«Хан ордасы Көкшетау: Кенесары ұлттық қаһарман»

Осындай тақырыпта «Көкшетау» мәдениет сарайында  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Ақмола облыстық Науан Хазірет мешіті, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейi жанындағы Ақмола тарихшылар қауымдастығының бірлесіп ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

 Конференцияда Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға Ақмола облысы әкімінің жылы лебізін жеткізіп, жиынға алыс-жақыннан жиналған ғалымдар мен зиялы қауым өкілдеріне алғыс айтты және конференция жұмысына сәттілік тіледі. Іс-шараны Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек жүргізіп отырды.

Жиынның басты мақсаты Кенесары ханның
туғанына 220 жыл толуына орай,қаһармандық тұлғасын ашу, Қазақ мемлекеттілігін сақтап қалу жолындағы ерлік күресін дәріптеу, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудегі Кенесарының жанкешті өмірі мен күресін үлгі ету, сонымен қатар,  Кенесары ханға байланысты соңғы деректер тұрғысында пікір алмасу болып табылады. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дін өкілдері, зиялы қауым мен жастар қатысты. Сонымен қатар, конференцияға асылдың тұяғы, Кенесары ханның  бесінші ұрпағы Асылхан Әшімов пен Баубек батырдың ұрпағыҚабиболла Шаяхмет ағаларымыздың қатысуы да жиынның мән-мағынасын аша түскендей болды.

– Хан ордасы болған, Хазірет уағыз айтқан Көкшетаудың тумалары мен тұрғындары үшін биылғы 2022 жыл бірнеше тарихи оқиғаларға толы болды. Соның бірі – азаттық үшін он жыл арыстанша арпалысып, жолбарысша жұлқысып өткен Кенесары Қасымұлының 220 жылдығы екендігі сөзсіз. 1802 жылы Кенесары Қасымұлы Көкше жерінде дүниеге келген. Бүкіл қазақ тарихындағы қағандар мен хандардың ішінде көкшетаулықтар үшін  ең жақын, қай жағынан қарасақ та  біздің бауыр бабамыз осы  Кенесары Қасымұлы. Сондықтан,Кенесары Қасымұлының бүгінгі салтанатты жиыны қасиетті Көкше топырағында өтіп жатқандығы кездейсоқтық емес, – деді Құдайберлі Мырзабек. Ол сонымен қатар,  конференция жұмысына қатысып отырған жұртшылыққа, осы игі шараны ұйымдастыруға қолұшын берген жандарға жылы лебізін білдіріп, алғыс айтты.

– Біз қазақ деген  киелі халықпыз! Біздің бабаларымыз өзінің ішкен асын да, бастаған ісін де  «бісмилләмен», дұғамен бастаған. Ендеше, біз бүгінгі жиналған жиынымызды Кенесары Қасымұлының және Кенесары заманында қасында жүрген сарбаздары мен баһадүрлерінің, бүкіл би мен ақындардың жалпы азаттық жолында күрескен бабаларымыздың рухына құран бағыштаудан бастаймыз, – деді  жиынды жүргзуші одан әрі.ҚұрандыҚазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкілі Қуаныш қажы Жұмабайұлы оқып, дұғасынҚазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти  Наурызбай қажы Тағанұлы қайырды.

Бір атап өтерлігі, бұл жиынға аға буынмен бірге жастар да көптеп қатысты. Құран оқылып жатқан  сәтте сілтідей тынған жұртшылық, «әумин» десіп қол жайған жамағат, бабалар рухына тағзым еткен балалар – өлмес рух пен өшпес тарихтың өнегесіндей көрінді бізге.  Бабалар рухын тербетіп, ақжарма тілек, ізгі дұға,ақ батамен басталған жиынның келер ұрпаққа да берер тағылымы һәм танымы терең, жүректен өшпей, көңілден көшпей, жадыда жатталып қалатындай ғибраты мол болды.

Салиқалы ұрпақ өз ұлтының қаһарманын ұмытпайды әсте! Бұл жиын да осының анық айғағы.

– Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлем Раббысы  Алла тағалаға тән. Сүйікті Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын!  Қадірлі жиналған қауым! Мен әуелі осы сәтті пайдалана отырып,  конференцияның өтуіне  мұрындық болып отырған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа,  Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейi жанындағы Ақмола тарихшылар қауымдастығына,  Ақмола облысының бас имамына, барша имамдарға Алла разы болсын деп рақметімді айтамын. Мұндай іс-шаралар қазіргі қоғамға оң әсерін тигізеді деп айта аламыз, – дей келіп, Бас мүфти Кенесары Қасымұлының ерлікке, өрлікке толы ғұмыр жолына тоқталып өтіп, орамды ойларын ортаға салды.

Жиында мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Сенаторлар кеңесінің мүшесі, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

–Хан көрген, сал-сері көрген, билер көрген, шешендер көрген, батырлар көрген Көкшетаудың елінен, Көкшетаудың топырағынан сол бабалардың аруағы әлі күнге дейін бізге үн қатып тұрғандай! Біз кешегі күні Кеңес үкіметі саясатының салдарынанбабалар рухын ұмытсақ, оларды өз халқымыздың жауы есебінде танысақ, бабалардың рухынан кешірім сұраймыз. Тәуелсіздігімізге тәу етеміз, соған ризашылығымызды білдіреміз. Абылай ханнан бастап, кешегі хандарымыздың, кешегі билеріміздің, дәуір  көші қанша рет есімдерін ататпағанымен, біздің өтіп кеткен аға ұрпақ өкілдері, әкелеріміз бен аналарымыз солардың әңгімелерін біріне-бірі сыбырлап, біздің құлағымызға іліп отыратын.

Өйткені, олардың есімдерін халықтың жүрегінен, халықтың есінен, халықтың жадынан ешкім де өшіре алмайтын Алланың бір құдіреті бар еді. Бүгінгі конференция – халық ұмытпаған, халықтың жүрегінен орын алған, қазақ деген ұлы халықтың ұлылығының бір жалғасындай! Ендігі арада біздің алдымызға тарих үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр, – дей келіп, Жабал Ерғалиұлы өз сөзінде тіліміз бен тарихымызды  келер ұрпақтың санасына сіңіре білу мәселесінің мән-маңызы жоғары екендігін баса айтты.

XIX ғасырдағы әлемдік тарихтағы ең ipi отаршылдыққа қарсы соғыстардың бiрi Кенесары ханмен тікелей байланысты. Конференцияда ұлттық рухы биік, дініне берік, айбары асқақ Кенесары ханның қазақтың елі мен жерінің біртұтастығы жолындағы ұлт-азаттық соғысты басқарудағы қолбасшылық рөлінің ақиқатын айқындау мәселелері де талқыланды.  Кенесары ханның тұлғалық болмысы, ұлт-азаттық соғысты ұйымдастырудағы саяси тәжірибелілігі, атасы Абылай хан тұсындағы билікті сақтап қалу жолындағы белсенділігі туралы ғылыми-зерттеу тұрғысынан ой-толғамдар, пікірлер, тұжырымдар жасалды.

Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Жамбыл Артықбаев «Қазақ мемлекеттігі және Кенесары хан», сонымен қатар, жиынға ZOOM платформасы арқылы қосылған Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов «Хан Кенесары туралы кейбір тарихи және мұрағат мәліметтері», Қазақстан Республикасыныңмемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарынын докторы, профессор Еркін Әбіл «Кенесары Ұлық Ұлысының (Жошы ұлысының) соңғы ханы», Көкшетау мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, аталмыш конференцияны ұйымдастыруға мұрындық болған жандардың бірі Аманбай Сейітқасымов «Кенесары ханның хаттарынан», Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы Саят Ыбырай «Кенесары ханды қолдаушылар мен Сартай сұлтан туралы ауызша деректер», Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек  «Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» дастанындағы тарихи шындық көріністері»  тақырыптарында  және тағы басқа ғалымдар баяндамалар жасап, тың деректерді алға тартты. Осы орайда, әсіресе Аманбай Сейітқасымовтың баяндамасы көптің қызығушылығын тудырды.

– Тарихтан қарап отырсақ, Кенесары Ресей отаршылдығына қарсы азаттық соғысты бастамас бұрын, бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасаған, елшілер жіберген, хаттар жазған. Негізінен, Ресей патшасына, Орынбор әскери губернаторына, Горчаков пен Перовский, Обручевке, шекаралық комиссияларға, сауда керуендерінің көшбасшыларына, билер мен ру басыларға хаттар жіберіліп отырған.

–Алғашқы хаттары 1837 жылдың көктемінде, патша үкіметінің жаңа бекіністер жүйесін салудан бас тартып, салынған бекіністерді бұзуды, орыс әскерінің ішкерілей енуін тоқтатуды талап етіп бірнеше хаттар жолдайды. Сол хаттардың бірінде: «Ата-бабаларымыздың мұра еткен Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Орал, Торғайға дейінгі жерлер қазіргі патша тұсында бізден  тартып алынып, ол жерлерде бекіністер салынып, сонысымен тұрғындарды өте қиын жағдайға ұшыратуда. Бұл тек  біздің болашағымыз үшін ғана емес, сонымен бірге бүгінгі өмір сүруімізге де қауіпті» – деп атап көрсетеді. Бірақ, бұл хаттар патша үкіметі тарапынан қолдау таппады, құлаққа ілінбеді.

Отарлау саясаты қазақ жеріне ентелей, тереңірек кіріп, бағындыру үрдісін бастап кетіп еді. Енді бір хат 1837 жылы І Николай патшаға жазылған «…Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай хан патшалық құрған уақытта…» деп жазып, әрі қарай мынадай сарында ой тастайды. «Халық бейбіт тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған жоқ. Екі жақта өзара сауда жасады, біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті.

Соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай. Әсіресе, оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да, біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын».

Бұл қазақтың соңғы ханының хатын І Николай патша құлағына да ілмеді. Әрине, Кенесары хан қойған талаптарының орындалмайтынын алдын ала білген. Ақылды, дана саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде соғысқа алдын ала дайындалып, сақадай сай тұрған еді. Біздің тағы да айтатын мәселеміз жарты әлемді алып жатқан соншалықты зор империядан қорықпай, үрікпей қарсы шығуға дайындалу кез-келген патшаның қолынан келе бермейтін қайсарлық әрі батырлық дер едім. Мұның өзі хан рухының биіктігі, өрлігі, – деді ғалым.

Иә, жиналған жұртшылық рухани қуат алған, жүрекке таным мен тағылым түйген керемет бір айтулы іс-шара болды бұл. Тарихын білген ел ғана болашаққа нық қадам жасай алады. Ал төл тарихын танитын һәм бағалайтын елдің болашағы қашанда зор екенін әлемдік тәжірибеден жақсы аңғаруға болады.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар