Мағжантанушы қайсар қаламгер

Замана запыраны

Ол қаршадайынан Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жаттап, әдебиетке, өнерге құштар болып өсті. Асқақ арман жетелеуімен Арқадан ақбасты Алатау баурайындағы ару шаһар Алматыға келіп, зиялылардың қатарынан орын тепті. Журналистердің коммунистік институтында оқып, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында істеді. «Шойын жолда» дастаны республикалық әдеби конкурста үздік деп танылып, бас бәйгені еншіледі. Әдебиет пен журналистикадағы осындай жетістіктерімен оқырман ілтипатына бөленген он тоғыз жасар талант иесінің бұдан кейінгі тағдыры қара түнекке айналды.

Соғыс, тұтқын, түрме, нақақтан-нақақ қудалау… Осындай азапқа, қорлыққа шыдап, азаматтық арына дақ түсірмеген қайсар жан кім дейсіз ғой? Ол грузиннің атақты жыр шайыры Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған жиһангер» дастанын аударған кәдімгі қазақ ақыны, мағжантанушы Хамза Абдуллин ғой. Өжет қаламгердің өзегіңді өрттейтін өкінішті өмірі жайлы естіп, білгенімді оқырманға хал-қадерімше баяндап берейін.

 Ақын Хамза Абдуллиннің өмірінен үзік сыр

1968 жылдың жаз айы болатын. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқығандықтан, кезекті сессияға қатысу үшін Алматыға келдім. Елден шығардың алдында облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің бас редакторы, қазақ журналистикасының тарланбозы, жазушы-аудармашы Өміржан Қадіренұлы Оспанов: «Идеология қызметкерлерінің кеңесіне қатысу үшін таяуда Алматыға барамын. Оқуыңа қатысты түйінді мәселе болса «Алматы» қонақүйіне келерсің», – деген-ді.

«Алматы» қонақүйі ҚазГУ-дің сыртында таяқ тастам жерде. Уәделі уақытта редакторым орналасқан бөлмеге келсем, алпысты алқымдаған екі-үш азамат отыр екен. Бөлмеге кірген сәтте Өміржан ақсақал: «Мына бала менің қызметкерім, Зерендінің тумасы», – деп таныстырды. Қоп-қою қара шашты, орта бойлы сымбатты жігіт ағасы орнынан атып тұрып: «Зерендінің қай жерінен боласың», – деп сауалды тіке қойды. «Қошқарбай ауылы», – деуім мұң екен, мені бауырына басып, көзіне жас алды. Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, жаужүрек талантты ақын Хамза Абдуллинмен күтпеген жағдайда осылай таныстым.

«Целинный» кинотеатрынан онша қашық емес Масанчи көшесіндегі архитектуралық көне үлгімен ХІХ ғасырдың орта шенінде салынған еңселі үйге келдік. Естуімше бұл үйде кезінде өнер адамдары, зиялы қауым өкілдері көбірек тұрыпты. Хамза ағайдың көршісі болған Қазақ ССР-інің халық әртісі Мүлік Сүртібаевты көзім көрді. Алаштың арысы, қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің әйелі мен ұлдарын сессияға барған сайын көріп, амандасып жүрдім.

Масанчи көшесінің мәртебелі тұрғыны, қазақстандық былғары қолғап шеберлері арасында тұңғыш рет «КСРО спорт шебері» атанған Шоқыр Бөлтекұлымен танысқанымды өзіме үлкен бақыт санаймын. 1944-1947 жылдар аралығында «Динамо», «Спартак» ерікті спорт қоғамдарының одақтық жарыстарының күміс жүлдегері, үш рет Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы Шоқыр ағай қазақтан шыққан тұңғыш боксшы. Ол, Шерхан Мұртаза айтқандай, ноқтаға басы сыймаған аз қазақтың бірі еді.

Екі қапталы кітапқа сыңсып тұрған жұмыс кабинеті, жатын және жеке ас бөлмесі бар пәтерді кедейшіліктің кебін киіп, кісі босағасында жүрген жүдеу шақта халқымыздың қайраткер перзенті Ілияс Омаров әперсе керек. Жалғызбасты болғанымен үй-іші жып-жинақы. «Қарағым, айдаудан келген соң отбасын құрып, Булаевта мектепте істедім. Алайда, тағдыр шыр айналдырып, қасірет құрсауынан босатпады. Сүйіп қосылған асыл жарым Бақытжаннан ерте айырылдым. Тіршіліктің мәні кете бастаған соң, Алматыға келуді ұйғардым», – деп ауыр күрсінген Хамза ағай әрі қарай шыққан тегі жайлы тебіренді.

