Шомылу маусымының қорытындысы: биыл 14 адам суға батып кеткен

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық  төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Асхат Ақылжанов  ағымдағы жылғы шомылу маусымының қорытындысы  жөнінде баяндады.

1 қыркүйектен бастап Ақмола облысының аумағында шомылу маусымы ресми түрде аяқталды. Судағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері полициямен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралардың үлкен кешенін өткізді.

− БАҚ өкілдеріне ынтымақтастық, сондай-ақ, судағы ең өзекті жаңалықтар мен қауіпсіздік ережелерін жедел жариялағандары үшін алғысымды білдіргім келеді, − деді сөз басында Асхат Ақылжанов.

Біздің облыс аумағында демалу және балық аулау үшін пайдаланылатын 561 су қоймасы бар. Су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында департамент ұйымдастырушылық іс-шараларын іске асырды.Ол облыс әкімінің 29 сәуірдегі «Шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» өкімі шеңберінде өткізілді. Облыстық төтенше жағдайлар комиссиясының отырыстарында осы мәселелер жиі талқыланды. Осындай отырыстар барлық өңірлерде ұйымдастырылды. Облыстың су айдындарында құтқару жұмыстарын жүргізу мақсатында 61 кәсіби құтқарушы, 4 құтқару бөлімшесі және Бурабай, Зеренді, Қопа және Щучье көлдерінде сүңгуір-құтқару бөлімшесі, сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы Қопа көлінде бір мобильді бекет тұрақты жұмыс  істеді.

− Жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің өтініштері бойынша құтқарушылар ағымдағы жылы 95 тексеру жүргізіп, су айдындарының учаскелерін тазартты, олардың 17-сі жағажайларқұруға жарамсыз деп танылды.Шомылуға арналған 82 арнайы орын әзірленді. Күн сайын судағы адамдардың қаза болуына жол бермеуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды өткізуге төтенше жағдайлар және полиция департаменттері, жергілікті атқарушы органдар, облыстың үкіметтік емес ұйымдары мен волонтерлер жеке құрамның шамамен 145 адамы жұмылдырылды, − деді басқарма бастығы.

Брифинг барысында Асхат Ақылжанов барлық қабылданып жатқан алдын алу шараларына қарамастан, суда адам өлімінің 14 фактісі тіркелгенін, бес жағдайда кәмелетке толмағандар суға батып кеткенін айтып өтті.

Көп жағдайда адам өлімінің себептері суда мас күйінде шомылу, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру, өз күштерін жете бағаламау сияқты жағдайларға  байланысты болды. Жүргізілген талдауларға сәйкес маусым және шілде айларында 6 адам, тамызда 2 адам суға кетті. Көптеген жазатайым оқиғалар демалыс және мереке күндері орын алды, осылай 5 адам қаза тапты.

− Ағымдағы жылдың шомылу маусымының қорытындысы бойынша департамент облысымыздың су айдындарында адамдардың қаза болуының себептері мен жағдайларына егжей-тегжейлі талдау жүргізетін болады. Бұл талдау азаматтардың демалыс жағдайын жақсарту бойынша қосымша шаралар қолдану үшін барлық әкімдіктерге және басқа да мүдделі органдарға жолданатын болады, − деді өз сөзінде Асхат Ақылжанов.

Шомылу маусымының соңын ала аң аулау және балық аулау маусымы басталғаны белгілі. Онда да сақтық керек.

Мәселен, балық аулау барысында судың шетіне жақындағанда абай болу керек. Тік жағалау күтпеген жерден құлап кетуі мүмкін, су көлігінің жай-күйін тексеру де өте маңызды.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар