Бір  кітаптық ғұмыр

Қашан болсын жарқын көңілімен жадырап амандасар, қашан болсын жүзінен жылық есіп тұрар, қашан болсын кез-келген жан иесіне жаны ашып, қол ұшын беруге әзір және де қашан  болса да өз елі мен халқына адал қызмет етудің үлгісі мен өнегесін көрсете білген, қазір де  ағалық жасымен өзінің айнала ортасына  жібек мінезімен, ақыл-парасатымен, биік өресімен, адамдық биік қасиетімен жағып жүрген Әбділрахман Советұлы Мадияровтың «Тағдырдан алып тағылым» атты ғұмырнамалық естелік кітабын оқығаннан кейін әңгімені әріден өрбітуді жөн көрдік.

 Жақсы адам жайлы қашан болсын ой толғау қиынға түсері бар. Адамның асыл қасиеттерін  тану үшін сырлас та, сыйлас та болу қажет. Өз басым жақсы адамның бірі осы Әбділрахман Советұлы Мадияровпен көңіл, ниетіміз жарасып, сырлас та, сыйлас та болып келемін. Әбділрахман…  бұл оның қағаз жүзіндегі құжаттағы аты болса, бірақ  былайғы жұрт әлі күнге шейін «Рахман» деп атайды, «Рахман Советұлы» деп сөйлейді.

Сонау бір жылдары, яғни, 1999 жылы Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына орныққан кездері, сол көшпен бірге келген көп шендінің бірі осы Әбекең болатын. Әуелі жиын-жиналыстарға бірге қатысып жүрдік. Қосылған қос облыстың азаматтары бірімен-бірі әуелде сыпайылық үшін бас изесіп амандасып жатар болса, осы бір арықтау келген ұзын бойлы көркем жігіт ағасы өзінің келісті келбетімен ешкімді де жатсынбай, бәрімізді де бұрыннан білетін адамдай ашық көңілімен, жайдары қалпымен, жөнімізді, жайымызды сұрап жататын еді.

«Бұл бір көргені мен түйгені бар жөн білетін азамат болды-ау!» деп көңілге түйіп алған осы оймен жүре бердік, сол жүрген бойда танысып, білісіп кеттік. Әбділрахман Советұлы Мадияров сол кезде Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаментінің  басшысы болатын.

Қашан болсын ашық мінезді ол өзінің өмір жолынан анда-санда қызықты етіп сыр шертетін. Сүйсіне тыңдайтынмын. Өйткені, ол сол өзінің туған ортасы мен еңбек етіп есейіп, азамат болып қалыптасқан ортасын, өзі еңбек еткен елдің үлкендері мен жақсы да жайсаң азаматтары, іскер мамандары жайлы көбірек айтатын.

Қашан болсын ол өзінің кіндік қаны тамған жері мен ата-анасы мен бауырлары жайлы мөлдіреген әлдебір сағынышты сөз айтып, сыр шертетін. Айтатын да сол сәтте көңілін тербеген сол бір сағыныштың сазымен ойға берілетін-ді.

Қайран да, қайран Әбділрахманның әкесі Совет Әбдіқайымұлы 1930 жылы туып 1986 жылы дүниеден озды. Қарапайым еңбектің адамы болды. Он үш жасынан еңбекке араласып, содан кейін колхоздың жұмысшысы да, есепшісі де, бригадирі де, кейін шаруашылық директорының орынбасары да болып, өз еліне адал қызмет жасады. 1955 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне де (ВДНХ) қатысып мерейленіп қайтқаны да болды. Үлкен бір әулеттің отағасы өзінің жан-жары Сағымбүбі Қалиқызымен сегіз бала өсіріп, олардың барлығын да оқытып шықты.

Қазір осы сегіз баланың бірі Әбекеңнің. Әбділрахман Советұлының да өз әулеті өскен-өркендеген, тамырын тереңге жайған қара орманды берекелі ордаға айналды.