Кеңес үкіметі ауқатты отбастарының мал-мүлкін тартып алып, қыспаққа ала бастаған соң, жұрт бас сауғалап көше бастады. Қошқарбай ауылындағы Жаулыбайдың Дүйсенінен тарайтын Жақып қажының ұрпақтары Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданына көшіп барыпты. Елі еркелетіп Жаматан деп атап кеткен Жармұхамедтің сүйікті перзенті Хамза екеуміз жеті атадан қосылады екенбіз. Өзі атамекенде жиі болмаса да, Тоқсанбай әулетінің үлкендері Торсан, Құдайберген, Ескендір аталарымның амандығын сұрағанына қарағанда, ағайындар арасында байланыстың бар екенін аңғардым.

Дүйсен атасының Алабас бүркіті жайлы Үкілі Ыбырайдың, Мағжанның өлеңдерінен бірер шумақты жатқа айтып, серпіле сөйлей жөнелді.

– Соғыстың алдында КИЖ-де бірге оқыған қимас досым, тұнба талант Рақымжан Сансызбаевтың Қошқарбайға, қайын жұртына көшіп барғанын естігенмін. Аман ба, өзі? – деп сұрады.

– Досыңыз о дүниелік болған. Артында қалған жалғыз ұлы Қорғанбек пен қыздарын Бәтима анасы мейірім құшағына бөлеп отыр, – дедім.

– Рақымжандай алғыр, дарынды, өжет жігіттер сирек кездеседі ғой. Әлі жиырмаға толмаған өршіл өреннің мүйізі қарағайдай ақын-жазушылармен бірге «Әдебиет майданы» журналында істеуінің өзі тосын құбылыс емес пе, – деп жан жолдасына деген шынайы сүйіспеншілігін білдірді. Ақын, журналист Рақымжанның «Смерш» тобында жаудың үрейін ұшырған ерліктеріне өзім де қанық болсам, қаламдас, қарулас досының аузынан жылы лебіз естігеніме іштей қуанып қалдым. «Орнында бар оңалар» демекші, бертіндері Хамза досының ұлы Қорғанбек және келіні Айтжанмен танысып, біте қайнасып кетті.

Он тоғыз жасында қапияда тұтқынға түсіп, «Түркістан» легионында, кеңес түрмесінде жантүршігерлік азапты бастан кешірген Хамза Абдуллин өзінің аянышты тағдыры жайлы тіс жарып айта қоймайтын. Мен де қазбалап ештеңе сұрамадым. Алайда, бес жыл бойы ҚазГУ-де оқыған кездегі бауырмалдық көмегін, ақыл-кеңесін қалайша ұмытайын. Сол себепті де ақын ағаның әдеби мұрасы мен өміріне қатысты деректермен бөліскенді жөн көрдім.

Қаршадайынан Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевқа еліктеп жыр жазған Хамза соғыс басталғанда 380-полктің штабында қызмет атқарыпты. 1941 жылы Маршал С.Буденный басқарған Оңтүстік майданның армиялары талқандалып, қоршауда қалған кеңес әскерлері бірнеше ай орманда қаңғырып, ақыры немістердің қолына түседі. Тұтқынға алынған жауынгерлермен бірге Хамза Полтава облысының Хорол қаласындағы лагерьге қамалады. Одан арғы азапты күндерін Ковель-Алтенбург-Демблин-Веньямино лагерьлерінде өткізеді.

1943 жылғы мамыр айында  Берлиннен Веньямино лагеріне келген өзбек жігіті Расулов немістердің түркі тілдес тұтқындар үшін жеке газет шығармақшы екендігін, газет сөзінің өтімді болуы үшін кәсіби білікті журналистер қажеттігін айтады. Осы сапарында ол «Идеал-Орал» газетін шығарушы татардың көрнекті ақыны Мұса Жәлелдің досы Ғайнан Құрмашевтің айтуымен Хамза Абдуллинді іздеп келіпті.

