Ақмола облысының 35 тұрғыны «Samruk-Kazyna Trust» қорының «Табысты отбасы» жобасы аясындағы оқуды сәтті аяқтады. Жобаның екінші легінің түлектері «Ерлерге арналған кәсіптер», «SMM», «Жартылай фабрикаттар» «Сұлулық индустриясы» бағыттары бойынша білім алды.
Әлеуметтік жобаға көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелері, бала тәрбиелеп отырған аналар мен әкелер, NEET санатындағы ерекше баласы бар отбасылар қатысты. Көкшетау қаласының әкімдігінде өткен іс-шарада оларға оқуды сәтті аяқтағаны жөніндегі арнайы сертификаттармен қатар, бизнесін бастау үшін жабдықтар сатып алуына да сертификаттар тапсырылды.
Ақмола облысында «Табысты отбасы» жобасы 2023 жылдың 20 қазанында іске асырыла бастады. Қатысушылар бір ай ішінде трансформациялық мастермайндтар, қаржылық және құқықтық сауаттылық бойынша консультациялар мен тренингтерден өтті. Оқытудан басқа, жоба түлектері үш ай ішінде тәлімгерлік қолдауға ие болып, шағын бизнесті бастау үшін қажетті жабдық түрінде 150 айлық есептік көрсеткіш сомасына грант алады.Жобаға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қаржылай қолдау көрсетеді.
Ақмола облысы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры осы әлеуметтік жобаны іске асырған алтыншы өңір. Басқа облыстардағы қатысушылардың табысты жобаларын, жеткен жетістіктерін көре отырып, «Табысты отбасы» бағдарламасы өз тиімділігін танытты деп айтуға болады. Жоба аясында ұсынылатын бейіндік бағыттар, сабақтар, тренингтер және жабдықтар қатысушылардың үй жағдайында кәсібін дөңгелетуге бағытталған. Бұл көптеген аналар мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін маңызды, −деп атап өтті қордың бас директоры Альфия Адиева.
Сондай-ақ, қала әкімі Бауыржан Ғайса жоба түлектерін құттықтап, алдағы уақытта олардың кәсіпкерлік қасиеттері өңірдің дамуына септігін тигізетініне сенім білдірді.
−Әр отбасының әл-ауқаты, материалдық тұрақтылығы – бұл бүкіл облыс пен қаланың әлеуметтік әл-ауқаты. Жыл сайын қайырымдылық, әлеуметтікмаңызды жобалардың саны артып келе жатқаны қуантады. Олардың бірі «Табысты отбасы» болып табылады. «Самұрық-Қазына» АҚ «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорына қаржылай қолдау көрсеткені үшін, ел халқының әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсартуға қосқан зор үлесі үшін ерекше алғыс білдіреміз. Түлектерге олардың жобаларын сәтті жүзеге асыруын тілейміз,−деді өзінің құттықтау сөзінде қала басшысы.
Оқуға қатысқан жандардың бірі Саида Ғабдуллина 5 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Ол бір айда «Сұлулық индустриясы» бағыты бойынша оқудан өтіп, жасанды кірпік жалғау ісін меңгерген. Айтуынша, жобаны сүйікті ісімен айналысу үшін таңдапты.
− Оқу барысында көптеген жаңа дүниені үйрендік. Азиза мен Айнагүл есімді екі тәлемгеріміз болды. Оқуда үйренгенімнің барлығын қолданамын. Бала күтіміне байланысты демалыстан шықтым, өзім қолөнермен айналысамын. Қазір сұлулық саласында еңбектеніп жүрмін. Жұмысым маған өте ұнайды. Алдыма болашақта өз салонымды ашамын деген мақсат қойдым, − деді жоба түлегі Саида Ғабдуллина.
Айта кетерлігі, Ақмола облысында барлығы 50 адам оқудан өтті. Жалпы, «Самұрық-Қазына» АҚ қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Trust» қоры қолдаған «Табысты отбасы» жобасы 2022 жылы жұмысын бастап, бүгінге дейін Ұлытау, Жетісу, Абай, Ақтөбе, Түркістан және Ақмола облыстарынан 350-ден астам қатысушыны қамтыды. Мұндай бастамалардың арқасында көптеген отбасылар табысқа жетіп, өздерінің кәсіби сауаттылықтарын арттырады. Ал, осының барлығы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін дамытып қана қоймай, болашақ жас кәсіпкерлерге өз кәсібін ашып, адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.