Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Степногорск қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан қалалық көп салалы ауруханада және халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараты мен «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында болды, сондай-ақ, тұрғындармен кездесу өткізіп, қаланың бүгінгі және алдағы мәселелерін талқылады, деп хабарлайды облыстық баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің жұмыс сапары өңірдегі ірі картоп өндірушілердің бірі – «Organic Food» ЖШС кәсіпорнынан басталды. Кәсіпорын «Көкше» ӘКК» АҚ арқылы жеңілдетілген несиелеу аясында жұмыс істеп тұрған көкөніс қоймасын 8,7 мың тоннаға кеңейту жобасын жүзеге асыруда.
Кәсіпорынның бас директоры Мейірхан Балпановтың айтуынша, жаңа нысан өнімді сапасын жоғалтпай, ұзақ мерзім сақтауға мүмкіндік береді және оны өңдеп, сауда желілеріне тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді. Қоймада желдету және тоңазытқыш жүйелері орнатылып, өнімді жыл бойы сақтауға жағдай жасалған.
Компания 1,5 мың гектар алқапта картоп өсіреді, онда заманауи суару жүйелері қолданылатын болады.
Сонымен қатар, облыс әкімі қалада аграрлық саладағы өндірістік қуаттарды кеңейту үшін инвестиция тартып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу қажеттігін атап өтті.
Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Степногорск көп салалы қалалық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысқанда бөлімшелерді аралап көрді, сондай-ақ, аурухана ұжымымен кездесті.
Аурухананың бас дәрігері Бахтияр Рахимовтың айтуынша, акушерлік және гинекология, терапия, хирургия, рентгенология, физиоемдеу және сәулелік диагностика бөлімшелері орналасқан корпуста күрделі жөндеу жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын «КазевроСтрой» ЖШС жүзеге асыруда. А блогын жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Сонымен қатар, ас блогын, гаражды және 1964 жылы салынған инфекциялық корпусты жаңғырту, сондай-ақ, медициналық газдар жүйесін жаңарту жоспарда бар.
Өңір әкімі тері аурулары бөлімінің жөндеуін 2026 жылдың наурыз айына дейін аяқтауды тапсырды.
Марат Ахметжанов жүргізіліп жатқан жаңғыртуға қарамастан, араласуды қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер сақталып отырғанын атап өтті. Олар Е және Г блоктарындағы жөндеу мерзімдерінің созылуы мен сапасы, кредиторлық берешектің тұрақты өсуі, кадр тапшылығы және бөлімшелердің толыққанды жұмыс істеуіне жағдайдың жоқтығы. Өңір басшысы қаржыны игеру үшін науқастарды негізсіз госпитализациялау сияқты жағдайларға жол берілмеуі керектігін қатаң ескертті.
– Жақсы маман жақсы еңбекақы алуы керек. Сондықтан, мамандарды ұстап қалу үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Жұмысты дұрыс ұйымдастырған жөн. Осы ұйымдастырудағы ақаулық осындай нәтижелерге әкелді, – деді өңір басшысы.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі денсаулық сақтау және мемлекеттік сәулет құрылыс басқармаларына және Степногорск қаласы әкімдігіне аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, қалыптасқан жағдайдан шығу бойынша нақты жоспар әзірлеуді, медициналық ұйымның қызметіне қатысты ай сайын тыңдау өткізуді және корпустың жөндеу кестесін ұсынуды міндеттеді. Сонымен бірге, Степногорск қаласындағы медицина колледжі филиалына студенттер тарту мәселесін қарастыру да айтылды.
Облыс әкімі медициналық инфрақұрылымды жаңғырту заң талаптарын қатаң сақтаумен, қаражатты тиімді пайдаланумен және халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге қолайлы жағдай жасаумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті.
