31 мамыр – саяси қуғын-сүргінқұрбандарын еске алу күніне орай, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Ақмола облысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия отырысы болып өтті. Жиынға комиссия мүшелері, университет ғалымдары, басқарма басшылары,өңіріміздің зиялы қауымы мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова жүргізіп отырды. Конференция басталмас бұрын оған қатысушылар назарына кітап көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ, зерт жұмыстарының негізінде шығарылған деректі фильмнің тұсаукесері болып өтті. Отырыста ГУЛАГ лагерлерінде болған құрбандар мен зардап шеккендерді толық оңалту жөніндегі жобалық кеңсенің жұмысы, саяси қуғын-сүргін құрбандары, қоныс аударушылар туралы естеліктер, тағы басқа құнды деректер айтылды. Жиын барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, қуғын-сүргін құрбандарын оңалту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Аманбай Сейітқасымов, осы университеттің доценті Ақбота Бексейітова, Зеренді ауданының қадірлі ақсақалы, саяси қуғын-сүргін жылдарының куәгері Нығметжан Зәкірин, Сандықтау аудандық мемлекеттік мұрағатының директоры Г.Виноградова баяндама жасады.
– 2020 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Біздің өңірде де саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бойынша өңірлік комиссия құрылып, бұл мақсатқа арнайы қаражат бөлінді. Қазіргі таңданегізгі жеті бағыт бойыншаауқымды жұмыстар өз нәтижесін беруде. Зұлмат жылдардың куәсі болған қариялар, көнекөз ақсақалдармен әңгімелесіп, олардың естеліктерін жарияладық. Әр құжаттың астарында адам тағдыры бар. Сондықтан да бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. Бұл саяси жағынан да, адамгершілік-моральдық, заңнамалық тұрғыдан да өте бір ыждаһаттылықты, аса жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Біздің ғалымдарымыз Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы тарихи ақпараттарды зерделеп, 2500-ге жуық архив құжаттарын алып келді. Біз қазір оларды өңдеу үстіндеміз. Ресми деректерге қарағанда, 1920-1950 жылдары Ақмола облысында қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны 6090 адам, соның ішінде ақталмағаны 429 адам. Сонымен қатар, Ақмола облысының Зеренді ауданының аумағындабұған дейін белгісіз болып келген 4 сталиндік лагерьдің орнын анықтап, онда қанша адам отырды, қашан ашылды, қандай контингент болды, немен айналысты міне, осындай үлкен ақпаратты жинадық. Біздің облысқа байланысты көптеген материалдар Ресейдің Омбы, Қорған, Челябі және тағы басқа қалаларында бар. Алдағы уақытта осы қалаларға да іссапармен барып, ел тарихын зерделеуге ниет танытып отырмыз. Атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде алты жинақ, төрт деректі фильм шығардық,ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылып, көптеген танымдық семинарлар өткізілді. Алдағы уақытта да бұл ауқымды жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді Аманбай Сейітқасымов жиында сөйлеген сөзінде.
Жиынға қатысып өз естеліктерімен бөліскен Нығметжан Зәкірин Зеренді ауданындағы лагерьлердің бірінде тұтқындарды күнде көріп өскендігін баяндап берді. Әкесі еңбегімен елге сыйлы орманшы болса керек. Ол кезде небәрі төрт жаста болса да, лагерь еміс-еміс есінде.
– Угольки деген лесхозда тұрдық. Сол лагерь тұрған жерде мен дүниеге келдім. Колония орналасқан жерге әкеммен бірге барып жүретінмін. Есімдесолорнықалды.Бертін келе ғалымдар келіп, сол жерді зерттеп, картаға түсірді. Алдағы уақытта сол жерге бір белгі орнатса құба-құп болар еді, – дейді ол.
Сандықтау ауданындағы мемлекеттік мұрағат директорының да айтуынша, 400-ден астам іс қаралып, 188 іс және 1813 парақ материалдарының көшірмесі жасалған.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.