Веньямино лагеріндегі 40 мыңға жуық тұтқындар – негізінен Орта Азия мен Қазақстанның мұсылмандары. Қараша айында қазақ Біләл мен өзбек Мирахмет келіп, профессор Йохан Вензингтің редакторлығымен шығарылған «Милли Түркстан» журналын таратады. Тұтқындар журналдың бірінші бетіндегі Мұстафа би Шоқайұлының үлкен суретін көріп, қобызшы Қорқыттың «Түркістан» өлеңі мен Асан қайғының мақаласын оқып, бір марқайып қалды.

Берлиндегі Нойенбургштрассе көшесіндегі он төртінші үйде орналасқан Түркістан комитеті мен газет-журналдар редакциясына асыға жеткен Хамза бірден үшінші қабатқа көтерілді. Ондағы мақсаты – Қобызшы Қорқыт пен Асан қайғыны көру еді. Бұрыштағы стол басында отырған жігітті бірден көзі шалды. 1939 жылы Қазақстан жазушыларының құрылтайында танысқан Қорқытың – Мәжит Айтбаевтың нақ өзі.

– Әй, мынау біздің жаман Хамза, қайдан жүр? – деген қаттылау шыққан дауысқа жалт бұрылғанда қарсы алдындағы Мәулікеш Қайбалдинді көреді. «Біреуіңіз қазақ елін сағынып, күркүретіп қобыз тарттыңыз, екіншіңіз қайғы-мұңға батып мақала жаздыңыз. Ал, мен болсам екі ағамның ортасында сайрандап жүре берейін де, атымды «Сайран» деп өзгертейін» – дейді Хамза.

Хасан Оралтай 1973 жылы Стамбулда шыққан «Алаш Түркістан түркілерінің ұлт-азаттық ұраны» деген кітабында былай деп жазыпты: «Сайран Қазақстанның Көкшетау жағынан. Өзі журналистика институтының түлегі. Сайран (Хамза Абдоллаұлы) қазақ түркілерінің атақты ақыны Мағжан Жұмабайұлын өте жақсы білетін. Оның кейбір өлеңдерін жатқа оқумен қатар, өмірін де егжей-тегжейлі әңгімелеп отыратын…

Сайран мырза Берлиндегі Түркістан ұлттық комитетінде қызмет атқарды және көп пайдасын тигізді. Оның кітаптар мен журналдарда жарияланған өлеңдері Мағжан Жұмабайұлының шығармалары сияқты қуатты және тартымды болғандықтан, Түркістан ұлттық армиясының мүшелері сүйсініп оқитын. Өкінішке орай, бұл кейбіреулерге ұнамады. Сондықтан жазықсыз жала жабылды. Соғыстың соңына таман Сайран мырзаны СС қудалап, нақақтан-нақақ тұтқындайды.»

Жоғарыда айтқанымыздай, лагерьден еркіндікке шығып, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік алған Хамза Түркістан комитеті мен редакциядағы өмірін Мағжаннан бастайды. «Жаңа Түркістан» газетінің үш бетіне дауылпаз ақынның өлеңдерін, өмірбаянын жариялайды. Хамзаның жазған мақалалары мен сыршыл өлеңдері мұсылман тұтқындар арасында үлкен серпіліс туғызды. Түркістан комитетінің белсенді мүшелері Хакім Тыныбеков пен Қарыс Қанатбаев оның әрбір қадамын мұқият қадағалап, қолдау-көмегін аямады. Хамза, сондай-ақ татар жігіттерімен де жақсы қарым-қатынаста болады. Мұса Жәлел Қорқыттың бөлмесіне келген сайын, қазақ әндерін шырқап, бәрін таңқалдыратын.

Хакім мен Қарыс біздерге «Енді елге бара алмайсыңдар. Ел жаққа жол жабық. Бұл жақта тұрып елің үшін қанша жақсылық істесең де, оны Сталин кешірмейді. Барысымен ұстап алады да атады, болмаса он жылға Барсакелмеске жібереді» дейтін Соғыс біткен соң бұл екеуінің данышпандығына көзіміз жетті.» деп отыратын Хамзекен.