Жалпы, Степногорск ауруханасы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасына енген. Соңғы екі жылда мекеме едәуір жаңа медициналық жабдықтарға қол жеткізді. 2,9 миллиард теңгеден астам сомаға компьютерлік томограф, ангиографиялық қондырғы, рентген жүйесі, УДЗ аппараттары, эндоскопиялық кешендер және өзге де жоғары технологиялық жабдықтар сатып алынды. Құны 650 миллион теңге болатын МРТ аппараты жеткізу сатысында.
Төрт блоктың күрделі жөндеуіне 2,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Құны 1 миллиард теңге болатын тағы екі блоктың жобалары әзірленді. Бұған қоса инфекциялық және патологоанатомиялық бөлімдердің жобалары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Степногорск қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығы жақында кең әрі заманауи әкімшілік ғимаратқа көшіп, мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған жаңартылған жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мұнда күн сайын шамамен 300 адамға қызмет көрсетіледі.
ЦОН директоры Бауыржан Базылбековтың облыс әкіміне айтуынша, қазіргі орталықта халықтың барлық санаты үшін қолайлы жағдай жасалған, ерекше қажеттіліктері бар жандарға да айрықша көңіл бөлінген. Осы ғимаратта АХАТ бөлімінің қызметкерлері де жұмыс істейді. Сондай-ақ, жас жұбайларға арналған салтанат залы бар. Жергілікті тұрғындар да оң өзгерістерді атап өтуде.
– Мұнда болу жылы әсер қалдырады, зал кең, автотұрақ көп, – дейді Салтанат Бейсембаева. Өңір басшысы тұрғындармен және орталық ұжымымен әңгімелесіп, мемлекеттік қызметтерді алуға қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
Әрі қарай жұмыс сапары барысында Марат Ахметжанов қаланың индустриялық әлеуетін дамыту және инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру жөніндегі негізгі міндеттерді айқындады. Өңір басшысы жобаларды сүйемелдеудің ашық әрі тиімді жүйесі негізгі басымдық болатынын, оның ішінде маңызды құралдардың бірі индустриялық аймақ құру екенін атап өтті.
Степногорск жоғары өнеркәсіптік әлеуетке және электр- жылу энергиясының профицитіне ие, бұл өңір облыс өнеркәсіптік өнімінің 23 пайызын құрайды. Жаңа өндірістерді тарту және экономиканы әртараптандыру мақсатында қалада индустриялық аймақ құрылды. Онда шикізатты қайта өңдеу, жеңіл металлургия, машина жасау және тамақ өнеркәсібі бағытындағы кәсіпорындарды орналастыру жоспарлануда.
– Ең алдымен құқықтық инфрақұрылым болуы тиіс, сіздердің міндеттеріңіз нормативтік-құқықтық құжаттаманы дұрыс әзірлеу. Біз индустриялық аймақтың ашылғанын жариялап, инвесторларды қабылдауды бастаймыз. Өз жобаларын жүзеге асыруға дайын алғашқы инвесторлар да бар «Organic Food» ЖШС фри өндірумен айналысатын болады. Біз бұл іске кез келгенді емес, жоғары қосылған құн, экспорттық әлеует және жаңа жұмыс орындарын құратын стратегиялық маңызды салаларды тартуымыз керек, – деген өңір басшысы қаланың өнеркәсіптік бөлігінде орналасатын болашақ индустриялық аймақтың аумағын аралап көрді. Бұл территория инженерлік желілерге, жылу және сумен қамту жүйелеріне қосылу мүмкіндігі бар инфрақұрылымдық жағынан дайын. Теміржол тармағына және автожолға жақын орналасуы кәсіпкерлер үшін логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтеді.
Облыс әкімі бұдан кейін Степногорск қаласының белсенді ұзақ өмір сүру орталығында болды. Орталық қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қолдауымен жұмыс істейді. Мұнда зейнеткерлер мен егде жастағы тұрғындар үшін денсаулықтарын нығайтуға және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған түрлі үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылған. Бүгінде шамамен 500 адам тіркелген, бұл сан әлі де ұлғая түспек.