«Бұл тарихи естеліктерді жазғандағы мақсатым адам болып бұл өмірге келгесін бәрімізде қонақпыз, артымыздағы ертеңгі күнгі жас өскін ұрпаққа, балғын жүрек жастарымызға, жолдастар мен ағайын-туыстарға, өмірден біраз көрген-білгендерімді жеткізіп, сырласу еді»,–деп өзінің «Тағдырдан алып тағылым» атты ғұмырнамалық естелік кітабын осы бір айтарымен бастап отырған Әбділрахман Советұлы Мадияровтың жеке өмір парағына тоқталар болсақ, Алматы облысы Жамбыл ауданы Аққайнар ауылында 1947 жылы дүниеге келіп, 1970 жылы Алматы мал-дәрігерлік институтын бітірісімен, сонан кейінгі бар ғұмыры осы біздің Ақмола облысында жалғасты. Қазір зейнет жасында болса да Арқадан ауып еш жерге кете қойған жоқ.

Бұл жайында Әбекең өз естелігінде: «Люба болса Петропавлдікі, ал мен болсам Алматы облысынанмын. Содан екеуміз ақылдаса келе, Алматыда қалмайық, Қарағанды көмірлі аймағы да бізге қажет емес, Петропавл мен Алматының ортасы Целиноградқа барып тұрақтайық. Мен Целиноградқа  жолдама алайын деп келістік,–деп жазады.

Осы жайды таратып айтар болсақ, бір  институтты бірге оқып, бірге аяқтаған және де сол кезде сүйіп қосылған жан-жары петропавлдік Люба Бәриқызы екеуі осы Арқаға келіп тұрақ тауып, міне, сол 1970 жылдан  Ақмола облысында еңбек жолын бастаған Әбділрахман Советұлы Мадияровтың өзі бұл күнде ата болып отыр.

Әбекеңнің өмірлік серігі Любаның әкесі 1915 жылы туған Ахметов Бәри Әбілұлы осы Қызылжар өңіріне атағы жайылған белгілі ел ағасы болған-ды. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысып, Ленинград құрсауының бар азабы мен мехнатын тартқан жан еді. Бейбіт өмірде ұзақ жылдар бойы элеватор директоры болып, ұлағатты өмір мен өнегелі еңбектің үлгісін танытқан нағыз ер еді!

Ұлағатты отбасы болып құралған Әбділрахман Советұлы мен Люба Бәриқызы екеуінің тұңғыштары – Толғанай қазір мемлекеттік қызметші, ұлдарының бірі Нұрлан архитектор. Әбілхайыр «Назарбаев университетін» бітіріп, қазір жеке дара бизнеспен айналысып жүр. Құдайға шүкір, басы құралып келе жатқан немерелері де бар.

Сол жетпісінші жылдардағы Целиноград облысының «Степняк» совхозының мал дәрігері, одан соң «Армавир» совхозының бас мал дәрігері, Астрахан аудандық ветеринарлық зертхананың директоры, Сілеті аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас мал дәрігері сияқты бейнетті де зейнетті және де абыройлы жолдармен жүріп өтті. Бұдан кейінгі он жыл бойғы  ғұмырын «Минский» совхозының директоры болып өткізген Әбділрахман Советұлы Мадияров осы кітабында сол ауылдың сол кездегі адамдарын жылы бір сағынышпен еске алады.

–Ауылдың халқы көп ұлтты екен. Соған қарамастан дәстүр-салтын сақтап, бір-бірімен сондай тату-тәтті тұратын көрінеді. Бірен-сараны болмаса басым бөлігі еңбек жасындағы адамдар,–дей келіп Әбділрахман Советұлы мына бір тамаша ел адамдары жайлы сөйлеп кетеді. –Пішенбай ата, Шұғай ата, Жұмабек ата, Дәстен ата, Шайша ата, Әйтен ата, Тақыр, Ораш ата сияқты т.б. қадірменді ел үлкендері, ауылдың ақсақалдары болып шықты. Солардың ішіндегі Шұғай атаның бір ауыз сөзі менің мәңгі есімде қалып қойды.

– Рахман қарағым, сен бөтен жерге келген жоқсың. Өз еліңде, өз жеріндесің. «Өзі жақсы кісіге – бір кісілік орын қайдан болса да табылады», – деген қанатты сөз бар бұрынғы аталарымыздан қалған. Сондықтан ешкімді жат тұтпа! Сонда мұндағы ел де сені жатсынбайтын болады. Осы есіңде болсын! – деген қадірменді қарияның аталы сөзі мен үшін әрдайым бар ісіме жолбасшы болды…

Бесіктен тәрбие көріп, ес білгеннен кісі күтуді, үлкенді сыйлауды үйреніп өскен  Мадияров  өз естелігінде осы ауылдың естияр үлкендерінің ақылдары мен ұстанымдары оған өмір бойы сабақ болып келе жатқандығын жазады. Естеліктегі естіліктің бір осы!

