкілдерінің Шоқан туралы жазғандарынан көптеген мысалдар келтіруге болар еді, алайда, әзірге осы да жеткілікті болар. Тек бір ғана бұған қосарымыз, әрине, «сырт көз сыншы» деген, мұндай пікірлердің шынайылығына зәредей күмәніміз жоқ.
Ф.Достоевский – әлемдік әдебиеттің төрінен ойып орын алған орыстың санаулы ұлы жазушыларының бірі емес, бірегейі. Сол ірі тұлға Шоқанның даралығына тәнті болып, хат жазысып тұрған, ұлы басымен қазақ перзентіне басын иіп: «Сіз мені жақсы көремін депсіз, ал мен, Шоқан, сізді турасын айтуға қысылмаймын, сізді сүйемін, ұлы жүрегіңізге, ақыл-парасатыңызға, біліміңізге тәнтімін», – деп жазуы қазақ халқына, оның дана перзентіне берілген аса биік, құнды баға болатын.
Шоқан сол, Ф.Достоевский досына жазған бір хатында өзін толғандырып, уайымға батырған жан сырын былайша ашыпты:
«Қандастарыма пайдамды тигізу үшін сұлтан болғым келді, оларды шенеуніктерден, қазақ байларының озбырлықтарынан қорғамақ болдым…»
Осы қысқа ғана сөзде Шоқанның жан ауруы, халқын қаншалықты сүйетіні жатқан жоқ па?!
Және Шоқан, орыстың ұлы перзентіне, өз халқының екі жақты езгі көріп отырғанын жайып салып отыр. Бұл Шоқанның ұлы жүрегі әрқашан халқым деп соққандығының, қарақан басының мүддесінен қазақ халқының мұратын жоғары қойып, болашағына алаң болып өмір сүргендігінің айқын дәлелі болмақ!
Досжан ӘМІР,
Қазақстан Республикасының
судьялар одағының төрағасы.
![]()