Европа жерінде мұң мен зарға шомып, елім деп емірегенімен, туған атамекенді көре алмай арманда кеткен «Қобызшы Қорқыт» пен «Асан қайғы» жайлы бірер мәлімет. Қорқыт – Қызылорда өңірінің тумасы, кәдімгі қазақ ақыны Мәжит Айтбаев. 1937 жылы Қазақ педагогикалық институтын Мәлік Ғабдуллинмен бірге бітірген. Соғыс жылдары Берлинде шыққан «Милли әдебиет» журналының редакторы болған. Мәжит Берлин кітапханасындағы ұлттық бөлімшенің меңгерушісі Мариямның көмегімен қазақ халқының тарихына қатысты кітаптарды әкеліп, редакция қызметкерлеріне оқытатын. Сондай құнды еңбектің бірі – Шоқан Уәлихановтың 1904 жылы шыққан шығармасы еді. Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов пен Сәкен Сейфуллиннің, Шара мен Құрманбектің ұлы Болатпен бірге түскен фотосын үлкейттіріп, бөлмесіне іліп қоятын. Туған елін әлемге паш етуге бар күшін салған Мәжит Айтбаев 1945 жылы американ әскерінің әуе шабуылы кезінде қаза тапты.

Мәскеу университетінің тіл әдебиеті факультетін бітірген Мәулікеш Қайбалдин 1913 жылы туған. Шығармаларын екі тілде бірдей жазатын дарын иесі Алматы университетінде орыс тілінен сабақ берді. Берлиндегі аудармашылар курсын бітіріп, Майндағы Франкфурт университетінің неміс философиясы мен ағылшын факультетінде оқыған. 1944-1945 жылдары Берлинге келгенде Хамзаны қасына ертіп, қазақ тілінің профессоры Йохан Вензингтің үйіне бірге баратын. Мағжаның өлеңдерін, сондай-ақ «Қазақ өтірігін» неміс тіліне аударып оқығанда Йохан досы: «Сен қазіргі дәуірдегі немістің ешбір ақынынан кем емессің», – деп риза болатын. Дарынды қазақ азаматы Мәулікеш те алпысыншы жылдары Германияда қайтыс болды.

Қазақтың ақын-жазушыларының алдыңғы толқындарымен журналистика институтында оқып, отты жырлары оқырманының көңілінен шыққанымен, Хамза ақынды Алматы «ыстық» құшағына баса қоймады. Шығармашылық ұжымдар жұмысқа алмай, баспанасыз кісі босағасында сандалып көп жүрді. Алайда, өмірден күдер үзбеген Хамза ақын грузиннің шайыры Шота Руставелидің «Жолбарыс тонын жамылған жиһангер» («Витязь в тигровой шкуре») дастанын аударуды қолға алды. Аудармасы сәтті шыққанын зиялы қауым, достары мойындағанымен, ешбір баспа шығаруды өз жауапкершілігіне алмады. Ешкімнен қайыр-көмек болмаған соң, Хамза сөз зергері, академик-жазушы Ғабит Мүсірепов ағасынан көмек сұрауға мәжбүр болады. Басын сан мәрте бәйгеге тігіп, халқының тағдырына араша түсе білген данышпан Ғабаң інісінің аударма кітабының алғысөзін жазып береді.

Өз басы даудан да, қайғы-қасіреттен арылмаса да, амалсыздықтан басқа авторлардың шығармаларын аударып, Мағжан ағасының әдеби мұрасын зерттеуді, насихаттауды жалғастыра береді. Алаштың қос арысы, Тұран елінің даналары – Мұстафа Шоқай мен Мағжан Жұмабаев туралы 1993 жылы «Жазушы» баспасынан мақалалар жинағын шығарады. Бұл жинақтың басты ерекшелігі – ұлы тұлғалардың өміріне қатысты бұлтартпайтын тың деректердің көптігі.