Өрлеу мен өсу! Бұл Мадияровтың тек қызметтік сатымен ғана емес, адамдық жағынан да кемелденуінің, ел мен халыққа қызмет етудің сан қырын меңгеріп, ел ағасы, ел басшысы ретінде толысуының да кемелденуінің кезеңді сатысы болып еді. Директорлықтан кейінгі өмір сатысы ендігі бір биіктікке Сілеті ауданы әкімшілігінің басшысы, бұдан соң Алексеев (қазіргі Ақкөл) ауданының әкіміне көтерді.

Ақмола облысының осы Алексеев (қазіргі Ақкөл) ауданында 1996-1999 жылдар аралығында қызмет жасаған Мадияровтың үш жылға жетер-жетпес кезеңі кешегі кеңестік жүйенің ыдырап та құлдырап, ел ішін берекесіздік жайлай бастаған тұста өтті.

Сол бір өтпелі тұстың өткендегі бір әңгімесін ақкөлдік Болат Мағауияұлы осы кітаптағы өз естелігінде былай қайырады: –Аз уақыттың өзінде Мадияров Ақкөлде біраз шаруаның басын қайырды. Зейнетақы, жалақы берілмей жатқан кез болатын. Қанша совхоз астықтарын зорлап сапырып, зейнетақы бергізді. Ақкөлдің ішінде қанша көшелер жарамсыз болып қалған, соларға жарық бергізді. «Ремсовхозды» бұрынғы қалпына келтірді. Осының бәрін аз мерзімде істеп үлгерген еді. Енді бастау алған кезде ауыстырып жіберді. Әрине, қызметтен қызметке ауысқан адамның ештеңесі кете қоймас, бірақ, қара халыққа кері әсері қатты тиіп жататын. Жасай бер, айтулы азамат, нағыз Ел ағасы Рахман Советұлы Мадияров мырза! Біз қашанда саған тілектеспіз!..

Міне, ел ағасы Болат Мағауияұлының осы айтқанын одан әрі төрелететін болсақ және де осы  кітаптан Әбділрахман Советұлы Мадияровтың өз естеліктерімен қатар Астана қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Есболат Дүйсенов, Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменті басшысының орынбасары болған Татьяна Штукерт, Целиноград аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы болған Амангелді Әшіров өз сөздерінде бірге қызметтес, сыйлас та сырлас Мадияровтың іскерлігін, алды кең де сабырлы басшы екендігін, ең бастысы жеке басының адами қасиеттерін сүйсіне де, ризалықпен  жазатындығын алға тартамыз.

«Жақсыда жаттық жоқ» дегенге саяр болсақ біздің Әбекең жайлы осы кітапта да және былайғы жұрттың аузында да тек жақсы сөз айтылары бар. Ал кешегі Кеңестер Одағының ең бір ықпалды да беделді баспасөзінің бірі «Известия» газетінің Целиноград ауданыдағы меншікті тілшісі В.Леганьков «Мадияровские миллионы» атты көлемді мақаласында  Сілеті ауданының ең артта, тұралап  қалған  «Минский» совхозының директоры Мадияровтың шаруашылықты аз уақытта экономикасы нығайған миллионер шаруашылыққа айналдыра білген іскерлігі мен тәжірибесін кеңінен баяндапты. Және де сүйсіне жазыпты. Біз де Мадияровтың ұйымдастыру қабілетінің осыншалықты жоғары болғандығын тағы да тани түстік.

Біздің бүгінгі сөзімізге арқау болған Әбділрахман Советұлы Мадияровтың алғашқы бір кітапқа арқау болған ғұмырының әлі де жалғасы, әлі де айтылмай қалған көп сырлары бары анық. Әбекең өз еліне адал қызмет жасап, арын да, абыройын да биік ұстап келе жатқан тұлға. Ғұмыр жалғасты болсын деңіз!..

                                                                           Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
                                   жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар