1937-1938 жылғы сталиндік саяси қуғын-сүргін елімізді адами ресурстар жағынан да, интеллектуалдық тұрғыдан да зор күйзеліске ұшыратты.
Ешбір елде бұрын-соңды болмаған бұл үлкен қасірет әлі күнге қаншама адамның жүрегін сыздатып, тарихтың қара дағы ретінде тұтас халықтардың жанын жаралаумен келеді.
Соның ішінде осы саяси қуғын-сүргіннен халқы ойсырап, ұлттық интеллигенциясы жойылып, ауыр соққы алған халықтың бірі ғана емес бірегейі біздің қазақ ұлты. Сол кезде сталиндік қырып-жою машинасы қазақ халқына ерекше шүйлігіп, оның ең таңдаулы ұлдары мен қыздарын әділетсіз, қиянатты түрде өмірден аластатты. Кеңес Одағына қараған басқа республикалардың бәрінде сол кездегі қолдан жасалған репрессиядан шығын тақа көп болмаса, біздің Қазақстанда барлық өлшемдер мен сызықтардан асып түсті.
Айталық, осы бірер жылда республика бойынша жүз мың адам жазықсыздан жазықсыз «халық жауы» атанып, түрмелерге қамалды. Олардың басым көпшілігі 10 жылдан 25 жылға дейін үлкен жазалар арқалап, Колымада, Магадан сияқты Сібір даласы мен тайгада ауыр азапты бастан кешті. Адам тұрғысыз тұтқындар лагерінде ешбір ақтауға келмейтін ауыр да қасіретті, азапты күндерді кешіп, адам төзгісіз жұмыспен қаусаған сүйектері сол жақта қалды. Тағдыр араға ұзақ уақыт салып, туған жерін көруге жазғандарының өзі елге арып-ашып, ауру болып оралды. Соған сай олардың ғұмырлары да ұзаққа бармай, келтесінен қиылды.
Мұндай ауыр азаптарды қолдан жасалған қиянатпен олардың өздері ғана көрмей, бұл зұлмат әйелдері мен күйеулеріне, бала-шағасына, туыс-туғандарына да аяусыз соққы болып тиді. Олар да тар қапасқа қамалып, Карлаг, АЛЖИР, Степлаг сияқты лагерьлерде ауыр да азапты жағдайға душар болды. Соңғы кезде Ақмола, Көкше өңірлерінде де бұлардан тыс тағы 19 лагерьдің орын тепкені, бір Зеренді ауданының өзінде ғана төрт бірдей сондай лагерь болғаны жалғанның жарығына тағы шығып жатыр.
Сол кездегі Қазақстанды шынымен сталиндік түрме деп айтуға толық негіз бар еді. Өйткені, репрессияға ұшырағандар үшін көптеп салынған азап орындары қаптап, эшалон-эшалон болып осында күштеп әкелінгендер өлім мен өмір арасында жанкешті күй кешті. Жоғарыда айтқанымыздай, саяси қуғын-сүргінге ұшырап, нақақтан-нақақ жауапқа тартылғандар саны жүз мыңнан асып кетсе, олардың 25 мыңы үштіктің үкімімен атылды. Солардың ішінде халқымыздың небір біртуар тұлғалары, ұлтымыздың қаймағы бір түйір оқтың құрбаны болып кете барды.
Бұл ұлы нәубеттің зардабы мен азабын ешбір жұқалап айтуға болмайды. Қазақстан жеріне сол жылдары тек шеттен ғана 1 миллион 500 мың адамның жер аударылғаны, осының алдында ғана ұжымдастыру науқаны етек алған 1930 жылдардың басындағы ашаршылықта үш миллионға жуық қазақтың аштан өлгені бүгінгі егеменді еліміз үшін өткен тарихтың ең бір қара парағы. Оны сана-сезімі бар ешбір адам есінен шығара алмайды. Әрбір жанның жадында осы бір қаралы зобалаң жылдар ұмытылмай да, өшпей де, тарихтың үлкен қасіретті сабағы болып қала берері айдан анық.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