Осы арада: «Хамза Мағжан ақынның өміріне неге осыншалықты ерекше ықылас танытып отыр?» – деген заңды сауал туындауы мүмкін ғой. Оған айтар дәлеліміз мынадай: Мағжанның атасы Жұмабай қажы мен Хамзаның атасы Жақып қажы ежелден құдандалы. Мағжанның әкесі Бекен болыс болғанда Хамзаның әкесі Жаматан (Жармұхамед) биі болыпты. Екі шаңырақтан тараған ұрпақтар жұп жазбай, бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүрді. Ал, Хамза 1956 жылы лагерьден босанып елге келгенде паналайтын тұрағы болмағандықтан, Мағжанның інісі Сәлімжан жездесі мен немере апасы Бибізайыптың үйінде тұрды. Ол кезде анасы Гүлсім қайғыдан қан жұтып, дүниемен қоштасқан-ды. Әкесі Жаматан 1938 жылы ұсталғаннан хабарсыз кеткен. Шаңырақтың иесі, үлкен ағасы Мүбарак соғыста қаза тапса, тірі қалған екі ағасы Ғазиз бен Қалижан, інісі Қанаш шалғайдағы басқа елде өмір сүрді.

Мағжанның туған інісінің қызы Райхан Шонаева бір сұхбатында былай дейді: «Ағатайымның өлеңдерін шын мәнінде көзінің қарашығындай сақтаған ақын Хамза Абдуллин мен оның немере апасы, біздің туған жиеніміз Бибізайып. Мағжан ақынның кішкентай Хамзаға қолтаңбасын жазып қалдырған кітабы соғыс жылдары тәтемнің қолында сақталды».

Алаштың арысы Мағжанның 1960 жылы бірінші рет ақталғаны жөнінде тиісті органдарға арыз жазып, ақталу қағазын елге алып келген де Хамза болатын. Алайда, сол кездегі «егде» жазушылар білгірлік жасап: «Бұл саяси реабилитация», – деген желеумен үкіметтің мөрі басылған құжатты жоққа шығаруға тырысты. Осылай жазушылар тобынан шыққан белсенді большевиктер асыға күткен қуаныштың отын су сепкендей сөндірді.

Нақтылы дерек көздеріне және Хамзаның жазғандарына сүйенсек, ақын Мағжан Жұмабаев 1956 жылы Новая Земля аралында қайтыс болған. Ол кәдімгі лагерь тұтқындары сияқты ағаш кесіп, жер қазған жоқ. Совет үкіметі Мақаңдай оқымысты адамды бұқара халықтан аластату үшін әдейі алыс жерде ұстады. Мағжан ағаның 1938 жылы атылмағанын растайтын деректер де көп-ақ. Сол жылдың сәуірінде екінші рет тұтқынға алынған ақын ағаны Алматы түрмесінің басшылары итжеккенге жібермекші болады. Мұндай ұзақ сапарға аттану үшін қаражат керектігі белгілі. Барар жері, басар тауы қалмағандықтан, Ташкентте өзі оқытқан шәкірті Құрманбек Жандарбековтың үйіне келеді. Қай күні келіп әкетер деген үреймен жүрген сахна саңлағы есікті ашқанда Мағжан ағасы мен әскери адамды көргенде шошып кетеді.

– Қарағым Құрманбек, абақты қызметкерлері Зылиханы бірнеше рет іздеп барып, таба алмай келді. Тегі Алматыдан кетіп қалған көрінеді. Өзім болсам алыс сапарға кетіп барам. Өзің қаржылай көмек көрсет, тірі болсам, бір өтермін, болмаса құдайдан қайтар, – дейді Мағжан ағасы.

Құрманбек бөгелместен 500 сом ақшаны әкеліп ұстазының қолына ұстатады. Риза болған Мақаң: «Мың рахмет жаным. Хош-сау бол. Қазақ еліне сәлем айт», – деп кете барады.

ҚазГУ-де оқыған бес жылдың ішінде Хамза ағайдың арқасында тағдыры қызық қазақ зиялыларының біразымен таныстым. Солардың бірі көзі ашық, көкірегу ояу азамат Әйткеш Толғанбаев болатын. Хамза досына апта сайын келіп тұратын Әйткеш ағай маған мінезі жұмсақ, ақжарқын адам сияқты көрінетін. Кейде Хакім есімді мосқалдау ағаймен де бірге келетін. Олар өлім мен өмір арпалысқан қиын-қыстау сәтте Берлинде бірге болыпты. Бертіндегі Ә.Толғанбаевтың қайтыс болғандығы жайлы республикалық газеттерде жарияланған қазынамадан оның Қазақстанға әйгілі скрипкашы екендігін білдім.

Демалыс күндері Хамза ағаймен талдырмаш келген, көрікті, мосқалдау апаның үйіне барып жүрдім. Әр келген сайын, ақжарқын апайымыз дәмді тамақпен тойдырып жіберетін. Әсіресе, мантысы мен құймағы қатты ұнайтын. Жастығым ба, аңғалдығым ба, Хамза екеуінің арасындағы әңгіменің әуеніне онша ықылас танытпайтындықтан, нендей тақырып қозғалғаны есімде қалмапты. Тек үйге келгенде ғана Хамза:

– Әй бала, сен жаңа кімнің үйінде болғаныңды сезбедің ғой шамасы. Менің «мыстан» деп әзілдеп жүргенім, кәдімгі жыр дүлдүлі, өмірдегі, әдебиеттегі пірім Мағжан Жұмабаевтың әйелі Зылиха ғой, – деді.

Ол уақытта Алаштың арысы, дауылпаз ақын Мағжанның аты көп атала бермейтін-ді. Қалай десек те ұлы адамның жары болған жанның дидарын көріп, қолынан дәм татудың өзі үлкен бақыт емес пе. Ал, шын мәнінде Зылиха кім? Ол 1888 жылы Қызылжар қаласында қазақ Құрманбай мен татар Жәмиланың отбасында өмірге келген. Он алты жасында елуді алқымдаған Қызылжардың атақты байы Хасан Мұхамедияровқа тұрмысқа шыққан. 1921 жылы Хасан күтпеген жағдайда қайғылы қазаға ұшырайды. Бұдан кейін Зылиха Алты Алаштың адуынды дауылпаз ақыны Мағжанға тұрмысқа шығады. Тіпті, Мақаңның айттырып қойған қалыңдығын тастап, өзінен біраз жас үлкен әйелмен көңіл қосуын айыптағандар да болды. Өйткені, «Зылиха адамға дуа жасап, басын айналдырып алады екен», – деген қауесет те ел ішінде көп тарап кетті. Бір әңгімесінде Хамзаның өзі де жеңгесінің арбауына сан мәртебе түсіп қалғанын өкінішпен айтқан болатын.

Кезекті сессиядан кейін Хамза ағаймен Көкшетауға бірге баратын болдық. Самолеттен түсіп келе жатқанымызда қара түсті «Газ-24» «Волгасы» траптың жанына келіп тоқтай қалды. Жеңіл көліктен күлімдеп шыққан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің офицері Сайлаубай Ыбыраев:

– Төрлетіңіз, Хамза аға, інім екеуіңді қарсы алуға келдім, – деді.

Әскери киімнен оның кім екенін бірден аңғарған Хамза:

– Туған топыраққа келгенімде де КГБ қарсы алды ғой, – деп қарқылдап күлді.

Ертеңіне, Қошқарбай ауылына барып, елдің үлкендеріне сәлем берді. Тауға шықтық, сарқырап ағып жатқан бұлақтан су ішкен сайын, жаны рахат тапқандай ерекше бір сезімге бөленді. Атамекеннен бала кезінде кеткен балғын Хамза енді, міне, самайын қырау шалған қария шағында Дүйсен бабасының ұрпақтарымен қайта қауышып отыр. Он тоғыз жасында немістің қапас түрмесінде тұншығып, сегіз жылғы ғұмырын Колыманың азап лагерінде өткізген жан үшін бұдан асқан қандай бақыт бар десеңізші.

Алты Алаштың дауылпаз ақыны, Тұран елінің данасы Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа айтып, шығармашылық мұрасын өмір бойы насихаттап өткен Хамза Абдуллиннің де қара жердің қойнауында жатқанына жиырма жылдың жүзі болса керек. Ұлтының намысын қызғыштай қорғай білген ардақты азамат ақынның ғибратты өмірбаянына арналған осы мақаланы жазуға себеп болып отырған жайт – елге 1956 жылы оралғанымен ресми ақталуды сұрап арнаулы органдарға қанша арызданса да, арманына жете алмай кеткендігі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Саяси тұтқын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия Түркістан комитетінде болғандарды, оның ішінде мағжантанушы қазақ ақыны Хамза Абдуллинді де толық ақтайды деген сенімдемін.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Суретте: Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха Құрманбайқызы мен қазақ ақыны Хамза Абдуллин.

Суретті түсірген Советбек Мағзұмов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар