«Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске асырылып жатқанына үш жылдан асты. Осы уақыт аралығында елеулі жұмыстар атқарылып, нақты жобалар жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, бағдарлама мәдениет, білім және ғылым салалары мен түрлі бағыттағы зерттеу жұмыстарының жандануына игі ықпалын тигізді.
Өткен жылдың өзінде Ақкөл ауданының оқушылары тәрбиелік мәні бар бірқатар байқауларға қатысып, жақсы нәтиже көрсете білді. Салыстырмалы сараптамалық көрсеткіштерге сүйенер болсақ, түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болған оқушылар саны едәуір артыпты. Ауданның білім беру ұйымдарының әдістемелік жұмыстарын іске асыратын мамандардың мәлімдеуінше, 2021 жылы халықаралық байқауға қатысқан оқушылардың қатары 10 балаға, республикалық сайыста 15 оқушыға көбейген.
Мұндай игі шаралардың берген нәтижелері де жаман емес. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған өңірлік дебаттық турнирде Ақкөл ауданына қарасты Саздыбұлақ орта мектебінің оқушылары гран-при иегері атанған. Облыстық «Үздік Ұланбасы-2021» байқауында Ж.Бектұров атындағы №3 орта мектебінің оқушылары жүлделі 1 орынды қанжығаларына байлапты. Сондай-ақ, аудан мектептерінің ұжымдары да түрлі байқаулардың белсенді қатысушылары ретінде танылып келеді. Мәселен, олар жыл сайын ұйымдастырылатын облыстық «Отбасылық клубтың ең үздік ұйымы» байқауында жүлделі орынды еншілеген.
Айгүл БЕКЕТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.