Қала тұрғындарымен кездесуде коммуналдық төлемдерге байланысты жүктемені азайту мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болды. Бұған әлеуметтік желілердегі тұрғындардың жылу және су тарифтерінің жоғарылауы, сондай-ақ, жылу есептегіштердің уақытылы тексерілмеуі туралы шағымдары себеп болды.
Талқылау барысында облыс әкімі коммуналдық қызметтердің жұмысына дер кезінде шара қолданғаны және ТҚҚБ, ПИК пен көпқабатты үйлерге қызмет көрсетуші ұйымдар жұмысты тиісті деңгейде жүргізбегені үшін сынға алды.
Қала әкімі Гайдар Қасеновтың айтуынша, қазіргі уақытта халық үшін судың тарифін төмендету бағытында жұмыс жүріп жатыр. Энергетика және ТКШ басқармасы Степногорск қаласы мен Ақсу, Қарабұлақ, Заводской, Бестөбе елді мекендерінің су жүйелерін субсидиялау тізімін қайта бекіту үстінде. Сондай-ақ, Изобильный ауылындағы су құбыры құрылысы аяқталғаннан кейін осы және Қырыққұдық, Байқоныс және Бөгенбай ауылдары да субсидияланатын жүйелер қатарына енгізілетін болады. Бұл тарифтердің төмендеуіне мүмкіндік береді.
Облыс әкімі энергетика және ТКШ, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларына су тарифін кемінде 40 пайыз мөлшерінде субсидиялауға қажетті қаражатты қарастыруды тапсырды. Нәтижесінде халық үшін 1 текше метр судың құны 204,4 теңгеден 120 теңгеге дейін төмендейді. Сонымен бірге, Марат Ахметжанов 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін тарифтерді көтеруге мораторийдің күшінде екенін еске салды.
Ал, жылу энергиясын субсидиялау мүмкін емес. Себебі «Степногорск Теплотранзит» ЖШС — жеке меншік кәсіпорын, ал, заңнама жеке жылу өндіруші компанияларға бюджеттен субсидия бөлуді қарастырмайды.
Облыс әкімі тиісті қызметтердің жүйелі жұмыс жүргізуінің және бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарға түсетін жүктемені азайту бағытындағы міндеттердің толық орындалуын талап етті.
Степногорскіде келесі жылы қала инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға қызмет көрсетуге бағытталған жаңа әлеуметтік маңызы бар жобалар іске қосылады. Әлеуметтік кәсіпкерлікке арналған облыстық грант конкурсы жеңімпаздарының бірі – «DAMU» балалар білім беру орталығы. 3 миллион теңге көлеміндегі грант 2026 жылы орталықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұнда қосымша топтар ашу және балабақша мен бастауыш сынып жасындағы балаларға арналған жаңа оқу бағыттарын іске қосу жоспарлануда. Жоба білім беру қызметтерін қолжетімділігін арттыруға және балалар үшін жаңа орындар құруға бағытталған.
Екінші қолдау тапқан жоба – болашақта екінші шикізатты қабылдау және сұрыптау пункті. Кәсіпкер 5 миллион теңге көлемінде грант алып, қалада алғашқы толыққанды қалдықтарды сұрыптау алаңын ашуға дайындалып жатыр. Жобаны іске асыру келесі жылы басталады. Пункт пластик, қағаз, металл және басқа да қайта өңделетін материалдарды қабылдайды, бұл қалада қалдықтарды жүйелі түрде сұрыптауды енгізуге және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша Степногорск кәсіпкерлері барлық деңгейдегі бюджетке 58,8 миллиард теңге қаржы аударды, 475 жаңа жұмыс орны ашылды, ал, шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтіндердің саны 10 710 адамға жетті. Әлеуметтік жағынан осал азаматтарға өз ісін ашу үшін 13 грант берілді.
Облыс әкімінің өнеркәсіпті қалаға кезекті жұмыс сапары шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы кейбір өзекті мәлелердің шешілуін жеделдетіп, істі алға бастырары анық.
Асылай АЙЖАРЫҚОВА,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

